Қожа Ахмет Иасауи тариқаты

08.11.2012 3206
  Соңғы редакциялау: 23 қазан 2012   ҚОЖА АХМЕТ ИАСАУИ ТАРИҚАТЫ – Қожа Ахмет Иасауи негізін салған діни-сопылық мектеп. Қ.А.И. т. түркі сопылық дүниетанымы ерекшеліктеріне негізделген жалпы ислам сопылығының ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл тариқаттың қалыптасу кезеңі Аббаси халифатынан бөлінген тәуелсіз жекелеген саяси биліктердің қалыптасу дәуіріне сай келеді. Екінші кезең Иасауи өмір сүрген дәуір мен Алтын Орданың құрылуы арасындағы Түркістандағы сопылық дүниетаным мен тариқаттардың даму дәуірі. Қ.А.И. т. қалыптасуының алғышарттары туралы әр түрлі көзқарастар бар. Қ.А.И. т-ның негізі “мубаййадун” және “карматтық” доктриналардан бастау алады деген тұжырым Бағдад пен Хорасан сопылық ағымдарының оның қалыптасуына айтарлықтай ықпалы болмағандығына сүйенеді. Яғни, оған Түркістан аймағындағы дуалистік бағыттағы манихей ілімі мен дәстүрлі секталар негізінде қалыптасқан мубайидиттер ілімінің табиғи жалғасы ретінде қарайды. Түрік тарихшысы Зәки Уәлиди Тоған Иасауи ілімінің манихейлік пен шафиилік негізде қалыптасқандығын, сондай-ақ оның қарахан әулетінен шыққандығын айтады. Теор. тұрғыдан Иасауи ілімі қалб, зауқ, илһам жолы арқылы мағрифатқа және батинға ден қояды. Яғни, оның ілімі рух пен нәпсіге мән беретін болса, карматилер толығымен саяси бағытта, сырт көрініске мән беретін акаидтық (ақаидтық) доктринаға негізделген. Карматилер секталық мазһаб, табиғаты жағынан саяси, қағидалық (шариаттық) сипатта болса, Қ.А.И. т. толығымен рухани бағытта өрбиді. Қ.А.И. т. Халлаж әл-Мансұр жолының жалғасы деушілердің қатарында француз шығыстанушысы Массиньон Луис бар. Оның “Халлаж әл-Мансұр” атты еңбегінде Халлаждың түркі мұсылмандығында алатын орны кеңінен сөз болады. Иасауи Халлажды ислам әулиелерінің пірі деп таныған. Исбатийиа сопылық ағымының өкілі Мансұр әл-Халлаж ілімінің негізгі ерекшеліктерін сопылық дүниетаным категориялары (“фана фи Аллах” (Аллаға еру), “мухаббатуллах” (Аллаға ғашықтық), “тарк-и дүния” (Алладан басқаны тәрк ету), “хикмет” (даналық), “ғашықтық (ашқ)”, “мурақаба” (өзіне сын көзбен қарау), “тасфийиа-и қалб” (жүректі арылту) деп айқындайды. Кейбір ерекшеліктері болмаса, Иасауи ілімінің мазмұны Халлаж іліміне сай келеді. Дегенмен бұл ілімнің теор. негізінде исбатийаға қарағанда, Маламийа ағымының белгілері басым. Солай бола тұра, Иасауи хикметтерінде Мансұрдың аты мен жолы көп дәріптеледі. Маламийа доктринасы [негізін салушы Баязид Бистами (874 ж.ө.)], жалпы алғанда, дәстүрлі түркілік дүниетаным негізінде қалыптасқан. Адамның психол. халін зерттеуге бағытталған маламийа дүниетанымы тәңірге ішкі сезім мен түйсік арқылы “зауқ”, “уажд” және “истиғрақ” халдерімен ұласып жатады. Бұл – Аллаға мойынсұнудың жолы. Маламийада Хаққа қызмет – халыққа қызмет ету болғандықтан, негізгі талап адамды сүюге негізделген. Иасауи ілімінің өзегі маламийадағы сопылық психол. халдердің бастысы – маһу, адамның нәпсілік, хайуандық сипаттарын жоюы; сакр – адамның ашқ (қуатты