Қандастар Ассамблея

Құлыншақ Кемелұлына 160, оның шәкірті Жамбыл Жабайұлына 155 жыл өтіп барады

23.07.2013 2778
Ақындар көпшілік көрсеткен сый-құрметке алғыс айтып аттанысты. Құлыншақ, Майлықожа елдеріне қайтты. Ал Зұлпықар Жамбылды ертіп Шаянға бет алды. Олар Арыстанды өзенінен өтіп, шаңқай түсте Шаянға жетті. Сәрсенбі базары қызып жатыр екен. Екеуі Базар шетіндегі керме ағашқа аттарын байлады да, қауын сатып отырған кішкентай шалға барды. Зұлпықар оны танитын еді. Бұл кәдімгі Шалдар ауылының үнемі «иә» деп сөйлеуді әдетке айналдырып кеткен момақан қауыншы шалы. – Әлімбетпісің? – Иә. – Үй-ішің аман ба? – Иә. – Қауын өзіңдікі ме? – Иә. – Неше пұлдан? – Иә, сендерге сатпай-ақ берейін. Иә, қауын жеңдер. Шөкімдей қызыл шырайлы, таңқы танау, бітік көз шал үюлі жатқан сары әңгелегі аралас көк ала, сарғайған қауындардың бірін салмақтап иіскеп алды да, былай деді: – Мынаны жарайын ба? – Мейлің. Шал сопақша келген ақұрық торлама қауынның сабақ басын кездігімен ойып ала бергенде, әлгі қауын тарс етіп, өзінен-өзі жарылып кетті. Жамбыл мұндай шыртылдақ тәтті қауынды бұрын көрмегенді. Ішінен тамсана сүйсініп тұр. Әлімбет қауыншы екеуінің алдына қауынды кеселеп қойып: – Иә, жеңдер, шөлдеп келген шығарсыңдар, – деп жатыр. Сусындап алған соң, Зұлпықар Жамбылды ертіп, Шаян құжырасын аралады. – Бұл құжыра, – деді Зұлпықар, – тіптен ертеде салынса керек. Шығысы Тараз, Батысы Түркістан, төменгі жағы – Ташкент, Қаратау жағы – Құмкент шаһарларынан шыққан керуен жолы осы Шаянға келіп түйіседі, – дейді ел. Мұнда жиырма бес құжыра, төрт дәрісхана, бір бас күмбезді үй бар. Бірі балалар дәріс алатын, бірі – намаз оқитын бөлмелер. Аппақ ишан, Сабыр Мағзұм, Шаншар Қожа дегендер осында ескіше дәріс оқыған. Жас кезімізде бұл медреседен – Нұралы, Молда Мұса, Шәді төре бәріміз дәріс алғанбыз. Шәді дегенде Жамбылдың құлағы елең ете қалды. Түркістанда болғанда Шәді төре есімін әркімнен есіткен еді. Оның «Төрт дәруіш», «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек» қиссаларын айтатынын, кейде жазып, кітап етіп бастырып жүргенін білген. Жолыққалы сұрастырса, ауылда жоқ болып шыққан. Құжырадан шыққан олар аттарына барып мінді де, Нұралы ақын түсе беретін Қарабатырдың үйіне барды. Нұралының оқтын-оқтын құжыра кітапханасына келіп арабша, парсыша көн қапталған кітаптарды ақтарып, қызықтысын қиссаға айналдыратын әдеті еді. Бір жұмадан бері осы үйде қисса жазып отыр екен. Бәрі өзара танысып, жай сұрасады. Зұлпықар Досбай ауылына Түркістаннан Құлыншақтың келгенін, Жамбылды ертіп осында шыққанын айтты. Дастарқан жайылды. Әуелгі сөзді Нұралы бастады. Ол өзінің ана бір жылы Ташкентте өзбек шайырымен кездесіп, айтысқанын айтып берді. Әзіл-оспақ, қалжың-назға құрылған бұл айтыс тыңдаушыны көңілді күлкіге қарық қылды. Осылайша өлең, жыр жалғаса берді. Сол жолғы Нұралы мен Зұлпықардың өзара сөз қағысының аяғы әжептәуір айтысқа айналған. Осы айтысты және Зұлпықардың Жамбылға арнаған өлеңін, оған Жамбылдың қайтарған жауабын және:   Ал, енді қош болып тұр, Зұлпықарым, Сұрай келе боп шықтық бөле-қарын. Заузада аралаттың Бөген, Шаян, Құрметті аямадың, салдың бәрін, – деп басталатын өлеңін күні кешеге дейін Зұлпықар ақынның туысы Мыңбай аузынан тастамай айтып жүрді. Мыңбай Сұлтанбеков бұрынғы Алғабас ауданының Алғабас ауылында туып-өскен. Кешегі майдан жылдары аудандық мәдени-үгіт бригадасында қызмет істеген. Өзінің замандастары Айнабек Нысанов, Көпбай Әлімбетов, Желеу Жақыпов сияқты ақындармен айтысқа түскен ауыл ақыны. Міне содан бері талай жылдар өтті. Құлыншақ Кемелұлына 160, оның шәкірті Жамбыл Жабайұлына 155 жыл өтіп барады. Ел-жұрты олардың жыр мұраларын қастерлеп жинап, мәңгі есте сақтауда. Нысанбек Төреқұл, филология ғылымдарының докторы, профессор

Ақындар көпшілік көрсеткен сый-құрметке алғыс айтып аттанысты. Құлыншақ, Майлықожа елдеріне қайтты. Ал Зұлпықар Жамбылды ертіп Шаянға бет алды. Олар Арыстанды өзенінен өтіп, шаңқай түсте Шаянға жетті. Сәрсенбі базары қызып жатыр екен.

