Диуани лұғат ат-түрк

09.11.2012 36537
Соңғы редакциялау 17 қазан 2012   “Диуани лұғат ат-түрк”, “Түркі тілдерінің сөздігі” — Махмұт Қашқаридің (11 ғ.) түркіше-арабша түсіндірме сөздігі. Сөздік бүкіл түркі халықтарының тілтану энциклопедиясы іспетті. Мұнда орта ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының бәріне бірдей ортақ болып келетін 6 мыңнан астам түркі сөздері мен жеке тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Сонымен бірге, бұл “Сөздікті” “көне түркі әдеби жәдігерліктерінің хрестоматиясы” деуге де болады. Өйткені, мұнда автор өмір сүрген дәуірде ғана емес, одан сан ғасырлар бұрын өмірге келген ежелгі түркі өлең-жырларының, мақал-мәтелдерінің, қанатты сөздерінің, көркем теңеулерінің, фразеологиялық тіркестерінің, т.б. ғажайып үлгілері бар. “Д. л. ат-т-тің” автор қолымен жазылған түпнұсқасы сақталмаған. Көшірілген бір нұсқасы Стамбұлдың Фатех кітапханасынан табылды. “Сөздік” 1915 — 17 ж. Стамбұл қ-ндағы Ахмет Рифат баспасынан үш томдық кітап түрінде жарық көрді. Махмұт Қашқари “Сөздігін” зерттеу, басқа тілдерге аудару, кітап етіп шығару ісі осы кезден бастап қолға алынды. Неміс ғалымы К.Броккельман “Сөздікті” неміс тіліне аударып, 1928 ж. Лейпциг қ-нда бастырып шығарды. Көрнекті түрік филологы Басым Аталай оны түрік тіліне тәржіма жасап, 1939 — 41 ж. Анкарада үш томдық кітап етіп бастырды. Ал белгілі өзбек ғалымы С.Муталлибов “Д. л. ат-т-ті” өзбек тіліне тәржіма жасап, оны 1960 — 63 ж. Ташкенттегі “Фан” баспасынан үш кітап етіп шығарды. Қазақ ғалымы А. Егеубай “Д. л. ат-т-тің” үш томын қазақ тіліне тұңғыш рет аударып, оны “Түрік сөздігі” деген атпен 1997 — 98 ж. оқырман қауымға ұсынды. Бүкіл түркі әлемінің алтын қазыналарының бірі саналатын осы кітаптың жарыққа шығуына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев сәт сапар тілеп, кіріспе сөз жазды. Махмұт Қашқари “Сөздігін” зерттеу, насихаттау, тәржіма жасау істеріне В.В. Бартольд, А.Н. Кононов, М.Хартман, Броккельман, Аталай, И.В. Стеблева, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Егеубай, т.б. мол үлес қосты. “Д. л. ат-т-тің” әдеби және тарихи маңызы зор. Мұнда 200-ден астам өлең, 300-ге тарта мақал-мәтелдер, жүздеген қанатты сөздер мен көркем теңеулер, т.б. бар. Бұл “Сөздікте” мысал ретінде келтірілген көптеген мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілерінің қадым замандарда, алғашқы қауымда, сақтар, ғұндар дәуірінде өмірге келгенін аңғару қиын емес. Мұндай көне жырларда алғашқы қауымдағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы бейнеленген. Алғашқы қауым адамдары Күнді, Айды, Бұлтты, Жұлдызды адам сияқты “тірі жан” етіп, бірде “ашуланатын”, бірде “көңілденетін” құбылыс ретінде суреттейді. “Сөздікте” табиғат көріністеріне қатысты жыр жолдары көп. Мұнда “бұлттар ойнай бастағанын”, “сай салаға су толғанын”, “түрлі түсті бәйшешек өсіп шыққанын”, “арқар-киік асыр салғанын” бейнелейтін өлеңдер жиі ұшырайды. “Сөздікте” — “Қыс” пен “Жаздың” айтысына құрылған өлеңдер де бар. “Қыс” пен “Жаз” адамдар бейнесіне түсіп, өзара айтыса бастайды. Әрқайсысы өзінің артықшылығын мақтан етеді. Ақыры адамдарға берер ырзығы да, қуаныш-шаттығы