Қазақстан Республикасы: Табиғаты

21.11.2014 27108
Қазақстан Республикасының аумағы батысында Еділ өз. алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін, солт-нде Батыс Сібір жазығынан (Солт. Қазақстан жазығы) оңт-нде Тянь-Шань тауына дейін созылып жатыр.

Табиғаты. Қазақстан Республикасының аумағы батысында Еділ өз. алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін, солт-нде Батыс Сібір жазығынан (Солт. Қазақстан жазығы) оңт-нде Тянь-Шань тауына дейін созылып жатыр.

Географиялық зерттелу тарихы. Еуропа мен Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың көпшілігі (керуен жолдары, елшілік көштері, т.б.) ежелгі заманнан-ақ қазіргі Қазақстан  аумағындағы жер арқылы өткен. Осыған байланысты Қазақстанның кейбір табиғи нысандары туралы жазба деректер өте ерте кезден белгілі болған. Мыс., Геродот (б.з.б. 5 ғ.) Каспий т-нің шығысында шексіз жазық өңір жатқандығын және оны массагеттердің мекендейтіндігін баяндаған. Птолемей (б.з. 2 ғ.) өз еңбектерінде Жайық (Dаіх), Жем (Rhymmus) және Сырдария (Jаxаrtеs) өзендері туралы мәліметтер келтірген. 9 – 10 ғ-ларда араб ғалымдары Арал т-не толық сипаттама беріп, картаға түсірді және гректердің Әмудария мен Сырдария өзендері Каспий т-не құяды деген топшылауын теріске шығарып, Арал т-не құятынын анықтаған. Арабтардың сол кездегі деректерінде Жайық, Жем, Сағыз өзендері аталған. 13 ғ-да Моңғолияға Италия саяхатшысы Плано Карпини және фламанд саяхатшысы Виллем Рубрук бастап барған елшілер өздері жүрген Қазақстан аумағындағы шөл, шөлейт аймақтардың қысқаша сипаттамасын берген. Олар өздерінің жеке бақылаулары негізінде Каспий т-нің тұйық алап екендігі туралы маңызды геогр. мағлұматтарды жаңартып толықтырған және Алакөл, Балқаш көлдері, Тарбағатай, Жетісу Алатауы (Еренқабырға) жайында алғашқы деректер келтірген. 15 – 17 ғ-лардағы Қазақстан туралы геогр. мәліметтер Ресей әдебиеттерінде жинақтала бастаған. Бұл мәліметтер Мәскеу мемлекетін және оған іргелес аумақтарды бейнелеген “Большой чертеж” (“Үлкен сызба”) картасында жүйеленген. 1627 ж. шыққан “Книга большого чертежа” (“Үлкен сызба кітабы”) атты еңбекте қазіргі республиканың батыс, оңт. және орт. бөліктерінің біршама жерлеріне нақтылы сипаттама берілген. 17 ғ-да Қазақ ордасына және Орта Азия хандықтары жеріне жасалған орыс саяхатшыларының зерттеулері жиілей түскен. Олардың Жайық өз. сыртындағы дала туралы мәліметтері жинақталып, “Чертеж всей земли безводной и малопроходной каменной степи” (“Бүкіл жері сусыз, өтуге қиын тастақты дала сызбасы”) деген атпен жарық көрген (1697). Бұл туынды С.Ремезов жазған “Чертежная книга Сибири” (“Сібірдің сызба кітабы”) атты орыстың тұңғыш геогр. атласы құрамына енген. Мұнда Қазақстан аумағының көпшілік бөлігі қамтылған. 18 ғ-дың 30-жылдарынан 19 ғ-дың 60-жылдарына дейін созылған Ресейдің Қазақстанды отарлау үрдісі оның аумағының геогр. зерттелуінің сипаты мен барысына әсерін тигізбей қоймады. Бұл кезеңде жаңа қосылған аумақтарда орыс мемлекеті билігін орнату және нығайту мақсатына сай көптеген арнаулы әскери және ғыл. экспедициялар ұйымдастырылды.

Ертіс өз. бойында бекіністер салуға және Жоңғар хандығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнауына байланысты Шығыс және Оңт.-Шығыс Қазақстанды тұңғыш топогр. картаға түсіру ісі жүргізілді. Сонымен қатар Қазақстанның батысында, Каспий мен Арал т-дері жағалауында, Сарысу, Шу өзендерінің алаптарында картаға қарапайым түсірулер іске асырылды. Бұл түсірулердің нәтижесінде, бір жағынан, Қазақстанның жеке өңірлерінің тұңғыш ірі масштабты карталары жасалса, екінші жағынан, табиғат ерекшеліктері туралы ғыл. мәліметтер жиналды. Қазақстан географиясы туралы алғашқы ғыл. еңбек П.И. Рычковтың 1762 ж. шыққан “Топография Оренбургская” (“Орынбор топографиясы”) атты кітабы болды. Қазақстанның геогр. зерттелу тарихында 1768 – 74 жылдардағы акад. экспедициялар ерекше орын алды. Ресейдің Ғылым және көркемөнер академиясының академиктері мен адъюнктері Қазақстанның Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы бөлігін, Маңғыстау түбегін, Ырғыз бен Торғай өзендерінің алабын, Есіл даласын, Ертіс маңы ойпатын, Кенді Алтайды және Қалба жотасын зерттеді.