махаббат) және уирд (зікір) арқылы фана мақамына (еркіндік мақамына) жетуі; елту, ләззат алуы; сатр – адамның ибадаты мен амалдарын жасыруы; уажд – адамның “өзін” жоғалтып, Хақты тауып, Аллаға қауышуы сияқты халдер мен мақамдар. Маламийа табиғатының барлық ерекшеліктерін “Диуани Хикмет” пен “Мират-ул Қулубтан” көруге болады. Мұндағы маламийлік – сопылық филос. ілім (доктрина), оны кейінгі ғасырларда тариқат ретінде пайда болған маламийлікпен шатастырмау керек. Қ.А.И. т-ның негізгі ерекшеліктері, кемелдікке жету жолында шәкірттерге қойған талаптары туралы Хазини өзінің “Жауаһир ул Абрар мин Амуаж-ил Биһар” (“Теңіз толқындарындағы ізгіліктің гауһарлары” немесе “Хақ жолындағы әулиелердің сырлары”) деген еңбегінде мол дерек қалдырған. Онда Қ.А.И. т-ның он негізгі этик. (адаб) ұстанымдары қамтылған: 1) Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас: мүрид (шәкірт) ешкімді өзінің шейхынан (ұстазынан) артық санамауы және мойынсұнуы қажет (өйткені тариқатқа, рухани кемелдік жолына кірген шәкірт ұстазынан бөлек, өз бетімен жүріп – тұратын болса, оның рухани даму жолы жабылады); өз шейхының халі мен ишараттарын түсіне білуі үшін ақылды, сезімтал болуы; шейхының сөзі мен ісіне мұқият болуы; адал қызмет етуі, жалған айтпауы, сертінде тұруы тиіс; қажет болса, мүрид өзімен қоса барлық мал-мүлкін шейхының қажетіне беруге дайын болуы керек, өйткені “батин (ішкі) көзі” басқаша ашыла алмайды; шейхының сырларын сақтауы, барлық насихаты, уағызы мен нұсқауларын орындауы тиіс; Хаққа қауышу жолында шейхы үшін жанын беріп, оның досымен дос, дұшпанына дұшпан болуы қажет (бұл шарттар психол. негізде). 2) Түпкілікті алты үкім (аһкам): а) Алланы тану; ә) жомарттық; б) шынайы адалдық; в) йакиннің (шексіз таным) мәніне қанық болу; г) тәуекел; ғ) тафаккул (терең ой). 3) Шейх болушы: дін ғылымына қанық, жұмсақ мінезді, сабырлы, ықыласты, Хақ ризалығымен қауышқан, Хаққа жақын болуы тиіс. 4) Тариқаттың алты міндеті (уажиб): а) кемелдікке жетуге талаптану; ә) Хаққа жақындауға тырысу; б) Хаққа қауышу үшін жан сала ұмтылу; в) Хақ жолында қауіп пен үміт халінде болу; г) үнемі зікірде болу; ғ) үнемі Хақиқат туралы сөйлеу. 5) Тариқаттың алты түрлі дәстүрлі жолы (сунна): а) көппен бірге намаз оқу; ә) таң сәріде ояу болу; б) үнемі дәретті, таза болу; в) өзін үнемі Алланың құзырында сезіну; г) Алланы ешқашан естен шығармау (зікір ету); ғ) салиқалы және кемел адамдарға, билеуші-әмірге тағатты болу. 6) Тариқаттың алты ерекше қасиеті (мустаһаб): а) қонақжайлылық; ә) жағдайына қарай қонақ күту; б) қонақтың көп қонуын ырыс деп білу; в) қонақтың көп болуына көңіл бөлу; г) қонақтың тілегін орындау; ғ) Қожа Ахмет Иасауиге және өз уақытының шейхына дұға, тілек ету. 7) Тариқаттың алты этик. тәртібі: а) екі тізерлеп, қарапайым, әдепке сай отыру; ә) өзін барлық адамнан төмен санау; б) барлық адамды өзінен артық санау; в) ұстаздарды құрметтеу; г) шейхтардың алдында рұқсатсыз сөз сөйлемеу; ғ) олардың айтқан ақылдарын естен шығармау. 