Бейбарыс

09.11.2012 2557
Соңғы редакциялау: 16 қазан 2012 Бейбарыс, Байбарыс, Бибарыс (шамамен 1217/18, Қазақ даласы — 1277, Дамаск) — түркі тектес мәмлүктер арасынан шыққан, Мысырды билеген (1260 — 77) сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері. Таққа әл-Мәлік әз-Заһир Рукн әд-Дуние уә әд-Дин Бейбарыс әл-Бундуқдари ас-Салиһи деген есіммен отырған. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде жас Б. қолға түсіп, құлдыққа сатылған. Оны Дамаскіде Әмір Айдакин 800 дирхемге сатып алады. Б. бір көзінің кемдігіне (ақ түскен) байланысты кемсітіліп, көп жапа шегеді. Оны Әмір Айдакин әл-Бундуқдари сатып алғандықтан, қожасының есімімен әл-Бундукдари деп аталады. Кейін бұл әмірдің бағы тайып, қасындағы мәмлүктерінен айырылған кезде Б-тың қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны (1240 —49) Салиһ Нажмиддин оны өзінің жеке жасағының бір бөліміне сардар етіп қояды (1244). Сөйтіп Б. ас-Салиһи деген атты да қабылдаған. Сол әскердің құрамында Б. ұрыстарға қатысады. Крест жорықтарына қарсы күресте Мысыр әскеріне қолбасшылық етті. Мысырдың Айюби әулетінен шыққан соңғы сұлтаны (1249—50) Му’аззам Тұраншаһқа қарсы қастандыққа — оны өлтіруге қатысқан. Жаңа сұлтан (1250—57) Му’иаз әд-Дин Айбек  таққа отырысымен, қастандыққа қатысушыларды өлім жазасына бұйырды. Осыған байланысты Б. бассауғалап Сирияға қашып кетті. Мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін Б. Каирге қайта оралды. Таққа отырған жаңа сұлтан (1259—60) Музаффар Сайф әд-Дин Құтұз Б-қа Бағдадты алғаннан кейін (1258) бүкіл Сирия мен Мысырды бағындыруға ұмтылған Хулагу әулеті әскерлеріне қарсы жорыққа басшылық етуді тапсырды. Сирияның жеріне ішкерілей енген Хулагу әулеті әскерін 1260 ж. 3 қыркүйекте Айн-Жалут түбінде мәмлүктер тас-талқан етіп жеңді, соның нәтижесінде Құтұз сұлтан Сирияны түбегейлі иеленді. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста Б. өзінің ержүректігімен айрықша көзге түсті. Хулагу әскерлерінің одан кейінгі шабуылдары еш нәтиже бермеді. Құтұз сұлтан әмірлерге мол сый-сияпат жасап, Б-ты елеусіз қалдырды. Осыған өкпелеген Б. әмірлермен астыртын сөз байласып, Каирге қайтар жолда Құтұз сұлтанды өлтіреді. Әмірлер Б-ты Мысырдың сұлтаны деп жариялады (1260). Өкімет басына келісімен Б. өзінің бар күш-қажырын крест жорығына қарсы шабуылға дайындалуға жұмсады. Негізгі шабуыл 1265 ж. басталып, крестшіл-франктердің қамалдары бірінен соң бірі алынды. Б. Кіші Армения патшалығына (1267), Кіші Азияның салжұқтарына (1275) қарсы жорықтар жасап, олжаға батты, берберлерді бағындырды. Медреселер салуға көп күш жұмсады. Оның билік еткен тұсында елдің әлеум.-экон. жағдайы ілгері басты. Хулагу әулетіне қарсы күресу мақсатымен Б. Алтын Ордамен одақ жасасты. Б. негізін салған бұл одақ Алтын Орданың ыдырауына дейін сақталды. 1261 ж. Б. Алтын Орда ханы Беркеге өзінің алғашқы хатын жолдады. 1262 жылдың аяғында Б. Алтын Ордаға Византия арқылы бірінші елшісін жіберді. Осы кезден бастап Мысыр мен Алтын Орданың арасында елшілік және дипломатиялық тығыз байланыс орнап, екі ғасырлық уақыт ішінде Каир мен Сарай 50-ге жуық елшілік алмасты. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том    

