Экологиялық білім беруді балабақшадан бастау керек

01.03.2014 7952
Ғылыми-техникалық өрлеудің  тез дамуы биосфераға тікелей әсер етіп, жер  шарындағы экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеліп соғып отыр.

Ғылыми-техникалық өрлеудің  тез дамуы биосфераға тікелей әсер етіп, жер  шарындағы экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеліп соғып отыр. Сондықтан бүгінгі таңда әлемдік деңгейде адамзат алдында ғаламдық   экологиялық мәселелерді шешу міндеті тұр. Қазақстан да бұл мәселелерді шешуде сырт қала алмауы тиіс.

Қазіргі кезде экологиялық білім беру ЮНЕСКО деңгейінде жүзеге асып отыр. Экологиялық білім мен тәрбие беруде  педагог-экологтардың  зерттеу жұмыстарының маңызы жоғары.  Концепция бойынша, еліміздің  азаматтарына,  мектептерде, жоғарғы оқу орындарында  экологиялық білім және тәрбие беруге үлкен көңіл бөлініп отыр.

Бүгінде білім беру саласының алдында тұрған міндет – жас ұрпаққа экологиялық тәрбие мен білім беру, балаларды қоршаған ортаны қорғауға, табиғи ресурстарымызды ұқыпты пайдалануға  тәрбиелеу. Қазақстанда экологиялық білім мен тәрбие беру білім беру саласының барлық деңгейлерін қамтып отыр, соның ішінде мектепке дейінгі білім беру саласы да бар. Сондықтан, біз балаға жастайынан экологиялық білім беруіміз қажет. Осы ретте, балабақша жасындағы  бүлдіршіндердің санасында қоршаған орта, табиғи құбылыстар туралы  ұғым қалыптастырғанымыз жөн. Органикалық дүние туралы ұғымдар балаға түсінікті қарапайым тілде жеткізілуі тиіс. Балаға табиғаттың күрделі екенін, өлі және тірі бөліктен тұратынын, тірі табиғат өсімдіктер мен жануарлар әлемі деп бөлінетінін, адам сол табиғаттың бір бөлшегі екенін ұғындыруымыз керек. Сонымен бірге адамзат өзінің іс-әрекеттері арқылы табиғатқа кері әсер етіп жатқанын да бала білуі қажет. Балабақшадағы  экологиялық білім беру тәжірибелік бақылаулармен  ұштастыра жүргізілсе ғана  нәтижелі болмақ.

Халық даналығынан туған  «Орман – жер сәулеті, ел дәулеті», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Күте білсең, жер жомарт», т. б. аталы сөздер бала құлағына жастайынан сіңіп, ұлттық рухын қалыптастырады. Табиғат сұлулығы рухани  қайырымдылыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады, яғни, балаларды мейірімділікке, адамгершілікке, жақын адамдарға қамқор бола білуге көмектеседі. Бала үшін табиғат – бұл әр түрлі табиғат құбылыстарды танудың және сөздік қорын байыту көзі. Бұл – балалардың сөйлеу және ойлау қабілетінің дамуына ең қолайлы және пайдалы фактор. Табиғат баланың тұлғалық қалыптасуына зор ықпал етеді. Баланың қандай болып өсуі – бізге, яғни ерексектерге байланысты.

Балабақшаның негізгі міндеті – дені сау, қазіргі заман ағымына сай сауатты да инабатты ұрпақ тәрбиелеу, сонымен қатар баланың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, әрі еңбекке баулу. Балаға табиғаттағы әрбір өсімдікті таныстыру, көрсету арқылы ғана экологиялық тәрбие бере аламыз. Қорыта келе айтарым, балабақшадан бастап қоршаған ортаны қорғауға, аялауға тәрбиеленген бала келешекте табиғат қамқоршысы болатыны сөзсіз.

Назира БУРХАНОВА

Ұқсас материалдар