8) Тариқатқа кірген мүридтің кемелдікке жетуінің төрт шарты: макан (кеңістік), заман (уақыт), ихуан (бауырмалдық – өзара ынтымақтастық), рабт-и Султан (мемл. басшысына риясыз берілгендік). Яғни, бірінші саликтердің (мүрид) ойы бөлінбеуі (тафрика-и хатр); зікірмен айналысуы үшін (аурад), ең алдымен, ыңғайлы мекен (кеңістік) болуы керек. Екінші, талибтер (шәкірттер) арасында және мемлекетте жұмыссыздық, соғыс, т.б. келеңсіз оқиғалар орын алмауы қажет. Мұндай құбылыстар шәкірттің кемелденуіне кесірін тигізеді. Үшінші, барлық “мақамат” (ахлақи-этик. асулар), “халуат” (қылует) және “арбаиндерде” (шілдехана) “шауқ-и мужиб” болуы үшін “факр-у фана” (кемелдік) мақамына ұмтылған шынайы серіктері, достары болуы керек. Төртінші, мемлекет басшысына адал болулары қажет. Иасауидің жолында шәкірттіктің соңы, яғни кемел адамның рухани асуларының мақсаты – “факр (кемел адам) жолы” болуы керек. 9) Қ.А.И. т. – дауыстап зікір салатын “жаһри тариқат”. Кейбір зерттеушілер – жаһри тариқаттың негізін салған Қожа Ахмет Иасауи деген пікірде. Қ.А.И. т. салатын зікір түрі сопылық әдебиеттерде көбіне “ара зікір” деп те аталады; 10) Қ.А.И. т-ндағы қылует – мүридтің бар ықыласын белгілі мақсатқа бағыттауы және кейбір арнайы зікірлер арқылы риязаттарды орындау үшін шейхтың мүридінің рухани халін қараңғы, сыртқы әлемнен жырақ орындарда, яғни, жерден қазылған мекенде, белгілі уақыт ішінде тәрбиелеуі. Қ.А.И. т-ндағы рухани ұстаздардың тарихи “Насабнама” нұсқаларындағы сабақтастық силсиласы (тізбегі) төмендегіше таратылады: 1) Хазіреті Әли Мұртаза; 2) Хусайн бин Әли; 3) Зайн ал Абидин; 4) Әли; 5) Зайд; 6) Йахийа; 7) Исхақ ат-Турки; 8) Харун Шейх; 9) Мумин Шейх; 10) Мұса Шейх; 11) Исмаил Шейх; 12) Хасан Шейх; 13) Усман Шейх; 14) Омар Шейх; 15) Мұхаммед Шейх; 16) Ифтихар Шейх; 17) Махмуд Шейх; 18) Ілияс Шейх; 19) Ибрахим Шейх; 20) Қожа Ахмет Иасауи. Силсила, негізінен, хал ілімінің ұрпақтар арасында берілуінің, ондағы кемел шейхтардың тізімі ғана. Силсилада кемел шейхтардың орын алуы бұл ілімнің ақиқат екендігін көрсететін дәлел саналған. Қожа Ахмет Иасауиден кейінгі тариқат силсиласы (тізбегі): 1) Суфи Мұхаммед; 2) Хакім Ата; 3) Зеңгі Ата; 4) Садр Ата; 5) Айман Баба; 6) Жамал Ша-ши; 7) Шейх Али; 8) Маудуд Шейх; 9) Хадим Шейх; 10) Шейх Жамал Бұхари; 11) Шейх Сүлейман; 12) Шейх Хұдайдад; 13) Шейх Матин; 14) Шейх Амин; 15) Саид Мансұр ата; 16) Хасан Хазини (Асан Қайғы). Қ.А.И. т. екі үлкен салаға бөлінеді, олардың силсиласы: 1) Иқани (Қамал шейх); 2) Шейх Али Абади; 3) Шейх Шаме Өзкенти; 4) Абдал Шейх; 5) Шейх Абд-ул Уаси; 6) Шейх Абд-ул Мухаймин (16 ғ.), т.б. ә) 1) Азизан (Шейх Харидар Азизаги); 2) Маулана Кухи Зарини; 3) Шейх Қасым Кермини; 4) Мұхаммед Мүмин Самарқанди; 5) Шейх Ахунд Молла Хұрд Азизан, т.б. Қ.А.И. т-нан бөлініп шыққан тариқаттар: Бекташийа және Нақшбандийа. Қ.А.