Қандастар Ассамблея

Ата салтың – халықтық қалпың

03.03.2014 17406
\«Ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі жоғары дамыған ел кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұрады» деген түрік ағайындардың ұстанған берік қағидасы бар.

«Ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі жоғары дамыған ел кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұрады» деген түрік ағайындардың ұстанған берік қағидасы бар.

Осындай қағиданы ұстанған қазақ халқы да басынан небір қиын-қыстау заманды өткерсе де ата-бабаларымыз өзіміздің мәдениетімізді, дәстүрімізді, төл өнерімізді ұмыт қалдырмай, оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап, жеткізіп отырған.

Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жолдаған «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандылығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп айқын көрсеткен еді.

Сондықтан да біздер өзге ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып, еліміздің мәдени, рухани құндылықтарын дамытып қана қоймай, көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Осыған байланысты бізде ауқымды шаралар атқарылуда. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тек туған жердегі ғана емес, алыс-жақын шетелдегі ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, жәдігерлеріміз жаңғыруда.

Ата-дәстүрін ардақтау – қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы. Егер жеті атасына дейін ата тегін, тарихын білмейтін ұрпақ болса, оны «Жеті атасын білмейтін жетесіз» деп халық кінәлайды, айыптайды, жазғырады, жазалайды.

Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.

«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді. «Ат тұяғын тай басар» деп кейінгі ұрпақтың ата салтын бұзбауын талап еткен.

Қазақ халқы - өнерпаз халық. Ойын сауық, той-томалақта қалыптасқан дәстүр бойынша жиылған қауымнан өнер көрсетпеген адам болмаған. Әнші, биші, күйші, жыршы, ақын адамдармен қатар, олардың өнерлерін үйреніп, топ алдында өз қызығын көрсетушілер көп болып, кәде жасап алты ауыз өлеңді айта алмаған адамды, халық «аузын буған өгіз» деп, масқаралаған. Сондықтан әрі өнерпаздық нышанын дамытып, әрі намысын оятып, өлең жаттауға, ән айтуға әркім-ақ ынталы, ықыласты болған.

Айтыс өнері халықта ертеден дамыған. Әсіресе, қайым айтысқа әркім дайын тұрған. Ақындар айтысы, қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтыс, хайуанаттар айтысы сияқты әрбір айтыстың өзгешеліктері бар. Ал, қайым айтыста ақындығы болмаса да, кез келген айтысушы бұрыннан жаттап алған өлеңдеріне мүмкіндігінше өз тарапынан өлең өрнектерін қосып, бір ауыз, екі ауыз қайымдап, жарыса айтыса берген.

Қазақ халқы ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын, өнерді қадір тұтатын өнерпаз халық. Қыз ұзату, үйлену тойларында айтылатын сыңсу, қоштасу, жар-жар, т.б. өлеңдерді жастар жатқа біліп, жанынан қосып айтып, дағдыланған. Қыз абыройы, жігіт намысы дәстүрінде кәмелетке жеткен қыз әртүрлі қолөнермен қатар, айтыс өнерін де біліп, өзінің әншілік, бишілік, күйшілік қабілеті болса, сол өнерпаздығымен елді қуанышқа бөлеуге тиіс болған.

 «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» - деген Елбасы «Қазақстан 2050» стратегиялық жоспарында.

Бүгінгі күні қазақ халқы өз дәстүрі мен мәдениетін жалғастырып, жаңғыртып келе жатыр деп айтсақ артық айтпаспын. Аудандық, ауылдық мектептерде «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» секілді сайыстар жиі ұйымдастырылуда. Бұндай «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сияқты сымбат пен өнер жарысында өнерпаздық дәстүрдің ұлттық мәйектері сараланып, мәнді өрнектер, өнер үшін баға беріледі.

