Батыс Қарахан қағанаты

09.11.2012 2397
Соңғы редакциялау: 16 қазан 2012 Батыс Қарахан қағанаты — Мауераннахрдағы ортағасырлық мемлекет. Қарахан мемлекетінде Әли Арслан хан (қ. Әли ибн Мұса) мен Хасан Боғра хан балалары арасында билік үшін күрес үдей түсіп, бұл күрес 1041 ж. мемлекеттің Шығыс Қарахан қағанаты және Б. Қ. қ. болып бөлінуіне алып келді. Әли Арслан хан ұрпағының үлесіне тиген Б. Қ. қ-ның территориясы Мауераннахрды және Ферғананың батыс бөлігін қамтыды. Сырдария өңірі екі қағанаттың үнемі талас жеріне айналып, оған иелік ету қағанаттардың қуатына орай өзгеріп отырды. Б. Қ. қ-ның астанасы алғашында Үзкент, одан соң Самарқан болды. Мемлекет басшысы “хақан” лауазымын иемденді. Б. Қ. қ-нда Қарахан мемлекетіндегідей үлестік басқару жүйесі сақталды. Жоғарғы билеуші—хақан жанында басқарушы кеңсе (диуан) болды. Ол мынандай лауазым иелерінен тұрды: уәзір (ходжаий бузурга), қазынашы (әр-расаил), әскербасы (сахибшурат), пошта мен жергілікті билеушілердің қызметін қадағалаушы (сахиббарид), қаржы ісін бақылаушы (мушрифа), сауда ісі мен қолөнер өнімдерінің сапасын бақылаушы (мухтасиба), сот ісін жүргізуші (қази), діни мекемелердің мүлкін басқарушы (уақап). Іс-қағаздары түрік және араб тілдерінде жүргізілді. Б. Қ. қ-нда егіншілік, мал ш., қолөнер, сауда дамыды. Ұлы Жібек жолы тармақтары Б. Қ. қ. жері арқылы өтті. Самарқан, Бұхара қ-лары ислам мәдениетінің ірі орталықтары ретінде танылды. Б. Қ. қ. қалаларында мемлекет қаржыландырумен оқытатын медреселер және емдеу орындары болды. 1089 ж. Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Мәлік шаһ көп әскермен Б. Қ. қ. шекарасына баса көктеп кіріп, оның астанасы Самарқанды басып алды. Б. Қ. қ. басшысы Насыр ибн Ибраһим өзін Мәлік шаһтың вассалы деп мойындауға мәжбүр болды. Сөйтіп Б. Қ. қ. салжұқтардың билігіне өтті. Салжұқтар Қарахан әулетінен өздеріне қолайлы адамдардан хақан тағайындап отырды. 1102 ж. Тараздың билеушісі Қадырхан Жабыраил салжұқтардың Мауераннахрдағы саяси үстемдігіне қарсы шықты. Бірақ ол Термез қ. түбінде салжұқтардан жеңіліп, қаза болды. Махмұд ибн Мұхаммед билігі (1132—41) кезінде Б. Қ. қ-на қарақытайлар шабуыл жасады. 1141 ж. Самарқан қ. маңындағы Қатуан жазығындағы шайқаста Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Санжар мен Б. Қ. қ-ның біріккен әскері қарақытайлықтардан жеңіліс тапты. Б. Қ. қ. қарақытайлардың вассалына айналды. 12 ғ-дың ортасына қарай әрбір иелікті билеген ақсүйектер арасында таққа талас үдеп, Б. Қ. қ-н әлсірете түсті. 1156 ж. Б. Қ. қ-ндағы билік тізгіні Шығыс Қарахан қағанатын билеген Хасан әулетінің қолына көшті. Б. Қ. қ-ның соңғы хақаны Оспан ибн Ибраһим болды. Ол 1212 ж. Хорезм шаһы Мұхаммед ибн Текеш қолынан қаза тапты. Сөйтіп, Мауераннахрда Қарахандар әулетінің билік жүргізуі аяқталды. А. Махаева Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том    

