Қандастар Ассамблея

Студент спортшылар бағындырған биік

02.03.2014 2843
Татарстан астанасы Қазанда шілденің 6-ы мен 17-і аралығында жазғы Универсиада ойындары өтті. Әлемнің 160 мемлекетінен жалпы есебі 11 759 спортшы қатысқан додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 19-ы орынға тұрақтады.

Татарстан астанасы Қазанда шілденің 6-ы мен 17-і аралығында жазғы Универсиада ойындары өтті. Әлемнің 160 мемлекетінен жалпы есебі 11 759 спортшы қатысқан додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 19-ы орынға тұрақтады. Біздің студент спортшылардың қоржынында 3 алтын, 11 күміс және 16 қола медаль бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында ел тұрғындарының 30 пайызы спортпен шұғылданып, Қазақстанның әлемдік спорт бәсекелеріндегі көрсеткіштері жоғарылай түсуіне баса мән берген болатын. Студенттер спортындағы жетістігіміз Олимпиада, әлем чемпионаты секілді ірі жарыстарға бастау болатынын ескерсек, Қазандағы жазғы Универсиада ойындары отандастарымыз үшін сәтті аяқталды деуге болады.

Универсиада ойындарының тарихы тым тереңде жатыр. Жоғары оқу орындары студенттерінің басын қосқан дода алғаш рет 1959 жылы Италияның Турин қаласында өтті. Алғашқы ойынға әлемнің 45 мемлекеті қатысса, күні кеше Қазанда аяқталған Универсиадаға әлемнің 160 мемлекеті спортшыларын жіберіпті. Бұл – студенттер спортында алға қадам басушылықтың барын айғақтап, Универсиада әлеуеті жөнінен Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші орында тұрғанын көрсетеді.

Жалпы, ең көп ел қатысқан Универсиада ойындары 2003 жылы Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өтті. Аталған сында әлемнің 147 мемлекетінен спортшылар бақ сынаған екен.

Қазандағы бүкіләлемдік Универсиада ойындарында Қазақстан намысын спорттың 14 түрінен 170 спортшы қорғады.

Қазандағы дүниежүзілік Универсиада ойындарындағы алғашқы алтын медальды ауыр атлет Фархад Харки жеңіп алды. 62 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Фархад Универсиадаға аттанбас бұрын, Астанада өткен Азия чемпионатында топ жарған болатын. Қазан төрінде Фархад қоссайыс қорытындысы бойынша 306 (135-171) келіні көтерді. Ал, серпе көтеруде 171 келімен Универсиада рекордын жаңартып қойған да осы Харки. Татарстан астанасына аттанар алдында зілтеміршілерден алтын медаль күткеніміз рас. Себебі, Лондон Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарында ауыр атлеттеріміз сәтті өнер көрсететін.

Құрама қоржынына екінші алтын медальды салған желаяқ қыз Маргарита Мукашева. Солтүстік Қазақстан облысының өкілі 800 метрге жүгіруде қарсыластарын қапыда қалдырып, мәре сызығын бірінші болып қиды. Маргарита бұған дейін жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында жүлде алған. Бұл – Ританың медальдар қоржынындағы ең бағалы жүлделердің бірі. Қазанда Маргарита 800 метрді 1. 58,96 уақыт көрсеткішінде жүгіріп өтіпті. Осы көрсеткіші арқылы ол өзінің және Қазақстанның рекордын жаңартты.

Қазақстан ұлттық құрамасына үшінші алтынды сыйлаған – мерген қыздар. Негізі, жанкүйерлер бокс, күрес, дзюдо сияқты спорт түрлерінен жүлде күтіп жүргенде, алтын медальды нысана көздеушілер сыйлады. Спорттық стенд атудан қыздар арасындағы командалық сында Александра Малиновская, Юлия Морозова, Олеся Снегировичтен құралған Қазақстан құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Бұл – 50 метрге жатып ату жаттығуы болатын. Екінші орында Моңғолия, үшінші сатыда Оңтүстік Кореяның нысана көздеушілері.

Бұл үш алтын жүлдеден өзге, Қазақстанның студент спортшылары 11 күміс және 16 қола жеңіп алды. Ендігі кезекте күміс жүлдегерлердің жетістігін бір шолып шығалық.

