Арал-Каспий өңірінің байырғы қазақи жылқы тұқымдары

09.11.2012 9812
Соңғы редакциялау: 30 қазан 2012 Арал-Каспий өңірінің байырғы қазақи жылқы тұқымдары  Арал-Каспий өңірінің жылқы тұқымдары туралы алдымен адай жылқысы, одан соң қазіргі көшім жылқысы, мұғаджар туралы сөз болады. Шын мәнінде көптеген жылқы тұқымдары құрып кеткен, оған төмендегідей тарихи фактілерді келтіруге болады. Кәзіргі кезде қарабайыр жылқысы туралы сөз бола қалса «бұл өзбектің жылқысы екен», Орта Азияның жылқы тұқымы екен т.с.с. сөздер айтылады. Я.Я. Полферов 1898 ж. жазған еңбегінде: «…Бұл тұқым қарабайыр түркмен жылқысы мен қазақ тұқымының буданынан пайда болған өнім. Бұл тұқым қазақтардың бұхарлықтармен және хиуалықтармен араласа бастаған уақытынан айырбас сауда арқылы қазақтар түркмен айғырларын алған кезден бастау алады. Қарабайыр қазақ даласының оңтүстігінде кең тараған. Ор өзенінің солтүстік жағалауында шығыста Ертіске дейін, сонымен қатар солтүстік Түркістанда негізінде Сырдария мен Самарқан облысында таралған…» [1, 128-б.]. Зерттеушілер «қарабайыр» сөзінің мәнін де шешуге әрекет етеді. Ю. Кологривов қазақтардан бұл сөздің мағнасын сұрағанда: «Қарабайыр сөзінің төркінін біреулер «қара» таза – дегенді, ал «байыр» кеуде, бауыр – дегенді білдіреді. Яғни «таза жылқы» ұғымында, енді біреулер керісінше араб т.б. таза жылқылардың тұрпайы жабайыланған түрі деп жауап береді..» [2, 72–80-бб.]. Бұған ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ. Себебі автор сөз мәнін шешуде дұрыс талпыныс жасаған, тұщымды пікір айтқан. «…Барлығы (қарабайырлар – А.Т.) арғымақ тұқымдарынан алған сұңғақ бойымен, тік аяқтарымен, бастарының әдемілігімен көзге түседі. Биіктіктері 2 аршын 3 вершок (154,0 см – А.Т.). Төзімділігі жағынан әрине қазақ жылқысынан әлдеқайда артта қалады…»[3, 121–122-бб.]. Я.Я. Полферов өзінің зерделі зерттеуінде қазақтың жылқысы – қарабайырлар туралы ойын сабақтай отырып, «шекті елінің төл тұқымы» деп дәлелдейді. Ферғана – түркімендер мен қарабайрлардың туған бесігі. Жақсы жылқыларды өсірумен атағы шыққан қазақ тайпасы – шекшті (шекті – А.Т.) жылқылары Ферғана қарабайрларына дөп келеді. Себебі шектілер үнемі Хиуа, Бұхара, Түркмен өлкесімен араласып жүрді, көшіп барып Ферғана жазығын қыстайтын. Шектілер бұл жақтан көп жылқы алатын, Орынбордың базарларына әкеп сататын. «Аспандай жүйрік сәйгүліктер» деп аталған қарабайрлар – шекті жылқысы болып шығады. Қазақ жылқысының көрнекті маманы полковник Сунгуровтың айтуынша: «20 жыл бұрын бүкіл Орал мен Торғай облысының оңтүстік аймақтары шекті жылқыларымен атағы шықты, бірақ қазақтар бұларды қарабайырлар деп атайтын еді» [4, 132-б.]. Шекті жылқысының кәзір ұмытылғаны болмаса, ХІХ ғасырдың аяғына дейін жеке тұқым болып өмір сүргені туралы 1892 жылы агроном И.В. Шумков: «Шекті жылқысы қазақ жылқыларының ішіндегі шомбал, кесек тұрпатты жылқылардың бірі. Бойы 2 аршын (142,2 см), кейде 2 аршын 1 вершок (146,4 см), екі аршынға жетпейтіндері өте аз кездеседі. Барлық бітімі келісті, сындарлы біткен, сібір жылқысына ұқсамайды, денесі жақсы дамып жетілген және қысқа емес. Аяқтары жуан діңгектей, бір аяғы ұсақ жылқының екі аяғындай, тұяғы үлкен, бір тұяғы орташа жылқының екі тұяғындай, жалы жерге сүйретіліп жүреді, жақсы жылқылардың жалының салмағы жарты пудқа (8 кг) жетеді, құйрығы да жалы сияқты қалың, қабалау, жерге шұбатылып жүреді. Жалы екі жағына жарылып және алдыға қарай кекіл боп бітеді… Кекілі басын жауып тұрғандықтан көзіне қар тығылмайды. Құйрығы арт жағын желден қорғайды. Жүні қалың және нәзік ұяң, қыста өскенде вершоққа (4,4 см) жетеді. Жүнінің қалың болуы арғымақ пен араласпаған қазақ жылқыларының бәріне тән, бірақ шекті жылқысынікі, ұзындығын есептемегенде ерекше қалың. «Арғымақтар» (орыс және азия) жүнінің қысқалығы мен сиректігінен қыста тебіндеп жайыла алмайды. Жалы мен құйрығының мықты болуы сүйектерінің кесек тұрқының мығымдығын, күштілігін аңғартады. Шекті жылқысы казак артилериясына зеңбіректерді тартуға пайдаланылады, бағасы 100 рубль тұрады, сонымен қатар күшті және мықты жылқыларды ұнатпайтындардың бәрі шектіні алады. Шекті жылқысының мойыны ұзын емес, қысқалау жуан. Басының көлемі орташа, маңдайы кең, көзі үлкен омырауы кең, бірақ өте үлкен емес, мұрыны аздап қырланып келген, басы алдынан қарағанда тузу, бірақ бұлан мұрын емес. Арқасы ешқандай дөңестігі де, ойығы да жоқ түп-түзу, сауыры құймышағына қарағанда көтеріңкі құйрығына қарағанда түсіп тұрған сияқты көрінеді. Шекті жылқысының түсі көбінесе ала болып келеді...» [4, 15–16-бб.]