Соңғы редакциялау:

16 қазан 2012

Батыс Қарахан қағанаты Мауераннахрдағы ортағасырлық мемлекет. Қарахан мемлекетінде Әли Арслан хан (қ. Әли ибн Мұса) мен Хасан Боғра хан балалары арасында билік үшін күрес үдей түсіп, бұл күрес 1041 ж. мемлекеттің Шығыс Қарахан қағанаты және Б. Қ. қ. болып бөлінуіне алып келді. Әли Арслан хан ұрпағының үлесіне тиген Б. Қ. қ-ның территориясы Мауераннахрды және Ферғананың батыс бөлігін қамтыды. Сырдария өңірі екі қағанаттың үнемі талас жеріне айналып, оған иелік ету қағанаттардың қуатына орай өзгеріп отырды. Б. Қ. қ-ның астанасы алғашында Үзкент, одан соң Самарқан болды. Мемлекет басшысы “хақан” лауазымын иемденді. Б. Қ. қ-нда Қарахан мемлекетіндегідей үлестік басқару жүйесі сақталды. Жоғарғы билеуші—хақан жанында басқарушы кеңсе (диуан) болды. Ол мынандай лауазым иелерінен тұрды: уәзір (ходжаий бузурга), қазынашы (әр-расаил), әскербасы (сахибшурат), пошта мен жергілікті билеушілердің қызметін қадағалаушы (сахиббарид), қаржы ісін бақылаушы (мушрифа), сауда ісі мен қолөнер өнімдерінің сапасын бақылаушы (мухтасиба), сот ісін жүргізуші (қази), діни мекемелердің мүлкін басқарушы (уақап). Іс-қағаздары түрік және араб тілдерінде жүргізілді. Б. Қ. қ-нда егіншілік, мал ш., қолөнер, сауда дамыды. Ұлы Жібек жолы тармақтары Б. Қ. қ. жері арқылы өтті. Самарқан, Бұхара қ-лары ислам мәдениетінің ірі орталықтары ретінде танылды. Б. Қ. қ. қалаларында мемлекет қаржыландырумен оқытатын медреселер және емдеу орындары болды. 1089 ж. Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Мәлік шаһ көп әскермен Б. Қ. қ. шекарасына баса көктеп кіріп, оның астанасы Самарқанды басып алды. Б. Қ. қ. басшысы Насыр ибн Ибраһим өзін Мәлік шаһтың вассалы деп мойындауға мәжбүр болды. Сөйтіп Б. Қ. қ. салжұқтардың билігіне өтті. Салжұқтар Қарахан әулетінен өздеріне қолайлы адамдардан хақан тағайындап отырды. 1102 ж. Тараздың билеушісі Қадырхан Жабыраил салжұқтардың Мауераннахрдағы саяси үстемдігіне қарсы шықты. Бірақ ол Термез қ. түбінде салжұқтардан жеңіліп, қаза болды. Махмұд ибн Мұхаммед билігі (1132—41) кезінде Б. Қ. қ-на қарақытайлар шабуыл жасады. 1141 ж. Самарқан қ. маңындағы Қатуан жазығындағы шайқаста Салжұқ сұлтандығының сұлтаны Санжар мен Б. Қ. қ-ның біріккен әскері қарақытайлықтардан жеңіліс тапты. Б. Қ. қ. қарақытайлардың вассалына айналды. 12 ғ-дың ортасына қарай әрбір иелікті билеген ақсүйектер арасында таққа талас үдеп, Б. Қ. қ-н әлсірете түсті. 1156 ж. Б. Қ. қ-ндағы билік тізгіні Шығыс Қарахан қағанатын билеген Хасан әулетінің қолына көшті. Б. Қ. қ-ның соңғы хақаны Оспан ибн Ибраһим болды. Ол 1212 ж. Хорезм шаһы Мұхаммед ибн Текеш қолынан қаза тапты. Сөйтіп, Мауераннахрда Қарахандар әулетінің билік жүргізуі аяқталды.

А. Махаева

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том

 

 

Ұқсас материалдар