Қандастар Ассамблея

"Тіл - ғылымның кілті, данышпандылықтың құралы"

02.03.2014 7097
«Адамға екі нәрсе тірек тегі: Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі». Жүсіп Баласағұн

 «Адамға екі нәрсе тірек тегі:
                                                                                        Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі».
                                                                                                                      Жүсіп Баласағұн

 

«Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы - асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр» - деп қазақ халқының біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай расында да қазақ тілінің көрінісі ол - қазақ халқының айнымас жүзі.

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданған  «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңы қабылданғаннан бері  Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып – Қазақ тілі белгіленеді. Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілеп ғана қоймай, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз еткен болатын.

 

Тіл – халықтың жаны. Қай ұлттың болмасын тағдыры мен тәлімін, тәрбиесі мен мәртебесін, болашағы мен сенімін, мәдениеті мен рухын, байлығы мен қазынасын жете түсіндіретін  байланыс  құралы мен тарихын таңбалайтын өлшемі. Дүниеге келген сәттен бастап ана сүтімен бойымызға даритын, жанымызға рух пен күш беретін, патриоттық сезімге баулып, өз еліңнің нағыз сұлтаны екендігіңді дәлелдеп, бойыңа қайсарлық  дарытатын ол ана тіліміз. Яғни, біз үшін мәртебесі биік, болашағы асқақ, кемелі орасан –қазақ тілі. Қазақ тілі ең көне  түрік жазулары ескерткіштерінен, атап айтсақ  Талас-Орхон-Енисей жазулары (5-8 ғ.ғ.), Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік” еңбегі, Махмұт Қашқаридің "Диуани лұғат ат түрік” еңбегі , Ахмет Йүгінекидің "Һибат Ұл һақайық” еңбегі, Қожа Ахмет Яссауидің "Хикметі” (10-12 ғ.ғ.), Алтын Орда, Шағатай және қыпшақ (13-14ғ.ғ.) тұсындағы жазулардан бастау алған. Сол сара жолмен ізін жалғастырып, бүгінгі күнге дейін өз мәртебесін жоғалтпай, ел егемендігімен бірге қалыптасып, өз тәуелсіздігін мойындатқан дербес тіл болып қалыптасты. Бүгінгі таңда  қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі,  оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиясында мемлекеттік тіл жөнінде былай деп атап кеткен болатын: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз... Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады... Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі... Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық... Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз».

 

ХХ ғасырдың қазақ халқына берген жеңісі әрі жемісі –  Егемендіктің көк туы желбіреуі. Көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, «қазақ» деген ұлт болып қалыптасып, дербес мемлекет атануымыз. Әлемдегі барлық ел сияқты Әнұранымыз бен туымыздың асқақтауы, мемлекеттік тіліміздің өркендеуі, өз Конституциямыздың қабылдануы. Елдің аңсаған бірлігі де осы еді. Ендігі мақсатымыз – еңбекпен келген егемендіктің ұлттық рухын сақтап, түскен еңсесін көтеру. Әлемдегі ең озық мемлекеттер қатарынан көк туымыздың желбіреуін тамашалау. Шығыстың бір данышпаны: «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел, сонан соң балаң мен достарыңды түзе» деген екен. Расында да «тәрбие – тілден басталады». Отбасымызда күнделікті ана тілде еркін әңгімелесіп, тіл мәртебесін жоғары қоя білсек, болашақ ұрпақ бұл дәстүрді ары қарай жетелеп алып кетері сөзсіз. Себебі қазақ халқы: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Әрбір мәтелдеп айтылған сөздің ар жағы терең ойға толы әрі орынды. Бесік жырымен бөбектерімізді тербетіп, қазақ тілінде ертегі оқып, аңыз-әңгімелерді айтып, салт-дәстүр мен тарихымызды баяндап бергеніміз – қазақ жұртшылығына тағы бір қазақ баласының қосылғанын дәлелдеп тұр. Себебі тілді дамыту мәселесі бесіктен басталатыны сөзсіз.

 

Ертеде бір қадірлі шешен қария дүниеден көз жұмарда қасына ұлын шақырып алып: «Балам, мен көп ұзамай дүние саламын. Әкем қазына қалдырмады деп қамықпа. Ел ішінде қалдырып бара жатқан асыл мұрам бар. Соны іздеп тап, қадірле, қастерле», - депті. Мұны естіген бала әке мұрасын іздеп табанынан таусылып таба алмайды. Әбден шаршаған бала ел ішіндегі бір абзал қариядан сұрайды. Ол: «Иә, оның қалдырған мұрасы – тіл. Бәрімізді де сөйлеуді сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ», - деп, аталы сөздің шешуін айтады екен. Міне, осындай аңыз әңгімелерді оқи отырып, тіл –халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы, баға жетпес қазынасы екенін ауыз толтыра айта аламыз. Адамды ең алдымен мұратқа жеткізетін де, жетелейтін де тіліміз бен дәстүріміз. Сондықтан әр адам ана тілін қастерлеуге міндетті.

 

«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» - деп Елбасымыз айтып өткендей, тіліміз бен дінімізді де қастерлеуіміз қажет. Себебі біз өмір сүріп отырған қоғамның айқын көрінісі әрі кепілі – ана тілі. Мемлекеттік тілді толық меңгермей өз «баспалдағымызбен» өрлей алмаймыз. Өйткені тіл – халықты қатыстыратын құрал, шыңға жетелейтін тұмар, әркез көкте қалықтайтын сұңқар болып табылады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» тіл жанашыры Мұхтар Шахановтың өлеңімен қорытындылағым келеді.

 

Әр халықтың ойына сай бойы бар 
Бойсызға да қатал талап қойылар. 
Қазақ тiлi – қазақ халқы деген сөз, 
Тiлiн қорғай алмаған ұлт – жойылар. 
Тiлiн қорғай алмаған ұлт – санасыз, 
Қасиетсiз, құдiретсiз, панасыз. 
Мақсат тұтып тек қарынның мүддесiн 
Ғұмыр кешер ұлтсыз, рухи-анасыз. 
Лезде босап жiгерiнiң белдiгi, 
Күңгiрт тартты халқымыздың елдiгi. 
Егер бүгiн күреспесек тiл үшiн 
Ертең ұлт боп қалмасымыз белгiлi...

Баба рухтың сенiм шамы сынғандай... 
Намысы өшкен кезең едi бұл қандай? 
Бабаң ұлттан, тiлден қашқан қазаққа 
Жер астынан лағнет айтып тұрғандай.

 

Гүлзат Ғабитқызы

Ұқсас материалдар