Қазақ қызы әрі сымбатты, әрі нұрлы, әрі еңбекқор, әрі өнерпаз болу керек. Қазақ жігіті жігіттің сұлтаны ретінде өнерден де, ептілік пен күштіліктен де, сымбаты мен сәні жағынан да елді елең еткізетін ерекше жан болуы қажет. Халық ұлдары мен қыздарын өнерпаздыққа баулу үшін түрлі ойындарды ойлап шығарған.

Халқымыз өнерпаздық дәстүрін қыз балаларға іс үйрету, өнер үйрету, ер балаларды ерлік пен еңбекке, өнерге баулу әрекетімен жалғастырып, дара дарындарды дамытып отырды.

Отбасындағы көңілді кештерде тақпақ айту, жыр жырлау, ән салу, күй тарту - үлкен қуаныш. Өнерпаздық нышандарын айқындап, дарынын дамыту әрбір перзенттің міндеті. Баланың өнерпаздығы – ата-ананың бақыты, елінің мақтанышы.

Салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесіне мәні зор. Халқымызда бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиелерінен бастап, есейіп азамат болып кеткенге дейін кіреді. Мысалы: шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, бөбекті қырқынан шығару, тілін ширату, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той, тіл ашар, ұл бала мен қыз баланы жанұя болуға, шаруашылыққа, еңбекке, өмірге бейімдеу.

Бесік – тәрбие бастауы. «Кең жайлау жалғыз бесік жас балаға». «Ел болу үшін, бесігіңді түзе» (М.Әуезов) деген сөздің мән-мағынасына ой салсақ, ол – тәрбие ұрпақты дүние келтіруден басталады; сол тәрбиенің дәстүрлік, салт-саналық бастаулары мен бағдарларын жан-жақты пайдаланып даналықпен дамыта білу керек деген өсиеттің мәнін ұғамыз. Нәрестелік кезінен басталатын тәрбиенің қалыптасқан ұлттық рәсімдері мен тәлімдік тәсілдері ұлттық салтпен қолданылып, жан-жүйеге тәлім-тәрбиелік әсер етеді.

Шілдехана. Нәресте туған күннен бастап, үш күнге дейін, нәрестені әрі күзетіп, әрі ананы қуаныш – шаттыққа бөлеп, ойын-сауық өткізу рәсімі.

Шілдехана жыры құтты болсын айту, бата беру рәсімінде жырланады:

 Бөбектің бауы берік болсын,

 Өскен сайын өрлесін,

 Еш жамандық көрмесін,

 Өзі жарық күн болсын,

 Жасы ұзақ, мың болсын!

Соңғы кезде «Шілдехана» тойы бала туған соң жеті күннен кейін немесе бала қырқынан шыққан соң өткізіліп жүр.

Тұсау кесу - әдет-ғұрыптық, ырым-рәсімдік қуаныш мәжілісінде айтылатын жыр. Тұсаукесер бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өйткені баланың бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, бір аттап, екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен. Көбінесе, бір жасқа толып, еркін жүре бастаған балбөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіріп, оның ата-анасы қуанышқа ортақ жақын адамдарды жинайды да, сыйлы адамға балбөбектің тұсауын кестіреді. Тұсау кесілген соң баланы ақ жайма үстімен немесе қалың кілем үстімен жүргізіп:

Қаз-қаз балам, қаз балам

Қадам бассаң мәз болам.

 Тағы, тағы баса ғой,

Тақымыңды жаз балам.

 

Қаз баса ғой, қарашым,

Құтты болсын қадамың:

 Алға қарай баса бер,

 Асулардан аса бер!-

деп, ата-ана қуанышын білдіріп, арман-тілегін айтады.

Қорыта айтқанда, «Ата салтың – халықтық қалпың» демекші, өз жұртының қадір-қасиетінен мәлімет беретін ғұрып қасиетпен, оған мейлінше құрметпен қарап, оны ардақтай білейік ағайын!

Сағынова Рысгүл 

Ұқсас материалдар