И. т. 12 ғ-да Мауераннахр, Түркістан, Ферғана, яғни қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Тәжікстан аумақтарына таралды. Осы жерлерде Иасауидің ілімі мен рухани құндылықтарын жалғастырушылар өзіндік із қалдырды. Cондай-ақ түркі мәдениеті негізінде құрылған барлық тариқаттар осы тариқат негізінде қалыптасты. Мұны Нақшбандийа мен Кубрауийа (Нажмаддин Кубра) силсиласында Қожа Ахмет Иасауи шәкірттерінің кезігуінен көруге болады. Иасауи ілімінің Үндістандағы мұрагерлері – Хайдарийа тариқаты. Бұл туралы деректер 14 ғ-да Ибн Баттутаның саяхатнамасында, кейіннен Симон Дигбу, Терри Зарконье сияқты батыс шығыстанушыларының еңбектерінде кездеседі. Онда Иасауи дәруіштерінің 16 ғ-ға дейін Синд, Пенджаб аймақтарында өз ілімдерін таратқандығы туралы мәлімет бар. Кіші Азия, Анадолыға Иасауи ілімі 13 ғ-дың алғашқы жартысынан бастап, Хайдарийлік тариқат арқылы ене бастады. Құтб-уд-дин Хайдар (13 ғ.) кейіннен 16 ғ-дың басында құрылған Бекташийа тариқаты да Иасауи ілімінің жалғасы. Алтын Орда дәуірінде Өзбек ханның (1313 – 1341) исламның ресми дін ретінде танылуы нәтижесінде сопылық Еділ бойына тарады. Бұл кеңістікте Иасауи ілімі исламның өзегі ретінде қабылданып, 12 – 14 ғ-ларда Орт. Азия, Таяу Шығыс, Үндістан жерлеріндегі саяси оқиғалар негізінде Хорезм, Хорасан, Әзербайжан арқылы Кіші Азия – Анадолы жерлеріне, одан Балқан, Еділ-Оралға дейінгі аймаққа жайылды. Қ.А.И. т-ның ықпалы қазақ арасында кейінгі дәуірлерде шектеліп қалды. Иасауи жолы 16 ғ-ға дейін Ферғана, Ош өңірлерінде кеңінен танылып, 19 ғ-дан 20 ғ-дың 70-жылдарына дейін сақталып келді. Қазіргі уақытта Орт. Азияда Қ.А.И. т-ның қайта жандана бастағандығы байқалады. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том  

 

Соңғы редакциялау:

23 қазан 2012

 

ҚОЖА АХМЕТ ИАСАУИ ТАРИҚАТЫҚожа Ахмет Иасауи негізін салған діни-сопылық мектеп. Қ.А.И. т. түркі сопылық дүниетанымы ерекшеліктеріне негізделген жалпы ислам сопылығының ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл тариқаттың қалыптасу кезеңі Аббаси халифатынан бөлінген тәуелсіз жекелеген саяси биліктердің қалыптасу дәуіріне сай келеді. Екінші кезең Иасауи өмір сүрген дәуір мен Алтын Орданың құрылуы арасындағы Түркістандағы сопылық дүниетаным мен тариқаттардың даму дәуірі. Қ.А.И. т. қалыптасуының алғышарттары туралы әр түрлі көзқарастар бар. Қ.А.И. т-ның негізі “мубаййадун” және “карматтық” доктриналардан бастау алады деген тұжырым Бағдад пен Хорасан сопылық ағымдарының оның қалыптасуына айтарлықтай ықпалы болмағандығына сүйенеді. Яғни, оған Түркістан аймағындағы дуалистік бағыттағы манихей ілімі мен дәстүрлі секталар негізінде қалыптасқан мубайидиттер ілімінің табиғи жалғасы ретінде қарайды. Түрік тарихшысы Зәки Уәлиди Тоған Иасауи ілімінің манихейлік пен шафиилік негізде қалыптасқандығын, сондай-ақ оның қарахан әулетінен шыққандығын айтады. Теор. тұрғыдан Иасауи ілімі қалб, зауқ, илһам жолы арқылы мағрифатқа және батинға ден қояды. Яғни, оның ілімі рух пен нәпсіге мән беретін болса, карматилер толығымен саяси бағытта, сырт көрініске мән беретін акаидтық (ақаидтық) доктринаға негізделген. Карматилер секталық мазһаб, табиғаты жағынан саяси, қағидалық (шариаттық) сипатта болса, Қ.А.