Қандастар Ассамблея

Азия чемпионатынан 7 алтын!

01.03.2014 2876
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел халқына Жолдауында дене шынықтыру мен спорт саласын өркендетіп, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігіне баса мән береді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел халқына Жолдауында дене шынықтыру мен спорт саласын өркендетіп, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігіне баса мән береді. Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиістігі де Елбасы жолдауынан сырт қалған емес. Спорт – өз еліңді әлемге танытатын бірден бір құрал. Осы орайда, Қазақстан халқы мен Ұлт Көшбасшысының мерейін асқақтатып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Мәселен, боксшылар! Қазақ боксшылары еліміз тәуелсіздік алғалы бері Олимпиада ойындарынан алтынсыз қайтқан емес. Сол сияқты, Азиялық додаларда да жігіттеріміздің айдарынан жел есіп жүр. Амманда аяқталған Азия чемпионатындағы боксшыларымыздың биік көрсеткіші – еліміздегі спортқа деген көзқарастың оңдығынан туған нәтиже.

 

2013 жылдың 30 маусымы мен 8 шілде аралығында Иордания астанасы Амманда бокстан ХХVII Азия чемпионаты өтіп, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-і орынға табан тіреді.

 

Былғары қолғап шеберлері арасындағы Азия чемпионаты 1963 жылдан бастап өткізіліп келеді. Қазақстан аталған жылдары КСРО құрамына енгендіктен, сары құрлық чемпионатына тұңғыш рет 1994 жылы қатысты. Аталған сын Иран астанасы Тегеранда өтіп, біздің құрама боксшылары 5 алтын медаль жеңіп алған екен. Яғни, Азия біріншілігіне алғаш қатысып отырған команда көптен бері құрлықта үздік шығып жүрген Оңтүстік Корея, Тайланд, Өзбекстан елдерін артта қалдырып, жалпыкомандалық есепте алғашқы орынға тұрақтайды. Бұл додада ұлттық құрама қоржынына әлем чемпионы, Атланта және Сидней Олимпиадаларының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов, қазақтың даңқты боксшылары Нұржан Сманов пен Аркадий Топаев және Қанатбек Шағатаевтар алтын жүлде салған. Қазақ боксшыларының құрлықтағы беделі келесі біріншілікте одан әрі арта түсті. 1995 жылы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Азия чемпионатында біздің жігіттер 6 рет Қазақстан Әнұранын шырқатып қайтты.

 

Одан бері талай мәрте сары құрлық мықтыларының басы қосылып, қазақ жігіттері несібесіз қалған емес. Бірақ, қазақтың күрзі жұдырықты жігіттерінің жүлдені күреп әкетуі өткен күннің еншісінде қалып қойғандай еді. Уыстап алтын алуды доғарып, шамамыз жеткенше жүлдеге таласып жүрдік. Бірақ, биылғы Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін өте сәтті аяқталды.

 

Жігіттеріміз Амманға аттанар алдында, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен тілдесудің реті келді. Үнемі сабырлы қалпынан танбай, сауалыңа үлкен ыждағаттылықпен жауап беретін бас бапкер Иорданиядан үш алтын жүлдемен келуге ниеттіміз деген. Алайда, бас бапкер арық айтып, семіз шықты. 10 салмақтағы қазақ боксшыларының екеуі ғана жеңіліп, қалған сегізі Азия чемпионатының финалына шықты.

 

Жеке өзім 52 келідегі Ілияс Сүлейменовтың ең алғашқы айналымда ұтылып қалғанына өкпелімін. Иә, сәттілік серік болмаған шығар. Мүмкін, бабы жетпей қалды. Бірақ, осы салмақтағы беткеұстар боксшының есімі көпшілікті белгісіз филиппиндік спортшыдан жеңілуін жылы жауып қоюға болмайтын секілді. Естеріңізде болар, қазан айында Алматыда өтетін бокстан әлем чемпионаты өтеді. Аталған сынға қатысуға басты үміткерлердің бірі осы Ілияс. Сүлейменовтың құрлық додасындағы сәтсіздігінен сабақ шығарып, әлем чемпионатына қатысар алдында басқа боксшылардың да әлеуетін көрген жөн-ау. Бұл салмақта «Астана арландары» сапында WSB жобасының чемпионы атанған Мирас Жақыпов, сондай-ақ, әскерилер арасындағы әлем чемпионы Олжас Сәттібаев есімді боксшылар бар.

 

Финалға жетпей жеңіліс тапқан тағы бір боксшымыз – Қайрат Ерәлиев. Қайрат 56 келідегі ұлттық құрама көшбасшыларының бірі. Шымкент боксының түлегі саналатын ол Лондон Олимпиадасынан соң үлкен спорттан алшақтап кеткен Қанат Әбутәліповты алмастырды. Қайраттың жарқ етіп көзге түскен сәті – 2012 жылы өткен Қазақстан біріншілігі болатын. Содан соң мамыр айында Хабаровскіде өткен халықаралық турнирден жеңіспен оралды. Өкінішке қарай, Азия чемпионаты Қайрат үшін ерте аяқталды. Ол болашақ чемпион, үндістандық Шива Тапаға 2:1 есебімен есе жіберді.