да мол жаз жеңіп шығады. Жаз маусымының бұл “жеңісі” — адамдардың жеңісіне айналады. Мұның өзі түркі халықтары арасында айтыс өнерінің қадым заманда-ақ кең тарағанын аңғартса керек. “Түркі тілдерінің сөздігінде” ерлікті, батырлықты мадақтайтын өлең-жырлар көп. Әрбір қадамы қатерге толы ежелгі дәуір адамы үрейлі аңдармен арпалыста немесе түрлі тайпалар арасындағы соғыста ерекше ерлігімен, қыруар күш-қуатымен, әскери айла-тәсілімен жұрт көзіне түсуді өзіне биік мәртебе санаған. “Сөздікте” ерлік тақырыбын жырлаған көлемді дастандардан келтірілген үзінділер жиі ұшырайды. Солардың бірі — “Мыңлақ елін алғанбыз” деген жыр үзіндісі. Бұл жырдан үлкен шайқастан кейінгі жеңіс салтанатының құдіретті дабылы естіліп тұрғандай сезіледі. “Д. л. ат-т-те” мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілері де жиі ұшырайды. Мыс., “Алып Ер Тоңғаны жоқтау” деп аталатын жыр Махмұт Қашқари сөздігі арқылы бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз жеткен. Бұл жоқтау Тұран елінің әміршісі, даңқты қолбасшысы Алып Ер Тоңғаның (қ. Афрасиаб) қазасына байланысты айтылған. Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда бүкіл ел қайғырғанын, ең қатыгез батырлардың өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жағаларын жыртып, айғай сап жылағанын ақын эмоциялық тұрғыда әсерлеп жеткізген. Мұнда “тау қойнауы жыртылар”, “атса оны көздеп”, “атын болдыртты”, “қайғы тоздыртты”, “жүз сарғайды”, “запыран жаққандай” деген сияқты тұрақты сөз тіркестері жиі ұшырайды. Жоқтау айту дәстүрі түркі халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталған. “Д. л. ат-т-те” аңшылық, еңбек тақырыбына арналған өлең-жырлар көп. Мұндай өлеңдерде тайпа мүшелерінің бірігіп аң аулауға шыққаны, егін салғаны, мал баққаны жырланады. “Д. л. ат-т-те”ежелгі түркілердің наным-сенімінен туған тұрмыс-салт жырлары, әсіресе, төрт түлік мал туралы өлеңдер, бата, тілек, бесік жыры, жар-жар, сыңсу, естірту, т.б. жиі ұшырайды. Сондай-ақ, “Сөздікте” қадым замандарда халық арасына кең тараған мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, афоризмдер көп. Солардың бірқатары қазіргі қазақ тілінде айтарлықтай өзгеріске ұшырамай, сол күйінде айтылып жүр. Белгілі түркітанушы ғалым Кононовтың сөзімен айтқанда, Махмұт Қашқаридің “Түркі тілдерінің сөздігі” — “ежелгі түркі халықтарының өмірі, олардың материалдық және мәдени байлықтары, тұрмыс жайлары, этнонимдері мен топонимдері, туыстық және жекжаттық терминдері, қызмет адамдарының титулдары мен аттары, үй жануарлары мен жабайы аңдар атаулары, астрономиялық терминдер, халық күнтізбесі, айлардың және аптадағы күндердің аттары, аурулар мен дәрілердің атаулары, анатомиялық терминдер, металдар мен минералдар, әскери, спорт және әкімш. терминологиясы, түрлі тарихи және мифтік қаҝармандардың есімдері, діни және этн. терминология, т.б. туралы көп жағдайда бірден-бір деректеме болып табылады”. “Д. л. ат-т.” бүкіл әлемдегі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ асыл қазына, тілдік, әдеби, тарихи, этногр., т.б. тұрғыдан мейлінше бай мұра екені даусыз. Н. Келімбетов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

