Қандастар Ассамблея

Ұлт денсаулығының кепілі

03.03.2014 3813
«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айырықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады.

«Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айырықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. ...Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау керек» (Елбасы Жолдауынан).

Мақтаарал ауданында Елбасымыздың осы Жолдауында айтылған жайларды жүзеге асыру бағытында кең көлемді шаруалар атқарылуда. Үш жүз мыңнан астам тұрғыны бар ауданда халықтың денсаулығын нығайту, тұрғындарды бұқаралық көпшілік спорттық іс-шараларға көптеп қатыстыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мысалы аудан көлемінде қазірде жастардың спортпен жан-жақты шұғылданулары үшін 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен «Мақтаарал» футбол клубы жұмыс істеуде. Соларды қоса есептегенде Мақтааралда қазіргі таңда 711 спорттық нысан бар Оның ішінде 4 стадион, 98 спорт зал, 559 спорт алаңы мен 49 тир бар. Осы нысандар тұрақты түрде күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп тұрады. Жыл соңына қарай осындай спорттық нысандардың бірнешеуін пайдалануға беру жоспарлануда.

Азаматтардың денсаулығын сақтау мен оларға салауатты өмір салтын насихаттау бағытында да біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның арқасында 2011 жылы дене шынықтыру мен спортпен шұғылданушылар саны 34587 адам болса, 2012 жылы 6236 адамға өсіп, 40823-ті құрады. Ал, мектеп оқушыларының арасында да, жастайынан жан саулығына мән берушілер жетерлік. Егер де, нақты сандарға қарағанда, өткен жылы 26694 мектеп оқушысы спортпен шұғылданса, оның ішінде қыздардың саны 14212-ге жеткен.

Жоғарыда айтылып кеткен спорт мектептері мен футбол клубында спорттың бірнеше түрімен екі мыңға жуық бала шұғылданады. Бұл спорт мектептерінің өз мақтаныштары да бар. Мысалға, «Мақтаарал» спорт мектебінің шәкірті Әжібек Элмира, каратэ-до-дан 2011 жылы Украинада өткен әлем кубогінің иегері болса, үстіміздегі жылы еліміздің чемпионы болды. Спорт мектебінің басқа да спортшылары айтулы жарыстарға қатысып, құр қолмен қайтпауда екен. Олар аудандық, ауданаралық, облыстық, республикалық, халықаралық, жақын және алыс шет мемлекеттерде өткізілген 97 жарысқа қатысып, 2011 жылы 110 алтын, 106 күміс, 134 қоланы иеленсе, 2012 жылы 93 жарыста өз бақтарын сынап, 98 алтын, 117 күміс, 141 қола медалды қоржындарына салды.

Олардан «Атакент» спорт мектебі де қалыспауда. Мыңға жуық мектеп оқушысын өз ісінің білікті маманы, тәжірибелі 22 жаттықтырушы тәрбиелеуде. Соның арқасында олардың да шәкірттері көптеген жарыстарда өз мектептерінің атағын аспандатып жүр. Мысалы, Н.Өмірзақ, 2012 жылы Жезқазған қаласында өткен ҚР чемпионатында 70 келілік салмақта жеңімпаз атанса, Жахангир Ергашов 2012 жылдың маусым айында Тараз қаласында өткен жасөспірімдер арасында облыс құрамасының сапына еніп, футболдан айтулы жетістікке қол жеткізді.

Қазірде аудан мақтанышына айналған «Мақтаарал» футбол клубы жөнінде айтар әңгіме көп. Аудан әкімі Серік Тұрбековтың тікелей қамқорлығымен өмірге қайта келген команда қазіргі таңда бірталай жеңістерге жетіп жүр. Оның құрамында 25 ойыншы және футболдың қыр-сырын меңгеріп жатқан 65 жасөспірім бар. Команда ойыншылары Семей қаласында өткен әуесқой командалар арасында Қазақстан Республикасының кубок жеңімпазы атанған болатын. Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы әуесқой командалар арасындағы ақтық турнирге қатысып, Қазақстан Республикасы 1-лига ойындарына жолдаманы ұтып алды.

Ауданда бұқараны спортпен кең көлемде шұғылдандыру жұмыстары мектептерде де жақсы жолға қойылған. Сондай білім беру мекемелерінің бірі – Қазымбет Дәрімбаев атындағы орта мектебі (директоры Төрехан Қарабалаев). Осы мектепте дене шынықтыру пәндерінің ұстаздары Ыбыров Асқар мен Дүйсенова Сырғаш шәкірттерге бар білгендерін үйретуде. Педагогтар Елбасының Жолдауында айтылған жайларды терең түсіне отырып, өз істеріне асқан жауапкершілікпен қарауда. Сонымен бірге, осы мектепте спортқа жан-тәнімен берілген жастар да жетерлік. Солардың бірі тарих пәнінің мұғалімі Баитов Біржан. Ол мектепте футболдан өтіп тұратын түрлі жарыстарға қатысып отырады. Сонымен бірге, ауыл атынан құралған жастар командасы құрамында өзге елдімекендерге барып тұрады. Футболдың жанкүйері оның артынан ерген ізбасарлары жетерлік. Олар да Біржан ағайлары секілді спортпен шұғылданып, Жолдауда айтылғандай келешекте, салауатты өмір салтын ұстанатыны сөзсіз.

Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ, журналист.

Ұқсас материалдар