. Біз шекті жылқысының бәденіне байланысты белгілі зерттеушінің сипаттамасын толығырақ беріп отырғанымыз бұл жылқы тұқымы мүлдем құрып кеткен. Жоғарыдағы фактілерге қарап отырсаң И.В. Шумков шекті жылқысын қазақ тұқымның бірегейі етіп көрсетіп, шектілердің Хиуа, Бұқара, Ферғанамен араласқанынан қазақ руларының ішінде арғымақ тұқымының ең көбі шектілерде болғанын есепке алған. Кезінде И.В. Шумковтың бұл тұжырымдарын А.И. Добросмыслов сынаған  [5, 4-б.]. Шекті жылқысы жайында информаторлардан сұрағанымызда Сабырғали Мусин ақсақал былай деп еді: «Бұрында әр рудың, әр елдің өз жылқылары болды ғой. Шектілер тек өз жылқысын мінетін, сонысымен мақтанатын, жағалбайлының, адайдың жылқысын місе тұтпаушы еді. Бәрін құртқан Орынбордың менауай дворы (Меновой двор – А.Т.), Орынбордағы мал базары. Қазақтар жұттан қырылады деп әдемі, сұлу жылқылардың бәрін таңдап тұрып жүздеп, мыңдап сатқан ғой. Қалғаны 1929 жылы кәмпескеде құрыды, одан қалды 1941 жылы соғысқа алды» (I). Ақсақалдың бұл сөзінен, тек шекті жылқысы емес, бүкіл қазақ жылқысының басынан кешірген алапат кезеңдерін көреміз. Адай жылқысының пайда болуы тарихи әңгімелерде, аңыздарда: «Адайлар Маңғыстауға келгенде бұл жерді мекендеген теке мен жәуміт (иомуд) тайпалары бір-бірімен қырғиқабақ екен. Адайлар осыны пайдаланып алғашында теке жағында болып текелердің жәумітттерді жеңіп Маңғыстаудан ығыстыруына себебші болады. Бұған риза болған текенің басшысы адайларға бір айғыр, бір сұлу қыз беріпті. Текелер берген белді, жақсы тұқымды айғырдан адай жылқысы тарайды. Әйтпесе, түркімендер асыл тұқымды айғырын ешкімге бермеген, құпия ұстаған. Аңыз бойынша, адайлар артынан жәулітттерді де Маңғыстаудан кетірген. Аңызды айтушы Есбол Өмірбаевтың пікірінше, адайлар XVIII ғасырдың 20 жылдарында Маңғыстауға келіп (Сыр бойынан – А.Т.) қоныстана бастаған кезде, осы оқиға өткенге ұқсайды (II). Ф. Сатқаев осы оқиғаны дәлме-дәл қайталай келіп адайлар арасында айтылатын: «Ат жақсысы – теке түркменде, Қыз жақсысы теке түркменде» деген мәтел теке тайпасының адайларға берген силығы: «Айғыр мен қыздың құрметі үшін айтылған» деп түсіндіреді (III). Бұған біздің алып-қосарымыз да жоқ, себебі қазақтың ауызша тарихының бір-бірін толықтырып отыратыны соншалық, тұтас бір оқиғаны, кезеңді бір сөзбен, бір формуламен айқындап береді. Екі елдің екі жылқы тұқымын будандастырып селекциялық жолмен жаңа тұқым алуы сол екі елдің экономикалық сауда қатынасының белгісі деп көрсетеді В.О. Витт. Адай тұқымының тарих сахнасына шығуы сөз жоқ, түркмендер мен адайлардың жақынырақ қоныстасып, бір-бірімен араласа бастаған кезі XVIII ғ. бірінші ширегі. Ол кезде адай руларының жылқысы қазақы тұқым болған. Оған дәлел Қашаған жыраудың: «Қазақтың көріп жылқысын, Қуалады есек» деп айтқан сөздері куә. Өз жылқыларына қарағанда қазақ жылқыларының бойы аласа, тұрпатының қораштығын көрген түркмендер менсінбей қуғаны айдан-анық. Адай жылқысы қазақтың басқа жылқы тұқымдарымен салыстырғанда денесінің құрғақтылығымен және етсіздігімен ерекшеленеді, – деп көрсетеді мамандар: Басы етсіз, құрғақ және ұзын бір аршынға жетіп қалады (71,12 см – А.Т.), маңдайы жетілген, шығыңқы, көздері өте үлкен. Басы тузу, бұлан бас емес, мұрны аздап ойсыздау. Арқасы тузу, шекті жылқысына қарағанда арқасы айтарлықтай ұзындау, мойны ұзын, аяқтары жіңішке, тұяғы кішкене, тасты жерде жүргендіктен, тұяғы қазақ жылқыларының ішіндегі ең қаттысы. Жалпы адай мінске арналған, салт жүруге сатып алынады. Орташа биікті екі аршын бір вершок (146,6 см) [5, 17-б.]. Адай жылқысының өзін қазақтар жылқы тұқымдарын жақсартуға пайдаланған. К.А. Овчинников 1930 ж. қазақтың жылқы шаруашылығындағы асылдандыру жұмысы жайында: «...Жартылай көшпенді аймақтарда жылқы тұқымын асылдандыруға – адай жылқысы, ол адай жерлерінде – түркмен жылқысы пайдаланылады. Маңғыстау түбегінде біз таза қанды және жартылай таза қанды айғырларды қөрдік. Бұлар кәдімгі бойлары биік (150–158 см), мүлдем етсіз, құрғақ, ақалтеке тұрпатты жылқылар...» [6, 24-6.]. Адай жылқысының өзінің ішінде «адайдың көкмойындары» деп аталатын бойы биік, бәдені сұлу, мойыны ұзын, аяқтары тік, кесе тұяқ, сымпыс құйрықтар өте аз кездеседі, жоғары бағаланады, бұлар ақалтеке мен адайдың 3-ші және 4-ші ұрпақтары деп мәлімдейді информаторлар (V). Маңғыстаудағы сәулет ескерткіштеріне (құлпытас, қойтас, мавзолей т.