1820–21 ж. экспедициялық зерттеулер нәтижесінде “Естественная история Оренбургского края” (“Орынбор өлкесінің табиғат тарихы”) атты 3 томдық еңбек жарияланды. Оның 1-бөлімінде Бат. Қазақстанның табиғат жағдайларына жалпы сипаттама берілді.

19 ғ-дың 1-жартысында қазіргі Қазақстан аумағын зерттеуші экспедициялардың саны артты. 1827 жылдан 1872 жылға дейінгі аралықта Г.С. Карелин өлкені картаға түсірумен бірге әр түрлі аймақтардың (Каспий т. жағалауы, Алтай, Тарбағатай, Жетісу Алатауы тауларының) жануарлар мен өсімдіктер дүниесінен коллекциялар жинады. Атақты неміс ғалымы А.Гумбольдт өзінің Алтайға жасаған саяхаты (1829) нәтижесінде “Центральная Азия” (“Орталық Азия”) деген көлемді еңбегін шығарды. 19 ғ-дың 30-жылдарына дейін Қазақстан туралы жиналған геогр. деректер А.И. Левшиннің “Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей” (“Қырғыз-қазақ не қырғыз-қайсақ ордасы мен даласының сипаттамасы”) деген кітабында (1832) қорытындыланды. Бұл кітап Қазақстанның жері туралы берілген алғашқы толық геогр. сипаттама болды. 1840–50 ж. аралығында Шығыс, Оңт.-Шығыс және Орт. Қазақстан өңірлеріне Ресей ботанигі Л.И. Шренк саяхат жасады. Ол Жетісу Алатауына, Балқаш–Алакөл ойысының шығыс бөлігіне физ.-геогр. сипаттама берді. 19 ғ-дың орта шенінде Арал (А.И. Бутаков) және Каспий (К.М. Бэр, Н.А. Ивашинцов) теңіздері жан-жақты зерттелді. 1857 ж. Арал-Каспий атырабына императорлық Санкт-Петербург ҒА-сы ұйымдастырған экспедицияға И.Г. Борщов пен Н.А. Северцов қатысты. Экспедиция жұмыстарының қорытынды деректерінің маңызы өте зор болды. Экспедиция жүмысының нәтижесінде Бат. Қазақстанның жер беті, геол. құрылысы, климаты, флорасы және фаунасы туралы нақты деректер кеңейді. Борщов “Материалы для ботанической географии Арало-Каспийского края” (“Арал-Каспий өлкесінің ботаникалық географиясына арналған деректер”) деген классик. монографиясында Бат. Қазақстанды ландшафтылық-геогр. облыстарға бөлді.

1856–57 ж. П.П. Семенов (Семенов-Тян-Шанский) Тянь-Шань тауына өзінің әйгілі саяхатын жасады. Ол бұл сапарындағы зерттеу қорытындысында таулы өлкенің орографиясына (таулы жер бедері) жаңаша сипаттама беріп, тұңғыш рет биік тау ландшафтын анықтады. П.П. Семеновтың бұл сапарда ашқан аса маңызды жаңалықтарының бірі – Орта Азиядан тау мұздықтарының табылуы. Ғалымның осы жолғы еңбегі Орта Азия мен Қазақстанның Тянь-Шань сияқты таулы өлкелерін жан-жақты зерттеудің ғыл. негізін жасағандығы болды.

