Ұлттық мәдениетіміздің төл арнасы

01.03.2014 3726
«Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» – бұл Елбасының 

«Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» – бұл Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сөзі болатын. Осыған орай төл өнеріміз бен ұлттық әдеби құндылықтарымызды, музыкамызды дәріптеу мақсатында 2011 жылы қыркүйектің 26-шы жұлдызында мәдени-танымдық бағытта хабар тарататын алғашқы «Мәдениет» телеарнасы ашылған болатын. Жаңа арна «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы негізінде ашылып, эфирге спутник, интернет және кабельді желі арқылы таралады.

Арна тәулігіне 16 сағат бойы 2 тілде көрерменге хабар таратады. Бағдарламаның 80 пайызы қазақ және 20 пайызы орыс тілдерінде шығады. Бастапқы кезеңде телеарнада кең ауқымды хабар тарату үшін кейбір өнімдер арнайы шет елден сатып алынған. Мысалы, опера, симфониялық музыка, театр қойылымдары, сонымен қатар көркем сурет және деректі фильмдер.

Мемлекеттік медиабасшылардың алдына «Мәдениет» арнасын ашу міндетін жүктегендегі  басты мақсат – Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын сақтау, тілдік ортаны дамыту, рухани құндылықтарды насихаттау, көрерменнің талғамын көтеру. Сондай-ақ, арна адамның дүниетанымын жан-жақты арттыру бағытында әзірленген отандық және шетелдік үздік телехабарлар мен деректі фильмдерді халыққа ұсынады. Сонымен қатар, арнадан эфир уақытының 30 пайызын алатын заманауи форматта жасалған ток-шоу, телевизияға арналған музыкалық және драмалық қойылымдарды, деректі және көркем фильмдерді, телехикаяларды, түрлі жанрдағы арнайы жобаларды көруге болады. Атап айтқанда, «Ақсарай», «Сол жылдар», «Өркениет», «Қылқалам», «Ғасырлар пернесі», «Алтын көмбе», «Кітапхана», «Әлі есімде» бағдарламалары, сондай-ақ «Абай», «Қазақ даласының құпиялары».

Бұл бағдарламалар көпшілік көрерменнің дүниетанымын кеңейте отырып, мәдениеттің рухани қазынасынан сусындауға, қазақ елінің өнегелік құндылықтарын дәріптеп, соның қадір-қасиетін ұғынып, сақтай білуге мүмкіндік береді.

Телеарнадан берілетін бағдармалардың бағыты:

Телеэнциклопедиялар;

Қазақ киносының үздік туындылары;
Әлемдік киноматографияның озық үлгілері;
Ағартушылық бағдарламалар;
Тарихи-өмірбаяндық бағдарламалар;
Ғылыми-танымдық тележобалар;
Өнер жайлы бағдарламалар;
Опера және концерттер;
Телеспектакльдер мен балет қойылымдары;
Деректі фильмдер;
Халқымыздың дәстүрлі өнері;

Ендігі кезекте эфирге ұсынылатын бағдарламалар топтамасымен таныссақ. Оның ашудағы телеарнаның мақсаты мен міндеті не де, жеке-жеке сипаттама беріп көрсек:

Мәселенки, «Тарих айнасы: Аңыз бен ақиқат» бағдарламасын эфирге шығарудағы басты мақсат – қазақтың ұлттық тарихын зерттеу, зерделеу, оның сан ғасырлық құпия-қатпарларына үңілу, бүгінгі ұрпаққа тарихтағы ақиқат пен ақтаңдақтарды айқын жеткізу болып табылды.

Шығармашылық кештер, концерттер. Бағдарламада еліміздегі – танымал сазгерлер мен мәдениет қайраткерлерінің туындылары насихатталып, өнер жайлы кеңінен айтылады.

Сондай-ақ, Қазақстан мен жалпы әлем халықтарының сан түрлі мәдениетінен жұртшылықты хабардар ететін, түрлі этникалық топ өкілдерінің бір-біріне деген толерантты қарым-қатынастарын қалыптастыруды көздейтін, олардың ұлттық тілдерінің, салт-дәстүрлерінің, әдет-ғұрыптарының қайта жаңғыртылуына, дамуына және сақталуына ықпал ету мақсатында көрерменге жол тартқан «Шаңырақ» бағдарламасы. Ал мәдениеттің  барлық салалары мен өнер жанрларынан мысалы; кино, театр, бейнелеу өнері, сән, эстрада, классикалық-авангардтық бағыттар, әдебиет пен философиядан хабардар болғыңыз келсе, арнада бұл үшін арнайы мәдениет жаңалықтары көрсетіледі.

