Ертедегі және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезіндегі халықтар мен тайпалардың мәдениеті (6 &ndas

08.11.2012 21340
Соңғы редакциялау: 19 қазан 2012   Ертедегі және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезіндегі халықтар мен тайпалардың мәдениеті (6 – 13 ғасырлардың басы). Орта ғ-лардағы тарихи және геогр. әдебиеттерде Оңт., Оңт.-Шығыс және Орт. Қазақстанда, Талас, Қырғыз, Іле және Жоңғар Алатауларының бөктерлерінде, Қаратаудың күнгей және теріскей беттерінде, Сырдария, Арыс, Шу, Талас, Сарысу, Кеңгір, т.б. өзендердің аңғарларында егіншіліктің, қала құрылысы мен сәулет өнерінің жоғары дәрежеде дамығаны айтылады. 6 – 13 ғ-дың басында қалалардың пайда болу, даму тарихын археол. деректер де растауда. Қазба жұмыстарының барысында қалалардың терең тамырлы материалдық мәдениет дәстүрлері болғаны анықталды. Ол дәстүрлер Қаңлы мен Үйсін заманындағы ежелгі егіншілік қоныстардан бастау алады. 6 – 7 ғ-ларда феод. қатынастардың нығаюына байланысты экон. өрлеу басталды. Саяси және экон. орталықтар бірте-бірте қалаларға айнала бастады. Ортағасыр қалалары үш бөлікке бөлінеді: 1) Цитадель – қаланың ішкі бекіністі бөлігі; билеуші ордасы орналасқан; 2) Шахристанда (Шаһристан) цитадель төңірегіндегі ақсүйектер мен саудагерлер және оларға қызмет етушілердің тұрғын үйлері орналасты. Ол қаланың экон. орт. болды. Шахристан әдетте мұнара, кіретін қақпалары бар дуалдармен қоршалған. Оның айналасында қолөнершілер мен кедейлер қоныстанған рабат орналасқан. Кейінгі кезеңдерде рабаттар да дуалмен қоршалды. Археол. қазбалардан жинаған материалдар қалаларда қол өнерінің қалай дамып, қандай дәрежеге жеткендігін шамалауға мүмкіндік береді. Орта ғ-ларда қыштан ыдыс жасау ерекше дамыды. Көзе, саптаяқ, табақша, дастархан, құм түрлері көптеп жасалды. Қала тұрмысында тоқыма, әйнек үрлеу, зергерлік, ұсталық, ағашты және сүйекті бедерлеп ою жоғары дәрежеге жеткен. Әйнек бұйымдар жасау өндірісі кең өріс алған. Ежелгі Тараз, Отырар, Ақтөбе, Талғар, т.б. қ-ларда әйнек әзірленген. Металдан шырағдан мен оның тұғыры, ағаш соқа түрені, орақ, кетпен, қару-жарақ (найза, садақ жебесі, т.б.) ұста аспаптары (балға, төс, қысқаш, т.б.) сияқты бұйымдар жасалған. Сүйек пен мүйізден бойтұмар, пышақ сабы, ойын сүйектері, түймелер, т.б. ұсақ-түйек бұйымдар дайындалды. Бұл кезеңде егіншілік шаруашылықтың жетекші салаларының біріне айналды. Егіншілікпен ауыл ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да шұғылданды. Қазақстандағы елді мекендер мен қала тұрғындары егіншілікпен, бақ және жүзім ш-мен шұғылданғаны туралы жазба деректерде көп айтылады. 6 – 7 ғ-ларда Қазақстан халқының көпшілігі жартылай көшпелі және көшпелі тұрмыс кешті. Түркілердің келуімен бірге Қазақстан жерінде тізбектелген балбалдармен қоса антропоморфтық тас мүсін, қатар-қатар тас қоршаулар пайда болды. Осы тұста темір үзеңгілер, садақ жебесінің, қанжардың жаңа түрлері, қылыш соғылды. Металл жапсырмалармен безендірілген жауынгерлік белбеу кең тарады. 6 – 8 ғ-лардан қалған бейіттерге өлген кісіні мінген атымен бірге жерлеу рәсімі тән. Бейіттердің сыртқы белгілері мынадай: астыңғы жағы төрт бұрышты немесе шаршы пішінді болып келеді де, үстіне аласалау етіп тас немесе топырақ үйеді. Өлген кісінің мәйіті тұрқы сопақша етіп қазылған шұңқырға жерленеді, жанына заттары, әсемдік бұйымдары, қару-жарақтар қойылады. Атты шұңқырдың түбінен жоғарырақ тұстан ойылған кертпешекке төрт аяғын бауырына бүгіп, қырынан жатқызып көмген. Кейде бейітке аттың басы немесе денесінің бір бөлігі ғана қойылған. Бейіттерден қару-жарақ, ер-тұрман, тұрмыстық бұйымдар, қос жүзді семсерлер, ағаш қынапты қылыштар табылды. Қынаптың сырты былғарымен қапталып, өсімдік суреттерімен безендірілген. Жебелер ұшы әр түрлі – үш қырлы, төрт қырлы