Қандастар Ассамблея

Жетістікке қол жеткізетін – құжат қанаттандырғанда

01.03.2014 3232
Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы М. Әуезов атындағы орта мектебінің ұстаздары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050»

Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы М. Әуезов атындағы орта мектебінің ұстаздары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын зор ынтамен талқылады. Бұл дөңгелек үстелге өз тарапымыздан біз де қатысып, пікірімізді білдіріп, ой бөлісіп қайтқан едік. Бұл жиында қозғалған мәселелер мен айтылған ойтүйіндерді сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

Болашаққа сеніммен қарайтын ұстаздар жаңа жолдаудан нақты жүзеге асатын істерді көріп білгендерін ортаға салды. Сөз алған мектептің ұлағатты ұстазы тарих пәнінің мұғалімі М. Ахметжанов өз ойын былай ортаға салды: «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Жолдауының баға жетпес құндылығы – қалыптасқан Қазақстан мемлекетінің жаңа саяси бағыты – «Қазақстан – 2050» стратегиясын алдын-ала сарабдал сүзгіден өткізе, толымды талдаудың айқын үлгісі ретінде ұсынуы. Демек, «Қазақстан – 2050» стратегиясы – тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыт өлшемі.

«Қазақстан – 2050» бағдарламасының түпкі межесі – еліміздің XXI ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан ойып орын алуына жететіндігіміз бізді жігерлендіреді». Екінші кезекте сөз алған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ә.Ж Ықыласова жолдаудағы қазақ тілі мәселесіне байланысты айтылған мына жолдарды тебірене отырып жеткізді: «Жолдауда тіл саясатына елді біріктіруші басты фактор ретінде басымдық берілген. Бұл орайда рухани негізіміз – қазақ тілі турасында айта келіп, елбасы: «Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – деп көрсетеді.

ҚР Президенті мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайта түсу қажеттілігін, қазақ тілін кеңінен қолдану бағытындағы кешенді шараларды тереңдете түсуді баса айтады. Елбасы 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміздің қажеттілігін нұсқай келе, бұл ұлт болып шешуге тиіс көкейкесті мәселе екендігін және балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиістілігімізді орынды атайды.

Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның болашағы қазақ тілінде, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген әрбір ел патриотының еңсесін көтерер, көңілін марқайтар қағидалы тұжырым-түйіндерін сенімді де нық айта келіп: «Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады», – деді.

Сондай-ақ, қазақ елінің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді», – дей келе: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деп түйіндеуі қазіргі және кейінгі ұрпаққа ой салмай қоймайды. Елбасы  Жолдауындағы қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру турасындағы айтылған ой-тұжырымдар да әбден қолдауға лайық. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев үштілділікті, көптілділікті мемлекеттік деңгейде ынталандыру қажеттілігін айта келе: «Орыс тілін білу біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі.

 Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз», – деуі орынды. Ал Елбасының ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек, қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады деуін бір кісідей қолдауға тиіспіз. Елбасы Жолдауында айқын көрсетілгендей, нарықтық экономика өзара еңбек сайысында бәсекеге қабілетті мамандарды қажет етеді. Ендігі кезекте ой үдесін дөп басу үшін бізге керегі – үш тілді білімді ұстаз. Ал білімі көп адам құралы сай ұста секілді – не істесе де, келістіріп істейді. Ендеше, түзу ғылымнан, түзу ұстаздан тәлім алған шәкірт неге түзелмесін?! Түзу бағыттағы көшіміз қашан да көрікті болғай!» Оқу ісінің меңгерушісі Э.Т Тәжиеваның пікірінше: «Қазақстан-2050» Стратегиясында болашақтың нақты, толық жоспары қамтылған. Ол «Біздің болашағымыз қандай болады?» деген сұраққа жауап береді. Оның табысты жүзеге асырылуы үшін біз өзіміздің санамызды өзгертуіміз керек, өз-өзімізді тәрбиелеуіміз керек, алдымызға биік мақсаттар қойып, елімізбен бірге соған ұмтылуымыз керек. Әрине, мақсатқа жету үшін ең алдымен еңбектену керек. Ізденбеген, еңбектенбеген, білім мен білік деңгейін дамытпаған болсақ, біз 2030 бағдарламасын мерзімінен бұрын орындап, бүгінгі күні алға зор үмітпен қарап отырмас едік. Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылған мақсаттар біздің бүгінгі қалыптасқан мемлекетімізді даму жолдарында қиындықтар іргесін шайқай алмайтын, тамыры терең бойлаған іргелі ел болуға апаратын жол деп білемін. Бұл жолдың да оңай еместігі белгілі. Елбасы Қазақстанға, оның халқының әлеуетіне сенгендіктен де осындай бағдарлама ұсынып отыр». М. Әуезов орта мектебінің Ұлт діттеген жерден шығарына бізде сенімдіміз. Жолдау қанаттандырған елдің сағы сынбақ емес.

 

Серік Әбілқасымұлы

 

 

Ұқсас материалдар