Қандастар Ассамблея

Басты бағыт – балалар футболы

03.03.2014 7515
Бүгінде әлем халқы бірінші орынға қойған спорт түрі – футбол. Ежелгі ағылшындар жерінде пайда болған футбол бүгінде жай ғана спорт емес, ұлт намысы мен табыс көзіне айналды.

Бүгінде әлем халқы бірінші орынға қойған спорт түрі – футбол. Ежелгі ағылшындар жерінде пайда болған футбол бүгінде жай ғана спорт емес, ұлт намысы мен табыс көзіне айналды. Футбол әлемінде әлі үлкен жетістікке жете қоймаған Қазақстан футболын оң бағытта дамыту үшін балалар футболына мән берілуі керек. Осы орайда, Қазақстан футбол федерациясы «2012-2022 жылдар аралығында Қазақстандағы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту нұсқасын» бекіткен болатын. Бүгінгі мақаламызда осы Қазақстан футбол федерациясы тарапынан ашылған футбол орталықтары туралы әңгіме қозғамақпыз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел спортын дамыту үшін алдымен балалар спортына жете зейін қою керектігін жыл сайынғы жолдауында нақтылап ескертеді. Қазақстан футболының көкжиегін кеңейту үшін 2007 жылы Бразилия Президентімен келісімге келіп, футболдан бес дүркін әлем чемпионы атанған мемлекетке қазақ балаларын оқуға жіберу туралы шешім қабылдаған да Елбасы болатын. Бүгінде аталған жасөспірімдердің бір парасы Пеленің мекенінен футбол әліппесін үйреніп келді. Қазіргі таңда 27 жас өреннен құралған екінші топ «Оле Бразил Клаб» футбол академиясында білім алып жатыр. Бұл – өз алдына бөлек тақырып. Алдымен Қазақстан футбол федерациясы жанынан ашылған футбол орталықтарына түсініктеме беріп кетелік.

2012 жылдың 18 шілдесі күні Неміс футбол одағының штаб-пәтерінде Қазақстан мен Германия футбол федерациялары әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл меморандумның негізгі бағыты - Қазақстандағы балалар футболын дамыту. Германия әлемдегі ең ірі футбол державаларының бірі болып саналады. Сондықтан, футболы дамыған мемлекеттен үлгі алып, бірлесе жұмыс істеу біздің ел үшін аса маңызды еді. Осы серіктестіктің нәтижесінде, еліміздегі балалар футболын дамытуға арналған жаңа бағдарлама пайда болды. Бұл - «2012-2022 жылдар аралығында Қазақстандағы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту нұсқасы» деп аталады. Осы бағдарлама аясында Қазақстандағы балалар футболының бапкерлері мен мамандарға шеберлік сабағын өткізіп, футбол орталықтарын ашуда кездесетін қиындықтарды қалай жеңу керектігін үйрету үшін неміс футболының мамандары біздің елді бетке алды. Нәтижесінде, күз айларынан бастап елімізде футбол орталықтары ашыла бастады.

Неміс футболының моделін негізге алған футбол орталығы ең бірінші болып Астана қаласында ашылды. «Здоровье» спорттық орталығында ашылған «Астана» футбол клубына қарайтын бұл үйірмеде жалпы есебі 272 бала жаттығады. Түрлі жас категориясына бөлінген балаларды 14 футбол бапкері дайындайды. Бұл орталықта балалардың алаңсыз футбол ойнап, теориялық және практикалық білімдерін жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Жасанды алаң арқылы қыста да, жазда да алаңсыз дайындалуға болады. Футбол орталығында білім алатын балалардың спорттық киімдері бірыңғай және таза. Сонымен қатар, доп, спорттық аяқ киім секілді барлық қажеттіліктерден жас футболшылар таршылық көрмейді. Жуынатын орын да жұмыс істеп тұр. Балаларға білім беретін бапкерлердің жалақысы жоғары. Айтпақшы, мұндағы бапкерлер де білімін жетілдіру курстарынан жиі өтеді. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясы футбол орталықтарындағы мамандардың білігін арттыру үшін арнайы семинарлар мен тренингтер өткізіп тұрады. Ресей, Украина және Беларусь елдерінің білікті мамандары дәріс оқып, балалар футболындағы жаңашылдықпен бөлісіп тұрады. Мінеки, бұл Астанадағы футбол орталығының жағдайы.

