Қандастар Ассамблея

Сарыарқадағы көне мәдениет күмбірі

19.09.2013 2952
Қазақ даласының қақ ортасында орын тепкен Қарағанды өңірінде Ақтоғай атты қоныс бар. Бұл өлкеде қаны қазақ баласы үшін қастерлі орындар жетерлік. Солардың бірі ретінде Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын тарихи мұраларды айта кетуге болады. Қаншама ғасырдың көзін көрген ескерткіштер оғыз-қыпшақ заманынан қалған дүниелер саналады. Құнды мұралар Сарыарқа жеріндегі Беғазы тауының етегіне орналасқан. Тарихи ескерткіштер – Қаратал өзенінің сол жағасында. Археологиялық қазба жұмыстары негізінде табылған жәдігерлерге сол заттар алынған жер атаулары шартты түрде беріледі. Сол арқылы ғалымдар көне заманның көзіндей болған дүниелерді жалпақ жұртқа жария етеді. Сондықтан Беғазы-Дәндібай атауымен бізге белгілі болған мұраларға сол жерлердің аты берілгенін аңғару қиынға соға қоймас. Құнды мұралар қола дәуірінен бізге жеткен. Ұлтымыз үшін орасан зор қызмет атқарған білімдар тұлға Әлкей Марғұлан 1947-1952 жылдар аралығын­да осы өңірде уақытпен санаспай еңбек етті. Белгілі ғалым зерделі зерттеу жасауға көңіл бөлді. Соның арқасында археология ғылымына Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген тіркесті қосты. Табылған заттар талай дүниені көз алдыңа алып келеді. Сол жердегі тарихи обалар біздің дәуірден әрідегі ІХ-VІІІ ғасырларға жетелеп алып барады. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекшелігі ретінде ескі қола мәдениетінің түрлері өзгеріп, соның нәтижесінде жаңа мәдени даму үрдісі ретінде қалыптасып дамыған. Бұл өркениетті өмір көрінісі сол дәуірдегі осы жерді мекен еткен адамдар­дың мемлекеттік бірлестіктер құру деңгейіне дейін көтерілгенін аңғартады. Ғалымдардың айтуынша, Беғазы-Дәндібай мәд­е­ниеті­нің өрісін кеңейтіп, өрелі істер атқарған тайпалар кең ауқымда тіршілік жасаған көрінеді. Олар баты­сын­да Ұлытауды жайласа, шығысында Абыралы өлкесіне дейін созылып, Шыңғыстаудың етегіне дейін қоныс тепкен. Оңтүстігінде Жетіқоңыр жерінен бастай отырып, Ертіс өзенінің бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендерін бойлай өтеді. Сондай-ақ Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы жазық жерлер сол тайпалардың мекені саналады. Сол кезеңдерде олар одан бұрынғы Ан­дрон­ов мәдениетіне тән үлгілерді сақтаған. Мәселен, жаңа жерлеу ғимараттары мен тұрғын үйлер пайда болған.  Жерлеу салты мен өзіндік шаруашылық түр­лері қалыптасқан. Жаңа мәдениет қауымның жоғарғы лауазымды билеушілеріне арнап салынған, қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелер мен мәйітті бір қырынан, аяқ-қолын бауырына жинап, сондай-ақ шалқалатып жерлеу секілді ерекшеліктер байқалған. Олардың жанына қару-жарақ пен әшекей бұйымдарды қосып жерлеу де көзге бірден түседі. Сол өңірдегі Ақсу-Аюлы, Бұғылы, Беғазы, Дәндібай және Ортау секілді жерлерде орын тепкен кесенелер күрделі сәулет өнері ескерткіштері қатарына жат­қызылады. Бұл мұралар дөңгелек немесе төрт бұрышты болып салынған екен. Олар­дың үстіңгі бөліктері қақпақ тастар немесе пирамида тәрізді етіп жуан бөренелермен жабылғаны байқалады. Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ "Алаш айнасы"