б.) салынған жылқы кескіндерін шартты түрде екіге бөлуге болады. Суреттердің бір тобында бойы аласа, жал-құйрығы, қаба аяқтары жуан жылқылар кескінделген. Мұндай суреттер аз кездеседі. Келесі суреттерде мойны ұзын, бойы биік, бәдені сұлу жылқылар бейнеленген. Қысқасы адай жылқысында арғымақ пен қарабайырға қарағанда түркімен тұқымының белгілері басымырақ болу себебі Адай руының Хиуа хандығымен көрші тұрғандығында емес, ең бастысы табиғат жағдайларының ұқсастығында. Адай тұқымының пайда болуы қазақ тайпаларының Маңғыстау түбегін түркімендерден босатып, қайтадан келіп қоныстана бастау дәуірімен, яғни ХVІІІ ғ. бірінші ширегіне сайма-сай келеді. Қазанат – қазақы биелерге, асыл тұқымнан шыққан айғырларды салудан шыққан будан. Информаторлардың айтуынша, қазанат алу үшін кез-келген асыл тұқымды айғырлардың бәрі жарай береді (V,VI). Қазанатты қазақтар басқа жылқылардың көбінен жақсы көреді, оның жақсы қасиеттерін білетіні сонша, айғырын сұрамайды да. Себебі «Қазақы биелер басқа тұқыммен қосылғанда, айғырының жақсы қасиеттерін алып, өзінің сапасын жоғалтпайды» дейді В. Фирсов [1]. Шын мәнінде қазақтардың бұрын білетіні «асыл тұқымды» деп отырғаны араб пен түркімен жылқылары. Архив деректерінде қазақтар қазанат алу үшін арғымақтарды Бұхара мен Хиуадан әкеледі деп жазылған. [7, 95-б.]. Бұл қазақы тұқымның жақсы қасиеттерінің көбінесе ұрғашылық жағынан тарайтынын және аналық генефонды арқылы тұрақтылығын көрсетеді. Қазанаттардың батырлар жырында жиі дәріптелуі ежелден жорыққа мінетін әскери жылқылар екенін көрсетеді. «Қобланды батыр» жырында: «...Мінуге керек қазанат, Беліңе керек шарболат» – деген сөздер Қазанаттың көне тұқым екеніне шүбә келтірмейді. «Қарабайыр қазанат, қара жерде қатырмас» деп айтылатын халық мақалында қазанаттың айғыры қарабайырдан, Махамбеттің «арғымақтан туған қазанат» деп келетін өлең жолдарындағы қазанаттың айғыры арғымақ екендігі анық көрінеді. Архив деректерінде «қазанат» деп қазақтар арғымақтардың тұқымын айтатыны хатталған [7, 95-б.]. Ал «қазанат» терминің шығуы әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қазан – ежелгі сақ, скиф замандарынан тоқшылықтың, құт-берекенің, күштіліктің, елдіктің белгісі болды. Көшпенділер қазанға табынды, қасиетті санады, ұлықтады. Қазандай күшті ат, қазанның аттары деген сөзден қазан ат сөзі шығуы мүмкін. Қазмойын-қазанаттың 3-ші ұрпағы. Қазмойын қазанат – айғырларды қазақы билермен будандастырудан пайда болған. Мойыны қаздың  мойынынша иілген, бойы биік, сирақты, қамыс құлақ, ботакөз түркімен тұқымына жақындау, салт жүріске жарамды жылқылар «Қазанаттан туған қазмойын» деген Махамбет жырлары ойымызды сабақтай түседі. Қазмойын – жеке тұқымға жатпайды Бөкей ордасында шығарылған қазанаттың бір тармағы деп айтамыз. «Сауран тұқымы», «сауран сойы» деп аталатын жылқылар ХVІІІ–ХІХ ғғ. Кіші жүзде, Бөкей ордасында тараған. М. Бабаджанов кіші жүз елі Сауран қаласы маңынан көшіп бара жатқанда, көшке кеп қосылған белгілі бір айғырдан тарайтынын жазады [8, 18 б.]. Айғыр арғымақ тұқымдас болғандықтан Бөкей ордасындағы әйгілі жүйріктердің көбі осы тұқымнан шыққан, кәзіргі қазақ тіліндегі сауран сойы – әдемі сәйгүлік жылқы деген ұғымды білдіреді. Бөкей ордасындағы жылқы тұқымдарын асылдандыруға хан Жәңгір ерекше көңіл бөлді. Хан Жәңгір бұрынғы қазақ хандары сияқты жылқы шаруашылығын бірінші орынға қойды. Ұзақ уақыт аумалы-төкпелі заманда (жоңғар соғысы, елдің қоныс аударып Еділ мен Жайықтың арасына келуі т.с.) жоғалып кеткен қазақтың бұрынғы тарихи жылқы тұқымдары: арғымақ, қазанат, қарабайырларды қалпына келтіруге тырысты. Ол үшін Орта Азиядан, Кавказдан, Ресейден асыл тұқымды айғырлар алдырып жылқы тұқымдарын селекциялау шараларын жүргізді. Бұл іс жемісті болды. 1830 ж. Жәңгірдің Николай патшаның ұлына берген ақбоз желгіш қазақы тұқымды аты Петербургте мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Жәңгірдің тұсында Бөкей ордасында мал басы өсіп 200 мыңнан 5 млн-ға жетті. Хан үнемі жылма-жыл ат бәйгесін өткізіп тұрды, оған Ішкі Ресейден т.б. жерлерден ат мамандары, жылқы өсірушілер қатысты. М. Бабаджанов 1871 ж. былай деп жазды: «...