Республикамызда екінші болып мұндай орталық Қарағандыда ашылды. Жергілікті «Шахтер» клубының ізбасарлары дайындалатын футбол орталығында қазіргі таңда 270 бала футбол ойнауды үйреніп жүр. Оларға бас-көз болып, бағыт сілтейтін бапкерлер саны – 15. Аталған футбол орталығының техникалық директоры қызметін танымал белоруссиялық маман Юрий Свирков атқарады. Балаларға футбол үйрететін бапкерлер арасында қазақ футболының жанкүйерлеріне танымал Берік Рахымбеков, Александр Нестеров, Сергей Дубков есімді мамандар бар. Мұндағы ең жас маман 25 жаста. Биыл Қарағандының «Шахтер» футбол клубы қазақ футболының тарихында тұңғыш болып Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Мұндай мәртебеге ие болған команданың ізін басатын жас жеткіншектер де жоғары талаптарды орындай алуы керек.

Үшінші болып футбол орталығы Павлодар қаласында ашылды. Қазақстанның бес дүркін чемпионы «Ертіс» клубына қарайтын бұл орталық 262 бала жаттығады. Бапкерлер саны 10. Павлодардағы футбол орталығында Николай Раздабудько техникалық директор қызметін атқарады.

Осыдан соң шығыс еуропадағы балалар спортын дамытуға арналған теңдессіз жоба Тараз қаласында ашылды. Тараздағы футбол орталығында 289 бала жаттығады. Оларға 11 бапкер футбол әліппесін үйретуде. Евгений Булгаков техникалық директоры болып саналатын бұл орталық былтыр Конституция күні қарсаңында есігін айқара ашқан болатын.

«2012-2022 жылдар аралығында Қазақстандағы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту нұсқасы» аясында футбол орталығы Ақтөбе қаласында да бой көтерді. Еліміздегі футболмен өмір сүретін қала деп аталып кеткен Ақтөбеде футболға қызығатын жас өрендердің қатары қалың. Анатолий Беляй техникалық директоры болып сайланған футбол орталығында дайындалатын 254 жас футболшыға 10 бапкер басшылық жасайды. Ақтөбедегі балалардың дайындығын бақылау үшін Қазақстан футбол федерациясының спорттық директоры Анатолий Юревич пен оның орынбасары Қанат Мұсатаев және еліміздегі барлық құраманың қақпашыларын дайындайтын маман Игорь Кулиш те қалаға ат басын бұрып, футбол орталығының жұмысына өз бағасын беріп кеткен болатын.

Қазақ футболының Отаны болып саналатын Шығыс Қазақстан облысы да футбол орталығын ашты. Облыстың бас командасы «Востокқа» қарайтын футбол орталығы Өскеменде орналасқан. Бүгінгі таңда бұл орталықта 272 бала жаттығады. Жас өрендерге жол сілтеп 12 бапкер жұмыс істеуде. Бұл орталықтың техникалық директоры қызметін Юрий Свирков атқарады.

Шымкент қаласында ашылған футбол орталығында Евгений Булгаков техникалық директор. Яғни, орталықтың барлық қызметін осы кісі бақылайды. 250 жас футболшы жаттығатын орталықта 12 бапкерге жұмыс табылған. Халық ең көп шоғырланған оңтүстік аймақ үшін бұл орталық таптырмайтын спорттық үйірме десек, артық емес. Шымкенттегі футбол орталығының ашылу салтанатына Қазақстан футбол федерациясының өкілдері де қатысты.

Алматы облысының орталығы Талдықорғандағы футбол үйірмесінде 249 бала доп тебуді үйреніп жүр. Мұндағы бапкерлер саны 13. Бұл жерде де техникалық директор қызметін Юрий Свирков атқарады.

