Қандастар Ассамблея

Шонанұлы Телжан

01.07.2013 8395
Шонанұлы Телжан – көрнекті Алаш қайраткері, тіл білімі саласын ұйымдастырушы, ғалым. 1894 жылы Торғай облысы Ырғыз уезі Аманкөл болысы (қазіргі Ақтөбе обл. Ырғыз ауд.) №4 ауылда туған. 1908-1912 жылдары Ырғыздағы орыс-қырғыз училищесінде оқып, 1912 жылы Орынбордағы Мұғалімдер институтына түседі. Мұнда 4 жыл оқып, 1916 жылы мұғалім болып шығады. Мұнан кейін ол 1920 жылға дейін Тоқырауын болысындағы №3 ауылда ұстаздық етеді. Қайраткердің елеулі еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті ерте ел көзіне ілініп, 1917 жылы І жалпықазақ съезіне де, ІІ жалпықазақ съезіне де шақырылады. Соңғысында Алашорданың Білім комиссиясының мүшесі болып сайланады. 1920 жылы ол Семей гувревкомына шет ұлттар бөліміне аудармашы болып шақырылады. Сол жылы Қазақ автономиялық республикасы құрылғанда, ол Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың маманы ретінде ғылыми жұмысқа тартылады. Қайраткер 1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының І съезіне қатысып, нақты салалар бойынша сөз сөйлейді. 20-жылдары ол Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының жұмысына да атсалысады. 1923 жылы осы қоғамның тарих-археология секциясы мен этнография секциясы біріккенде, ғалым оның төраға серігі болып сайланады. 1926-1929 жылдары Қызылордада Халық ағарту комиссариатында жауапты қызмет атқарады. Осы шамада Қазақ мемлекеттік педагогика институтын экстерн жүйесімен бітіреді әрі сонда сабақ береді. 1934 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ тілінен доцент болып жұмыс істейді. Ғалым жазған «Сауаттан», «Жаңалық», Тіл дамыту», «Оқу құралы», «Қазақ тілі», «Жаңа арна», «Бастауыш мектептеріндегі қазақ тілінің әдістемесі», «Шала сауатты ересектер үшін оқу құралы», «Орыстар үшін қазақша әліппе», «Қазақ тілінің оқу құралы», «Учебник казахского языка для взрослых» т.б. еңбектер халқымыздың сауатты болуына, дүниені тануына көп ықпал етті. Оның емле, әліпби, терминология жүйесі бойынша жариялаған жұмыстары сол кезде одақ көлемінде түріктанушылар тарапынан лайықты бағасын алды. Қайраткер әдебиет мәселесін де зерделеп отырды. «Абай кітабын бастыру керек», «А.А.Байтұрсынов», «Сәкеннің тілі туралы», «Бейімбет «От басында» атты мақалаларында руханияттың өзекті қырларын сөз етті. Қайраткердің саяси-тарихи білік дәрежесін көрсететін іргелі еңбегі – 1926 жылы жарық көрген «Қазақ жері мәселесінің тарихы» атты зерттеуі. Ол 20-жылдары саясат теперішін аз көрмеді. Ақыры 1937 жылы 21 шілдеде ұсталып, 1938 жылы 27 ақпанда нақақ атылды. Қайраткердің жары ғалым Шаһзада да сол шақта өлімге кесілді. Әдебиеттер: 1. Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. Алматы, 1995 2. Қамзабекұлы Д. Руханият. Алматы, 1997

Ұқсас материалдар