Қандастар Ассамблея

Қазақстан – көкпардан құрлық чемпионы!

03.03.2014 2860
Астана төрінде ұлттық спортымыз ұлықталды. Қазақстан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттіктің ұйымдастыруымен

Астана төрінде ұлттық спортымыз ұлықталды. Қазақстан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттіктің ұйымдастыруымен, Елордамызда ұлттық спортымыз көкпардан І ашық Азия чемпионаты өтті.

Көкпар – қазақ халқының ұлттық ойыны саналады. Бауырлас түркі мемлекеттерінде атауы басқа, бірақ ережесі көкпарға ұқсас ойындар көп таралғанымен, көкпардың түп-тамыры қазақтан шыққан. Елбасымыз жыл сайынғы жолдауында жас ұрпақ өзінің ұлттық болмысын, ұлттық өнері мен ұлттық спортын біліп өсу керектігін жиі айтады. Ал ұлттық спортымыздың ішінде алар орны айрықша көкпарды насихаттау біздің азаматтық парызымыз саналады. Осы орайда, көкпардан Астанадағы «Қазанат» ат шабарында өткізілген Азияның ашық чемпионатына 8 елдің құрамалары қатысты. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Түркия, Ресей, Ауғанстан және Өзбекстан мемлекеттерінің құрамасы. Дүбірлі доданың ашылу салтанатына «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық Партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттік төрағасы Талғат Қожағапанов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Бекболат Тілеухандар қатысты. Аталған лауазымды тұлғалар көкпардан Азия чемпионатына қатысушы құрамаларға сәттілік тілеп, ат спортының бірегей түрі саналатын төл өнеріміздің әрі қарай дами түсуіне тілектестік білдірді.

Чемпионаттың алғашқы күнінде Тәжікстан мен Қазақстан құрамалары кездесіп, жерлестеріміз 9:3 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ, Ресей мен Моңғолия көкпаршыларының арасындағы тартыс 13:0 есебімен ресейлік спортшылардың жеңісімен аяқталды. Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы тартысты 11:1 есебімен қырғыз ағайындар жеңіс тойын тойласа, Қытайлық шабандоздар түркиялық көкпаршыларды 9:0 есебімен тізе бүктірді.

Азия біріншілігінің екінші күнінде Тәжікстан Моңғолия құрамасын 8:1 есебімен жеңсе, Қазақстан көкпаршылары Ресейді 16:1 есебімен ұтып алды. Қырғыз көкпаршылары Түркиядан 16:3 есебімен басым болды. Ал Өзбекстан Қытайдан 4:6 есебімен ұтылып қалды.

Жарыстың үшінші күнінде Қырғызстан Қытайды 12:0 есебімен тас-талқан етті. Қазақстан моңғол көкпаршыларын 15:2 есебімен есебімен жеңсе, Тәжікстан мен Ресей арасындағы кездесу 5:0 есебімен тәжік құрамасының пайдасына шешілді. Ал Өзбекстан Түркияны 9:1 есебімен жеңді.

Көптен күткен финалдық бәсеке де жетті. Финалға Қазақстан мен Қырғызстан көкпаршылары шыққан еді. Негізінен, көкпардан Азияның алпауыттары саналатын да осы екі ел. Үнемі иық тірестіріп, үзеңгі қағыстырып жүретін екі құрама Азия сынының ақтық айқасында тартынып қалған жоқ. Аса тартысты өткен кездесуде Қазақстан құрамасы 4:2 есебімен жеңіске жетті. Біздің құрама сапынан салым салғандар - Ермек Көбей мен Құлажан Тоғайбаев. Осылайша, Азияның алтын жүлдесі Қазақстан көкпаршыларына бұйырды. Екінші орында Қырғызстандық көкпаршылар. Үшінші орын үшін өткен айқаста Тәжікстан құрамасы Қытайды 3:0 есебімен жеңіп, чемпионаттың қола жүлдесіне қол созды. Бұл жолы жарыстың жүлде қоры да жаман болған жоқ. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік танытқан турнирдің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құраған. Бірінші орын алған Қазақстан құрамасына 10 миллион теңге берілді. Екінші орындағы Қырғызстан көкпаршыларына 6 миллион теңге көлемінде сыйлық ұсынылды. Үшінші орындағы Тәжікстан көкпаршылары 4 миллион теңгені ұтып алды. Одан бөлек, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының үйлестірушісі Қ. Тахуов «Ер қанаты» номинациясы бойынша үздік тұлпар атағын қазақстандық «Лазерге» берді. Аттың иесі Нұрдәулет Момынов, шабандоз Құлажан Тоғайбаев. «Ең үздік салымшы» атағы қырғызстандық Нұрмамбет Қойчыкеевке бұйырды. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті Қайрат Сатыбалды жарыстың жабылу салтанатында барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, бұл доданы абыроймен өткізу көкпардың беделін одан әрі өсіре түсетінін де атап өтті.

Көкпардан тұңғыш рет өткен Азияның ашық чемпионаты Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Енді келесі чемпионат Түркияда өтеді. Көкпардан өтетін ең ірі халықаралық жарыс әзірге Азия біріншілігі ғана болып тұр. Енді ұлттық спорттың басы қасында жүрген мамандар көкпардың ауқымын әлемдік деңгейге көтеру үшін жұмыс істейтінін айтты.

Ермек Төлепов

Ұқсас материалдар