Оқушыны пікірталас мәдениетіне үйретудің маңызы зор

03.03.2014 23890
Бүгінгі тәуелсіз еліміздің дамып, одан әрі өсіп-өркендеуі мен Елбасының атап айтқандай бәсекеге барынша қабілетті болуы ең алдымен осы мемлекеттің іргетасын құрайтын жастардың білімділігі

Бүгінгі тәуелсіз еліміздің дамып, одан әрі өсіп-өркендеуі мен Елбасының атап айтқандай бәсекеге барынша қабілетті болуы ең алдымен осы мемлекеттің іргетасын құрайтын жастардың білімділігі, мәдениеттілігі, саяси саналығы мен өмірге бейімділігіне байланысты болса керек. Бүгінгі қоғамда болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси құбылыстар жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне жаңа өзгерістер енгізуді талап етуде. Еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «XXI ғасырда білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тірелуі анық» делінген. XXI ғасыр білімділер ғасыры болмақ. Жаңа кезеңге бет бұру оңай емес. Ол үшін болашақ ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу керек. Себебі рухани жан-дүниесі бай, халқын сүйген, ата-баба жерін қадірлейтін ұрпақ қана болашағымыздың тірегі бола алады. Сондықтан білімділерді аялап тербетер, баптап өсірер ауқымды тәрбие керек. Бұл ретте балаға тәлім-тәрбие беріп, оны білім-ғылымға баулитын ұстаздар мен тәрбиешілерінің міндетті түрде білікті, көрегенді әрі өнегелі болғаны абзал. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп хакім Абай айтқандай, ақыл-ой тәрбиесінде пікірлесу, пікірталас арқылы ой дамыту, оқушы тұлғасының өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес оның дарынын дамытуға, интеллектісін арттыруға ат салысуымыз қажет.

 

Бүгінгі оқушы өзінің алдағы бағытын дұрыс белгілеп, саралай білу үшін оларға берілетін білім өзегінде, біріншіден, өзіндік сана, көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыратын, екіншіден, қай ортаға болсын тез бейімделіп, жаңа ақпараттарды тез түсіну, қабылдау қабілеттілігін, іскерлік қасиетін дамытатын тәсілдер қамтылуы тиіс. Сонда ғана білім әлеуметтік күштен оқушы әрекетін дамытудың тетігіне, яғни практикалық қажеттілікті ақтайтын тегеуірінді күшке айналады.

 

Жалпы білім беретін орта мектепте оқушының, пікір-пайымын дұрыс жеткізумен қатар, оның өз көзқарас-тұжырымдарын дәлелдей алуы – өте маңызды ритрикалық дағды. Осы тұрғыдан алғанда, оқушыны пікірталасқа қатысуға үйрету үдерісі көптеген аспектіден тұратын күрделі құбылыс. Оның: педагогикалық, психологиялық, әдістемелік, этникалық, яғни тәрбиелік секілді құрамдас бөліктері бар. Психологиялық тұрғыдан алғанда, пікірталасты сөйлеу әрекеті деп қарауға болады, себебі пікірталас дегеніміз – бұл ең алдымен, сөйлеу, өз ойыңды өзгеге жеткізу, дәлелдеу.

Ал, пікір деген – қарапайым тілмен айтқанда, көрген, оқыған, естіген әңгіме, баяндама, көркем шығарма т.б. еңбектер жайындағы әсер, туған ой.

Мұғалімнің әрбір сабақта пікірталас ұйымдастыруы – оқытудың тиімді тәсілдерінің бірі. Себебі, оқушы пікірталас кезінде еркін қарым-қатынаста болып, өз позицияларын қалыптастыру және қорғау, оларды өзге пікірлермен салыстыру әрекетін жасайды. Пікірталас оқушылар өміріне шынайы проблемаларды әкеліп, оларды әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарастырады, ең тиімді шешімдерін табуға бағыттайды.