И. т. толығымен рухани бағытта өрбиді. Қ.А.И. т. Халлаж әл-Мансұр жолының жалғасы деушілердің қатарында француз шығыстанушысы Массиньон Луис бар. Оның “Халлаж әл-Мансұр” атты еңбегінде Халлаждың түркі мұсылмандығында алатын орны кеңінен сөз болады. Иасауи Халлажды ислам әулиелерінің пірі деп таныған. Исбатийиа сопылық ағымының өкілі Мансұр әл-Халлаж ілімінің негізгі ерекшеліктерін сопылық дүниетаным категориялары (“фана фи Аллах” (Аллаға еру), “мухаббатуллах” (Аллаға ғашықтық), “тарк-и дүния” (Алладан басқаны тәрк ету), “хикмет” (даналық), “ғашықтық (ашқ)”, “мурақаба” (өзіне сын көзбен қарау), “тасфийиа-и қалб” (жүректі арылту) деп айқындайды. Кейбір ерекшеліктері болмаса, Иасауи ілімінің мазмұны Халлаж іліміне сай келеді. Дегенмен бұл ілімнің теор. негізінде исбатийаға қарағанда, Маламийа ағымының белгілері басым. Солай бола тұра, Иасауи хикметтерінде Мансұрдың аты мен жолы көп дәріптеледі. Маламийа доктринасы [негізін салушы Баязид Бистами (874 ж.ө.)], жалпы алғанда, дәстүрлі түркілік дүниетаным негізінде қалыптасқан. Адамның психол. халін зерттеуге бағытталған маламийа дүниетанымы тәңірге ішкі сезім мен түйсік арқылы “зауқ”, “уажд” және “истиғрақ” халдерімен ұласып жатады. Бұл – Аллаға мойынсұнудың жолы. Маламийада Хаққа қызмет – халыққа қызмет ету болғандықтан, негізгі талап адамды сүюге негізделген. Иасауи ілімінің өзегі маламийадағы сопылық психол. халдердің бастысы – маһу, адамның нәпсілік, хайуандық сипаттарын жоюы; сакр – адамның ашқ (қуатты махаббат) және уирд (зікір) арқылы фана мақамына (еркіндік мақамына) жетуі; елту, ләззат алуы; сатр – адамның ибадаты мен амалдарын жасыруы; уажд – адамның “өзін” жоғалтып, Хақты тауып, Аллаға қауышуы сияқты халдер мен мақамдар. Маламийа табиғатының барлық ерекшеліктерін “Диуани Хикмет” пен “Мират-ул Қулубтан” көруге болады. Мұндағы маламийлік – сопылық филос. ілім (доктрина), оны кейінгі ғасырларда тариқат ретінде пайда болған маламийлікпен шатастырмау керек. Қ.А.И. т-ның негізгі ерекшеліктері, кемелдікке жету жолында шәкірттерге қойған талаптары туралы Хазини өзінің “Жауаһир ул Абрар мин Амуаж-ил Биһар” (“Теңіз толқындарындағы ізгіліктің гауһарлары” немесе “Хақ жолындағы әулиелердің сырлары”) деген еңбегінде мол дерек қалдырған. Онда Қ.А.И. т-ның он негізгі этик. (адаб) ұстанымдары қамтылған: 1) Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас: мүрид (шәкірт) ешкімді өзінің шейхынан (ұстазынан) артық санамауы және мойынсұнуы қажет (өйткені тариқатқа, рухани кемелдік жолына кірген шәкірт ұстазынан бөлек, өз бетімен жүріп – тұратын болса, оның рухани даму жолы жабылады); өз шейхының халі мен ишараттарын түсіне білуі үшін ақылды, сезімтал болуы; шейхының сөзі мен ісіне мұқият болуы; адал қызмет етуі, жалған айтпауы, сертінде тұруы тиіс; қажет болса, мүрид өзімен қоса барлық мал-мүлкін шейхының қажетіне беруге дайын болуы керек, өйткені “батин (ішкі) көзі” басқаша ашыла алмайды; шейхының сырларын сақтауы, барлық насихаты, уағызы мен нұсқауларын орындауы тиіс; Хаққа қауышу жолында шейхы үшін жанын беріп, оның досымен дос, дұшпанына дұшпан болуы қажет (бұл шарттар психол. негізде). 