Соңғы редакциялау

17 қазан 2012

 

“Диуани лұғат ат-түрк”, “Түркі тілдерінің сөздігі” — Махмұт Қашқаридің (11 ғ.) түркіше-арабша түсіндірме сөздігі. Сөздік бүкіл түркі халықтарының тілтану энциклопедиясы іспетті. Мұнда орта ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының бәріне бірдей ортақ болып келетін 6 мыңнан астам түркі сөздері мен жеке тайпаларға қатысты диалект сөздер бар. Сонымен бірге, бұл “Сөздікті” “көне түркі әдеби жәдігерліктерінің хрестоматиясы” деуге де болады. Өйткені, мұнда автор өмір сүрген дәуірде ғана емес, одан сан ғасырлар бұрын өмірге келген ежелгі түркі өлең-жырларының, мақал-мәтелдерінің, қанатты сөздерінің, көркем теңеулерінің, фразеологиялық тіркестерінің, т.б. ғажайып үлгілері бар. “Д. л. ат-т-тің” автор қолымен жазылған түпнұсқасы сақталмаған. Көшірілген бір нұсқасы Стамбұлдың Фатех кітапханасынан табылды. “Сөздік” 1915 — 17 ж. Стамбұл қ-ндағы Ахмет Рифат баспасынан үш томдық кітап түрінде жарық көрді. Махмұт Қашқари “Сөздігін” зерттеу, басқа тілдерге аудару, кітап етіп шығару ісі осы кезден бастап қолға алынды. Неміс ғалымы К.Броккельман “Сөздікті” неміс тіліне аударып, 1928 ж. Лейпциг қ-нда бастырып шығарды. Көрнекті түрік филологы Басым Аталай оны түрік тіліне тәржіма жасап, 1939 — 41 ж. Анкарада үш томдық кітап етіп бастырды. Ал белгілі өзбек ғалымы С.Муталлибов “Д. л. ат-т-ті” өзбек тіліне тәржіма жасап, оны 1960 — 63 ж. Ташкенттегі “Фан” баспасынан үш кітап етіп шығарды. Қазақ ғалымы А. Егеубай “Д. л. ат-т-тің” үш томын қазақ тіліне тұңғыш рет аударып, оны “Түрік сөздігі” деген атпен 1997 — 98 ж. оқырман қауымға ұсынды. Бүкіл түркі әлемінің алтын қазыналарының бірі саналатын осы кітаптың жарыққа шығуына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев сәт сапар тілеп, кіріспе сөз жазды. Махмұт Қашқари “Сөздігін” зерттеу, насихаттау, тәржіма жасау істеріне В.В. Бартольд, А.Н. Кононов, М.Хартман, Броккельман, Аталай, И.В. Стеблева, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Егеубай, т.б. мол үлес қосты.