Екеуі Базар шетіндегі керме ағашқа аттарын байлады да, қауын сатып отырған кішкентай шалға барды. Зұлпықар оны танитын еді. Бұл кәдімгі Шалдар ауылының үнемі «иә» деп сөйлеуді әдетке айналдырып кеткен момақан қауыншы шалы.

– Әлімбетпісің?

– Иә.

– Үй-ішің аман ба?

– Иә.

– Қауын өзіңдікі ме?

– Иә.

– Неше пұлдан?

– Иә, сендерге сатпай-ақ берейін. Иә, қауын жеңдер.

Шөкімдей қызыл шырайлы, таңқы танау, бітік көз шал үюлі жатқан сары әңгелегі аралас көк ала, сарғайған қауындардың бірін салмақтап иіскеп алды да, былай деді:

– Мынаны жарайын ба?

– Мейлің.

Шал сопақша келген ақұрық торлама қауынның сабақ басын кездігімен ойып ала бергенде, әлгі қауын тарс етіп, өзінен-өзі жарылып кетті. Жамбыл мұндай шыртылдақ тәтті қауынды бұрын көрмегенді. Ішінен тамсана сүйсініп тұр.

Әлімбет қауыншы екеуінің алдына қауынды кеселеп қойып:

– Иә, жеңдер, шөлдеп келген шығарсыңдар, – деп жатыр.

Сусындап алған соң, Зұлпықар Жамбылды ертіп, Шаян құжырасын аралады.

– Бұл құжыра, – деді Зұлпықар, – тіптен ертеде салынса керек.

Шығысы Тараз, Батысы Түркістан, төменгі жағы – Ташкент, Қаратау жағы – Құмкент шаһарларынан шыққан керуен жолы осы Шаянға келіп түйіседі, – дейді ел. Мұнда жиырма бес құжыра, төрт дәрісхана, бір бас күмбезді үй бар. Бірі балалар дәріс алатын, бірі – намаз оқитын бөлмелер. Аппақ ишан, Сабыр Мағзұм, Шаншар Қожа дегендер осында ескіше дәріс оқыған. Жас кезімізде бұл медреседен – Нұралы, Молда Мұса, Шәді төре бәріміз дәріс алғанбыз. Шәді дегенде Жамбылдың құлағы елең ете қалды. Түркістанда болғанда Шәді төре есімін әркімнен есіткен еді. Оның «Төрт дәруіш», «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек» қиссаларын айтатынын, кейде жазып, кітап етіп бастырып жүргенін білген. Жолыққалы сұрастырса, ауылда жоқ болып шыққан.

Құжырадан шыққан олар аттарына барып мінді де, Нұралы ақын түсе беретін Қарабатырдың үйіне барды. Нұралының оқтын-оқтын құжыра кітапханасына келіп арабша, парсыша көн қапталған кітаптарды ақтарып, қызықтысын қиссаға айналдыратын әдеті еді. Бір жұмадан бері осы үйде қисса жазып отыр екен. Бәрі өзара танысып, жай сұрасады. Зұлпықар Досбай ауылына Түркістаннан Құлыншақтың келгенін, Жамбылды ертіп осында шыққанын айтты. Дастарқан жайылды.

Әуелгі сөзді Нұралы бастады. Ол өзінің ана бір жылы Ташкентте өзбек шайырымен кездесіп, айтысқанын айтып берді. Әзіл-оспақ, қалжың-назға құрылған бұл айтыс тыңдаушыны көңілді күлкіге қарық қылды.

Осылайша өлең, жыр жалғаса берді. Сол жолғы Нұралы мен Зұлпықардың өзара сөз қағысының аяғы әжептәуір айтысқа айналған. Осы айтысты және Зұлпықардың Жамбылға арнаған өлеңін, оған Жамбылдың қайтарған жауабын және:

 

Ал, енді қош болып тұр, Зұлпықарым,

Сұрай келе боп шықтық бөле-қарын.

Заузада аралаттың Бөген, Шаян,

Құрметті аямадың, салдың бәрін, – деп басталатын өлеңін күні кешеге дейін Зұлпықар ақынның туысы Мыңбай аузынан тастамай айтып жүрді. Мыңбай Сұлтанбеков бұрынғы Алғабас ауданының Алғабас ауылында туып-өскен. Кешегі майдан жылдары аудандық мәдени-үгіт бригадасында қызмет істеген. Өзінің замандастары Айнабек Нысанов, Көпбай Әлімбетов, Желеу Жақыпов сияқты ақындармен айтысқа түскен ауыл ақыны.

Міне содан бері талай жылдар өтті. Құлыншақ Кемелұлына 160, оның шәкірті Жамбыл Жабайұлына 155 жыл өтіп барады. Ел-жұрты олардың жыр мұраларын қастерлеп жинап, мәңгі есте сақтауда.

Нысанбек Төреқұл,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Ұқсас материалдар