Ауыр атлеттерімізге ерекше сенім артылғанын жоғарыда айтып өткенбіз. Қазанда қазақ намысын қорғаған 12 зілтеміршінің біреуі алтын тұғырдан қол бұлғаса, екеуі күміспен күптелді. Алдымен 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Карина Горичева күміс жүлде жеңіп алды. Карина қоссайыс қорытындысы бойынша 227 (102+125) келіні игеріп, бас жүлде жеңіп алған Солтүстік Корея өкілінен 6 келі кем көтерді. Ауыр атлетикадағы екінші күмісті жеңіп алған – 94 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Александр Зайчиков. Ол екі жаттығу бойынша 375 келі көтеріп, алдына әлем чемпионы, ресейлік Александр Ивановты шығарып алды.

Семсерлесу спортындағы жас үмітіміздің бірі Рустам Құрбанов шпагадан жеке жаттығу бойынша күміс жүлдегер атанды. Финалда ол Қытайлық ноянға есе жіберді.

Каноэде ескек есуші Сергей Емельянов 1000 және 500 метрге жекелей жарысуда екінші нәтижені көрсетті.

Биыл Универсиада бағдарламасына тұңғыш рет енген белбеу күресінен екі балуанымыз финалда сүрінді. Оның бірі – 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған Димаш Молдашев. Ал, 100 келіге дейінгі салмақта Оскархан Эсканов күміс алқаны мойнына тақты.

Самбо күресіндегі оғландарымыз да жерге қаратқан жоқ. Қарағандылық Бейімбет Қанжанов 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күресіп, финалға жеткенше Түрікменстан, Украина және Әзірбайжан самбошыларын жеңді. Өкінішке қарай, финалда армениялық Тигран Кирокасяннан 1:4 есебімен ұтылып қалды.

Самбо спортындағы екінші күмісті сыйлаған - Бағдат Жарылғасов. Бағдат 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Әзірбайжан, Қырғызстан, Моңғолия самбошыларынан айла асырған Бағдат финалда ресейлік Илья Хлыбовтан 1 ұпай айырмашылығымен жеңіліс тапты.

Универсиада бағдарламасына алғаш рет енген спорт түрлерінің бірі – бокс. Мырзағали Айтжанов баптайтын бокстан Қазақстан құрамасы бұл сынға екінші құрамдағы жігіттерді қатыстырды. Өкінішке қарай, Олимпиададан алтынсыз келмейтін жігіттер Универсиадада ұтылып қалды. 10 боксшының ішінен екеуі ғана - 56 келідегі Рустам Рустамов пен аса ауыр салмақтағы Жан Кособуцкий финалға шығып, екеуі де ақтық сында жеңіліп қалды.

56 келі салмақ дәрежесіндегі Рустам Рустамов финалға дейін Украина, Әзірбайжан және Моңғолия боксшыларын жеңген. Финалда 2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, ресейлік Сергей Водопьяновтан 2:1 есебімен ұтылып қалды.

91 келіден жоғары салмақтағы Қазақстан чемпионы Жан Кособуцкийдің Қазандағы жолы оңай болған жоқ. Жан алдымен молдовалық Алексей Заватинді, кейін болгар боксшысы Ян Судзилоускийді жеңіп, финалда Еуропа чемпионы, ресейлік Магомед Омаровқа 0:3 есебімен есе жіберді.

Осымен күміс жүлдегерлер шеруі де тәмәм. Ендігі кезекте Қазан Универсиадасының қола жүлдесін жеңіп алған спортшылармен танысалық.

Белбеу күресінен Аян Ермекбаев пен Гүлнұр Ерболова тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.

Самбошы қыздар Ажар Кеңпейіл мен Ділдаш Құрышбаева да алтын қолдан сусыған соң, қола жүлдені ешкімге бермеді.

Боксшылар да қола жүлдегерлер қатарында бар. 49 келідегі жаңа есімдердің бірі Жомарт Ержан Универсиададағы бокс бәсекесінің жартылай финалында сүрінді. Жомарттың жолын кескен – кореялық Ким Инху.

75 келіде сынға түскен Нұрдәулет Жарманов Италия, Грузия боксшыларын жолдан тайдырғанымен, жартылай финалда өзбек боксшысы Әзизбек Абдуғафоровтан жеңілді.