19 ғ-дың 50–60-жылдарында Жетісу Алатауы мен Іле өңірін қазақтың ұлы ғалымы  Шоқан Уәлиханов зерттеді. Жетісу және Тянь-Шаньның табиғатына ғыл. сипаттама берді. Балқаш к. мен Алакөлдің пайда болу және қалыптасу тарихының өте ұқсастығын дәлелдеді. Жетісу Алатауы мен Солт. Тянь-Шань тауын жануарлардың таралуына қарай биік таулық белдеулерге бөлді. Сонымен бірге осы зерттелген өңірлердің маршруттық және жалпы шолулық карталарын жасады. 19 ғ-дың алғашқы жартысында кен байлықтарын іздеуге байланысты физ.-геогр. сипаттағы бірқатар жаңа деректер алынды. Әсіресе, Орт. Қазақстан мен Тарбағатай тауының және Маңғыстау түбегінің геол. құрылысы, орографиясы туралы нақтылы деректер жиналды. 19 ғ-дың 60-жылдарында Ресейдің Қазақстанды отарлаудың тарихи үрдісі аяқталды. Соған орай кен байлықтары пайдалануға, т. ж-дың салынуына және егістік жер қорының кеңеюіне көп көңіл бөліне бастады. Жалпы геогр. зерттеулермен бірге арнаулы геол., топырақтану, ботаника, гидрология, т.б. салалар бойынша жұмыстар жүргізілді. 1865–79 ж. аралығында А.Татаринов Оңт. Қазақстаннан Ленгер, Келтемашат, Боралдай, т.б. қоңыр көмір кен орындарын ашты. Бұрын Маңғыстау түбегінен көмір кенінің ашылуына байланысты мұнда одан әрі барлау жұмыстары жүргізілді. Қазан төңкерісіне дейін Маңғыстау түбегін зерттеу жұмыстарының ең көрнектісі – Н.И. Андрусовтың “Мангышлак” (“Маңғыстау”) атты еңбегі. Мұнда автор түбектің тектоникасы, стратиграфиясы туралы белгілі болған барлық деректерді тұжырымдады. 1865–79 ж. И.В. Мушкетов пен Г.Д. Романовский Арал маңын, Қаратауды, Тянь-Шаньның солт-н, Балқаштың оңт-н, Тарбағатайды зерттеп, Түркістан аймағының алғашқы геол. картасын (1881) жасады. Онда бүкіл Оңт. Қазақстан өңірі камтылды. И.В. Мушкетов Орта Азияның физ. географиясы мен геологиясына арналған “Туркестан” (“Түркістан”) еңбегін жазды (1886–1906). Ол сонымен бірге 1887 ж. Верныйдағы (қазіргі Алматы) зілзаланың себебін және зардаптарын зерттеді. 19 ғ-дың 90-жылдарында Сібір т. ж-н салуға байланысты Солт. Қазақстанда көрнекті геолог К.И. Богдановичтің жалпы басшылығымен бірнеше экспедициялық зерттеу жүргізілді. Осының нәтижесінде Солт. және Орт. Қазақстанның геол. құрылысының негізгі сипаты анықталып, бірнеше көмір кен орындары (Екібастұз, т.б.) ашылды. А.Н. Замятин, Н.Н. Тихонович және С.И. Мироновтың зерттеулері нәтижесінде Ембі мұнайлы өңірінің стратиграфиясы мен тектоникасының жалпы сұлбасы жасалды, мұнайдың жер асты тұз күмбездерімен байланыстылығы анықталды. Қоныстандыру басқармасының Н.Г. Кассин, А.А. Козырев, П.В. Матвеев басқарған экспедициялары Қазақстанның бірқатар аудандарының жер асты сулары туралы тұңғыш мәліметтер берді. Геол., топырақ тану, ботан., т.б. экспедициялар өз жүмыстарына қосымша Қазақстанның жер бедері және оның ерекшеліктерінің жалпы сипаттамасы туралы зерттеулер жүргізді. Мыс., Мушкетов өзінің геол. зерттеулерінің нәтижесінде Тянь-Шаньның қазіргі жер бедерінің қалыптасу заңдылықтарын ашты және орогр. құрылысының негізгі белгілерін анықтады. Оның Арал Қарақұмында жүргізген бақылаулары Қазақстан мен Орта Азиядағы қуаң өңірлер жер бетінің өзгеруіне эолдық факторлардың күшті әсер тигізгенін дәлелдеді. Д.Л. Иванов Батыс Тянь-Шаньнның ірі масштабты гипсометриялық картасын жасады. М.В. Баярунас Маңғыстаудың оңт-не жүргізген геол. зерттеулері кезінде қосымша геоморфол. бақылаулар жүргізіп, Қарақия, Қауынды, т.б. тұйық ойыстарға жан-жақты геогр. сипаттама берді. Санаулы ғана арнаулы геоморфол. зерттеу жұмыстарының ішінде Л.С. Бергтің еңбегі ерекше. Ол алғашқы болып Солт. Арал шөлдерінің жер бедері пішіндеріне геоморфол. сипаттама берді.

19 ғ-дың 70-жылдарынан Қазақстан аумағында метеорол. бақылаулар жүргізілді, бірақ мұнда метеорол. ст-лардың саны өте аз болды және аумақ бойынша орналасуы біркелкі болмады. 

1898 – 99 ж. Берг, П.Г. Игнатьев және В.Д. Елпатьевский Орыс Геогр. қоғамының Бат. Сібір бөлімшесінің тапсырмасымен Солт. және Орт. Қазақстанның ірі көлдеріне зерттеу жүргізді. 1899 – 1902 ж. аралығында Берг Арал т-нің гидрологиясын зерттеді. Нәтижесінде Арал т. туралы бұрынғы түсініктер түбірімен өзгертілді. Бұрын бүкіл Тұран ойпатын жауып, шығыста Балқаш к-не дейін созылып жатқан біртұтас Арал – Каспий алабы болды деген ұғым теріске шығарылды. Өз зерттеулерінің нәтижесін Берг “Аральское море” (“Арал теңізі”) монографиясында (1908) қорытындылады. Бұл еңбек өз деректерінің нақтылығымен, ғыл. қорытындыларының маңыздылығымен бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Осыдан кейінгі жылдары Берг Балқаш к-н жан-жақты зерттеді.