2) Түпкілікті алты үкім (аһкам): а) Алланы тану; ә) жомарттық; б) шынайы адалдық; в) йакиннің (шексіз таным) мәніне қанық болу; г) тәуекел; ғ) тафаккул (терең ой). 3) Шейх болушы: дін ғылымына қанық, жұмсақ мінезді, сабырлы, ықыласты, Хақ ризалығымен қауышқан, Хаққа жақын болуы тиіс. 4) Тариқаттың алты міндеті (уажиб): а) кемелдікке жетуге талаптану; ә) Хаққа жақындауға тырысу; б) Хаққа қауышу үшін жан сала ұмтылу; в) Хақ жолында қауіп пен үміт халінде болу; г) үнемі зікірде болу; ғ) үнемі Хақиқат туралы сөйлеу. 5) Тариқаттың алты түрлі дәстүрлі жолы (сунна): а) көппен бірге намаз оқу; ә) таң сәріде ояу болу; б) үнемі дәретті, таза болу; в) өзін үнемі Алланың құзырында сезіну; г) Алланы ешқашан естен шығармау (зікір ету); ғ) салиқалы және кемел адамдарға, билеуші-әмірге тағатты болу. 6) Тариқаттың алты ерекше қасиеті (мустаһаб): а) қонақжайлылық; ә) жағдайына қарай қонақ күту; б) қонақтың көп қонуын ырыс деп білу; в) қонақтың көп болуына көңіл бөлу; г) қонақтың тілегін орындау; ғ) Қожа Ахмет Иасауиге және өз уақытының шейхына дұға, тілек ету. 7) Тариқаттың алты этик. тәртібі: а) екі тізерлеп, қарапайым, әдепке сай отыру; ә) өзін барлық адамнан төмен санау; б) барлық адамды өзінен артық санау; в) ұстаздарды құрметтеу; г) шейхтардың алдында рұқсатсыз сөз сөйлемеу; ғ) олардың айтқан ақылдарын естен шығармау. 8) Тариқатқа кірген мүридтің кемелдікке жетуінің төрт шарты: макан (кеңістік), заман (уақыт), ихуан (бауырмалдық – өзара ынтымақтастық), рабт-и Султан (мемл. басшысына риясыз берілгендік). Яғни, бірінші саликтердің (мүрид) ойы бөлінбеуі (тафрика-и хатр); зікірмен айналысуы үшін (аурад), ең алдымен, ыңғайлы мекен (кеңістік) болуы керек. Екінші, талибтер (шәкірттер) арасында және мемлекетте жұмыссыздық, соғыс, т.б. келеңсіз оқиғалар орын алмауы қажет. Мұндай құбылыстар шәкірттің кемелденуіне кесірін тигізеді. Үшінші, барлық “мақамат” (ахлақи-этик. асулар), “халуат” (қылует) және “арбаиндерде” (шілдехана) “шауқ-и мужиб” болуы үшін “факр-у фана” (кемелдік) мақамына ұмтылған шынайы серіктері, достары болуы керек. Төртінші, мемлекет басшысына адал болулары қажет. Иасауидің жолында шәкірттіктің соңы, яғни кемел адамның рухани асуларының мақсаты – “факр (кемел адам) жолы” болуы керек. 9) Қ.А.И. т. – дауыстап зікір салатын “жаһри тариқат”. Кейбір зерттеушілер – жаһри тариқаттың негізін салған Қожа Ахмет Иасауи деген пікірде. Қ.А.И. т. салатын зікір түрі сопылық әдебиеттерде көбіне “ара зікір” деп те аталады; 10) Қ.А.И. т-ндағы қылует – мүридтің бар ықыласын белгілі мақсатқа бағыттауы және кейбір арнайы зікірлер арқылы риязаттарды орындау үшін шейхтың мүридінің рухани халін қараңғы, сыртқы әлемнен жырақ орындарда, яғни, жерден қазылған мекенде, белгілі уақыт ішінде тәрбиелеуі. Қ.А.