Қандастар Ассамблея

«Би өнерінде мән мен мағына бар»

01.03.2014 9352
«Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек»
«Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» Бұл – Елбасы Н. Назарбаевтың 2012 жылы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сөзі. Осы орайда қазақ биін насихаттап, ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген «Наз» мемлекеттік би театрының директоры, белгілі хореограф Еркебұлан Ағымбаевпен сұхбаттасқан едік.
 
- Мемлекеттік бишілер театрының «Наз» деп аталуы неліктен? Театрдың атауы өзгереді деген рас па?
 
- Жасыратыны жоқ, бұл атау біз жас болған кезде қойылды. Сол уақытта «наз», «нәзік» сөзінің мағынасы бәріне түсінікті болатын сияқты көрінді. Кейін үлкен кісілер, ақындармен ақылдасып, бұл сөз «достарына еркелеп ренішін айту» деген мағынаға жақын екенін білдік. Театрымыздың атын «Сарыарқа» деп ауыстырғымыз келді. Бірақ, кеңесе отырып, «наз» атауы қала бергенін дұрыс санадық.
 
- Бұл театр басында халықтық ансамбль болған екен. Қашан театр атанды? Сәтті шыққан қойылымдар қандай?
 
- «Наз» би ұжымы 1999 жылы ансамбль ретінде құрылып, 2007 жылы мемлекеттік «Наз» би театры атағын алды. Біз тек би қоймаймыз, қойылымдарды да сахналаймыз. Театрдың төл туындыларына тоқталатын болсақ. «Тұйғындар» атты қойылым - Күлтегін заманынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихты бейнелейтін спектакль. «Нұрғиса» қойылымында композитордың өмірі туралы би тілімен айтылып, билер Н. Тілендиевтің музыкалық шығармаларымен сүйемелденген. «Ақ пен қара» деген балаларға арналған би спектакліміз бар. 
 
- Мемлекеттік би театры қай бағытта жұмыс істейді? Классикалық би ме, әлде, халықтық би ме...?
 
- Біз халық биімен оның ішінде, қазақтың өнеріне көп көңіл аударып, сонымен айналысамыз. Қазақтың салт-дәстүрлерін би тілімен көрсеткіміз келеді. Би ұжымы басқа бағыттағы билерді де қояды. Біз көрініс пен биді сабақтастырамыз. 
 
Бізде осыған дейін 70-ке жуык биші болды. Қазір бишілердің саны азайды. Бүгінгі күні 40 биші, 7 хореограф жұмыс істейді. Айлықтары 40-45 мың теңге. Сондықтан, жұмыстан кетіп жатқан бишілер де бар. Келіп жатқандар да бар. Хореографтар ізімізді басып, өзімізден асып жатыр. Енді үлкен-үлкен спектакльдерді осы жастар cахналайтын болады. 2 талантты режиссеріміз бар. Сонымен қатар, біз сценаристерді де тәрбиелеп жатырмыз. Өз басым былай ойлаймын. Биді қою үшін алдымен ой келеді, одан кейін сценарий туу керек. Одан кейін музыкамен жұмыс істейміз. Сосын хореграфиясына кірісеміз. 
 
- Жастардың би өнеріне қызығушылығы қалай?
 
- Қазіргі таңда жастар заңгер, экономист болуға құмар. Бірақ, одан еш нәтиже шығарып жатқан жоқ. Әлде, бұл мамандықтар сән болып кеткен бе?! Жастар ғылымға барып, өнерге қызықса деймін. Өнермен айналысқанның өзі бақыт қой.
 
- Бидің ғұмыры ұзақ болуы үшін не керек?
 
- 3 минуттық би болса, сол 3 минуттың ішінде ой айтылуы керек. Жастарға биді жай билеу үшін қоймаңдар деймін. Би өнерінде мән мен мағына бар. Олай болмаса, бидің өмірі қысқа болады, қойған биің сахнадан жойылып кетеді. Репертуарда қалмайды, көрермен де көрмейді. 
 
- Театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
 
- Шығармашылық ұжымның жұмыс істеп жатқанына 14 жыл. Мереке сайын жергілікті тұрғындарға концерт беріп, спектакль қоямыз. Жылына 1-2 рет облыстарға және шетелге іссапармен шығатынымыз бар. Біздің ұжымды халықаралық би фестивальдеріне көп шақырады. Мәселен, былтыр Түркияға бардық. Айта кету керек, «Алдаркөсе» деген би қойылымын дайындап жатырмыз. Талантты қоюшы хореграфтарға тізгінді ұстатып, мүмкіндік беріп жатырмыз. Бұл қойылымды жылдың аяғында халыққа ұсынсақ деп отырмыз. Сөз соңында айтарым, кез келген хореограф осындай театрды армандайды. Құдайға шүкір, мен хореограф ретінде арманыма жеттім. Би театры болғаннан кейін бастысы балет залы болуы керек қой. Балет залымыз да бар. Күнделікті дайындық. Өзіміздің сүйген жұмысымыз. Бұндай бақытты бүкіл қазақстандықтар көрсе деймін. 
 
Айзат Меңдешева
 

Ұқсас материалдар