Қандастар Ассамблея

Орыс мектептерінде қазақ әдебиеті пәнін оқытудың маңызы

02.03.2014 11222
«Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат  біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін  басты фактор болуға тиіс.

«Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат

 біздің қоғамымызды одан әрі

ұйыстыра түсетін  басты фактор болуға тиіс.

Біз алдағы уақытта да

мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі

кешенді шараларды жүзеге асыруды

табандылықпен жалғастыра береміз».

 

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілін дамытуды бүгіннен бастау қажеттілігін бұған дейін бір емес сан мәрте қайталап айтқан болатын. Өзінің Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ол 2025 жылға қарай Қазақстан халқының 90 пайызы тек қазақ тілінде өзара тілдеседі деген болжамын жеткізген болатын. Сондай-ақ, ол қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінің терминологиясын жасауды арнайы құзыретті органдарға жүктеген болатын. Қазақ тілінің болашағы оның дұрыс дамуы мен күнделікті халықтың қолдануына байланысты болады. Қазақ тіліне өзге ұлт өкілдерінің қызығушылығын арттыру, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі алғышарты болып саналады. Себебі, мемлекеттік тілге деген құрмет Отанды сүю мен туған елге деген құрметтің бастауы, негізі екендігі белгілі. Сондықтан, бұл ретте қазақ тілінің орыс мектептеріндегі оқытылу тиімділігіне баса назар аудару білім беру саласына, оның ішінде орыс мектептеріне қазақ тілінен сабақ беретін ұстаздарға жүктелген аса маңызды әрі жауапкершілігі мол міндет. Қазақ тілін меңгеруді мектептің табалдырығын бастап бала санасына сіңіру қажеттілігін айтар болса, осы тұрғыда қазақ әдебиетін оқытудың да қаншалықты салмағы бар екендігін ұғынуға болады. Себебі, ұлтты тану, ұлтты сүю, сол ұлттың тілін сүю үшін оның әдебиетін сүюің керек. Яғни, кез келген халықтың әдебиеті сол халықтың болмыс-бітімімен ұштасып, біте қайнасып жатыр. Сол себептен де, біз бүгін орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту мәселелерімен қатар қазақ әдебиетін оқытуды қоюымыз қажет. Бүгінде, қазақ әдебиетін оқытудың ең тиімді тәсілдерін қарастыра отырып, біз интерактивті тақталар мен жаңа технологияларды қолдана отырып сабақ жүргізу тәсілдерінің рөлін ерекше атап көрсеткіміз келеді. Орыс мектептеріндегі «Қазақ әдебиеті» пәнін интерактивті әдісті қолдану жолдарымен оқыту – айрықша көңіл бөлуді қажет ететіндігі еліміздің ертеңгі болашағына деген үлкен міндеттен туындап отырғаны бәрімізге мәлім.

 

Оқушыларға қазақ әдебиеттің құдіретін, оның адам баласы жаратылғаннан бері бірге жасасып келе жатқандығын, мәңгілік жаңарып, жасарып отыратын үрдіс екенін айтып, түсіндіре отырып, сол әдебиетті жасаушылар, ақын-жазушылар туралы, олардың көркем шығармалары жайында айту әрбір ұстазға жүктелген міндет. Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек. Бұл – оңай нәрсе емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. Қандай жақсы көркем шығарма болмасын оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жан күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз. Оқушыдағы осы сезімді ояту – мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс – тәсілдерді орнымен қолдану қажет.

 

Қазақ әдебиеті сабағындағы ең басты жұмыстардың біріне оқушылардың көркем шығарманы қабылдауы, одан әсер алуы, көркем туындыны бүкіл бітім – болмысымен түсіне білулері жатады. Яғни, мұғалім осы мақсатпен ізденуі керек, осы мақсатта оны жүзеге асырудың ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптай отырып пайдалануы керек. Оқушының көркем шығарманы қабылдау белсенділігін, әсерлі сезімін дамытудың жолдарын қарастыруы керек.

