Ертегі әлемінің падишаһы

02.03.2014 4611
Елімізде қабылданған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру – барша қазақстандықтардың міндеті.

Елімізде қабылданған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру – барша қазақстандықтардың міндеті. Осы тұста қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық көтеру Бородулиха ауданыда жан-жақты жолға қойылып отыр. Бұл орайда қазақ әдебиетінің өңірімізде өз лайықты бағасын алып өзге ұлттар арасында насихатталып жүргенін баса айтқымыз келеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деп атап өткен болатын.

Ал енді қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу үшін, жаппай қолданыс тіліне айналу үшін не істелу керек? Осы жерде Жолдаудағы мына сөздермен келіспеске шарамыз жоқ. «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін». Расында да қазақ тілі ең алдымен қазаққа қажет. Әр ұлт, әр халық өз тілінің көгеріп, өркен жайғанын қалайды. Өйткені тіл жай ұсақ-түйек нәрсе емес. Тіл болса ғана ұлт, халық, ел, мемлекет болады. Осы бағытта Бородулиха ауданда көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Өңірімізде Елбасы Жолдауындағы Қазақстандық патиротизмге қатысты көптеген рухани-мәдени іс-шаралар істеліп отыр.Соның жарқын мысалы 21 шілдеде болған қаламгердің туған күніне орайластырып, таяуда Бородулиха аудандық «Аудан тынысы» газеті ұжымы және аудандық мәдениетті және тілдерді дамыту бөлімі, Бородулиха аудандық орталық кітапхана ұйымдары кеше ғана арамыздан кеткен балалар әдебиетінің классигі, қазақ фэнтезиінің атасы Таупық Рымжановтың құрметіне «Ертегі әлемінің абызы» атты балалар шығармашылығы бойынша аймақтық поэтикалық сайыс өткізді. Сайыс ережесі республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, Абай, Тарбағатай, Аякөз аудандық газеттеріне конкурс шарттары жіберілді. Сайысқа конкурс шарты бойынша мектепішілік байқаудан топ жарған 14 шәкірт бақ сынап, өз шығармашылықтарын паш етті. Осы жарыста басты орында ауданымыздағы қазақ тілінде білім беретін 4 мектептің шәкірттерінен ұлтымыздың жас ұрпағы өзгенің емес, өзіміздің балалар әдебиетінің алыптары Бердібек Соқпақбаевтың, Сансызбай Сарғасқаевтың, Машқар Гумеровтің, Шұғылалы Шығыс өңірінен шыққан жерлес балалар жазушылары тұңғыш сатиралық ертегі роман «Қыз көрерліктің» авторы Тайыр Жомартбаевтың, Сапарғали Бегалиннің, Таупық Рымжанов пен Марат Қабанбайлардың әдеби кейіпкерлеріне қарап ой түзеу, бой түзеу деген жағы ескерілді.

«Тек кітап пен білім ғана бізді адамды шынайы сүюге, еңбегін құрметтеуге және оның үздіксіз еңбегінің тамаша жемісіне сүйсіне білуге қабілетті, рухы мықты, адал, ақылды адам ете алады» деген екен М.Горький. Кеңес әдебиетінің негізін салушының осы қанатты сөздері Т.Рымжанов туындыларына қаратыла айтылғандай. Осы жиынды ашқан «Аудан тынысы» газетінің бас редакторы Мейрамгүл Балабайқызы Атаева өз сөзінде: «Ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге тәрбиелеудің басты жолы жазушының әдеби әлемі. Әр қоғамның өз заманына лайық кейіпкерлері болады. Солар арқылы бүкіл ұрпақ тәрбиеленеді. Тәуелсіз еліміздің азат ұрпағының санасына ұлттық рухтың дәнегін егу үшін әдебиетімізде балаларға арналған мазмұнды шығармалар берген жерлес жазушыларымыз Таупық Рымжанов пен Марат Қабанбайлардың жазушылық еңбектері зор. Осы орайда, сендер сөз өнерінің жалына жабысқаннан кейін бүгінгі ұрпақтың әдеби кейіпкері ең алдымен қазақ болуы керек. Қазақ болғанда қандай? Ең алдымен өз ана тілін білетін, кеудесінде иманы мен намыс жалындаған, Отанын анасындай сүйетін, мемлекетінің тәуелсіздігі жолында жанын аямайтын ҚАЗАҚ болуы керек! Осы жағын біз оқып танысқан өз туындыларыңда көрсете білдіңдер. Бұл жолда сендерге Т.Рымжанов шығармашылығы бағдаршам болды. Ол кісінің таңдамалы 4 томдығының үш томын аудан басшылығы барлық кітапханаға таратып, сауапты іс істеп отырған жайы бар. Міне, алыстағы ауылда, оның ішінде, орыс тілі үстемдік құрған өңірде тұрып, төрт бірдей роман ертегі жазған Таупық Рымжанұлы қандай құрметке болсын лайық, биыл біз «Ертегі әлемінің абызын» аймақтық поэтикалық сайыс етіп өткізіп отырмыз. Келер жылы бұл сайыс балалар шығармашылығы бойынша республикалық конкурсқа айналады» деп түйіндеді.