Қазақ даласының қақ ортасында орын тепкен Қарағанды өңірінде Ақтоғай атты қоныс бар. Бұл өлкеде қаны қазақ баласы үшін қастерлі орындар жетерлік. Солардың бірі ретінде Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын тарихи мұраларды айта кетуге болады. Қаншама ғасырдың көзін көрген ескерткіштер оғыз-қыпшақ заманынан қалған дүниелер саналады. Құнды мұралар Сарыарқа жеріндегі Беғазы тауының етегіне орналасқан. Тарихи ескерткіштер – Қаратал өзенінің сол жағасында. Археологиялық қазба жұмыстары негізінде табылған жәдігерлерге сол заттар алынған жер атаулары шартты түрде беріледі. Сол арқылы ғалымдар көне заманның көзіндей болған дүниелерді жалпақ жұртқа жария етеді. Сондықтан Беғазы-Дәндібай атауымен бізге белгілі болған мұраларға сол жерлердің аты берілгенін аңғару қиынға соға қоймас.

Құнды мұралар қола дәуірінен бізге жеткен. Ұлтымыз үшін орасан зор қызмет атқарған білімдар тұлға Әлкей Марғұлан 1947-1952 жылдар аралығын­да осы өңірде уақытпен санаспай еңбек етті. Белгілі ғалым зерделі зерттеу жасауға көңіл бөлді. Соның арқасында археология ғылымына Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген тіркесті қосты. Табылған заттар талай дүниені көз алдыңа алып келеді. Сол жердегі тарихи обалар біздің дәуірден әрідегі ІХ-VІІІ ғасырларға жетелеп алып барады. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекшелігі ретінде ескі қола мәдениетінің түрлері өзгеріп, соның нәтижесінде жаңа мәдени даму үрдісі ретінде қалыптасып дамыған. Бұл өркениетті өмір көрінісі сол дәуірдегі осы жерді мекен еткен адамдар­дың мемлекеттік бірлестіктер құру деңгейіне дейін көтерілгенін аңғартады.

Ғалымдардың айтуынша, Беғазы-Дәндібай мәд­е­ниеті­нің өрісін кеңейтіп, өрелі істер атқарған тайпалар кең ауқымда тіршілік жасаған көрінеді. Олар баты­сын­да Ұлытауды жайласа, шығысында Абыралы өлкесіне дейін созылып, Шыңғыстаудың етегіне дейін қоныс тепкен. Оңтүстігінде Жетіқоңыр жерінен бастай отырып, Ертіс өзенінің бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендерін бойлай өтеді. Сондай-ақ Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы жазық жерлер сол тайпалардың мекені саналады. Сол кезеңдерде олар одан бұрынғы Ан­дрон­ов мәдениетіне тән үлгілерді сақтаған. Мәселен, жаңа жерлеу ғимараттары мен тұрғын үйлер пайда болған.  Жерлеу салты мен өзіндік шаруашылық түр­лері қалыптасқан. Жаңа мәдениет қауымның жоғарғы лауазымды билеушілеріне арнап салынған, қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелер мен мәйітті бір қырынан, аяқ-қолын бауырына жинап, сондай-ақ шалқалатып жерлеу секілді ерекшеліктер байқалған. Олардың жанына қару-жарақ пен әшекей бұйымдарды қосып жерлеу де көзге бірден түседі.

Сол өңірдегі Ақсу-Аюлы, Бұғылы, Беғазы, Дәндібай және Ортау секілді жерлерде орын тепкен кесенелер күрделі сәулет өнері ескерткіштері қатарына жат­қызылады. Бұл мұралар дөңгелек немесе төрт бұрышты болып салынған екен. Олар­дың үстіңгі бөліктері қақпақ тастар немесе пирамида тәрізді етіп жуан бөренелермен жабылғаны байқалады.


Әділжан ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ

"Алаш айнасы"

Ұқсас материалдар