Жәңгір ханның заманында бұл жердің жылқы шаруашылығы бағы жанып тұрғанда, жылқы тұқымдары арғымақтар мен дала жылқысының арасынан шыққан кәзіргі Сырдария өңірінің қарабайырларына жақындай түсіп, таяп қалды [8, 11–12-бб.]. ХІХ ғ. аяғында Жайық өзенінің оң жақ жағалауында Орал қазақ әскерлерінің қармағындағы кең жазықтықта «Орал тұқымы» деп аталатын 250 табын жылқы бағылды [9]. Шығу тегі жағынан Орал жылқысы қазақ тұқымына жатады, биіктігі 2 аршын екі вершок жуан кесек сүйекті, бұлшық еттері бұлтылдап тұрады, тұрқы келісті [10, 270-б.]. Жылқы табындарының бағым-күтімі қазақ жылқысынан айнымайды, сондықтан қазақы тұқымның ерекше шыдамдылығы сияқты қасиеттерін сақтап қалған. Казактар табынды жылқы шаруашылығымен шұғылданғанымен бие саумайды, қымыз жасамайды. Бойының аласалығы, жуан аяқтары болмаса ыстық-суыққа шыдамдылығы, құр сабан шөппен күніне 100 верст жолды еш шаршамай еңсеретін өте төзімді. Ахалтеке жорықтарында Жайық қазақтары парсы шекарасына да жеткен, Хиуаны алғанда қатарынан бірнеше күн су ішпеген Орал жылқылары тың қалыптарын сақтап еш сыр бермеген [11, 6-б.]. «Қазақ жылқыларының кәзіргі сапасын сақтай отырып, бойын биіктетіп, тұрпатын сұлуландырса үлгілі кавалериялық аттар болар еді», - деп жазады Н. Краснов [12, 319-б.]. Табынды жылқы шаруашылығының тиімділігін жете білген Жайық қазағы есаул П. Овчиников үш баласымен бірге құлындарын есептемегенде жылқысының санын 2500 басқа жеткізіп, 6 табынға, 90 айғыр-үйірге бөлген. П. Овчиниковтың қазақы жылқы бағудың сырына берілгені сондай, қазақ байларындай жылқы табындарын түсіне қарай бөлген және бір-біріне араластырмаған. Медведскийдің жазуынша, әр табын 400 басты құрайды, 5 табын тек ғана түстері бойынша жирен, торы, қара, бурыл, көк реңдері (IV) бойынша топталған [13, 88–93-бб.]. П. Овчиниковтың аға жылқышысы болып істеген 1975 жылы 102 жасқа толған Оспанов Арыстанғалидің айтуынша 6-шы табын аралас түстерден тұрған. П. Овчиниковтің өзінен бастап балаларының бәрі де қазақша білген. Қазақтар сияқты қыста жылқы сойып, қысы-жазы қымыз ішуді әдетке айналдырған. Жалшылықта болған көптеген қазақ кедейлеріне уақытында ақысын төлеп еңбегін жемеген. Бұрынғы Сламихинаның (кәзіргі Орал облысы, Фурманов ауданы – А.Т.) көптеген шұрайлы жерлері П. Овичиниковтың қарауында болған (IV). Жазба деректерде соғыс бола қалған жағдайда Жайық қазақ әскері 10 мың салт мінетін және жүк тартатын аттар шығара алатыны туралы мәліметтер бар [ 12; 13]. Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың қолында Жайықтың екі бетіндегі ең шұрайлы 6,5 млн десятин жер болған бұл жерлерде жылқы санын 323 мыңға дейін жеткізу көзделген [12]. Қорыта айтқанда Орал жылқысы дегеніміз Батыс Қазақстанның дәстүрлі қазақы жылқы тұқымы. Жайық қазақтарының бие байлап, қымыз саумауына байланысты құлындар енесімен бірге жүріп, тез жетілген. Бұрынғы қазақы тегіне қарағанда бойы биіктеліп, тұлғасы сомдалып, кесектеле түскен. Ресейден желгіш тұқымды, қалмақы айғырларды қазақы биелерге салу фактілері кездеседі, бірақ бұл Орал жылқысының тұқымына пәлендей әсер ете қоймаған. Сондықтан Орал тұқымы қазақы жылқы тұқымының бір тармағы деп ұққанымыз абзал. Әдебиеттер: 1. Полферов Я.Я. Какая кровь нужна верховой киргизской лошади // Журнал коннозоводства. 1898. № 3. 2 Луговой жылқы зауытының архиві. 15 папка. Инв. № 48. 3. Полферов Я.Я. Лучшие народы киргизской лошади – карабайыр // Журнал коневодства. 1898. № 2. 4. Шумков И.В. Очерки киргизского коневодства Тургайской области // Сельское хозяйство и лесоводство. 1892. № 4, 5, 7. 5. Добросмыслов А.И. Коневодство и его значение для киргизсого населения Тургайской области Оренбург. Оренбург. 1894. 6. Овчинников К.А. Табунное коневодство // Труды Темирского опытного сельхоз. станции. М.: 1930. Вып.3. 7. ҚРОМА, 25–қ, 1–Т, 357–тізбе, 4199-іс. 8. Бабаджанов М. Лошади и их испытание по внут. Кирг. Орде // Журнал коневодства. 1871. № 5–7. 9. Уральская лошадь // Архив обществ. ветеринарии. 1892. № 3. 10. Мердер И.К. Исторический очерк русского коневодства и коннозаводства. Спб., 1897. 11. Лошади уральских казаков // Коневодство и конный спорт. 2004. № 1. 12. Краснов Н. Настоящее положения коневодства у казачьих воисках (военно-статистический очерк) // Военный сборник.Спб., 1897. Т.СXIV. 13. Дубенский Д. Конские заводы Европейской России, Кавказа и Тургайской области и историческоий очерк их развития, с картой распределения пород, заводов и табунов. Спб., 1896. Тоқтабай А.  

