Қандастар Ассамблея

Аймауытұлы Жүсіпбек

27.06.2013 3660
Аймауытұлы Жүсіпбек – Алаштың көрнекті қайраткері әрі жазушысы. 1890 жылы Семей губерниясы Павлодар уезі Қызылту болысының Қараның адыры деген жерінде туған. 1895-1907 жылдары сол өңірдегі 5-6 молдадан мұсылманша хат таниды. 1907 жылы Баянауылдағы орыс мектебінде оқиды. 1908 жылы Павлодар ауылшаруашылық мектебіне кіргенімен, бір жағдайларға байланысты оқуын жалғастыра алмайды. 1911 жылы Павлодардағы орыс-қырғыз мектебіне қабылданады. Осында 4 жыл оқып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі. Мұнда ол Алаш әскерінің тұңғыш құрбаны Қазы Нұрмұхамедұлы, болашақта ұлт ғылымын ұйымдастыратын Ғабулғани (Қаныш) Сәтбаев сынды дарындармен бірге оқып, 1919 жылы бітіреді. Жалпы шығармашылығын 13 жасында бастайды, ал бірінші мақаласы «Қазақ» газетінде 1913 жылы басылады. 1917-1919 жылдары Алаш қозғалысының өрістеген шағында жазушы саяси іс-шаралардың ортасында жүреді. 1917 жылы қарашада Семейге Ә.Бөкейхан келгенде, жас қаламгер оны қарсы алып, ресми салтанатта сөз сөйлейді. Алашорданың үні болған «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналына ұлтты азаттыққа үндейтін, намысын оятатын мақала, өлең жариялап тұрады. «Жанар» мәдениет ұйымының мүшесі болды. «Арғы атам – ер түрік...» деп басталатын Алаш гимніне айналған шығарма жазды. 1919 жылы Семей губревкомының уақ ұлттармен жұмыс бөлімшесіне нұсқаушы болып қызметке тұрды. 1920 жылы М.Әуезұлы (төраға) екеуінің ұсынысымен осы бөлімнің отаршылдық атауы «қазақ бөлімі» деп өзгереді. Осы жылы ол губревкомның мүшелігіне өтеді және «Қазақ тілі» газетінің редакторы әрі журналистер бюросының басшысы болып тағайындалады. Күзде Мұхтар оқуға сұранғанда, Жүсіпбек оның орнына Қазақ бөлімінің уақытша төрағасы ретінде бекітіледі. 1921 жылы мамырда Сібірревкомға кете жаздаған Семейге басшы болып С.Садуақасұлы келеді. Ол губревкомды губатком етіп қайта құрады. Осы жолы Жүсіпбек губатком мүшесі және оқу бөлімінің бастығы болып тағайындалады. 1921 жылы қарашада қайраткерді Орынборға – Халық ағарту комиссариатына қызметке шақырады. Бірақ 1922 жылы қайта Семейге келеді. Осы шамада ашыққан адамдарға көмек комиссиясының жұмысына кіріп, нақақтан басы дауға қалады. Ақыры 1926 жылы үстінен іс қозғалып, сотта ақталып шығады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі, 1924-1925 жылдары «Ақ жол» газетінің қызметкері, 1926-1929 жылдары Шымкент педагогика техникумына директор әрі «Еңбекші қазақ» газетінің қосымша қызметкері болды. Бүгінде қазақ әдебиетінің классигі саналатын қаламгер 1929 жылы 14 мамырда ұсталып, 1931 жылдың басында түрмеде нақақ атылды.          