Күрес түрлерінен қазақ жанкүйерлері алтын күткен. Алайда, грек-рим және еркін күрес өкілдері Қазан Универсиадасының алтынына қол жеткізе алған жоқ. Грек-рим күресінен әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері Алмат Кебіспаев Оңтүстік Корея және Өзбекстан балуандарынан басым түскенімен, ширек финалда ресейлік Иван Куйлаковтан ұтылды. Осыдан соң, жұбаныш белдесуінде жапон балуаны Ибо Дайшиді, қола медаль үшін күресте молдовалық Максим Мамулатты тізе бүктірді.

Алматтан бөлек, 66 келідегі Асхат Жаңбыровтың еншісінде қола медаль бар. Аса ауыр салмақтағы алыбымыз Нұрмахан Тінәлиев те алтыннан қағылды. Ол ең бірінші белдесуінде әлем чемпионы, түркиялық Риза Каялапқа 1:3 есебімен ұтылып қалды. Риза финалға дейін жеңілмеген соң, Нұрмахан жұбаныш белдесулеріне қатысуға мүмкіндік алды. Алғашқы жұбаныш белдесуінде Тінәлиев украиналық Игор Дидыкты тізе бүктірді. Екінші жұбаныш белдесуінде Мысыр балуанынан басым болған Нұрмаханды қола жүлде үшін күресте ресейлік Сергей Андрусик күтіп тұрған. Қазақ жанкүйерлерінің қуанышына қарай, Нұрмахан Тінәлиев 3:1 есебімен Универсиада қожайыны, кілем иесі саналатын Сергейді ұтып, Қазақстанға қола жүлде алып қайтты.

Грек-рим күресінен Универсиада жүлдегері атанған балуандар арасында 66 келідегі Асхат Жаңбыров бар. Ал, еркін күрестен 55 келідегі Бердах Пірімбаев пен 96 келі салмақ дәрежесіне дейінгі Әлихан Жұмаевтар Қазан Универсиадасының қола жүлдегері атанды.

«Спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетикадан Қазан Универсиадасы да мол медаль таратты. Жоғарыда аты аталған, 800 метрде алтын медаль жеңіп алған Маргарита Мукашеваның әріптестері Евгений Эктов пен Никита Филиппов та Қазаннан құр қайтпай, қола медаль олжалап қайтты. Евгений үш қарғып секіруде 16 метр 57 сантиметрге секіріп, үшінші орынды иемденді. Бірінші сатыға 17,01 көрсеткішімен украиналық Виктор Кузнецов орналасты.

Никита Филиппов сырықпен секіруде қоланы еншіледі. Никита 5 метр 50 сантиметр биіктікті бағындырды.

Ал, командалық сайыс түрлерінен нысана көздеуші қыздар 50 метрге үш нұсқа бойынша винтовка атудан және «скит» жаттығуы бойынша командалық сыннан қола жүлде жеңіп алды.

Осылайша, 3 алтын, 11 күміс және 16 қола медальмен Қазақстан құрамасы Қазан Универсиадасын 19-ы орында аяқтады. Өзімізге бейім күрес, бокс секілді спорт түрлерінен бірінші нөмірлі спортшыларды жібергенде, көрсеткішіміз одан әрі жақсы бола түсер ме еді?! Алайда, Қазақстан спортшылары Универсиадада сәтті өнер көрсету арқылы Олимпиада ойындарына жол ашуға болатынын дәлелдеді. Универсиада бағдарламасына енген самбо, белбеу күресі сынды жекпе-жек түрлері біздің спортшылардың оң жамбасына келетінін байқадық. Одан өзге, боксшылар мен нысана көздеуші мергендеріміздің Универсиададағы жүлдесі Олимпиада ойындарына апаратын даңғыл болуы бек мүмкін.

Қазан Универсиадасының ресми командалық есебінде Ресейліктер көш бастап тұр. Жарыстың алғашқы күнінен бастап қара үзіп кеткен олар Қазан Универсиадасында 155 алтын, 75 күміс және 62 қола медаль жеңіп алды.

Екінші орында 26 алтын, 29 күміс және 22 қола медаль жеңіп алған Қытай Халық Республикасының құрамасы.

Үшінші орында Жапония құрамасы. Олар Қазаннан 24 алтын, 28 күміс және 32 қола жүлде алып кетті.

Универсиада ойындары араға төрт жыл салып өтеді. Келесі Универсиада 2017 жылы Қытайдың Тайбэй қаласында өтеді.

 

Ермек Төлепов

Ұқсас материалдар