Қандастар Ассамблея

Ғалым болам десеңіз...

03.03.2014 6570
Президентіміз Н.Назарбаевтың көп векторлы саясатын қолдап, оған жақсы пікір білдірген шетелдік саясаттанушылар мен сарапшылар жетерлік.

Президентіміз Н.Назарбаевтың көп векторлы саясатын қолдап, оған жақсы пікір білдірген шетелдік саясаттанушылар мен сарапшылар жетерлік. Арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің өзі басшымыздың көрегендігін, ардың ісі – ғылымға берілгендігін және оны ұрпақтарының бойына сіңдіруді мақсат тұтатынын білдіреді. Лингвистика ғылымының заңдылығы бойынша бірнеше тілді меңгерген жеке тұлға бір тілмен ғана шектелген тұлғаға қарағанда ойлау жүйесі бірнеше есе кең болады. Егер елімізді былай қойып, тіпті жаһандық элиталы тұлғалардың жеке бойына қарайтын болсақ, барлығы да бірнеше тілді меңгерген, білімді азаматтар. «Үш тұғырлы тіл» бүгінгі ұрпақтың білімді болуын қамтамасыз ететінін ескерсек, мемлекетті басқаратын да, елдің ертеңіне жарайтын да сол білімді ұрпақтар екені айдан анық.

Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Бұл сөзді мен емес, президентіміз Н.Назарбаев айтып отыр. Бүгінде «Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің дамуына кедергі жасайтынын айтып, шу көтеріп жүрген адамдар баршылық. Әрине, мұның бәрі түсінбеушіліктің салдары. Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Яғни, «мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз» деген сөз. Президентіміздің өзі мемлекеттік тіліміздің қауіпсіздігінің кепілі болып отырғанда, мұндай керемет идеологиядан бас тартудың еш қажеті жоқ.

            Егер тарихқа көз жіберіп қарайтын болсақ, елді басқарған хандар, патшалар, корольдер т.б. балаларының барынша білім алып, бірнеше тілді меңгеруіне жағдай жасап отырған. Бұл мысалдардан-ақ бірнеше тілді меңгеру, бүкіл әлеммен коммуникация жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бүкіл әлемдік ғылыми ақпараттарға тікелей қол жеткізуге болады. Мәселен, қазақ топырағынан шыққан Әл-Фараби 70-ке жуық тілді білген. Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғалымды әлі күнге дейін бүкіл әлем таниды және еңбектері мен зерттеулері әлемдік ғылымның дамуына зор үлес қосты. Керісінше, ғалым бабамыздың қасында біздің 3 тілмен ғана шектелуіміз түкке тұрмайды. Одан да көп тілдерді меңгере беруіміз қажет. Кезінде хан ұрпақтарына ғана туындаған бұл мүмкіндік бүгін бәріне бірдей беріліп отырғанда неге одан бас тартуымыз қажет? Керісінше, бұл идеяны қолдап, үш тілді қатар меңгеруіміз керек.

            «Үштұғырлы тіл» саясаты мемлекеттің басты бағдарламаларының қатарынан табылады. Расында, Президентіміз және көптеген зиялылар үшін ұрпақтарымыздың үш тілді қатар меңгеруі өзекті мәселе екенін көреміз. Қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз болғандықтан, бұл тілде сөйлесу, коммуникацияға түсу барша қазақстандықтарға міндет. Ал, ресми тілді білу талабы да қажеттіліктен туындап отыр. Бүгінде ТМД мемлекеттері әлі күнге дейін орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Ағылшын тілі әлемдік деңгейдегі ғылым тілі және қарым-қатынас тілі. БҰҰ-дан бастап, ЕО, НАТО, ОПЕК т.б. әлемдік деңгейдегі ұйымдар мен одақтардың баршасының іс жүргізілуі ағылшын тілінде. Сондықтан, Қазақстан әлемдік деңгейде жұмыс жасауы үшін, танылуы үшін ұрпақтарымыздың алдында ағылшын тілін білу міндеті тұр.           

            Үш тұғырлы тіл – заман талабы. Себебі, бұл идея өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Бүгінгі Еуропада, жалпы жер бетіндегі кез келген дамыған елді алып қарасаңыз, ол елдерде көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, сол дамыған мемлекеттердің қатарынан табылуы үшін үштұғырлы тіл – еліміздің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Ежелгі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Ендеше, «Қазақстан – 2050» стратегиясының айқын бір бөлшегі болып табылатын «Үш тұғырлы тіл» идеясы біздің мемлекетіміздің болашағының кепілі.

            2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы ұсынады. Ал, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты 2007 жылғы халыққа жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Қазақстан халқының рухани дамуымен қатар, бұл идея ішкі саясатымыздың жеке бағыты болып белгіленді. Президентіміз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені, қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, “ақылды” экономиканы енгізіп жатқан елдер қарыштап дамуда. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған» - деген болатын.

            Бүгінде кәсіби біліктіліктің басты шарты – маманның шетелдердегі әріптестерімен байланыс орнатып, күн сайын ашылып жатқан сандаған жаңалықтардан хабардар болып, озық тәжірибе алмасуды қызметінің тұрақты бір бөлігіне айналдыру қажеттілігі болып отыр. Мұндай талаптың үдесінен шығу үшін маманның тілдік біліктілігі жоғары болуы, яғни, оның шет тілдерін, халықаралық тілдерді еркін меңгеруі шарт. Осымен байланысты, әлемге есігін айқара ашқан Қазақстан халқының алдына жаңа міндеттер қойылды. Өзге ұлттың мәдениеті мен тарихын, психологиясын, т.б. қырларын жетік білу, тану, әлбетте, сол елдің тілін меңгеруден басталады.           

            Дүние жүзі халқының жартысынан астамымен қатынас орнатуға мүмкіндік беретін «Үш тұғырлы тіл» идеясы қазақ жастарына әлемнің таңдаулы оқу орындарында білім алуға жол ашса, іскерлік әлемінде кәсіпкерлеріміздің кез келген елде бизнесін жүргізуіне және дамытуына мүмкіндік беретін факторға айналады. Қазақстандағы тіл саясатының үш бағытта жүзеге асырылуы егеменді елдің іргетасын және жалпы әлеуетін нығайтатыны сөзсіз. Сондықтан, қоғам, әлеумет бұл концепцияны барынша қолдауы қажет.           

            Дүниежүзі халықтарына есігін айқара ашқан, әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруді мақсат еткен еліміз «үш тұғырлы тіл» саясатына айрықша мән беріп отыр. Әсіресе, көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекеттің бүкіл халқының басын біріктіру, олардың тілдік мүддесін бір арнаға тоғыстыру міндетінің жүктелуі – уақыт талабы. Себебі, жүз отыздан астам ұлт өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі ұлтаралық келісімнің берік орнығуы, түптеп келгенде, елішілік тұрақтылықтың кепілі болу рөлін мемлекеттік тіл ғана өз деңгейінде атқармақ. Сондықтан мемлекеттің негізін құраушы аса маңызды үш фактордың бірі – тіл қолданысын кеңейтіп, позициясын нығайтуға үлес қосу – әрбір азаматтың борышы. «Үш тұғырлы тіл» концептісі жастарға, болашаққа беріліп отырған зор мүмкіндік. Осыны ескере білейік...

           

Дінмұхаммед Аязбеков

Ұқсас материалдар