Қандастар Ассамблея

Қытайда қазақ күресі ұлықталды

03.03.2014 2931
Қытайдың Ганьсу провинциясына қарасты Ақсай автономиялы аймағында қазақ күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Осымен тоғызыншы рет өткен құрлық додасына 12 елден 14 команда қатысып, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Қытайдың Ганьсу провинциясына қарасты Ақсай автономиялы аймағында қазақ күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Осымен тоғызыншы рет өткен құрлық додасына 12 елден 14 команда қатысып, Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған жолдауында спортты, оның ішінде ұлттық спортты өркендету керектігін ерекше атап өтеді. Қазақ күресін ұлттың ұлылығын арттырған төл спортымыз десек, оны өркендету жолында игі қадамдар жасауға міндеттіміз. Осы орайда, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы қазақ күресінен Азия және әлем чемпионаттарын тұрақты түрде өткізіп келеді. Мәселен, биыл Қытайда өткен сары құрлық додасы осымен тоғызыншы рет өткізіліп тұр. Азия чемпионатын өткізудегі ең бірінші мақсат – қазақ күресінің құрлықтағы беделін арттыру, қазақ күресімен шұғылданатын Азия спортшыларының санын көбейту еді. Екіншіден, Серік Адамұлы Төкеев басқаратын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы Қытайда қазақ күресі федерациясын ашқалы жатыр. Сондықтан, Қытай жерінде құрлық додасын өткізу қазақ күресінің болашағы үшін жасалған қадам еді. Сонымен қатар, қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу де біздің түпкі мақсатымыз саналады. Ал Азия және әлем чемпионаттарын тұрақты ұйымдастырып, әлемнің әр мемлекетінде қазақ күресі федерацияларын ашу, қазақ күресін әлемге насихаттау біздің күрестің мейілінше жылдамырақ Олимпиада бағдарламасына енуіне себепкер болады. Мінеки, Қытайда дүркіреп өткен қазақ күресінен Азия чемпионаты біз үшін өте маңызды болып саналады. Турнирдің ашылу салтанатында Қазақ елінің тарихы, мәдениеті және спорты туралы мазмұнды ақпараттар беріліп, қазақтың ұлттық киімін киген ұл-қыздар театрландырылған қойылымдар көрсетті. Осыдан соң, лауазымды тұлғалар, қазақ күресінің басы қасында жүрген азаматтар сөз сөйлеп, Азия біріншілігінің тұсауын кесті. Енді Азия чемпионатындағы қазақ балуандарының өнерін бір шолып шығалық.

Қазақ күресінен Азия чемпионатына бапкерлер негізінен екінші нөмірлі спортшыларды апарды. Ал құрамадағы бірінші нөмірлі жігіттер қараша айында Германияда өтетін қазақ күресінен әлем чемпионатына дайындалуда. Қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт бастаған бапкерлер қауымы құрлық додасына 60 келіде Амангелді Сатыбалдинов, 70 келіде Алмат Түсіпханов, 80 келіде Әділжан Ыстыбаев, 90 келіде Бекзат Ахметбеков және ауыр салмақта Шалқар Жоламанов пен Рүстем Жұмаевты қатыстырды. Қуанышқа қарай, балуандардың барлығы да жоғары нәтиже тіркей алды.

Әр салмаққа жекелей тоқтар болсақ, 60 келідегі Амангелді Сатыбалдинов алғашқы айналымда Қытай балуанын тізе бүктірді. Екінші белдесуінде тәжікстандық Абдуллозада Тиллоны ұтып алды. Содан соң тағы бір қытайлық спортшыларды саптан шығарған Амангелді ең жеңіл салмақта қазақ күресінен Азия чемпионы атанды.

70 келідегі Алмат Түсіпханов Азияның алтын жүлдесіне барар жолда Қытай, Тәжікстан, Якутия және Қырғызстан балуандарын жеңді.

80 келіде Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Әділжан Ыстыбаев ел намысын қорғаған болатын. Ол өз жолында кездескен Қытай, Моңғолия және Қырғызстан балуандарын тізе бүктіріп, Азия чемпионатының алтын жүлдесін иемденді.

90 келіде Қарағанды облысының түлегі Бекзат Ахметбеков топ жарды. Бекзат өз жолында кездескен қарсыластардың бәрін жеңіп, финалда Қытай балуанынан басым түсті.

Аса ауыр салмақта ел намысын қорғаған Шалқар Жоламанов Азия біріншілігінің күміс жүлдесін салды қоржынға. Қазақ күресінен әлем чемпионы саналатын Шалқар финалда Қытай балуанынан есе жіберіп қойды. Сондай-ақ, «Түйе балуандар» бәсекесінде де Шалқардың жолы болмай, екінші орын алды. Бұл додада бас жүлде Иран балуанына бұйырған еді. Түйе балуандар бәсекесінде тағы бір жерлесіміз Ельдар Нәсиев үшінші сатыдан көрінді.

Осылайша, Қытайдағы қазақ күресінен Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде аяқталды. Енді балуандар әлемдік сында жоғары орыннан көріну үшін барын салады. ФИЛА (Дүниежүзілік күрес түрлері федерациясы) құрамына кірген қазақ күресінің әлемнің әр түкпірінде қанат жая бастауы біздің төл спортымыздың орны төрден екенін тағы бір айғақтай түскендей...

 

Ермек Төлепов

Ұқсас материалдар