Қандастар Ассамблея

Желтоқсан желі тоңдырмасын

02.03.2014 4487
Сәби дүниеге «шыр» етіп келгеннен бастап, тіпті Ана атты асыл адамның құрсағында жатқаннан-ақ, баланы тәрбиелеу қажеттігі туады.

Сәби дүниеге «шыр» етіп келгеннен бастап, тіпті Ана атты асыл адамның құрсағында жатқаннан-ақ, баланы тәрбиелеу қажеттігі туады. Жақсы тәрбиенің тамыры «адамның» өсіп-өркендеуіне әкелетіні бәрімізге анық. Кішкентайынан үлкенге ізет көрсете алатын, ата-анасын құрметтейтін, адал, еңбекқор, қысқасы, ұлы Абай атамыз айтқандай, «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық» болып өскен баланын келешегінен үлкен үміт күтуге болатыны хақ. Балаға адаммен адамның арасындағы ыстық қарым-қатынасты ғана емес, сонымен қатар, қоршаған ортасын да сүюге баулу керек. Жануарларға, құстарға мейірімділікпен қарауға, өсімдіктерді жұлмауға ертеден тәрбиеленіп өскен бала, келер ұрпаққа да сондай тәрбие береді. Жарқын болашақтың кілті жақсы тәрбие алып келе жатқан балалардың қолында. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жолдауында: «Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды», – деген болатын. Бұл астары тереңде жатқан ақиқат.

Осы жылы Елбасы кең байтақ Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлттың алдында есеп беріп, кезекті Жолдауын жолдады. Жолдау маңызды деген тақырыптарды толықтай қамтыды, әр саланың жауапты адамдарына міндеттер мен тапсырмалар берілді. Татуы мен бірлігі жарасқан халық ретінде алға қойылған мақсаттарды бірлесе атқаруды, қолдау көрсетуді ұсынған Президенттің сөзі жерде қалмайтынына нық сенім бар. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдаудың «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі» атты тарауы бойынша Президенттің: «Өз бойымызда  және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», – деген сөзі бар.

Елбасымыздың «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» – деген жақсы сөзі бар. Иә, патриоттық тәрбие туралы айта берсек сөз көп, алайда нағыз патриоттарды елін, жерін, тілін, дінін сақтау үшін күрескен азаматтар деп білген жөн. «Отан үшін отқа түсіп күймегендер мен жай ғана Отанды сүюдің арасында айырмашылық бар екені күмәнсіз.

Тарихымызға үңілсек кең байтақ жасыл желекті, таулы, қыратты, орманды, сулы, құмды даламыз басынан талай қиындықтарды өткеріпті. Отты да басып, суға да батып, найзамен де, мылтықпен де атысқан талай азаматтарымыздың жартысы қыршын кетсе, жартысы «батыр» атағына ие болған. Ең маңыздысы қара топырағымызды келер ұрпаққа, яғни бізге аман қалдырып, аманат етті, енді әрі қарай Отанды қорғау біздің еншімізде. Сондықтан, талай қиындықтың куәсі болған жеріміздің қандай жолмен келгенін балаларға толық түсіндіру баршамызға міндет болуы тиіс. Сол міндеттің біріне қақаған қыста Қазақстан тәуелсіздігі үшін болған ұлт азаттық қозғалыс туралы мәліметті толықтай беру жатады. 

Жалпы ұлт азаттық қозғалыстардың басты мақсаты – ұлтты өзге мемлекеттің экономикалық, саяси және басқа езгісінен азат ету, елдің табиғи ұлттық мүддесін қорғауға қабілетті мемлекеттілігін қалпына келтіру. Отаршыл жүйені жою және отарсыздандыру шараларын іске асыру арқылы шынайы дербестікке қол жеткізу.

А. Асылбеков пен  Ә. Тінәлиевтің жазған  «Желтоқсан желі» әнін тыңдай отырып та, Отанға, жерге, елге деген сезімді оятуға болады. Сол әннен үзінді берсек:

Желтоқсан бірде,
Ел тосқан түрде,
Келетін мүлде жайдарлы.
Сол жылы бірақ,
Әдеттен жырақ
Көрінді шын ақ айбарлы.

Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.

Желтоқсанның ызғарлы желіне қарсы жүрген батыр да, батыл да, қаһарман қара домалақ қыздарымыз бен ұлдарымыздың ерлігі әрбір Отансүйер адамның мәңгі жүрегінде қалары сөзсіз.  Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар. Алайда аталған жастардан басқа да талай жастарымыз Отан үшін жандарын тәслім еткені белгілі. Өкінішке қарай, олар туралы мәліметтер өте аз, бар болса да қолжетімсіз. Сондықтан, мектеп, колледж, университет қабырғаларында оқылатын тарих пәндерінің бағдарламаларына толықтырулар енгізген жөн болар еді.

Дәл осы көтерілістің арқасында Қазақстан тәуелсіздігін алып, желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде “Ер намысы – ел намысы”  атты жинақ, К.Тәбейдің “Мұзда жанған алау”, Т.Бейісқұловтың “Желтоқсан ызғары” кітаптары мен “Желтоқсан” газеті жарық көрді, “Аллажар”, “Қызғыш құс” кинофильмдері түсірілді. Алайда Тәуелсіздік жолы үшін атқарылған бұл қозғалыс туралы әлі де жаза беру керек. Өскелең ұрпақтың жүректеріне патриоттық сезім дәнін осы қозғалыс арқылы сепсек, сол дән мол өнім беретініне сенім мол. Өйткені, Жел­тоқсан – Тәуелсіздікке жол ашқан ұлт тарихындағы шешуші меже болды деуге толық хақымыз бар.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз  сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде  өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс» – деп, сөзін қорытындылаған болатын.

Еліміз аман, патриоттық сезіміміз биік болғай!!!

Ұқсас материалдар