Атырау қаласындағы футбол орталығының тұсауын кесу үшін Қазақстан футбол федерациясы жанындағы кәсіби футбол лигасының жетекшісі Михаил Гурманның өзі арнайы келді. «Атырау» футбол клубының болашақ жұлдыздары жаттығатын орталықта 219 бала дайындалады. Бапкерлер саны – 11. Анатолий Беляй техникалық директор қызметінде.

Еліміздің батысындағы Орал өңірі де футбол орталығынсыз қалған жоқ. Мұнда жаттығатын 270 балаға 12 бапкер білгенін үйретіп, кәсіби спортшы тәрбиелеуге тырысады. Футбол орталығы жанында төбесі жабық футбол манежі де ашылды. Бұл қысы суық келетін Оралдық футболсүйерлер үшін таптырмайтын спорттық нысан.

Ел футболындағы еңселі клубтардың бірі «Тобыл» да өз ізбасарлары тәрбиелетін футбол орталығын ашты. Қазақстан футбол федерациясының мұрындық болуымен Қостанайда ашылған футбол орталығында 240 жас өрен жаттығады. Бапкерлер саны – 12. Техникалық директоры Николай Раздобудько.

Мінеки, «2012-2022 жылдар аралығында Қазақстандағы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту нұсқасы» бағдарламасы аясында еліміздің 11 қаласында футбол орталықтары ашылды. Бұл футбол орталығына балалар тегін қабылданады. Яғни, бұл ақылы үйірме емес. Екіншіден, әрбір қалада ашылған футбол орталықтары сол қаланың намысын қорғайтын командаға тиесілі болады. Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын әрбір футбол ұжымына өз қарамағында балалар футбол орталығының жұмыс істеуін міндеттеуде. Үшіншіден, әрбір футбол ұжымына қарасты балалар сол клубтың негізгі спорттық жейдесімен бірдей киімдер киеді. Мәселен, қостанайлық «Тобылдың» ойыншылары сары-қара түсті жейдеде алаңға шығады. Демек, Қостанайдағы футбол орталығында тәрбиеленетін жас футболшылар да тура сондай спорттық формамен жабдықталады. Сонымен қатар, әрбір жас футболшының өзіне тиесілі жеке добының болуын да ұйымдастырушылар қадағалапты. Төртіншіден, футбол орталықтарындағы балалар 9 жас категориясына бөлініп жаттығады. Әрбір топтың жеке бапкері, психологы, массажшысы жұмыс істейді. Бесіншіден, футбол орталығында тәлім алған балалар 18 жасқа толысымен өз қаласындағы бас командаға қабылданады. Яғни, жас ойыншылардың далада тентіремей, тезірек өз ойын өрнегін табуға үндейтін жол бұл.

Футбол орталықтарында жұмыс істейтін балалар бапкері айына 150 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл жалақыны оларға клуб басшылығы төлейді. Ал техникалық директорлар тікелей Қазақстан футбол федерациясына бағынышты. Балалар футболын дамытудың мұндай үлгісі Шығыс Еуропа елдерінде жоқ. Яғни, жақын болашақта біз жастайынан жақсы білім алған, сапалы алаңда доп тебуді үйренген жастардың қатарға қосылуына куәгер болуымыз мүмкін. Тек спортта ғана емес, өмірдің әрбір саласында баланы жастан тәрбиелеу керектігі айтылады. Ал футболда бұл қағида басты рөл ойнайды. Себебі, жастайынан футбол іліміне қанықпаған баладан талантты футболшы шығуы неғайбыл. Қазақстанда салынып жатқан футбол орталықтары еліміздегі балалар футболының дамуына, спорттық инфрақұрылымның алға басуына, мамандардың жұмыссыз қалмауына әсер етуде. Болашақта «Барселона», «Манчестер Юнайтед» секілді алпауыт командалардың футбол академиялары секілді, біздің футбол орталықтары да үлкен күшке айналады деген сенім бар.

Ермек Төлепов

Ұқсас материалдар