Қандастар Ассамблея

Барсиада – балалар спортының бағын ашады

03.03.2014 3046
2014 жылдан бастап Қазақстандағы мектеп оқушыларының өзіндік «Олимпиадасы» іске қосылады. Олимпиадалық спорт түрлерін қамтитын мектеп оқушыларының кішігірім «Олимпиадасы» Барсиада деген атау алған.

2014 жылдан бастап Қазақстандағы мектеп оқушыларының өзіндік «Олимпиадасы» іске қосылады. Олимпиадалық спорт түрлерін қамтитын мектеп оқушыларының кішігірім «Олимпиадасы» Барсиада деген атау алған.

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жыл сайынғы жолдауында ең ірі спорттық жеңістердің іргетасы мектеп қабырғасында қаланатындығын, сол себепті, ауылдар мен аудандардағы оқушылардың спортқа деген ынтасын арттыру керектігін, осылайша, еліміздегі бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 30 пайызға өсіру міндетін жеткізген болатын. Осыны ескерген Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттік пен ҚР Білім және ғылым министрлігі тізе қосып, мектеп оқушыларының біріккен спорттық лигасы - Барсиаданы өткізу туралы шешім қабылданды. Барсиаданың ресми ашылуы 2014 жылға жоспарланғанымен, Алматы облысының бірнеше ауданында бұл дода сынақ ретінде өткізілген.

Барсиада дегеніміз не? Барсиада – мектеп лигалары мен спартакиаданың бірігуі нәтижесінде дүниеге келген жоба. Мұнда негізінен балалар спортының өркендеуіне ден қойылып, еліміздегі бұқаралық спорттың кеңінен қанат жаюына, балалар мен жастардың бойындағы отансүйгіштік қабілетті арттыруға, болашақта олимпиадалық спорт түрлерінен Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданатын жас спортшыларды іріктеп, тәрбиелеу міндеттері тұр. Барсиадада бағы жанып, ерекше талантымен көзге түскен жастардың ел намысын халықаралық ареналарда қорғауға дайындап, білікті мамандардың қарамағына тапсыру да Барсиаданың алға қойған мақсаттарының бірі. Сонымен қатар, Барсиаданы өткізу арқылы еліміздегі спорттық инфрақұрылымды реттеп, ауылдар мен аудандардағы спорт мектептерін, орта білім беретін мектептердегі спорт залдарын қазіргі заманға сай дамытуға мүмкіндік туады. Жасыратыны жоқ, бүгінге дейін елімізде балаларға арналған спорт алаңқайларының, спорттық құрылғылардың жетіспеушілігі байқалады. Барсиада жобасы арқылы осындай олқылықтардың орны толады деп күтілуде.

Барсиада үш кезеңге бөлініп өткізіледі:

1 кезең – мектеп ішіндегі және аудандық жарыстар

2 кезең – қалалық және облыстық жарыстар

3 кезең – спорттық сайыстардың республика көлеміндегі финалдық сыны

Барсиада бағдарламасына қысқы және жазғы спорт түрлерін қосқанда, жалпы есебі 32 спорт түрі енген. Барсиада қатарындағы спорт түрлерінің барлығы да Олимпиада бағдарламасының қатарында. Ал ұлттық спорттан қазақ күресі мен тоғызқұмалақ енгізілген. Барсиада ойындары түгелдей бір жылда өткізіле береді. Нақтырақ айтсақ, бір жылда 4 рет ұйымдастырылып, жеңімпаз спортшылар анықталады.

Барсиада бағдарламасына енетін қысқы спорт түрлері:

Шаңғы жарысы, биатлон, конькимен жарысу, шайбалы хоккей, допты хоккей, шаңғымен бағдарлау, мәнерлеп сырғанау, қысқы президенттік көпсайыс.

Барсиада бағдарламасына енетін жазғы спорт түрлері:

Волейбол, гандбол, баскетбол, футбол, футзал, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, каратэ-до, дзюдо, спорттық гимнастика, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, нысана көздеу, спорттық бағдарлау, садақ ату, шахмат.

Барсиада сайыстарына 13 пен 16 жас аралығындағы спортшылар қатыса алады. Барсиададағы әрбір спорт түрінің халықаралық сайыстардан кем түспейтін өзіндік бағдарламалары құрылған. Барсиада аясында 2013 жылы қазақ күресінен «Жас барыс» республикалық турнирі өтеді. Мектеп оқушылары арасында қазақ күресін дамыту мақсатымен ұйымдастырылатын сайыс Қызылорда қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Еліміздегі спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі Агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов Барсиаданың ізімен студенттерге арналған «Сұңқар» жобасының да іске қосылатынын жеткізді. Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары мен колледждердегі спорттық клубтар желісін бір ізге түсіріп, қысқы және жазғы Универсиада ойындарында сәтті өнер көрсететін спортшылардың таңдау, олардың еркін дайындалуына мүмкіндік беріп, жаңа таланттардың көзін ашу мақсатында өтетін «Сұңқар» студенттер сайысының бағдарламасы да Барсиадаға ұқсас. Мәжілісте сөз алған агенттік төрағасы Ерлан Қожағапановтың айтуынша, «Сұңқар» жобасы 2017 жылы елімізде өтетін 28-і қысқы Универсиада ойындары кезінде еріктілер жұмысын арттыруға да көмектеседі екен.

Мінеки, дені сау ұрпақты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылатын Барсиада жобасы еліміздегі бұқаралық спорттың дамып, салауатты өмір салтының салтанат құруына көмектеседі деген үмітіміз мол.

Ермек Төлепов

Ұқсас материалдар