20 ғ-дың басында қазіргі Қазақстан жерінде топырақтану зерттеулері етек жайды. Қоныстандыру басқармасы ұйымдастырған экспедицияларға топырақ зерттеушілер С.С. Неуструев, Л.И. Прасолов, А.И. Безсонов, т.б. басшылық етті. Қазақстанның өсімдігін зерттеуге ботаник және географ А.Н. Краснов үлкен еңбек сіңірді. Оның экспедициясы Алтайды, Каспий ойпатын, Шу-Іле тауларын, Іле өз. алабын, Іле Алатауын қамтыды. Ол алғашқылардың бірі болып Тұран шөлін жіктеп, онда шөлдің саздақты, құмайтты, тастақты, сортаң түрлерінің бар екендігін анықтады. Геоботан.  зерттеулердің  ішінде В.В. Сапожников Тянь-Шаньда, Жетісу Алатауында, Алтайда ботан. және геогр. зерттеулер жүргізді. Ол бұл тау жүйелеріндегі өсімдіктердің таралуының бірқатар заңдылықтарын ашты. В.М. Савич Бат. Қазақстанда жүргізген геоботан. зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, шөл және дала белдемінің ауыспалы сипатта екендігі туралы пікір айтты. 1908 жылғы Торғай экспедициясынан бастап И.М. Крашенинников 30 жыл бойы Қазақстанды геоботан. тұрғыдан зерттеді. Ол өз еңбектерінде, әсіресе, өсімдік ассоциациясының жер бедерімен және топырақпен өзара қатынасын терең талдады.

19 ғ-дың соңы – 20 ғ-дың басында Қазақстан фаунасын зерттеуге көңіл бөліне бастады. Ірі зоол. зерттеулерді Арал – Каспий экспедициялары жүргізді. Жаратылыс зерттеушілердің Петербург қоғамы өлкенің жаратылыс тарихын анықтау мақсатында экспедиция ұйымдастырды және Каспий мен Арал т-дерінің фаунасын зерттеуде бай материал жинақтады. Экспедицияның ихтиол. коллекциясын зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, К.Ф. Кесслер жаңа геол. уақытта Каспий мен Арал т-дері арасында болған байланыстылық туралы пікірге алғашқылардың бірі болып өз күмәнін айтты. Северцовтың, А.М. Никольскийдің зерттеулері геогр. тұрғыда жүргізілуімен ерекшеленеді. Северцов “Вертикальное и горизонтальное распределение туркестанских животных” (“Түркістан жануарларының таулы және жазық өңірде таралуы”) деген күрделі еңбегінде (1873) Орта Азияны геогр. аудандастырудың негізін қалады (Оңт. Қазақстанды қоса).

Қазақстанның орнитофаунасын алғаш талдап зерттеушілер: Н.А. Зарудный, П.П. Сушкин, В.Н. Бостанжогло. Бұл ғалымдар өздерінің тікелей бақылаулары мен бұрынғы мәліметтерді пайдаланып Қазақстан аумағында кұстардың геогр. таралуын жете түсіндірді. Сондай-ақ, олардың еңбектерінде Қазақстанның жазық бөлігін аудандастыру мәселесі қамтылған. Северцов, Краснов, Берг, Неуструев, Крашенинниковтың еңбектерінде табиғат кешендерінің әр түрлі құраушылары аралығындағы байланыстылық талданып, физ.-геогр. заңдылық тұжырымдалып, табиғи аудандастыру мәселелері көтерілді. Қазақстан аумағының қазіргі физ.-геогр. бөлінуінің негізі  Бергтің “Опыт разделения Сибири и Туркестана на ландшафтные и морфологические области” (“Сібір мен Түркістанды ландшафтық және морфол. аймақтарға бөлу тәжірибесі”) мақаласында (1913) қаланды. Осы жұмысында Берг нақтылы деректер негізінде Қазақстан аумағын ландшафтылық белдемге және морфол. облыстарға бөлді. Бергтің аудандастыру туралы еңбегінің Қазақстан аумағы үшін қазірге дейін ғыл. маңызы күшті.

Қазақстан жерінің кеңестік дәуірде зерттелуі Қазақстанның өндіргіш күштерін соц. негізде дамыту мәселелерімен тікелей байланыстырылды. Өнеркәсіп пен а. ш-ның дамуы табиғи қорлардың зерттелуімен ұштастырылды. Әрбір ірі құрылысқа байланысты геогр. ортаның элементтері – жер қойнауы, топырақ қабаттары, су қорлары, климаты, т.б. зерттеле басталды. Кен байлықтарын табу және оларды игеру мақсатында геол. барлау кеңінен етек алды. Топырақ және өсімдік түрлерін зерттеу экспедицияларының жұмысы жандандырылды. Жаңа қалалар мен елді мекендердің пайда болуына және одан әрі дамуына байланысты Қазақстанның көпшілік бөлігінің климаттық жағдайы зерттелді, су қорларын іздеу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Дегенмен, республика жерінің геогр. зерттелу барысы әр кезеңде әр түрлі болды. Бұл жағдай ең алдымен республикадағы табиғи ресурстардың игерілу қарқынына, ғыл. мекемелердің жұмыс көлеміне байланысты болды.