Соңғы редакциялау:

16 қазан 2012

Бейбарыс, Байбарыс, Бибарыс (шамамен 1217/18, Қазақ даласы — 1277, Дамаск) — түркі тектес мәмлүктер арасынан шыққан, Мысырды билеген (1260 — 77) сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері. Таққа әл-Мәлік әз-Заһир Рукн әд-Дуние уә әд-Дин Бейбарыс әл-Бундуқдари ас-Салиһи деген есіммен отырған. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде жас Б. қолға түсіп, құлдыққа сатылған. Оны Дамаскіде Әмір Айдакин 800 дирхемге сатып алады. Б. бір көзінің кемдігіне (ақ түскен) байланысты кемсітіліп, көп жапа шегеді. Оны Әмір Айдакин әл-Бундуқдари сатып алғандықтан, қожасының есімімен әл-Бундукдари деп аталады. Кейін бұл әмірдің бағы тайып, қасындағы мәмлүктерінен айырылған кезде Б-тың қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны (1240 —49) Салиһ Нажмиддин оны өзінің жеке жасағының бір бөліміне сардар етіп қояды (1244). Сөйтіп Б. ас-Салиһи деген атты да қабылдаған. Сол әскердің құрамында Б. ұрыстарға қатысады. Крест жорықтарына қарсы күресте Мысыр әскеріне қолбасшылық етті. Мысырдың Айюби әулетінен шыққан соңғы сұлтаны (1249—50) Му’аззам Тұраншаһқа қарсы қастандыққа — оны өлтіруге қатысқан. Жаңа сұлтан (1250—57) Му’иаз әд-Дин Айбек  таққа отырысымен, қастандыққа қатысушыларды өлім жазасына бұйырды. Осыған байланысты Б. бассауғалап Сирияға қашып кетті. Мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін Б. Каирге қайта оралды. Таққа отырған жаңа сұлтан (1259—60) Музаффар Сайф әд-Дин Құтұз Б-қа Бағдадты алғаннан кейін (1258) бүкіл Сирия мен Мысырды бағындыруға ұмтылған Хулагу әулеті әскерлеріне қарсы жорыққа басшылық етуді тапсырды. Сирияның жеріне ішкерілей енген Хулагу әулеті әскерін 1260 ж. 3 қыркүйекте Айн-Жалут түбінде мәмлүктер тас-талқан етіп жеңді, соның нәтижесінде Құтұз сұлтан Сирияны түбегейлі иеленді. Айн-Жалут түбіндегі шайқаста Б. өзінің ержүректігімен айрықша көзге түсті. Хулагу әскерлерінің одан кейінгі шабуылдары еш нәтиже бермеді. Құтұз сұлтан әмірлерге мол сый-сияпат жасап, Б-ты елеусіз қалдырды. Осыған өкпелеген Б. әмірлермен астыртын сөз байласып, Каирге қайтар жолда Құтұз сұлтанды өлтіреді. Әмірлер Б-ты Мысырдың сұлтаны деп жариялады (1260). Өкімет басына келісімен Б. өзінің бар күш-қажырын крест жорығына қарсы шабуылға дайындалуға жұмсады. Негізгі шабуыл 1265 ж. басталып, крестшіл-франктердің қамалдары бірінен соң бірі алынды. Б. Кіші Армения патшалығына (1267), Кіші Азияның салжұқтарына (1275) қарсы жорықтар жасап, олжаға батты, берберлерді бағындырды. Медреселер салуға көп күш жұмсады. Оның билік еткен тұсында елдің әлеум.-экон. жағдайы ілгері басты. Хулагу әулетіне қарсы күресу мақсатымен Б. Алтын Ордамен одақ жасасты. Б. негізін салған бұл одақ Алтын Орданың ыдырауына дейін сақталды. 1261 ж. Б. Алтын Орда ханы Беркеге өзінің алғашқы хатын жолдады. 1262 жылдың аяғында Б. Алтын Ордаға Византия арқылы бірінші елшісін жіберді. Осы кезден бастап Мысыр мен Алтын Орданың арасында елшілік және дипломатиялық тығыз байланыс орнап, екі ғасырлық уақыт ішінде Каир мен Сарай 50-ге жуық елшілік алмасты.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том