 

Оқушылардың рухани дүниесін байыта отырып эстетикалық, интеллектуалдық, көркемдік, сезімдік, адамгершілік, азаматтық тәрбие беру; оқырмандық тұрақты ынта – ықыласты, биік талғамды қалыптастыру; әдеби мұраны және онда бейнеленген құбылысты эстетикалық қабылдауына қажетті білім және біліктілікпен қаруландыру; логикалық ойын, ауызекі және жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғаны дамыту, қалыптастыру болып табылады. Әдебиет - өнер, әдебиет - ұлттық қазына, асыл мұра. Әдебиет – ұлттық танымның қайнар көзі, сондықтан көркем шығармадан алынған үзінділерді оқулыққа ендіруде төмендегідей қағидалар басшылыққа алынған:

 

1. Шығарманың жанрлық, композициялық тұтастығы;

2. Оның ұлттық қазына екендігі;

3. Мәтіндердің сәйкестігі мен сабақтастығы;

4. Әдебиетті сөз өнері ретінде таныту;

5. Оқушы тілін дамыту негізінде оқырмандық біліктілікті қалыптастыру;

6. Оқушылардың тілдік қатынасын коммуникативтік түрде дамыту.

 

Бұл жерде міндетті түрде оқушылардың пән бойынша іскерліктерін танытатын, жалпы іскерліктерін дамытатын шығармашылық әрекет қажет. Әдістеме аппаратының басты функциясы – көркем шығарманы қабылдатуға үйрету болғандықтан оқушы мен мұғалім арасында жүйелі байланыс орнығуы керек.

 

 

 

Ойсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі ерекше бір еске алатын мәселе - өзіндік пікірде жатыр.

Көркем туындыны оқытудың ең бастысы, сол көркем туынды туралы оқушы пікірі, ойына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл пәннің басқа пәндерді оқытудан өзгешілігі де, күрделігі де осында. Басқа пәндерге қарағанда әр түрлі. Олар:сезім шабыттану, эмоция әсер, еліктеу, қиялдау армандау осы пәнде ерекше көрінеді.

Әдебиет – жан дүниені,он екі мүшені алпыс екі тамырды түгелдей жайлап, еш уақытта да көзге көрінбейтін сезім қылдары арқылы ақыл иесі адамды жетелеп алатын қасиетті дүние. Оны оқытудың қызығы да, күрделігі де осында жатса керек. 8 сыныпта көркем шығарманы оқытқан кезде төмендегідей деңгейлік жұмыстарды жүргізуді кешенді бағдарға алу орынды болар.

І деңгей – тақырып ішіндегі негізгі ойларды бөліп алып, соны шағындап өз сөзімен жазуға дағдыландыру.

ІІ деңгей – тірек сызбалары арқылы көркем шығарманың негізгі мазмұнын ашқызу.

ІІІ деңгей - көркем шығарма бойынша бейнесөз, сөзжұмбақ құрастырту (өздері түсінген сөздер бойынша)

Қорыта келгенде, әдебиет – тұнып тұрған тілдік байлық. Көркем әдебиетте тілдің эмоциялық және эстетикалық қуаты ерекше көрінеді. Бұл қазақ тілін жоғары деңгейде үйренуге мүмкіндік береді. Тіл – әдеби көркем шығарманың негізі.

 

Үнтаспаның көмегімен салыстыру әдісін пайдаланып, орысша нұсқасын тыңдатуға болады. Қазақ әдебиеті пәнін оқытуда интерактивті тақтамен жұмыс үлкен септігін тигізеді. Мысал жанры қиын да, қызықты жанр екендігін түсіндіріп, М.Әлімбаевтың төмендегі өлең жолдарын мысалға ала отырып Абай Құнанбаевтың аудармаларына да көңіл бөлгізген жөн:

 