Осы шаралардың барлығын жүзеге асыру үшін Қазақстан аумағы геогр. жағынан жан-жақты зерттеле бастады. Зерттеу, әсіресе, 20 ғ-дың 20-жылдарының ортасында елімізде халық ш-н қайта құру және соц. экономиканың негізін қалау кезеңінде кең өріс алды. Жеке облыс аумағын жүйелі және жан-жақты зерттейтін ғыл. экспедициялар ұйымдастырыла бастады.

Минералдық шикізаттардың кеңінен іздестіріле барлануына байланысты Қазақстан жерін зерттеуші ин-ттардың, геол. партиялардың және трестердің (Сібір к-ті, Орт. геол. ин-ттың Сібір бөлімі, Алтай полиметалл, Атбасар полиметалл және Қазақ геол. барлау трестері, Ауыр өнеркәсіп халкомының Қазақ геология-гидрогеол. басқармасы, т.б.) саны көбейе түсті. 1926 ж. КСРО ҒА жанында құрылған одақтас және автон. республикаларды зерттеуші арнаулы комитет Қазақстанның жер қойнауын зерттеу жұмысын қолға алды. 1933 ж. Қазақ гидрометеорол. басқармасы ұйымдастырылды. 1932 ж. КСРО ҒА-нда Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеуге арналған конференция өтті. Бұл жағдай республикада жүргізілген көптеген зерттеу жұмыстарының бастамасы болды. Сол жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы құрылды (1939 ж. КСРО ҒА-ның бөлімшесіне айналды).

Геол. зерттеулердің басты мақсаты – еліміздің өнеркәсібіне аса қажет кен орындарын табу және оларды барлау болды. Бұл бағытта В.К. Котульский (Алтайда), В.П. Нехорошев, Н.Н. Горностаев, А.К. Мейстер (Шығ. Қазақстанда), М.П. Русаков, Н.Г. Кассин, Д.С. Коржинский (Орт. Қазақстанда). Замятин (Жем алабында), т.б. еңбек етті. Кен орындарының өнеркәсіптік маңызын анықтай түсу үшін Әулиеата уезінде, Мұғалжарда, Қызылқұмда (И.П. Герасимов, П.К. Чихачев), Солт.-Шығыс Қазақстанда (А.А. Козырев), Орт. Қазақстанда (Қ.Сәтбаев) геол. зерттеулер іске асырылды. Геоморфол. байқаулар Үстіртте (Н.Л. Благовидов), Каспий ойпатында (Герасимов) жүргізілді. Н.А. Копыловтың 1927 ж. шыққан “Материалы по гипсометрии Казахстана” (“Қазақстан гипсометриясы бойынша деректер”) кітабында Қазақстан геоморфологиясы туралы алғашқы маңызды мағлұматтар берілді.

Оңт. Қазақстан облыстарының климатын зерттеуде Түркістан метеорол. ин-ты елеулі үлес қосты. Түркістан (1924) және Қазақстанның (1925) климаттық жағдайлары туралы еңбектер жарық көрді. Республика аумағын климаттық аудандастыру алғашқы қадамы [1927 ж. шыққан М.Д. Пономарев пен В.Н. Барсуктың “Климатический очерк Казахстана” (“Қазақстанның климаттық очеркі”) еңбегі] жасалды.

Қазақстандағы алғашқы гидрол. кешенді зерттеу жұмысы ретінде М.М. Давыдовтың (1925) және Б.X. Шлегельдің (1926) еңбектерін атауға болады. Бұлар Оңт. Қазақстан өңірінің су шаруашылығы жағдайын сипаттады. КСРО ҒА-ның басшылығымен Қазақстан гидрографиясының жоспарлы зерттелуі жолға қойылды, осы мақсатпен республиканың батыс бөлігіне бірнеше экспедициялар шықты. Бұлардың материалы бойынша 1928 ж. П.Н. Лебедевтің “Краткий гидрографический очерк Казахстана” (“Қазақстанның қысқаша гидрографиялық очеркі”) және “Гидрометеорологический очерк Казахстана” (“Қазақстанның гидрометеорологиялық очеркі”) еңбектерін баспадан шығарды. Шу, Талас, Сырдария өзендерінің төм. ағысындағы көлдер зерттелді.

КСРО Геогр. коғамының Верный және Түркістан бөлімдері Кіші және Үлкен Алматы өзендерімен өтетін лай тасқындардың себебін анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра бастады. Қоныстандыруға және жер қорын есепке алуға байланысты Қазақстан өңірлерінің топырағын зерттеу кең өріс алды. Республика аумағы топырақ жамылғысының алғашқы сипаттамаларын Р.И. Аболин (1922), К.Д. Глинка (1923) және Л.И. Прасолов (1925) берді. Олардың жұмыстарында топырақ-өсімдік белдемдерінің сұлбасы жасалып жіктелді. Қостанай (В.И. Баранов), Орал (И.И. Фелимонов, И.В. Ларин), Ақтөбе (М.И. Рожанец) және Жетісу (А.Мухли) облыстарының аумағына экспедициялар шықты. КСРО ҒА-ның экспедициялары құрамында Герасимов Үстірттің, Неуструев Каспий ойпатының топырақ жамылғысын зерттеді. Әсіресе, Герасимовтың еңбектерінде (1928–30) бұл өңірлердің топырақ қабаттарының қалыптасу жағдайлары және бұған байланысты өңірді физ.-геогр. аудандастыру жөнінде құнды деректер берілді.

