Ұлт мәдениеті болашағы үшін

01.03.2014 7896
«Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды». Елбасы Жолдауынан

«Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды».
Елбасы Жолдауынан

Қазіргі жаһандану ағымы әлемдегі саны аз ұлттардың тіліне, мәдениетіне, дәстүрінің жойылып кетуіне үлкен қауіп төндіріп отыр. Оның тасқынына қарсы тұру – ұлттық келбетімізді сақтау, іргесі мықты мемлекет болып, өркениетті елдердің қатарына қосылу. Бұған әр қазақ баласының өз ұлтының тарихына, дініне, дәстүріне деген құрметі мен жауапкершілігінің жоғары болуы үлес қоса алады.

Қазақ халқының қазіргі кезге жеткен рухани мұрасы, оның ішінде музыка өнері көптеген түріктілдес этностармен салыстыра қарағанда биік деңгейде дамыған, аймақтық мектептерімен диалектіге бай асыл қазына. Осыншама мол мақтанышымыз көненің көзі болып қалып қоймай, соңғы онжылдықтарда заманауи форматта әлі бізбен бірге жасап келеді. Яғни, ол руханиятымыздың жасампаз болып, мұражайларда қалып қоймай бізбен бірге өмір сүре алады.

Елбасының Жолдауында «Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті» деген болатын. Бұған дәлел ретінде аталған кезеңде республика сахнасына шығып, әлемдік танымалдыққа ие болып, тіптен алыс және жақын шетелдерде тұрақты тыңдарманын жинай білген «Ұлытау» этно-рок музыкалық-аспаптық тобын айтуға болады. Бұл ансамбль репертуарында жоғары кәсібилікпен өңделіп, еліміздің мықты музыканттары ұсынып жүрген Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш», Қазанғаптың «Көкіл», Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйлерімен қатар еуропа классиктері И.С.Бахтың, В.А.Моцарттың, А.Вивальдидің, Н.Паганинидің әлемге танымал туындыларын айта аламыз. «Ұлытау» тобы қазақ музыка мәдениетінде өзіндік өрнегі бар, тың, бұрын болмаған тенденция (үрдіс) қалыптастыра білді. Ол – ұлттық аспабымыз домбыраны рокқа қосып жаңа деңгейде әлемге насихаттау еді.

Осы үрдіс өміршеңдігіне, қазағымызға жат емес, оны өрге жетелер ұстанымының болашағы зор екендігіне ансамбльге еліктеп құрылған аспаптық-вокалдық топтардың (дуэт, трио, квартет және т.б.) шығармашылығы дәлел.

Бұдан басқа алыс шетелдерде кәсіби музыкант ретінде қалыптасқан, қазір Франция, Англия, Германия, Австрияның беделді симфониялық оркестрлерінде қызмет етіп, опералық театрларында өнерін шыңдап жүрген артистер арасынан да қазақ композиторларының туындыларын насихаттап жүрген тұлғалар бар. Мысалы, опера әншісі Майра Керей бір сұхбатында еуропа сахналарына концерт беру үшін келісімшартқа отырғанда міндетті түрде қазақ әндерін орындайтынын айтқан еді. «Кәсіби жұлдыздар жиі орындай бермейтін батыс композиторларының күрделі шығармаларымен бірге қазақ әндерінің концерт барысына енуіне байыпты мән беремін. Тіпті шартым ретінде де айтамын» деген еді.

Егер әр салада осындай ұлтының мәдени құндылықтарын шынайы бағалап, ардақтайтын тұлғалар көбейсе, қазақ мәдениеті жаһандық ағымға жұтылмай, жаңа ғасырда өркениет биігіне көтеріліп, өз жолымен жүреді. Елбасы жолдауында қай салада болмасын «Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз» деп көрсетілді.

Бүгінгі уақытта қарым-қатынас әдебімізге, жалпы тұрмыс тіршілігімізге менталитетімізге жат батыстық көзқарас, түсінік сіңіп барады. Ұлтымыз ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті бар, өзіне тән салт-дәстүрі мен теңдессіз мұрасы бар руханиятты халық екенін алдымен өзіміз бағалауымыз қажет. Бұны заманға сай біліммен қаруланған саналы ұрпақ қана өз деңгейінде пайымдай біліп, іске жаратып, мәңгілік ете алады, тек қана өз негізге бойлай білген, тамырынан нәрі үзілмеген рухани сабақтаса алған мәдениет қана жасампаз болады.

Ал батыстың тілін білдім, мәдениетінен сусындадым, оны ғана қабылдаймын деп, өз төл дәстүріміз бен мәдениетімізге өзіміз мұрын шүйіріп, «жоғарыдан» қарасақ, басқалар оны мүлдем қажетсінбейді.

Елбасы Жолдауында ғасырымыздың он сын-қатерінің бірі ретінде – «өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы. Әлем ауыр дүниетанымдық және құндылық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың қағидатты маңызы бар», – дейді.

Жолдауда оқыту әдістемелерін жаңғырту қажеттілігі де айтылған. Бұл мәселені дәстүрлі музыка саласы арнасында қарастырар болсақ, бай қазынамызды неше жерден көтереміз деп даурықсақ та, оны рухани азық етер ұрпақ болмаса, мағынасыз әрекет болары сөзсіз. Сондықтан орта мектеп қабырғасындағы музыка пәнінің ескі сарында жүріп жатқан бағдарламасына қарап отырып, оқытудың жаңа әдістемесін жасау кезек күттірмейтін міндетіміз екенін түсінеміз. Орта арнайы, жоғары білім беретін ордалардың бағдарламасын былай қойғанда бастауыш мектептен бастап өскелең ұрпаққа дәстүрлі музыкамызды жүйелі оқытудың бағдарламасын жасау – асыл мұрамызды қорғаудың табысты жолы болар еді.

Бақыт Тұрмағамбетова,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

аға ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидаты

Ұқсас материалдар