Қазақтың Гётесы жоқ, Пушкині жоқ,

Қазақтың – деме бірақ ,ешкімі жоқ,

Есесіне өзгенің Абайы жоқ,

Халқының мәңгі жасар кескіні боп

Деу жөнсіз: «Өз баласы – өзіне ұлы»,

Ұлылар – ойдың шыңы, көздің нұры,

Тең бірдей өлшем де жоқ ұлылыққа

Әрқайсысы өзінше ұлы – сезін мұны

 

– дей келе қазақ халқының да өз мысалшылары бар екендігін айта кеткен жөн. Сабақ жүргізу барысында А. Құнанбаевтың аудармасы «Қарға мен түлкі» мысалынан қойылым дайындауға болады. Сабақ жоспарын құрғанда Марал Жанпейісованың технологиясы бойынша сабақтарыма топтық және жұптық жұмыс түрлерін әр сабаққа енгізуді жөн көрдім, өйткені бұл тәсілдер сабақтың ұтымды өтілуіне көп септігін тигізеді. Осы ретте топтық жұмыс түрін жүргізу өте қолайлы, бір ескеретін жайт сұрақтарды құрастыруда мұғалім оқушы нені анық білу қажеттігін іріктеп алуы қажет. Оқушылардың санына орай топтарға бөліп, тапсырмалар үлестіріледі. Сіздерге ұсынылып отырған тапсырма үш топқа бөлінген, егер көз жүгіртіп өтсеңіздер тапсырмадағы сұрақтардың саны әр түрлі, өйткені сауалдар деңгейлік тапсырма көлемінде құрылған, бірақ тапсырмалар реті материалдың мазмұнының жүйелігіне байланысты деңгейлік талаптарына сәйкес болмаса да, мұғалім өзі топтың шамасына қарай бөліп беруіне болады. Келесі тапсырманың бір түрі жұптық жұмыс тәсілі бойынша сұрақтар құрастыру. Бұл тапсырманың ерекшелігі 1- сұрақ ақын-жазушының өмірі мен шығармашылығынан, ал 2-сұрақ тікелей шығармаларға байланысты құрылуы шарт, ол оқушының нақты білімі мен дайындық дәрежесін тексеруге септігін тигізе Оқулықта ауқымы өте кең шығармалар бар, бұл оқыту үрдісі кезінде қиындықтар туғызады, осы ретте жұптық жұмыстың тағы бір түрінің берер септігі көп. Мысалы, Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына біз мәтінмен біраз жұмыс істеуіміз керек. Мәселені шешу үшін балаларды ең алдымен үш жұпқа бөліп, оларға тапсырмалар тараттым, әр тапсырма бір бөлімге байланысты алынды, осы бөлім көлемінде ең қажетті деп танылған сұрақтар қойылды, тапсырмаға міндетті түрде қаралатын бөлімнің тақырыбы жазылды. Белгіленген уақыт көлемінде жұптар берілген тапсырмаларға бөлім ретіне сәйкес жауап беріп, бір-бірін тыңдап, негізгісін дәптерлеріне түртіп алып отырды. Бұл әдіс баланың алтын уақытты үнемдеп, материалды толық меңгеруіне көмегін тигізді. Тағы қосарым, әр сабағымды сабақтың айдарынан бастауды дәстүрге айналдырдым, бұл әдіс мұғалімге үш мәселені шешуге септігін тигізеді, 1- өтілетін тақырыптың мазмұнын ашады, 2 - тәрбиелік мақсатын шешеді, 3- оқушы әр сабақта мақал-мәтел , нақыл сөз, қанатты сөз, немесе естеліктерді жаттап, әдеби сөздік қорын дамытуға ықпалын тигізеді. Осы ұсынылған әдістер оқушының көркем шығарманың идеялық мазмұнын, тақырыбын дұрыс ұғынуы үшін өте қажет деп ойлаймын. Бұл әдіс-амалдарды орындау шарт емес. Айтылған жұмыс түрлері мұғалімдерді өзіндік ізденіске жетелейді деп сенемін. Қай тақырыпты оқытуда болмасын мұғалімнің ойы, шеберлігі қажет деп сөзімді аяқтағым келеді.

Риза САУЫРБАЕВА

 

 

 

Ұқсас материалдар