Соңғы редакциялау:

30 қазан 2012

Арал-Каспий өңірінің байырғы қазақи жылқы тұқымдары

 Арал-Каспий өңірінің жылқы тұқымдары туралы алдымен адай жылқысы, одан соң қазіргі көшім жылқысы, мұғаджар туралы сөз болады. Шын мәнінде көптеген жылқы тұқымдары құрып кеткен, оған төмендегідей тарихи фактілерді келтіруге болады.

Кәзіргі кезде қарабайыр жылқысы туралы сөз бола қалса «бұл өзбектің жылқысы екен», Орта Азияның жылқы тұқымы екен т.с.с. сөздер айтылады. Я.Я. Полферов 1898 ж. жазған еңбегінде: «…Бұл тұқым қарабайыр түркмен жылқысы мен қазақ тұқымының буданынан пайда болған өнім. Бұл тұқым қазақтардың бұхарлықтармен және хиуалықтармен араласа бастаған уақытынан айырбас сауда арқылы қазақтар түркмен айғырларын алған кезден бастау алады. Қарабайыр қазақ даласының оңтүстігінде кең тараған. Ор өзенінің солтүстік жағалауында шығыста Ертіске дейін, сонымен қатар солтүстік Түркістанда негізінде Сырдария мен Самарқан облысында таралған…» [1, 128-б.]. Зерттеушілер «қарабайыр» сөзінің мәнін де шешуге әрекет етеді. Ю. Кологривов қазақтардан бұл сөздің мағнасын сұрағанда: «Қарабайыр сөзінің төркінін біреулер «қара» таза – дегенді, ал «байыр» кеуде, бауыр – дегенді білдіреді. Яғни «таза жылқы» ұғымында, енді біреулер керісінше араб т.б. таза жылқылардың тұрпайы жабайыланған түрі деп жауап береді..» [2, 72–80-бб.]. Бұған ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ. Себебі автор сөз мәнін шешуде дұрыс талпыныс жасаған, тұщымды пікір айтқан. «…Барлығы (қарабайырлар – А.Т.) арғымақ тұқымдарынан алған сұңғақ бойымен, тік аяқтарымен, бастарының әдемілігімен көзге түседі. Биіктіктері 2 аршын 3 вершок (154,0 см – А.Т.). Төзімділігі жағынан әрине қазақ жылқысынан әлдеқайда артта қалады…»[3, 121–122-бб.].

Я.Я. Полферов өзінің зерделі зерттеуінде қазақтың жылқысы – қарабайырлар туралы ойын сабақтай отырып, «шекті елінің төл тұқымы» деп дәлелдейді. Ферғана – түркімендер мен қарабайрлардың туған бесігі. Жақсы жылқыларды өсірумен атағы шыққан қазақ тайпасы – шекшті (шекті – А.Т.) жылқылары Ферғана қарабайрларына дөп келеді. Себебі шектілер үнемі Хиуа, Бұхара, Түркмен өлкесімен араласып жүрді, көшіп барып Ферғана жазығын қыстайтын. Шектілер бұл жақтан көп жылқы алатын, Орынбордың базарларына әкеп сататын. «Аспандай жүйрік сәйгүліктер» деп аталған қарабайрлар – шекті жылқысы болып шығады. Қазақ жылқысының көрнекті маманы полковник Сунгуровтың айтуынша: «20 жыл бұрын бүкіл Орал мен Торғай облысының оңтүстік аймақтары шекті жылқыларымен атағы шықты, бірақ қазақтар бұларды қарабайырлар деп атайтын еді» [4, 132-б.]. Шекті жылқысының кәзір ұмытылғаны болмаса, ХІХ ғасырдың аяғына дейін жеке тұқым болып өмір сүргені туралы 1892 жылы агроном И.В. Шумков: «Шекті жылқысы қазақ жылқыларының ішіндегі шомбал, кесек тұрпатты жылқылардың бірі. Бойы 2 аршын (142,2 см), кейде 2 аршын 1 вершок (146,4 см), екі аршынға жетпейтіндері өте аз кездеседі. Барлық бітімі келісті, сындарлы біткен, сібір жылқысына ұқсамайды, денесі жақсы дамып жетілген және қысқа емес. Аяқтары жуан діңгектей, бір аяғы ұсақ жылқының екі аяғындай, тұяғы үлкен, бір тұяғы орташа жылқының екі тұяғындай, жалы жерге сүйретіліп жүреді, жақсы жылқылардың жалының салмағы жарты пудқа (8 кг) жетеді, құйрығы да жалы сияқты қалың, қабалау, жерге шұбатылып жүреді. Жалы екі жағына жарылып және алдыға қарай кекіл боп бітеді… Кекілі басын жауып тұрғандықтан көзіне қар тығылмайды. Құйрығы арт жағын желден қорғайды. Жүні қалың және нәзік ұяң, қыста өскенде вершоққа (4,4 см) жетеді. Жүнінің қалың болуы арғымақ пен араласпаған қазақ жылқыларының бәріне тән, бірақ шекті жылқысынікі, ұзындығын есептемегенде ерекше қалың. «Арғымақтар» (орыс және азия) жүнінің қысқалығы мен сиректігінен қыста тебіндеп жайыла алмайды. Жалы мен құйрығының мықты болуы сүйектерінің кесек тұрқының мығымдығын, күштілігін аңғартады. Шекті жылқысы казак артилериясына зеңбіректерді тартуға пайдаланылады, бағасы 100 рубль тұрады, сонымен қатар күшті және мықты жылқыларды ұнатпайтындардың бәрі шектіні алады. Шекті жылқысының мойыны ұзын емес, қысқалау жуан. Басының көлемі орташа, маңдайы кең, көзі үлкен омырауы кең, бірақ өте үлкен емес, мұрыны аздап қырланып келген, басы алдынан қарағанда тузу, бірақ бұлан мұрын емес. Арқасы ешқандай дөңестігі де, ойығы да жоқ түп-түзу, сауыры құймышағына қарағанда көтеріңкі құйрығына қарағанда түсіп тұрған сияқты көрінеді. Шекті жылқысының түсі көбінесе ала болып келеді...» [4, 15–16-бб.]. Біз шекті жылқысының бәденіне байланысты белгілі зерттеушінің сипаттамасын толығырақ беріп отырғанымыз бұл жылқы тұқымы мүлдем құрып кеткен. Жоғарыдағы фактілерге қарап отырсаң И.В. Шумков шекті жылқысын қазақ тұқымның бірегейі етіп көрсетіп, шектілердің Хиуа, Бұқара, Ферғанамен араласқанынан қазақ руларының ішінде арғымақ тұқымының ең көбі шектілерде болғанын есепке алған. Кезінде И.В. Шумковтың бұл тұжырымдарын А.И. Добросмыслов сынаған  [5, 4-б.].