Осы поэтикалық сайыстың өтуіне мұрындық болған аудандық мәлдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы М.Асавбаевға, Бородулиха аудандық орталық кітапханасының директоры Т.Бычковскаяға және Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы С.Гальченкоға, әсіресе, осындай жақсы идеяны жан-жақты қолдаған Аудан әкімі Г.Акуловтарға ризашылығын айта келген рымжановтанушы ғалым, «Т.Рымжановтың ертегі әлемі» монографиясының авторы филология магистрі «Аудан тынысы» газетінің аға тілшісі Серік Әбілқасымұлы аудандағы 35 жалпы білім беретін орта мектептің ішінде қазақ тілінде 11 жылдық білім беріп жатқан төрт білім ошағының басшылары Е.Әбдікәрімовке, О.Есенжоловқа, директордың м.а.Б.Нұрланқызына, Г.Бақтыбаеваларға алғыс сезімін білдіріп, осы білім ошақтарындағы балаларды «ардың ісі – әдебиетке» баулушы Ә.Ықыласова, Қ.Әбілмаженова, А.Қабдуллаева, Б.Бекбулатова, А.Батибаева сынды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне және әдебиеттің үш тегі бойынша үміттерін үкілеп келген 14 талапкерге шығармашылық табыс тіледі. Бұдан соң, Серік Әбілқасымұлы жазушының «Гүл ағашы» ертегі романы «Дерево Алаша» атауымен орыс тіліне аударылатынын, Семейдің бірнеше білгір аудармашылары бұл игі іске өз үлесін қосуға ниет білдіріп отырғандығын жұрт қаперіне салды. Құрамы танымал ақын, Бородулиха қазақ орта мектебінің мұғалімі Медет Демежаннан тұратын әділқазылар алқасы тақырып жағына шектеу қойылмаған, поэзия, проза және драма жанрлары бойынша өз авторлық туындыларын жұрт назарына ұсынған 14 үміткердің ішінен бас жүлдені «Өлеңім» өлеңімен жұртшылық жүрегін баураған Камышека ОМ 9 «б» сынып оқушысы Аслан Сержановты лайық көрсе, бірінші орынды М.Әуезов ОМ 7 сынып оқушысы «Сағым дала» өлеңімен Балжан Маметекова, екінші орынды «Атаны аңсау» өлеңі бойынша тағыда осы мектептің 7 сынып оқушысы Шырын Әбілсерік, ал, үшінші орынды Бородулиха орта мектебінің республика мен облысқа танымал шәкірті Нұрболат Ерболатұлдары иеленді.

Жалпы, Бородулихадағы С.Машақов, Ғ.Қосанов, Б.Сыбанов, М.Ешекеев сынды қазақ руханияты мен мәдениетіне зор үлес қосқан тұлғалар плеядасы тағы бір шоқтықты тұлғамен толығып, өзінің нұрын шығармашылықты серік еткен жандарға шаша берері анық. Өз артында өлмес те, өшпес сөз қалдырған танымал тұлғаларын ұлықтау жағы Белағаш өңірінде жақсы жолға қойылып отырғандығын осы Т.Рымжановқа арналған «Ертегі әлемінің абызы» поэтикалық сайысы таныта білді.

Әбіл-Серік Әліәкбар