Геоботан. зерттеулердің де өзіндік қолданбалық мақсаты белгіленді. Бұлардың алдына жайылымды, шабындықты және жыртуға жарамды жерді анықтау әрі оларға сипаттама беру міндеті қойылды. Алғашқы жылдары геоботан. жұмыстың көпшілігі Бат. Қазақстанда жүргізілді (И.В. Ларин). КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы құрамындағы топырақ-ботаника отряды бұл өңірдің өсімдігін зерттеуге елеулі үлес қосты. Республиканың Жер Халкомы Семей және Павлодар обл-тарына экспедициялар жіберді. Бұл саладағы зерттеудің алғашқы жиынтық қорытындыларын (1923–25) Крашенинников жариялады. Ол өз еңбегінде өсімдік жамылғысы географиясын түсіндіруге генетик. принципті пайдалануды және физ.-геогр. аудандастырудың алғашқы сұлбасын ұсынды. Осы кезеңде республика фаунасын зерттеуде Д.Н. Кашкаров, В.Н. Шнитников, Б.С. Виноградов, т.б. елеулі үлес қосты.

Өндірісті тиімді де дұрыс орналастырудың маңыздылығы экономиканы қайта құру жоспарын жасау кезінде айқындала түсті. Алғашқы бесжылдық (1929–32) жоспарларында Қазақстанда өнеркәсіп және а. ш-ның барлық салаларының тех. базаларын жасау қарастырылды; ол үшін республикадағы геогр. зерттеулерді кеңінен және жан-жақты жүргізу керек болды. Бұл кезеңде (1928–40) экспедициялық зерттеулер кең етек алды. Республикада тұрақты ғыл.-зерт. мекемелерінің және жергілікті ғыл. кадрлардың көбеюінің нәтижесінде Қазақстан жерінде тұрақты бақылаулар жүргізу жолға қойылды. Геол. барлау жұмыстары түсті және сирек металдар, көмір, т.б. кен байлықтарының қоры жөнінен Кеңес Одағы бойынша Қазақстанды жетекші орындардың біріне шығарды. Алтайдың, Орт. Қазақстанның кентастық кен орындарын және Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Арал маңы, Мұғалжар тауы, т.б. өңірлердің геол. құрылысын зерттеу қарқынды түрде жүргізілді.

Климаттық және гидрол. жұмыстар метеорол. және гидрометеорол. ст-лардың көбеюіне негізделе жүргізілді. Су қорларын зерттеу өрістеді. Өндіріс қажеттерін өтеу және салынуға тиісті гидротех. құрылыстардың геогр. жағдайларын анықтау үшін кейбір жеке алаптарға кешенді зерттеулер жүргізілді. Бұлардың нәтижесінде И.И. Фелимоновтың Жайық-Көшім каналы, Орт. Қазақстанды суландыру перспективасы, Б.К. Терлецкийдің Балқаш-Алакөл алабы жөнінде, Солт. және Орт. Қазақстан туралы “КСРО су қорларының анықтамасы” жинағының 13-томы, т.б. еңбектері жарық көрді. Арал т. мен Балқаш к-н жаңадан зерттеу басталды. Іле Алатауына Н.Н. Пальгов гляциол. бақылаулар жүргізді.

2-дүниежүз. соғыс жылдарында (1941–45) жалпы геогр. зерттеулер біршама қысқарды, негізінен майдан мен тыл мұқтажын өтеу ғана ескерілді.

КСРО ҒА-ның Геогр. ин-тының көпшілік қызметкерлері Алматыға көшіріліп, Топырақ тану және Ботаника ин-ттарымен және басқа жергілікті ғалымдармен бірлесе отырып, а. ш-н өркендетудің қорларын табу және зерттеумен шұғылданды. Дәл геоморфол. карталар жасалды, су және топырақ жамылғысының қорлары түбегейлі зерттелді. Солардың нәтижесінде жерді тиімді пайдалануға нақты ұсыныстар берілді. Республика алғашқы рет табиғи мал азығының қоры бойынша аудандастырылды (Л.Г. Соболев), геоморфология бойынша (И.П. Герасимов), агроклиматологиядан (П.Н. Колосков) ірі қорытындылар шығарылды, топырақты зерттеудің геохим. тәсілі жасалды (М.А. Глазовская), су ш. қажетін өтеуге катысты табиғат жағдайларының бірнеше карталары (Б.А. Федорович, С.Л. Кушев) құрастырылды. Бұл материалдарды қорытындылай келе А.А. Григорьев өзінің Қазақстан табиғаты туралы очерктерін жариялады. Осы жылдары КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің Геогр. секторын белгілі ғалым Н.Н. Баранский басқарды. Ол республика экономикасын мамандандыруды жетілдіре түсу мақсатында Қазақстанды 5 экон. ауданға бөлді. Соғыстан кейінгі жылдары (1945 жылдан бастап) Қазақстандағы геогр. зерттеулерге баса көңіл бөлінді. Халық ш-н қалпына келтіру және одан әрі дамыту үшін табиғи ресурстарды көптеп табу және оларды шұғыл шаруашылыққа пайдалану керек болды. 1946 ж. ҚазКСР ҒА құрылды. Оның кұрамында бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, Арал т-ндегі Барсакелмес аралының, Балқаш к-нің оңт-ндегі шөлдің, Жетісудың геогр. жағдайлары зерттелді. Республика аумағын физ.-геогр. аудандастырудың алғашқы сұлбасы құрастырылды (Н.Г. Рыбин, 1948). Бұрынғы жүргізілген зерттеу материалдары негізінде республика табиғатының басты кешендеріне тұжырымды сипаттама берілген “Қазақстанның физика-географиялық очерктері” (1952) жарыққа шықты.