Шекті жылқысы жайында информаторлардан сұрағанымызда Сабырғали Мусин ақсақал былай деп еді: «Бұрында әр рудың, әр елдің өз жылқылары болды ғой. Шектілер тек өз жылқысын мінетін, сонысымен мақтанатын, жағалбайлының, адайдың жылқысын місе тұтпаушы еді. Бәрін құртқан Орынбордың менауай дворы (Меновой двор – А.Т.), Орынбордағы мал базары. Қазақтар жұттан қырылады деп әдемі, сұлу жылқылардың бәрін таңдап тұрып жүздеп, мыңдап сатқан ғой. Қалғаны 1929 жылы кәмпескеде құрыды, одан қалды 1941 жылы соғысқа алды» (I). Ақсақалдың бұл сөзінен, тек шекті жылқысы емес, бүкіл қазақ жылқысының басынан кешірген алапат кезеңдерін көреміз.

Адай жылқысының пайда болуы тарихи әңгімелерде, аңыздарда: «Адайлар Маңғыстауға келгенде бұл жерді мекендеген теке мен жәуміт (иомуд) тайпалары бір-бірімен қырғиқабақ екен. Адайлар осыны пайдаланып алғашында теке жағында болып текелердің жәумітттерді жеңіп Маңғыстаудан ығыстыруына себебші болады. Бұған риза болған текенің басшысы адайларға бір айғыр, бір сұлу қыз беріпті. Текелер берген белді, жақсы тұқымды айғырдан адай жылқысы тарайды. Әйтпесе, түркімендер асыл тұқымды айғырын ешкімге бермеген, құпия ұстаған. Аңыз бойынша, адайлар артынан жәулітттерді де Маңғыстаудан кетірген.

Аңызды айтушы Есбол Өмірбаевтың пікірінше, адайлар XVIII ғасырдың 20 жылдарында Маңғыстауға келіп (Сыр бойынан – А.Т.) қоныстана бастаған кезде, осы оқиға өткенге ұқсайды (II).

Ф. Сатқаев осы оқиғаны дәлме-дәл қайталай келіп адайлар арасында айтылатын:

«Ат жақсысы – теке түркменде,

Қыз жақсысы теке түркменде» деген мәтел теке тайпасының адайларға берген силығы: «Айғыр мен қыздың құрметі үшін айтылған» деп түсіндіреді (III).

Бұған біздің алып-қосарымыз да жоқ, себебі қазақтың ауызша тарихының бір-бірін толықтырып отыратыны соншалық, тұтас бір оқиғаны, кезеңді бір сөзбен, бір формуламен айқындап береді. Екі елдің екі жылқы тұқымын будандастырып селекциялық жолмен жаңа тұқым алуы сол екі елдің экономикалық сауда қатынасының белгісі деп көрсетеді В.О. Витт. Адай тұқымының тарих сахнасына шығуы сөз жоқ, түркмендер мен адайлардың жақынырақ қоныстасып, бір-бірімен араласа бастаған кезі XVIII ғ. бірінші ширегі. Ол кезде адай руларының жылқысы қазақы тұқым болған. Оған дәлел Қашаған жыраудың:

«Қазақтың көріп жылқысын,

Қуалады есек» деп айтқан сөздері куә. Өз жылқыларына қарағанда қазақ жылқыларының бойы аласа, тұрпатының қораштығын көрген түркмендер менсінбей қуғаны айдан-анық.

Адай жылқысы қазақтың басқа жылқы тұқымдарымен салыстырғанда денесінің құрғақтылығымен және етсіздігімен ерекшеленеді, – деп көрсетеді мамандар: Басы етсіз, құрғақ және ұзын бір аршынға жетіп қалады (71,12 см – А.Т.), маңдайы жетілген, шығыңқы, көздері өте үлкен. Басы тузу, бұлан бас емес, мұрны аздап ойсыздау. Арқасы тузу, шекті жылқысына қарағанда арқасы айтарлықтай ұзындау, мойны ұзын, аяқтары жіңішке, тұяғы кішкене, тасты жерде жүргендіктен, тұяғы қазақ жылқыларының ішіндегі ең қаттысы. Жалпы адай мінске арналған, салт жүруге сатып алынады. Орташа биікті екі аршын бір вершок (146,6 см) [5, 17-б.].