Қазіргі жаһандану заманында тіршілік қамы үшін, рухани азық болатын дүниелерді ұмытып кетіп жатамыз. Соның бірі кітап. Бұрынырақ кітап дүкендерінен  керек шығармаларды іздеп жүріп оқысақ, соңғы уақытта бұл үрдіс қалып бара жатқан сыңайлы. Арнада осыған сай кітаптарға деген сүйіспеншілікті ояту негізінде «Алтын көмбе» бағдарламасы ашылған. Бағдарлама мақсаты – отбасылық командаларды сайыстыру арқылы кітап оқуды отбасылық дағдыға айналдыруға күш салу. Сол секілді көрермен назарына қазақ әдебиетінің ғажап туындылары жайлы  тың деректер ұсынатын, ғаламтор жаулап алған жастар санасын кітаптың қадіріне, құндылығына назар аудартатын «Кітапхана» хабарларын атауға болады.

Музыкадан толыққанды хабардар ететін «Легенды и мифы оперного», «Әлі есімде», «Ғасырлар пернесі» сынды бағдарламалар телеарна бағдарламалары санатына енгізілген.

Бүгінде жастарды тәрбиелеуші «телеэкран» деген сөз бекер айтылмаса керек. Телевизия да ұрпақтың санасына сілкініс тудыратын, ұрпақты ұлтын сүюге тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың жолдарын қарастыратын, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің көркеюіне үлес қосатын, қазақты жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге шақыратын бағдарлама баршылық, солардың бірі – арнадағы «Өркениет» хабары.

Жалпылама түрде айтқанда телеарнада басқа да орыс тілдерінде шығатын бағдарламалар бар. Көріп отырғанымыздай барлық бағдармалардың мақсаты бір – ол төл өнерімізді ұлықтау, «атадан-балаға мирас болып қалған» мәдениетімізді тарих бетінен өшірмей болашақ жастарға үлгі ету.

Тағы бір айта кетерлік жайт, телеарнаның ерекшелігі сол, жоғарыда аталған бағдарламаларды сол саланың сауатты өз мамандары жүргізуінде. Мәселен, тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Арықбаев, белгілі актриса Жанна Қуанышева,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыкатанушы Юрий Аравин, музыка қайраткері Флюра Мусина, білікті журналист қаламгерлер Жүсіпбек Қорғасбек, Нұртөре Жүсіп сынды т.б өз саласының білгірлері, мәдени құндылықтардың ба­ға­сын білетін қайраткерлерді атауға болады.

Бүгінде арна ақпарат кеңістігіне енді ғана аяқ басқан арнаның жетістігі де жоқ емес. Мысалы, «Мәдениет» телеарнасы 2012 жылы Елордада өткен «ТЭФИ-Содружество» екінші халықаралық телевизиялық фестивалінде үздік ондық сыйлықтың біріне ие болды. Фестивальға «Люди, годы, жизнь» тақырыбы бойынша 54 бағдарлама ұсынылған. Іріктеу қорытындысы бойынша фестивальға 10 мемлекеттен, 16 телекомпанияның жобасы қатысқан 20 бағдарлама ұсынылған. Байқау қорытындысын да бізге бұл аталмыш сыйлық, Қазақтың әйгілі әншісі, КСРО халық артисі,  қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері Күләш Байсейітова жайлы жасалған «Легенды и мифы оперного. Куляш Байсеитова» бағдарламасы үшін берілген.

Сөз соңында айтарымыз, ұлт болып ұмытпау қажет бір мәселе – сіз бен біздің міндетіміз атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл қазынамыз бен рухани байлығымызды кеңінен насихаттап, телекөпір арқылы төрткүл дүниеге паш етіп көрсете білу. Бұл жолда «Мәдениеттің» мақсаты да, міндеті де осы және ұлтқа берері де мол.

(Мәліметтер http://madeniet.kaztrk.kz, http://www.tefi.ru сайттарынан алынды).

Ұқсас материалдар