Қазақ КСР ҒА-ның Геогр. ин-ты Қазақстан табиғатын зерттеуді одан әрі жалғастыра берді, “Қазақстан. Физика-географиялық сипаттама” (1950) жинақ кітабын шығарды. КСРО ҒА-ның өндіргіш күштерді зерттеу кеңесі игерілуге тиісті жаңа аудандарда кешенді экспедициялық зерттеулер ұйымдастырды. Осы мақсатпен Торғайдың шикізат қоры, Солт. және Орт. Қазақстанның минералдық шикізат, гидроэнергет. және ормандық қорларын зерттеді. Тянь-Шаньда биік таулық физ.-геогр. ст. құрылды. Республика жерін геоморфол. зерттеу, әсіресе геоморфол. картаға түсіру ісі өрістеді. Жер қойнауын зерттеу тәсілдерінің бірі – геол. картаға түсіру жалпы зерттеу процестерінің құрамына енгізілді. Сөйтіп геоморфол. карта табиғи аудандастыру мен ландшафтын зерттеудің негізіне айналды.

Суландыру, орман алқаптарын отырғызу, тың және тыңайған жерді игеру шараларына байланысты республиканың жеке аудандарының микроклиматы және жылу балансы зерттелді. Аңызақ жел, атмосф. қуаңшылық, жел эрозиясы, топырақ борау, топырақ бетінің тоңдануы сияқты құбылыстар және климаттың өзгеру заңдылықтары зерттелді. Осы зерттеулердің деректері негізінде “Қазақстан климаты” (1959) атты жинақ шықты.

Гидрол. зерттеулердің ішінде республика көлдерінің жете тексерілгенін аңғаруға болады. Бұл жұмысты кейіннен КСРО ҒА-ның Көлтану ин-тына айналған көлтану лаб. мен Қазақ КСР ҒА-ның геогр. секторының қызметкерлері бірлесе жүргізді. Зерттеу жиынтығын А.В. Шнитников қорытындылады. Көлдердің физ.-геогр. жағдайымен қоса олардың гидробиол. және экон. жақтары да зерттелді. Көлдердің жалпы кадастры құрастырылды. Жер беті суы қорларын зерттеу нәтижелері тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты біршама толықтырылды. Бірнеше ірі гидрол. кешендік зерттеулер жүзеге асырылды және бұлардың деректері “Ресурсы поверхностных вод районов освоения целинных и залежных земель” (“Тың және тыңайған жерді өңірлерінің беткі ағын қоры”), “Ресурсы поверхностных вод СССР” (“КСРО жер беті ағынының қоры”) жинақтарына енгізілді.

Топырақ жамылғысын зерттеген әр саланың ғыл. және өндірістік мекемелердің қорытындылары көп томдық “Почвы Казахской ССР” (“Қазақ КСР-інің топырағы”) басылымында және бірнеше жалпы шолулық карталарда жарияланды. Геоботан. және зоогеогр. зерттеулердің жиынтық деректері жарық көрді.

КСРО ҒА-ның аэротәсілдер лаб. Солт. Қазақстанның табиғи жағдайын зерттеудің аэротәсілін белгіледі. Экон. география саласында Қазақстанның табиғатын, халқын, экономикасын және мәдениетін бейнелейтін кешендік еңбектер (И.Т. Тәжиев, М.Ш. Ярмұхамедов, К.Б. Ахмедова, т.б.), өндіргіш күштерді тиімді орналастыруға, экон. аудандастыруға және экон. аудандарды мамандандыруға, аумақтық-өндірістік кешендердің қалыптасу мәселелеріне, еңбек және табиғи қорларға баға беруге арналған жұмыстар (В.А. Адамчук, Б.Я. Двоскин, Е.Н. Гладышева, С.Әбдірахманов, т.б.) жарық көрді. Республика жерін жан-жақты зерттеу нәтижесінде Қазақстанның және оның жеке аймақтарының кешендік атластары құрастырылды. Тың өлкесінің, Қарағанды, Қостанай, Солт. Қазақстан облыстарының бірнеше ландшафтылық карталары шықты. Ландшафтылық зерттеулердің кеңінен етек алуына ландшафт танушы ғалымдардың бүкілодақтық 6-кеңесінің (1963) Алматыда өтуі әсер етті. Арал маңы мен Жезқазған өңірінің, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау обл-тарыньщ ландшафтылық жағдайы зерттелді (қ. География және География институты).