Адай жылқысының өзін қазақтар жылқы тұқымдарын жақсартуға пайдаланған. К.А. Овчинников 1930 ж. қазақтың жылқы шаруашылығындағы асылдандыру жұмысы жайында: «...Жартылай көшпенді аймақтарда жылқы тұқымын асылдандыруға – адай жылқысы, ол адай жерлерінде – түркмен жылқысы пайдаланылады. Маңғыстау түбегінде біз таза қанды және жартылай таза қанды айғырларды қөрдік. Бұлар кәдімгі бойлары биік (150–158 см), мүлдем етсіз, құрғақ, ақалтеке тұрпатты жылқылар...» [6, 24-6.]. Адай жылқысының өзінің ішінде «адайдың көкмойындары» деп аталатын бойы биік, бәдені сұлу, мойыны ұзын, аяқтары тік, кесе тұяқ, сымпыс құйрықтар өте аз кездеседі, жоғары бағаланады, бұлар ақалтеке мен адайдың 3-ші және 4-ші ұрпақтары деп мәлімдейді информаторлар (V). Маңғыстаудағы сәулет ескерткіштеріне (құлпытас, қойтас, мавзолей т.б.) салынған жылқы кескіндерін шартты түрде екіге бөлуге болады. Суреттердің бір тобында бойы аласа, жал-құйрығы, қаба аяқтары жуан жылқылар кескінделген. Мұндай суреттер аз кездеседі. Келесі суреттерде мойны ұзын, бойы биік, бәдені сұлу жылқылар бейнеленген. Қысқасы адай жылқысында арғымақ пен қарабайырға қарағанда түркімен тұқымының белгілері басымырақ болу себебі Адай руының Хиуа хандығымен көрші тұрғандығында емес, ең бастысы табиғат жағдайларының ұқсастығында. Адай тұқымының пайда болуы қазақ тайпаларының Маңғыстау түбегін түркімендерден босатып, қайтадан келіп қоныстана бастау дәуірімен, яғни ХVІІІ ғ. бірінші ширегіне сайма-сай келеді.

Қазанат – қазақы биелерге, асыл тұқымнан шыққан айғырларды салудан шыққан будан. Информаторлардың айтуынша, қазанат алу үшін кез-келген асыл тұқымды айғырлардың бәрі жарай береді (V,VI). Қазанатты қазақтар басқа жылқылардың көбінен жақсы көреді, оның жақсы қасиеттерін білетіні сонша, айғырын сұрамайды да. Себебі «Қазақы биелер басқа тұқыммен қосылғанда, айғырының жақсы қасиеттерін алып, өзінің сапасын жоғалтпайды» дейді В. Фирсов [1].

Шын мәнінде қазақтардың бұрын білетіні «асыл тұқымды» деп отырғаны араб пен түркімен жылқылары. Архив деректерінде қазақтар қазанат алу үшін арғымақтарды Бұхара мен Хиуадан әкеледі деп жазылған. [7, 95-б.]. Бұл қазақы тұқымның жақсы қасиеттерінің көбінесе ұрғашылық жағынан тарайтынын және аналық генефонды арқылы тұрақтылығын көрсетеді. Қазанаттардың батырлар жырында жиі дәріптелуі ежелден жорыққа мінетін әскери жылқылар екенін көрсетеді. «Қобланды батыр» жырында:

«...Мінуге керек қазанат,

Беліңе керек шарболат» – деген сөздер Қазанаттың көне тұқым екеніне шүбә келтірмейді. «Қарабайыр қазанат, қара жерде қатырмас» деп айтылатын халық мақалында қазанаттың айғыры қарабайырдан, Махамбеттің «арғымақтан туған қазанат» деп келетін өлең жолдарындағы қазанаттың айғыры арғымақ екендігі анық көрінеді. Архив деректерінде «қазанат» деп қазақтар арғымақтардың тұқымын айтатыны хатталған [7, 95-б.]. Ал «қазанат» терминің шығуы әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Қазан – ежелгі сақ, скиф замандарынан тоқшылықтың, құт-берекенің, күштіліктің, елдіктің белгісі болды. Көшпенділер қазанға табынды, қасиетті санады, ұлықтады. Қазандай күшті ат, қазанның аттары деген сөзден қазан ат сөзі шығуы мүмкін.

Қазмойын-қазанаттың 3-ші ұрпағы. Қазмойын қазанат – айғырларды қазақы билермен будандастырудан пайда болған. Мойыны қаздың  мойынынша иілген, бойы биік, сирақты, қамыс құлақ, ботакөз түркімен тұқымына жақындау, салт жүріске жарамды жылқылар «Қазанаттан туған қазмойын» деген Махамбет жырлары ойымызды сабақтай түседі. Қазмойын – жеке тұқымға жатпайды Бөкей ордасында шығарылған қазанаттың бір тармағы деп айтамыз.

«Сауран тұқымы», «сауран сойы» деп аталатын жылқылар ХVІІІ–ХІХ ғғ. Кіші жүзде, Бөкей ордасында тараған. М. Бабаджанов кіші жүз елі Сауран қаласы маңынан көшіп бара жатқанда, көшке кеп қосылған белгілі бір айғырдан тарайтынын жазады [8, 18 б.]. Айғыр арғымақ тұқымдас болғандықтан Бөкей ордасындағы әйгілі жүйріктердің көбі осы тұқымнан шыққан, кәзіргі қазақ тіліндегі сауран сойы – әдемі сәйгүлік жылқы деген ұғымды білдіреді. Бөкей ордасындағы жылқы тұқымдарын асылдандыруға хан Жәңгір ерекше көңіл бөлді. Хан Жәңгір бұрынғы қазақ хандары сияқты жылқы шаруашылығын бірінші орынға қойды. Ұзақ уақыт аумалы-төкпелі заманда (жоңғар соғысы, елдің қоныс аударып Еділ мен Жайықтың арасына келуі т.с.) жоғалып кеткен қазақтың бұрынғы тарихи жылқы тұқымдары: арғымақ, қазанат, қарабайырларды қалпына келтіруге тырысты. Ол үшін Орта Азиядан, Кавказдан, Ресейден асыл тұқымды айғырлар алдырып жылқы тұқымдарын селекциялау шараларын жүргізді. Бұл іс жемісті болды. 1830 ж. Жәңгірдің Николай патшаның ұлына берген ақбоз желгіш қазақы тұқымды аты Петербургте мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Жәңгірдің тұсында Бөкей ордасында мал басы өсіп 200 мыңнан 5 млн-ға жетті. Хан үнемі жылма-жыл ат бәйгесін өткізіп тұрды, оған Ішкі Ресейден т.б. жерлерден ат мамандары, жылқы өсірушілер қатысты. М. Бабаджанов 1871 ж. былай деп жазды: «...Жәңгір ханның заманында бұл жердің жылқы шаруашылығы бағы жанып тұрғанда, жылқы тұқымдары арғымақтар мен дала жылқысының арасынан шыққан кәзіргі Сырдария өңірінің қарабайырларына жақындай түсіп, таяп қалды [8, 11–12-бб.].