И. т-ндағы рухани ұстаздардың тарихи “Насабнама” нұсқаларындағы сабақтастық силсиласы (тізбегі) төмендегіше таратылады: 1) Хазіреті Әли Мұртаза; 2) Хусайн бин Әли; 3) Зайн ал Абидин; 4) Әли; 5) Зайд; 6) Йахийа; 7) Исхақ ат-Турки; 8) Харун Шейх; 9) Мумин Шейх; 10) Мұса Шейх; 11) Исмаил Шейх; 12) Хасан Шейх; 13) Усман Шейх; 14) Омар Шейх; 15) Мұхаммед Шейх; 16) Ифтихар Шейх; 17) Махмуд Шейх; 18) Ілияс Шейх; 19) Ибрахим Шейх; 20) Қожа Ахмет Иасауи. Силсила, негізінен, хал ілімінің ұрпақтар арасында берілуінің, ондағы кемел шейхтардың тізімі ғана. Силсилада кемел шейхтардың орын алуы бұл ілімнің ақиқат екендігін көрсететін дәлел саналған. Қожа Ахмет Иасауиден кейінгі тариқат силсиласы (тізбегі): 1) Суфи Мұхаммед; 2) Хакім Ата; 3) Зеңгі Ата; 4) Садр Ата; 5) Айман Баба; 6) Жамал Ша-ши; 7) Шейх Али; 8) Маудуд Шейх; 9) Хадим Шейх; 10) Шейх Жамал Бұхари; 11) Шейх Сүлейман; 12) Шейх Хұдайдад; 13) Шейх Матин; 14) Шейх Амин; 15) Саид Мансұр ата; 16) Хасан Хазини (Асан Қайғы). Қ.А.И. т. екі үлкен салаға бөлінеді, олардың силсиласы: 1) Иқани (Қамал шейх); 2) Шейх Али Абади; 3) Шейх Шаме Өзкенти; 4) Абдал Шейх; 5) Шейх Абд-ул Уаси; 6) Шейх Абд-ул Мухаймин (16 ғ.), т.б. ә) 1) Азизан (Шейх Харидар Азизаги); 2) Маулана Кухи Зарини; 3) Шейх Қасым Кермини; 4) Мұхаммед Мүмин Самарқанди; 5) Шейх Ахунд Молла Хұрд Азизан, т.б. Қ.А.И. т-нан бөлініп шыққан тариқаттар: Бекташийа және Нақшбандийа. Қ.А.И. т. 12 ғ-да Мауераннахр, Түркістан, Ферғана, яғни қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Тәжікстан аумақтарына таралды. Осы жерлерде Иасауидің ілімі мен рухани құндылықтарын жалғастырушылар өзіндік із қалдырды. Cондай-ақ түркі мәдениеті негізінде құрылған барлық тариқаттар осы тариқат негізінде қалыптасты. Мұны Нақшбандийа мен Кубрауийа (Нажмаддин Кубра) силсиласында Қожа Ахмет Иасауи шәкірттерінің кезігуінен көруге болады. Иасауи ілімінің Үндістандағы мұрагерлері – Хайдарийа тариқаты. Бұл туралы деректер 14 ғ-да Ибн Баттутаның саяхатнамасында, кейіннен Симон Дигбу, Терри Зарконье сияқты батыс шығыстанушыларының еңбектерінде кездеседі. Онда Иасауи дәруіштерінің 16 ғ-ға дейін Синд, Пенджаб аймақтарында өз ілімдерін таратқандығы туралы мәлімет бар. Кіші Азия, Анадолыға Иасауи ілімі 13 ғ-дың алғашқы жартысынан бастап, Хайдарийлік тариқат арқылы ене бастады. Құтб-уд-дин Хайдар (13 ғ.) кейіннен 16 ғ-дың басында құрылған Бекташийа тариқаты да Иасауи ілімінің жалғасы. Алтын Орда дәуірінде Өзбек ханның (1313 – 1341) исламның ресми дін ретінде танылуы нәтижесінде сопылық Еділ бойына тарады. Бұл кеңістікте Иасауи ілімі исламның өзегі ретінде қабылданып, 12 – 14 ғ-ларда Орт. Азия, Таяу Шығыс, Үндістан жерлеріндегі саяси оқиғалар негізінде Хорезм, Хорасан, Әзербайжан арқылы Кіші Азия – Анадолы жерлеріне, одан Балқан, Еділ-Оралға дейінгі аймаққа жайылды. Қ.А.И. т-ның ықпалы қазақ арасында кейінгі дәуірлерде шектеліп қалды. Иасауи жолы 16 ғ-ға дейін Ферғана, Ош өңірлерінде кеңінен танылып, 19 ғ-дан 20 ғ-дың 70-жылдарына дейін сақталып келді. Қазіргі уақытта Орт. Азияда Қ.А.И. т-ның қайта жандана бастағандығы байқалады.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том

 

Ұқсас материалдар