Қандастар Ассамблея

Елбасы Кубогы «Барыстың» еншісінде

02.03.2014 2787
Астанада Қазақстан Республикасының Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін шайбалы хоккейден халықаралық турнир аяқталды.

Астанада Қазақстан Республикасының Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін шайбалы хоккейден халықаралық турнир аяқталды. Елбасы Кубогы аталып кеткен бұл дода осымен төртінші рет ұйымдастырылған болатын. Аталған турнирде Астананың «Барыс» командасы үшінші рет чемпиондық атақты жеңіп алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауында ел спортының еңсесін тіктеп, бұқаралық және кәсіби спортты дамыту керектігіне ерекше мән береді. Спортшыларымыз халықаралық аренада ел беделін көтеру үшін жасалатын қадамдардың бірі – жүлде қоры қомақты, спортшыларға ынта мен жігер беретін ірі турнирлерді ұйымдастыру болып табылады. Мәселен, бүгінге дейін Елбасының Кубогы үшін волейболдан, шайбалы хоккейден, теннистен халықаралық турнирлер өтіп келеді. Оған түрлі мемлекеттің спортшылары қатысып, еліміздің қонақжайлылығына, тарихи орындарына куә болып кететінін жасырмаймыз. Тамыз айында Астанада өткен шайбалы хоккейден Президент Кубогы бәсекесі де еліміздегі хоккей спортының оң бағытта екенін тағы бір дәлелдеп берді.

Жыл сайынғы үрдіс бойынша, Президент Кубогы бәсекесіне Құрлықтық Хоккей лигасында өнер көрсететін 4 команда қатысты. Атап айтар болсақ, Астананың «Барысынан» бөлек, Ханты Мансы аймағының «Югра», Хабаровскінің «Амур» және Чехов қаласының намысын қорғайтын «Витязь» командалары Кубок үшін айдынға шыққан болатын. Төрт күнге созылған тартысты бәсекелер қорытындысы бойынша «Барыс» пен «Югра» клубтары финалға шықты. Ал, финалдық сынды тарқатып айтпастан бұрын, «Барыстың» Президент Кубогы додасындағы әрбір матчына тоқталып өтелік.

Сайыстың алғашқы күнінде «Барыс» пен «Амур» хоккейшілері айдынға шығып, жерлестеріміз қарсылас қақпасына жауабы жоқ 8 (!) шайба соқты! Бұл матчта «Барыс» легионері Найджел Доус 3 гол соғып, хет-трек жасаса, Дастин Бойд, Константин Пушкарев, Талғат Жайлауов, Дмитрий Уппер және Константин Руденколар бір-бір голды өз еншілеріне жазды.

Президент Кубогі бәсекесінің екінші күнінде «Барыс» Ханты-Мансының «Югра» командасымен кездесті. Құрлықтық Хоккей лигасында белсенді ойыншыларымен мақтанатын «Югра» ойыншылары Астанада бар өнерлерін салып, «Барыспен» терезесі тең дәрежеде өнер көрсетті. Бұл ойында екі команда тең түсіп, «Барыс» буллит сериясы бойынша 5:4 есебімен жеңіске жеткен еді. Негізгі уақыттағы төрт голды Константин Руденко, Андрей Гаврилин, Роман Старченко және Дмитрий Уппер салған. Ал, буллит сериясында Талғат Жайлауов мүлт кеткен жоқ.

Үшінші жарыс күнінде «Барыс» Чеховтың «Витязь» командасы қарсы айдынға шықты. Бұл ойын фин маманы Ари Пекка Селиннен тәлім алатын астаналық хоккейшілер үшін көп қиындық туғызған жоқ. Максим Спиридонов, Константин Руденко, Джошуа Грэттон және Михаил Паньшин соққан төрт гол жеңіс үшін жеткілікті болды. Ал, қарсыластар тарапының Ари Ахоннен қорғаған біздің қақпаға екі соққы дарытуға шамасы жетті.

Осылайша, үш жарыс күні аяқталған соң, топтан ұпайы түгел шыққан «Барыс» ойыншыларын финалдық бәсеке күтіп тұрды. Ал, финалда біздің ойыншыларға қарымды қарсылық көрсеткен Ханты-Мансы аймағының «Югра» клубы болатын. Финалдық сын тартысқа толы болды. Екі жақ та айдынға тек жеңіс үшін шыққандарын ойынның алғашқы минуттарынан бастап дәлелдеп бақты. Тең дәрежеде өткен ойында бәрібір бір жеңімпаз анықталуы тиіс емес пе?! Жеңіске деген жігер «Барыс» ойыншыларында басым болып шықты. Роман Старченко екі гол соғып, дубль авторы атанды. Одан бөлек, команда капитаны, тәжірибелі ойыншы Дмитрий Уппер мен Андрей Гаврилиндер мергендігін жанкүйер алдында тағы бір паш етті. Қарсыластар үш шайба енгізсе, біздің команда жігіттері төрт шайбамен жауап берді. Осылайша, қызықты сәттерге толы болған ақтық сында Астананың «Барысы» чемпион атанды! Президент Кубогы алысқа кетпей, өз ойыншыларымыздың еншісінде қалды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов «Барыс» капитаны Дмитрий Упперге Елбасы Кубогын тарту етті. Дода аяқталған соң, отандық басылымдардың біріне сұхбат берген «Барыс» ойыншысы Андрей Гаврилин: «Біздің алдымызға бір ғана мақсат қойылды. Ол - бас жүлде алу болатын» деп өз ойымен бөліскен. Ал, биылдан бастап «Барыс» хоккей клубын жаттықтыратын бас бапкер, фин маманы Ари Пекка Селин болса: «Президент Кубогы бәсекесінің танымалдығы мені таң қалдырды. Бұл турнирді ұтып алу – командалар үшін үлкен мәртебе екеніне анық көзім жетті. Президент Кубогы дегеніміз – өте азулы төрт команданың жан алысып, жан берісетін, тартысқа толы кездесулері» деп қуанышын жасыра алмаған.

Бұл – жаңа бапкердің «Барыс» тізгінін ұстағалы бергі жеңіп алған алғашқы Кубогы. Президент Кубогінің нәтижесі бойынша, бірінші орын «Барыс» командасына, екінші орын «Югра» клубына, үшінші орын «Амур» клубына бұйырды. Қола жүлде үшін өткен кездесуде «Амур» ойыншылары «Витязді» 4:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

Ермек Төлепов

Ұқсас материалдар