ХІХ ғ. аяғында Жайық өзенінің оң жақ жағалауында Орал қазақ әскерлерінің қармағындағы кең жазықтықта «Орал тұқымы» деп аталатын 250 табын жылқы бағылды [9]. Шығу тегі жағынан Орал жылқысы қазақ тұқымына жатады, биіктігі 2 аршын екі вершок жуан кесек сүйекті, бұлшық еттері бұлтылдап тұрады, тұрқы келісті [10, 270-б.]. Жылқы табындарының бағым-күтімі қазақ жылқысынан айнымайды, сондықтан қазақы тұқымның ерекше шыдамдылығы сияқты қасиеттерін сақтап қалған. Казактар табынды жылқы шаруашылығымен шұғылданғанымен бие саумайды, қымыз жасамайды. Бойының аласалығы, жуан аяқтары болмаса ыстық-суыққа шыдамдылығы, құр сабан шөппен күніне 100 верст жолды еш шаршамай еңсеретін өте төзімді. Ахалтеке жорықтарында Жайық қазақтары парсы шекарасына да жеткен, Хиуаны алғанда қатарынан бірнеше күн су ішпеген Орал жылқылары тың қалыптарын сақтап еш сыр бермеген [11, 6-б.]. «Қазақ жылқыларының кәзіргі сапасын сақтай отырып, бойын биіктетіп, тұрпатын сұлуландырса үлгілі кавалериялық аттар болар еді», - деп жазады Н. Краснов [12, 319-б.]. Табынды жылқы шаруашылығының тиімділігін жете білген Жайық қазағы есаул П. Овчиников үш баласымен бірге құлындарын есептемегенде жылқысының санын 2500 басқа жеткізіп, 6 табынға, 90 айғыр-үйірге бөлген. П. Овчиниковтың қазақы жылқы бағудың сырына берілгені сондай, қазақ байларындай жылқы табындарын түсіне қарай бөлген және бір-біріне араластырмаған. Медведскийдің жазуынша, әр табын 400 басты құрайды, 5 табын тек ғана түстері бойынша жирен, торы, қара, бурыл, көк реңдері (IV) бойынша топталған [13, 88–93-бб.]. П. Овчиниковтың аға жылқышысы болып істеген 1975 жылы 102 жасқа толған Оспанов Арыстанғалидің айтуынша 6-шы табын аралас түстерден тұрған. П. Овчиниковтің өзінен бастап балаларының бәрі де қазақша білген. Қазақтар сияқты қыста жылқы сойып, қысы-жазы қымыз ішуді әдетке айналдырған. Жалшылықта болған көптеген қазақ кедейлеріне уақытында ақысын төлеп еңбегін жемеген. Бұрынғы Сламихинаның (кәзіргі Орал облысы, Фурманов ауданы – А.Т.) көптеген шұрайлы жерлері П. Овичиниковтың қарауында болған (IV). Жазба деректерде соғыс бола қалған жағдайда Жайық қазақ әскері 10 мың салт мінетін және жүк тартатын аттар шығара алатыны туралы мәліметтер бар [ 12; 13]. Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың қолында Жайықтың екі бетіндегі ең шұрайлы 6,5 млн десятин жер болған бұл жерлерде жылқы санын 323 мыңға дейін жеткізу көзделген [12].

Қорыта айтқанда Орал жылқысы дегеніміз Батыс Қазақстанның дәстүрлі қазақы жылқы тұқымы. Жайық қазақтарының бие байлап, қымыз саумауына байланысты құлындар енесімен бірге жүріп, тез жетілген. Бұрынғы қазақы тегіне қарағанда бойы биіктеліп, тұлғасы сомдалып, кесектеле түскен. Ресейден желгіш тұқымды, қалмақы айғырларды қазақы биелерге салу фактілері кездеседі, бірақ бұл Орал жылқысының тұқымына пәлендей әсер ете қоймаған. Сондықтан Орал тұқымы қазақы жылқы тұқымының бір тармағы деп ұққанымыз абзал.

Әдебиеттер:

1. Полферов Я.Я. Какая кровь нужна верховой киргизской лошади // Журнал коннозоводства. 1898. № 3.

2 Луговой жылқы зауытының архиві. 15 папка. Инв. № 48.

3. Полферов Я.Я. Лучшие народы киргизской лошади – карабайыр // Журнал коневодства. 1898. № 2.

4. Шумков И.В. Очерки киргизского коневодства Тургайской области // Сельское хозяйство и лесоводство. 1892. № 4, 5, 7.

5. Добросмыслов А.И. Коневодство и его значение для киргизсого населения Тургайской области Оренбург. Оренбург. 1894.

6. Овчинников К.А. Табунное коневодство // Труды Темирского опытного сельхоз. станции. М.: 1930. Вып.3.

7. ҚРОМА, 25–қ, 1–Т, 357–тізбе, 4199-іс.

8. Бабаджанов М. Лошади и их испытание по внут. Кирг. Орде // Журнал коневодства. 1871. № 5–7.

9. Уральская лошадь // Архив обществ. ветеринарии. 1892. № 3.

10. Мердер И.К. Исторический очерк русского коневодства и коннозаводства. Спб., 1897.

11. Лошади уральских казаков // Коневодство и конный спорт. 2004. № 1.

12. Краснов Н. Настоящее положения коневодства у казачьих воисках (военно-статистический очерк) // Военный сборник.Спб., 1897. Т.СXIV.

13. Дубенский Д. Конские заводы Европейской России, Кавказа и Тургайской области и историческоий очерк их развития, с картой распределения пород, заводов и табунов. Спб., 1896.

Тоқтабай А.

 

Ұқсас материалдар