“Д. л. ат-т-тің” әдеби және тарихи маңызы зор. Мұнда 200-ден астам өлең, 300-ге тарта мақал-мәтелдер, жүздеген қанатты сөздер мен көркем теңеулер, т.б. бар. Бұл “Сөздікте” мысал ретінде келтірілген көптеген мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілерінің қадым замандарда, алғашқы қауымда, сақтар, ғұндар дәуірінде өмірге келгенін аңғару қиын емес. Мұндай көне жырларда алғашқы қауымдағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы бейнеленген. Алғашқы қауым адамдары Күнді, Айды, Бұлтты, Жұлдызды адам сияқты “тірі жан” етіп, бірде “ашуланатын”, бірде “көңілденетін” құбылыс ретінде суреттейді. “Сөздікте” табиғат көріністеріне қатысты жыр жолдары көп. Мұнда “бұлттар ойнай бастағанын”, “сай салаға су толғанын”, “түрлі түсті бәйшешек өсіп шыққанын”, “арқар-киік асыр салғанын” бейнелейтін өлеңдер жиі ұшырайды. “Сөздікте” — “Қыс” пен “Жаздың” айтысына құрылған өлеңдер де бар. “Қыс” пен “Жаз” адамдар бейнесіне түсіп, өзара айтыса бастайды. Әрқайсысы өзінің артықшылығын мақтан етеді. Ақыры адамдарға берер ырзығы да, қуаныш-шаттығы да мол жаз жеңіп шығады. Жаз маусымының бұл “жеңісі” — адамдардың жеңісіне айналады. Мұның өзі түркі халықтары арасында айтыс өнерінің қадым заманда-ақ кең тарағанын аңғартса керек. “Түркі тілдерінің сөздігінде” ерлікті, батырлықты мадақтайтын өлең-жырлар көп. Әрбір қадамы қатерге толы ежелгі дәуір адамы үрейлі аңдармен арпалыста немесе түрлі тайпалар арасындағы соғыста ерекше ерлігімен, қыруар күш-қуатымен, әскери айла-тәсілімен жұрт көзіне түсуді өзіне биік мәртебе санаған. “Сөздікте” ерлік тақырыбын жырлаған көлемді дастандардан келтірілген үзінділер жиі ұшырайды. Солардың бірі — “Мыңлақ елін алғанбыз” деген жыр үзіндісі. Бұл жырдан үлкен шайқастан кейінгі жеңіс салтанатының құдіретті дабылы естіліп тұрғандай сезіледі. “Д. л. ат-т-те” мақтау, жоқтау түріндегі өлең үлгілері де жиі ұшырайды. Мыс., “Алып Ер Тоңғаны жоқтау” деп аталатын жыр Махмұт Қашқари сөздігі арқылы бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз жеткен. Бұл жоқтау Тұран елінің әміршісі, даңқты қолбасшысы Алып Ер Тоңғаның (қ. Афрасиаб) қазасына байланысты айтылған. Алып Ер Тоңға қайтыс болғанда бүкіл ел қайғырғанын, ең қатыгез батырлардың өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жағаларын жыртып, айғай сап жылағанын ақын эмоциялық тұрғыда әсерлеп жеткізген. Мұнда “тау қойнауы жыртылар”, “атса оны көздеп”, “атын болдыртты”, “қайғы тоздыртты”, “жүз сарғайды”, “запыран жаққандай” деген сияқты тұрақты сөз тіркестері жиі ұшырайды. Жоқтау айту дәстүрі түркі халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталған. “Д. л. ат-т-те” аңшылық, еңбек тақырыбына арналған өлең-жырлар көп. Мұндай өлеңдерде тайпа мүшелерінің бірігіп аң аулауға шыққаны, егін салғаны, мал баққаны жырланады. “Д. л. ат-т-те”ежелгі түркілердің наным-сенімінен туған тұрмыс-салт жырлары, әсіресе, төрт түлік мал туралы өлеңдер, бата, тілек, бесік жыры, жар-жар, сыңсу, естірту, т.б. жиі ұшырайды. Сондай-ақ, “Сөздікте” қадым замандарда халық арасына кең тараған мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, афоризмдер көп. Солардың бірқатары қазіргі қазақ тілінде айтарлықтай өзгеріске ұшырамай, сол күйінде айтылып жүр. Белгілі түркітанушы ғалым Кононовтың сөзімен айтқанда, Махмұт Қашқаридің “Түркі тілдерінің сөздігі” — “ежелгі түркі халықтарының өмірі, олардың материалдық және мәдени байлықтары, тұрмыс жайлары, этнонимдері мен топонимдері, туыстық және жекжаттық терминдері, қызмет адамдарының титулдары мен аттары, үй жануарлары мен жабайы аңдар атаулары, астрономиялық терминдер, халық күнтізбесі, айлардың және аптадағы күндердің аттары, аурулар мен дәрілердің атаулары, анатомиялық терминдер, металдар мен минералдар, әскери, спорт және әкімш. терминологиясы, түрлі тарихи және мифтік қаҝармандардың есімдері, діни және этн. терминология, т.б. туралы көп жағдайда бірден-бір деректеме болып табылады”.

“Д. л. ат-т.” бүкіл әлемдегі түркі тілдес халықтардың бәріне бірдей ортақ асыл қазына, тілдік, әдеби, тарихи, этногр., т.б. тұрғыдан мейлінше бай мұра екені даусыз.

Н. Келімбетов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

Ұқсас материалдар