Ә. Бейсенова, Ә. Бірмағамбетов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

и�#����hb��ргіннің үшінші кезеңі басталды. Әсіресе, БК(б)П ОК-нің “Звезда”, “Ленинград” журналдары туралы (1946 ж. 14 тамыз) қаулысынан кейін еркін ойды қудалау басталды. Ленинград, Мәскеуде “Ленинградтық іс”, “Дәрігерлер ісі”, т.б. қолдан жасалынып жатқан кезде Қазақстанда “Бекмаханов ісі” пайда болды. ҚКП ОК-нің 1947 ж. наурызда өткен пленумы партия к-ттерінен Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегі саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауларға қарсы большевиктік сынды кеңінен өрістетіп, БКП ОК-нің идеол. мәселелер жөніндегі қаулыларын сөзсіз орындауды талап етті. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (1915 – 66) соғыс жылдарында Алматыда болған А.П. Кучкин, А.М.Панкратова, В.Д.Греков, т.б. белгілі тарихшылармен бірге жазған “Қазақ ССР тарихы” (1943), “Қазақстан XІX ғасырдың 20 – 40 жылдарында” (1947) деген еңбектеріндегі Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қатысты көзқарасы ұлтшылдық, саяси зиянды деп табылды. Сөйтіп, Е.Бекмаханов 1952 ж. 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды. А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, т.б. зиялы қауым өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырады. Көрнекті ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Әуезов қудалауға түсіп, Қазақстаннан сыртқа кетуге мәжбүр болды. И.В. Сталиннің өлімінен (1953) кейін елді демократияландыру нышандары басталды. Алайда бұл әміршіл-әкімшіл жүйенің күйреуі емес еді. Мыңдаған адамдар жазықсыз түрмеде отыра берді, оларды жазалауға қатысқандар жоғары үкімет қызметтерінен кетпеді. 1956 ж. ақпанда Мәскеуде өткен партияның 20 съезі Сталиннің жеке басына табынушылықты жою мәселесін қарастырғанымен авторитарлық жүйені жою соңына дейін жүргізілмеді. Өткен тарихтың қайғылы беттері: Қазан төңкерісі тарихы, азамат соғысы, 30-жылдардағы ашаршылық себептері айтылмады немесе біржақты көрсетілді. Кешікпей саяси тұрғыда басқаша ойлайтындар қудалана бастады.

 

1954 ж. ОК-тің ақпан-наурыз пленумы “Елде астық өндіруді одан әрі ұлғайту және тыңайған жерлерді игеру” туралы қаулы қабылданып, КСРО-да 13,4 млн. га жаңа жерлер, соның ішінде Қазақстанда 6,5 млн. га жер жыртылды. 1954 жылғы наурыз айына дейін Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солт. Қазақстан облыстарында 337 кеңшар құрылды. Тың көтеру нәтижесінде Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда 2 мың кг-нан астам астық өндіруге мүмкіндік берді. Ал әлемдік тәжірибеде азық-түлік тапшылығын шешу үшін 1 мың кг төңірегіндегі көрсеткіш те жеткілікті еді. 1954 – 55 ж. бүкіл елде 29,7 млн. га жер жыртылып, оның 18 млн. га-сы Қазақстан үлесіне тиді. Тың игерудің залалдары да байқалды. 1960 жылы-ақ республика тың аймағының 9 млн. га жері топырақ эрозиясына ұшырады. Халықтың 61%-ы РКФСР, Украина, Молдовадан келгендермен көбейді. 1954 – 62 ж. Қазақстанға тың игеруге 2 млн. адам келді. Республиканың жергілікті халқы – қазақтардың саны 30%-ға дейін төмендеп, этнос ретінде дамуына қауіп төнді.

Соғыстан кейінгі халық ш-ның қарқындап дамуы көліктің барлық түрін, әсіресе т. ж. көлігін жедел қарқынмен дамытуды қажет етті. 1945 ж. т. ж-дың ұз. 8112 км болса, 1960 ж. 11470 км-ге, 1970 ж. 13669 км-ге дейін жетті. 1953 ж. 27 қазанда Мойынты – Шу т. ж. тұрақты пайдалануға берілді (қ. Көлік құрылысы; Көлік).

1948 ж. үш облыстың (Семей, Павлодар, Қарағанды) түйіскен жеріне орналасқан ядр. сынақ полигоны салынды. 1949 ж. 29 тамызда Семей полигонында тұңғыш рет ядр. сынақ жасалды. Қорғаныс мин-нің өз мәліметі бойынша 1949 жылдан 1963 жылға дейінгі аралықта полигонда қуаты бірнеше т-дан 100 килотоннаға дейін жететін 113 жарылыс ауада жасалған, 1964 жылдан кейін ғана сынақ жер астында жасала бастады. 1989 ж. қыркүйектің 19-ына дейін қуаты бірнеше т-дан 150 килотоннаға дейінгі 343 сынақ жасалған. Полигон халықтың денсаулығына зор зиянын тигізді.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Ұқсас материалдар