Қандастар Ассамблея

Ақбикеш пен Мақпал

10.06.2013 3558
Қазақта ел-жұрттың ұжымын жарастырып отыратын, ағайын арасының адтын арқау дәнекері сияқты небір ақылды аналар, ару қыз-келіншектер болған ғой. Ұлытауды қоныс еткен бағаналы найманнан шыққан домбырашы Ербатырдың қызы Ақбикеш деген кісі сондай ару аналардың қатарында аталады. Ұлытаудан құлай ағатын Торғай өзенінің бойын негізінен арғын мен қыпшақтар қоныстайды. Былайша айтқанда, Ұлытаудың бағаналы найманы мен Торғайдың арғын-қыпшағы қашаннан бір өзеннің суын ішкен, ауылдары аралас, қойлары қоралас дегендей, жапсар жатқан елдер. Жапсар жатқан соң да бұл елдердің арасында құда-андалық, нағашылы-жиендік, дос-жарандық қарым-қатынастар көп болады. Сол дәстүр бойынша бағаналы Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы арғын ішіндегі әйдерке атасынан шыққан Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады. Бәрі де жазудан ғой, Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады. Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда Ақбикеш айтыпты дейді: «Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын» деп. Бұл сөздің мәнісін қайын жұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді. Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанмен қауышып, мауқын басқан соң, әке-шешесіне бұл келісінің мәнісін айтады: «Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбең − перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орыны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жерге сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай көз жасымды иіп, тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!» − дейді. Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал, еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: «Тәңірім өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Қайыры болсын. Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!» − деген екен. Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, құдай тілеуін беріп, Ақбикеш те, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі. Сөйткен Ақбикештен Қожаназар, Майқара, Шойқара деген балалар туып, Мақпалдан Бердібай, Дербісалы, Бердалы, Бердіс деген балалар туған. Бұлардан өрбіген ұрпақ қазір рулы елге ұласқан. Ал, Ақбикеш пен Мақпалдың есімдері бір-бір әулет-атаның атауына айналған. Осы күні Торғайдағы Сарықопа көлінің төңірегіндегі екінің біріне кімсің десең «Арғын әйдеркеміз, оның ішінде ақбикешпіз» немесе «Арғын әйдеркеміз, оның ішінде мақпалмыз» деп отырады. Әне, бір ананың ақыл-парасаты бір рулы елді дүниеге келтірді деген осы. Сөз орайында айта кеткен абзал, қазақтың белгілі қаламгері, этнограф Сейіт Кенжахметұлы Мақпал ананың Дербісәлісінен өрбіген ұрпақ (Дерек беруші Әбіқайұлы Ахметхан (1903-1986), даңғайыр шежіреші, Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы; С.Кенжахметұлы. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. − Алматы, 2006. 355-356-беттер).

Қазақта ел-жұрттың ұжымын жарастырып отыратын, ағайын арасының адтын арқау дәнекері сияқты небір ақылды аналар, ару қыз-келіншектер болған ғой. Ұлытауды қоныс еткен бағаналы найманнан шыққан домбырашы Ербатырдың қызы Ақбикеш деген кісі сондай ару аналардың қатарында аталады.

Ұлытаудан құлай ағатын Торғай өзенінің бойын негізінен арғын мен қыпшақтар қоныстайды. Былайша айтқанда, Ұлытаудың бағаналы найманы мен Торғайдың арғын-қыпшағы қашаннан бір өзеннің суын ішкен, ауылдары аралас, қойлары қоралас дегендей, жапсар жатқан елдер. Жапсар жатқан соң да бұл елдердің арасында құда-андалық, нағашылы-жиендік, дос-жарандық қарым-қатынастар көп болады. Сол дәстүр бойынша бағаналы Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы арғын ішіндегі әйдерке атасынан шыққан Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады. Бәрі де жазудан ғой, Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады.

Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда Ақбикеш айтыпты дейді: «Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын» деп. Бұл сөздің мәнісін қайын жұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді.

Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанмен қауышып, мауқын басқан соң, әке-шешесіне бұл келісінің мәнісін айтады: «Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбең − перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орыны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жерге сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай көз жасымды иіп, тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!» − дейді.

Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал, еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: «Тәңірім өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Қайыры болсын. Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!» − деген екен.

Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, құдай тілеуін беріп, Ақбикеш те, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі.

Сөйткен Ақбикештен Қожаназар, Майқара, Шойқара деген балалар туып, Мақпалдан Бердібай, Дербісалы, Бердалы, Бердіс деген балалар туған. Бұлардан өрбіген ұрпақ қазір рулы елге ұласқан. Ал, Ақбикеш пен Мақпалдың есімдері бір-бір әулет-атаның атауына айналған. Осы күні Торғайдағы Сарықопа көлінің төңірегіндегі екінің біріне кімсің десең «Арғын әйдеркеміз, оның ішінде ақбикешпіз» немесе «Арғын әйдеркеміз, оның ішінде мақпалмыз» деп отырады.

Әне, бір ананың ақыл-парасаты бір рулы елді дүниеге келтірді деген осы. Сөз орайында айта кеткен абзал, қазақтың белгілі қаламгері, этнограф Сейіт Кенжахметұлы Мақпал ананың Дербісәлісінен өрбіген ұрпақ (Дерек беруші Әбіқайұлы Ахметхан (1903-1986), даңғайыр шежіреші, Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы; С.Кенжахметұлы. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. − Алматы, 2006. 355-356-беттер).

Ұқсас материалдар