Қандастар Ассамблея

"Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында"

01.03.2014 5743
9-шілдеде өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Серік Ахметов биылғы оқу жылынан бастап мектеп қабырғаларында дене шынықтыру сабағы үш сағаттан болады деп хабарлайды baq.kz тілшісі.

9-шілдеде өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Серік Ахметов биылғы оқу жылынан бастап мектеп қабырғаларында дене шынықтыру сабағы үш сағаттан болады деп хабарлайды baq.kz тілшісі. Естеріңізде болса, өткен оқу жыланнан бастап дене шынықтыру сабағы 2 сағатқа қысқарған болатын. Бұл олқылықтың орны биылғы оқу жылынан бастап толмақ. Себебі, еліміздің жарқын болашағы мен тұрақты саясатының дамуы денсаулығы мықты ұрпақтың қолында екенін ұмытпаған жөн.  

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады» деп атап өтті. Сонымен қатар, 2008-2016 жылдарға арналған «Салауатты өмір салты»  бағдарламасы аясында да түрлі іс-шаралар атқарылып келе жатыр. Бағдарламаның  басты мақсаты халықты сауықтыру және орташа өмір сүру ұзақтығын ұлғайту болып табылады. Осының негізінде, елдің денсаулық әлеуетін дамыту  және сақтау үшін кешенді жұмыстар жасалып келе жатыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде ағымдағы жылда денешынықтыру мұғалімдерін дайындау үшін қосымша мың білім беру гранттары бөлінгенін атап өтті деп хабарлайды i-news.kz сайты. Осының негізінде жылдар бойы мектеп оқушылары арасында дене шынықтыру сабағына қатысты көтеріліп келе жатқан мәселелер аз да болсын өз шешімін тауып, еліміздің жастарын спортқа икемді, денсаулығы мықты етіп тәрбиелейді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, Қазақстан дамуының Стратегиялық жоспарында Президент 2020 жылға қарай республикамызда дене шынықтырумен шұғылданатын халықтың пайыздық көрсеткіш деңгейі 30%-ға дейін жету керектігін тілге тиек етті.

 Біздің елде спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың саны уақыт өткен сайын өсу үстінде. Мысалы: 1991 жылы спорпен жиі жүйелі түрде айналысатын жандардың саны 10,3%-ды құраса, ал 2001 жылы 9,6% болды. Жыл сайын елбасының үздіксіз спортқа қатысты түрлі бағдарламалар  қабылданып, үлкен шаралар жасалып келе жатыр. Оның ішінде: Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытудың 1996-2000 жылдарға және Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы және 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, іске асып өз жалғасын тауып келеді. Осыған орай, елімізде спортқа деген ынталы адамдардың саны 2010 жылы 17,7 % -ға, ал 2010 жылы 20%-дан 2012 жылы 21,6 % -ға жеткен екен. Демек, қазіргі таңда республикамызда денесін шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстайтындардың қатары 3 миллион 648,7 мыңға көбейіп отыр. Бұл, әрине, жағымды жаңалық. Ел экономикасы мен әлеуметтің әлеуетін көтеретін ертеңгі келер ұрпақтың денсаулығы мықты болғаны абзал.

Жалпы, елімізде денешынықтыру мен спорттың даму үлесі артта қалып келе жатқан жоқ десек те болады. Оған, олимпиада ойындарында көк туымыз желбіреп, әнұранымыздың асқақтап ойнатылу кезінде де көзіміз жетіп жүр. bnews.kz сайтында 2011-2015 жылдар аралығында Қазақстан Республикасындағы денешынықтыру және спорт  саласының қалай дамып келе жатқандығы жазылған. Онда 2010 жылы еліміздегі спортпен және денешынықтырумен айналысатын азаматтардың саны 17,4 %-дан  2015 жылда 25 % -ға дейін, ал жасөспірімдер арасында 2010 жылы 9,5 %  болса ол көрсеткіш 2015 жылда 12 % дәрежеге дейін өсу жоспары келтіріліп отыр.  2012 жылы 27 шілде мен 12 тамыз күндері аралығында Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары еліміз үшін нәтижелі болды.  Ұлыбританияның төрінде өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан Республикасының спортшылары қазақтың қоржынына 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль салды. Бұл дегеніміз, бұрын сонды спорт әлемінде көрген ұлы жетістіктеріміздің бірі болып есептелгені айқын.  Алпауыт АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Италия т.б. елдерден кейін келіп 12 орынға табан тірегеніміз тарихымызда айрықша орын алып қалары сөзсіз. Алғашқы алтынды велошабандозшы Александр Винокуров сыйлап қуантса,  Зүлфия  Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Ольга Рыпакова және Илья Ильин  сынды батыр ұл қыздарымыздың Лондон төрінде көрсеткен ерліктері ел есінде мәңгі қалады. Бұл спорт  жетістіктерін үлгі тұтып, аға буынның артынан өсіп,  топ бастап келе жатқан жеткіншіктер де спорт саласын қызығушылық танытып келе жатыр. Мысалы, республикамыздың әр аймағындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттарда – 3003, республикалық мектептерде – 1 191, спорт шеберлігін арттыру орталықтарында – 1256, Олимпиада ойындарына дайындау барысында спорт шеберлігін арттыратын республикалық мамандырылған орталықтарда – 984 адам оқиды.

Сонымен қатар, биылдан бастап дене шынықтыру сабағының мұалімдеріне оқушылармен қосымша жұмыс жасағандары үшін  жалақылары 45 %-дан 100%-дейін өседі. Мектептерде оқитын балаларға аптасын 3 рет спортпен шұғылдануға мүмкіндік туғызу үшін білім беру орталықтарындағы спорт нысандарын қажетті стандартқа жеткізу көзделіп отыр дейді Үкімет басшысы Серік Ахметов.

Ақлима  Мустафина

 

Ұқсас материалдар