 

Енді финалдық бәсекеде топ жарып, құрлық жанкүйерлеріне Қазақ Әнұранын жаттатып қайтқан жігіттерге аз-кем тоқталып өтелік.

 

49 келіде көкшетаулық Теміртас Жүсіпов ешкімге бет қаратқан жоқ. Теміртастың ақтық сындағы қарсыласы – үндістандық Девендро Лайшрам болатын. Біздің жігіт 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жалпы, үнді боксшылары Азияда үздіксіз жүлде алып жүр. Яғни, бұл елдің былғары қолғап шеберлері осал емес деген сөз.

 

60 келіде Берік Әбдірахманов Азияның үздігі. Беріктің де көсіле шауып, көзге түскен жері – Қазақстан чемпионаты еді. Тараздық Ғани Жайлауовты финалда нокаутпен жеңгені әлі есімізде. Беріктің жойқын жұдырығы Азияның мықтыларын да тізе бүктірді.

 

64 келіде Мерей Ақшалов алтын жүлдегер атанды. Мерей финалда моңғолиялық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Бейжің Олимпиадасындағы сәтсіздігінен соң, «Астана арландары» қатарында биіктен көрінген Мерей енді ұлттық құрама намысын қорғап, әлем чемпионатына қатысады деп күтілуде.

 

69 келі – қазақтың салмағы. Тап осы салмақта әлемдік сынның көшін Қазақстан боксшылары бастап тұр. Осы бір құтты салмақта өнер көрсететін Данияр Елеусінов құрлық чемпионатының алтынын мойнына тақты. Негізі, Данияр көптен бері жанкүйерлер сынына ұшырап жүрген. Лондондағы сәтсіздіктен бөлек, Чехияда өткен халықаралық турнирде де жеңіліс тапқан. Бұл жолы құрама капитаны өз-өзін қамшылапты. Азияның алтынын санамағанда, чемпионаттың ең үздік боксшысы атанды.

 

75 келіде Жәнібек Әлімханұлына ешкім тең келген жоқ. Жәнібектің қабілет-қарымы туралы көп нәрсе айта алмаймыз. Себебі, ол да ұлттық құрамаға былтырғы ел біріншілігінен кейін қосылған жаңа есімдердің бірі.

 

Ал, 81 келідегі Әділбек Ниязымбетовке қол созым жерде тұрған алтын жүлде тағы да бұйырмай кетті. Финалда Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері өзбек боксшысына есе жіберіп қойды. Бүгінде әлеуметтік желілер мен ғаламтордағы сайттар арқылы Әділбектің жеңілісіне әрқилы баға беріп жатқан жанкүйер көп. Ең бастысы, осы жеңіліс Әділбекті әлем чемпионатының алтынына алып баруы тиіс.

 

91 келіде 2011 жылы өткен Азия чемпионатында да жүлдесіз қалмап едік. Бұл жолы да жеңісті дәстүр сабақтастығы қайталанды. Қостанайлық Антон Пинчук финалда иордан боксшысын жеңіп, спорттық ғұмырындағы ірі жеңістерінің бірін тойлады.

 

Аса ауыр салмақта алыбымыз Иван Дычкоға ешкім жарытып қарсылық көрсеткен жоқ. Ваня – Азия чемпионы!

 

Азия чемпионаттарының тарихына көз жүгіртсек, бір чемпионатта ең көп алтын медаль алған Оңтүстік Корея екен. Оның өзі сонау алыс 1987 жылы орын алған. 1987 жылы Кувейтте өткен бокстан ХІІ Азия чемпионатында корей спортшылары 8 алтын алыпты. Әзірге, бұл рекордтың қаймағы бұзылған жоқ. Егер, Әділбегіміз алтын алғанда, Азияның рекордына біздің де қатысымыз болар ма еді...

 

Бокстан Азия чемпионатына 7 алтын алған мемлекет - үшеу. Олар - Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қазақстан. Оңтүстік Корея үш мәрте 7 алтын алып, Азия додасының көшін бастаған екен. Бірақ, корейлер атой салған жылдары Қазақстан құрамасы КСРО құрамында болған. Демек, біздің жігіттер қатысқанда, Азиядағы алпауыт елдердің бірі мұндай жетістікпен мақтанбас па еді...

 

Сонымен, бокстан Азия чемпионатын Мырзағали Айтжанов шәкірттері жоғары нотада аяқтады. Енді осы біріншіліктегі кем-кетігімізді түзеп, сабақ алып, жігіттеріміз Алматыдағы әлем чемпионатында абыройымызды асқақтатсын деп тілейік!

 

 

Ермек Төлепұлы

Ұқсас материалдар