Сабақты пікірталас форматында дұрыс ұйымдастыра білуі керек. Мәселен, тақырыпты алдын ала беруі қажет. Және кез келген тақырыпты емес, бағдарламаға сәйкес дау туғызатын мәселелерді берсе, оқушылар дайындық кезінде біршама ақпаратқа кез болады. Мен былтыр педагогикалық практикада болған кезде, өзім сабақ берген 9-10 сыныптар арасында бірнеше пікірсайыс өткіздім. Байқағаным, басында ұяңдықтары басым болған оқушыларым, соңында шаршы топта сөйлеп, шешендік өнерге машықтанды. Өз ойларын анық жеткізуге тырысып, көп ізденді. Пікірталаста тек екі топ болады, ал үшінші топтағы оқушылар көрермендер қатарын толықтыратыны белгілі. Осы орайда, ойынға қатыспаған оқушыларды блиц-сұрақтар қойып, қысқаша ғана олардың да пікірін білген жөн. Сонымен қатар, олардан пікірсайыстың барысы туралы өз көзқарастарын біліп, қатысушылардың жіберген қателіктері мен кемшіліктерін таба білуге үйрету керек.

Пікірталас кезінде оқушылармен бірлесіп ұстанатын ережелерді анықтап алған дұрыс. Пікірталас кезінде әрбір қатысушының өз мүмкіндігін айту мүмкіншілігі болу керек; қарсыласын тыңдай білуге дағдылану; біреудің сөзін бөлмеу; үйренушілерге ой шақыру немесе дәлелдерді жинақтау үшін уақыт беріп отыру.

Пікірсайысшыда болуға тиісті қасиеттердің негізгілері: харизмалық қасиет, яғни шешендік, импровизаторлық қасиет, яғни кез келген жағдайдан сүрінбей өту, дер кезінде шешім шығара білу, риторикалық қасиет, яғни сұрақты жүйелі қоя білу, эмоциялық қасиет, яғни өз эмоциясын басқара алу. Ең бастысы, мықты пікірсайысшыға логика мен білім қажет екені белгілі. Пікірсайыс кезінде дауыстың тембрі де белгілі бір дәрежеде қызмет атқаратынын да оқушы білуі тиіс.

P.S. Ұтымды ой айту, құнды сөз арқылы ойындағысын жеткізу – ата-бабадан қалған игі дәстүр. «Шешендік – көп сөздікте емес, тапқырлықта» деп Ғабиден Мұстафин айтқандай шешендік өнердің қыр-сырын жетік меңгеріп, саналы да ұтымды ойды тапқырлықпен ұштастыра білген жастарымыз ел үмітін ақтар ертеңгі болашағымыз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, болашақты білімді ұрпақ айқындайды» деп баса атап көрсеткен болатын. Сондықтан да еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстар болашақ жастарымыз саналы да сапалы білім игеріп, тәлім-тәрбие алып, қандай жерде болмасын өз ойын еркін түрде жеткізе алатындай тұлға болып қалыптасуы қажет.

Ұрпақ тәрбиесі – ел алдындағы маңызы зор міндет. Еліміздің, қоғамның экономикалық, саяси, мәдени дамуында үлес қосатын, білімді де мәдениетті, парасатты, денсаулығы мықты азамат тәрбиелеп шығару – орта кәсіптік білім беру жүйесіндегі ұстаздар қауымының бүгінгі таңдағы міндеті. «Адам ұрпағымен мың жасайды» – дегендей, ұрпақ тәрбиесі қай кезде де халықтық мәселе болған. Тарихтан білетініміздей, дарындылар, қабілеттілер аса жоғары бағаланған. Сондықтан қазіргі жоғарғы сынып оқушылары педагогтары алдында тұрған аса маңызды міндет – талабы таудай тұлғаны тәрбиелеп, орта кәсіптік біліктілігі бар маманды өсіріп шығару. Ал еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілеті жоқ адамның болмайтыны педагогикада дәлелденгендіктен, оқушы дарынын дамытар жұмысты орта мектептен кейінде жалғастыра беру керектігі айдан анық.

Назира Бурханова

Ұқсас материалдар