Қандастар Ассамблея

Құлыншақ ақын өнерінің және бір қыры – замандастарымен хат арқылы хабарласып тұру дағдысы болғ

23.07.2013 2749
Бұл өмірбаян деректеріне қосымша ретінде ақын еңбектерін жинастыруда елеулі тер төгіп жүрген Ұлы Отан соғысының ардагері Ырысқұл Ырысжановтың елдегі көнекөз қариялардан (негізінен С.Аққожаевтан) жазып алған кейбір мәліметтерді де келтіре кеткен орынды: «Құлыншақ ақын екі рет, алғашқыда Ұлжанға, ол қайтыс болған соң Алтынқызға үйленді. Ол шешемізді қартайған шағында көзімізбен көрдік. Қапсағай денелі қара кісі еді. Ол кейініректе қайтыс болды. Құлыншақтың ұлдары Әкбар, Ысқақ, Сатай ақын болған, бірақ олардан ұрпақ қалмаған. Төртінші ұлы Исаханға ақындық өнер қонбаған. Түсінде «өлең керек пе, көген керек пе?» дегенде «ешқайсы керек емес» депті. Исаханның екі иығы бүлкілдеп, көздері қызарып жүретін, орта бойлы, қызыл шырайлы кісі еді. Ол 1971 жылы сексен бір жасында дүниеден қайтты. Құлыншақтың баласы Ысқақ (1880 – 1919) қозы жайып жүретін. Жас кезінен әкесіне еліктейді. Бір күні әкесіне келіп, қолындағы таяғын домбыра етіп, «Мен де жиын-тойға барсам, жақсы-жаманды көрсем қайтеді?» – деп, есік алдында босағада отырып өлең айтады. Сонда Құлыншақ мұртынан мырс-мырс күледі де, ұлының өтінішін қабыл етіп, Түркістан базарынан киім-кешек алдырады, жиын-тойда қасына ертіп жүреді... Құлыншақ ақын алысқа жолаушылап жүрер алдында дәу кесек қантты балғамен майдалап шағып, ауылдағы балаларға үлестіріп беріп: «Қарақтарым, біреуіңе менің ақындық өнерім қонар ма екен?!» – дейді екен. Құлыншақ ақын алыста жолаушылап жүргенде (Мекке сапарынан қайтар жолында, – Ә.О.) қатты ауырады. Жүруге шамасы келмей жатқанда, қасындағы жолдасы Шорнақбай дегенге «Маған қалам, дәптер тауып әкел, өлеңмен елге хат жазайын», – дегенде, ол тауып әкеле алмаған». Ырысекеңнің деректерінен ақынның сөз өнеріне деген айрықша ілтипатын, оның арттағылар тарапынан жалғастырылуына ерекше қамқор пейілмен қарағанын, сондай-ақ ол кісінің өмір жолының туған жерден жырақта үзілгенін байқаймыз. Бұдан екі-үш жыл бұрын Қызылқұм (қазіргі Отырар – О.Ж.) ауданындағы халық ағарту ісі ардагерлерінің бірі Шериаздан Шорабеков жаздырып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған: Адамзат – келер, келер, жүзге келер, Пендені үйде өлсе де түзге көмер. Құдая иманымды саламат қыл, Ағайын қайда бізді іздеп келер?! – деген өзекті өртерлік сөздер сол заманда Шорнақбай арқылы ел-жұртқа жеткен ең соңғы сәлемі болуы да ықтимал. Құлыншақ ақын өнерінің және бір қыры – өзіміз бұрыннан айтып жүргендей, замандастарымен хат арқылы хабарласып тұру дағдысы болған. Мәселен, мұның бір үлгісі Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлымен хат жазысудан байқалады. Онда, жас кезінде «Небары ескіше үш айлық білім алған» Құлекең іні-ақыннан – Молда Мұсадан дін, шариғат жайларынан сабақ сұрағандай қалып танытады.

Бұл өмірбаян деректеріне қосымша ретінде ақын еңбектерін жинастыруда елеулі тер төгіп жүрген Ұлы Отан соғысының ардагері Ырысқұл Ырысжановтың елдегі көнекөз қариялардан (негізінен С.Аққожаевтан) жазып алған кейбір мәліметтерді де келтіре кеткен орынды:

«Құлыншақ ақын екі рет, алғашқыда Ұлжанға, ол қайтыс болған соң Алтынқызға үйленді. Ол шешемізді қартайған шағында көзімізбен көрдік. Қапсағай денелі қара кісі еді. Ол кейініректе қайтыс болды. Құлыншақтың ұлдары Әкбар, Ысқақ, Сатай ақын болған, бірақ олардан ұрпақ қалмаған. Төртінші ұлы Исаханға ақындық өнер қонбаған. Түсінде «өлең керек пе, көген керек пе?» дегенде «ешқайсы керек емес» депті. Исаханның екі иығы бүлкілдеп, көздері қызарып жүретін, орта бойлы, қызыл шырайлы кісі еді. Ол 1971 жылы сексен бір жасында дүниеден қайтты. Құлыншақтың баласы Ысқақ (1880 – 1919) қозы жайып жүретін. Жас кезінен әкесіне еліктейді. Бір күні әкесіне келіп, қолындағы таяғын домбыра етіп, «Мен де жиын-тойға барсам, жақсы-жаманды көрсем қайтеді?» – деп, есік алдында босағада отырып өлең айтады. Сонда Құлыншақ мұртынан мырс-мырс күледі де, ұлының өтінішін қабыл етіп, Түркістан базарынан киім-кешек алдырады, жиын-тойда қасына ертіп жүреді... Құлыншақ ақын алысқа жолаушылап жүрер алдында дәу кесек қантты балғамен майдалап шағып, ауылдағы балаларға үлестіріп беріп: «Қарақтарым, біреуіңе менің ақындық өнерім қонар ма екен?!» – дейді екен. Құлыншақ ақын алыста жолаушылап жүргенде (Мекке сапарынан қайтар жолында, – Ә.О.) қатты ауырады. Жүруге шамасы келмей жатқанда, қасындағы жолдасы Шорнақбай дегенге «Маған қалам, дәптер тауып әкел, өлеңмен елге хат жазайын», – дегенде, ол тауып әкеле алмаған».

Ырысекеңнің деректерінен ақынның сөз өнеріне деген айрықша ілтипатын, оның арттағылар тарапынан жалғастырылуына ерекше қамқор пейілмен қарағанын, сондай-ақ ол кісінің өмір жолының туған жерден жырақта үзілгенін байқаймыз. Бұдан екі-үш жыл бұрын Қызылқұм (қазіргі Отырар – О.Ж.) ауданындағы халық ағарту ісі ардагерлерінің бірі Шериаздан Шорабеков жаздырып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған:

Адамзат – келер, келер, жүзге келер,

Пендені үйде өлсе де түзге көмер.

Құдая иманымды саламат қыл,

Ағайын қайда бізді іздеп келер?! – деген өзекті өртерлік сөздер сол заманда Шорнақбай арқылы ел-жұртқа жеткен ең соңғы сәлемі болуы да ықтимал.

Құлыншақ ақын өнерінің және бір қыры – өзіміз бұрыннан айтып жүргендей, замандастарымен хат арқылы хабарласып тұру дағдысы болған. Мәселен, мұның бір үлгісі Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлымен хат жазысудан байқалады. Онда, жас кезінде «Небары ескіше үш айлық білім алған» Құлекең іні-ақыннан – Молда Мұсадан дін, шариғат жайларынан сабақ сұрағандай қалып танытады.

Ұқсас материалдар