болып келеді, үш қанаттысы, жапырақ секілді жалпақтары да кездеседі. Жебе ұз. 40 – 80 см мөлшерінде көк теректен жасалған, кейде қызыл түске боялған. Аттың ер-тұрманы, темір ауыздықтар, үзеңгілер және жүген әшекейлеріне қарағанда түркі ісмерлері әшекейлік жұқа темірлерді, айылбастарды жасауға өте шебер болған. Әдетте айылбастар қола мен темірден істеліп, жапсырмалар мен әшекейлерге қола, күміс, алтын пайдаланған. Олардың бетіндегі күрделі суреттерде барыс, жылан, бұғы, күшіген сияқты аңдар мен өсімдік жапырақтары бейнеленген. Әсем белбеу жапсырмаларының көбі жүрек пішіндес. Сондай бір жапсырма әшекейдің бетінде жолбарысқа найза түйреп тұрған салт аттының суреті бейнеленген. Төрт бұрышты айылбастар, сүйектен істелген алқалар да табылды. Қызылқайнардан (Жетісуда) табылған алқа конус тәрізді етіп істелген де, бетіне сілеусін басының суреті өрнектелген. Археол. материалдармен қоса жазба деректер де түркілердің киім-кешегі жөнінде пайымдауға мүмкіндік береді. Сыртқы киім теріден, басқа киімдер жүн және жібек матадан тігілген. Ол кезде жұрт шапан киіп жүрген. Шалғайы солдан оңға қарай қаусырылған, денеге қонымды, ықшам шапанның сыртынан белбеу буынған, белбеуге қынаптағы семсер және пышақ, шақпақ, қайрақ, ұстара, т.б. ұсақ-түйек салатын кісе ілінген. Шалбардың балағын тұмсығы қайқиған, жұқа ұлтанды, өкшесіз етіктің қонышына салып жүрген. Қазақстан – тас мүсіндер көп тараған аймақ. Олардың арасында шынайы өнер туындылары да кездеседі. Мыс., әйгілі қошқар мүйіз тастар. Тас қашаушылардың (мүсіншілердің) шеберханалары болғаны, оларда түрлі мүсіндер жасалғаны мәлім. Мүсін жасауға тұрқы ұзын тастар (орташа биікт. 0,5 м-ден 2,8 м-ге дейін) таңдап алынған, тастың беті бедерлеу немесе ойып кейіптеу әдісімен өңделген. Мүсіндерде көбінесе еркектің суреті салынған, кейде әйел бейнесі де кездеседі. Әдетте, еркектер шапан киген, кіселі белбеулі, асынған қаруы бар қалпында бейнеленеді. Кейде жалаң бас, кейде бас киімді болады. Көптеген мүсіндерде адам оң қолымен, кейде екі қолымен бірдей ыдыс немесе үлкен саптыаяқ ұстап тұрған күйінде, ал базбір мүсіндерде адамның беті немесе басы ғана бейнеленген. Ақсүйек өкілдерінің мүсіндері жасалған. Олар, әдетте, қырынан немесе жалпағынан қаланған төрт бұрышты тас қорғандармен қоршалған бейіттердің басына қойылған. Мүсіндердің арқасы қоршауға, беті шығысқа қаратылып орнатылған. Мұндай ескерткіштер өлікке ас берілетін төбелердің басына да қойылған. Кейде бейіттің қоршауларынан шығысқа қарай кейде қатар-қатар тізілген тас бағана – балбалдар орнатылған, олардың арасында антропоморфты мүсіндер де бар. Тас мүсіндер тұрақты иконографиялы мәдени сипаттағы ескерткіштер. Ислам қағидаларының таралуымен байланысты адамды бейнелеу дәстүрі жойылды. Бұл дін едәуір кейінірек сіңген солт. аудандарда ғана адамның тас мүсінін жасау дәстүрі едәуір уақыт бойы сақталып келді. Қазақ жерінде 6 – 8 ғ-ларда айналыста болған ақша пішінін сипаттайтын материал тым тапшы. 6 – 8 ғ-лардағы теңгелерді билік басындағы рулардың өкілдері шығарған. Олар бұл ақшаларға өздерінің белгілерін – рудың идеограммалық таңбаларын түсірген. Бұл таңбаларға қарап билеушінің руын, сондай-ақ, қай рудың ежелгі ру екенін анықтауға болады. 6 – 8 ғ-лардағы Оңт. Қазақстанның ең ірі саяси-экон. аудандарының бірі Отырар қ. болды. Бұл қаланың және оның төңірегіндегі тұрғындардың тұрмысы шет аймақтарға елеулі ықпалын тигізді. Отырар қолөнершілері шығарған өнім Қаратаудың күнгейі мен теріскейіндегі, Сырдарияның орта ағысы мен Арыс аңғарындағы көптеген қалалардың базарларында сатылды. Отырар маңында ақшалы сауданың өріс алғанын Отырартөбенің өзінен және оның төңірегіндегі қалалардың ескі жұртынан (Мардан-Күйік, Құйрықтөбе) табылған заттар дәлелдеді. Жазба деректерде Сырдария бойындағы кейбір қалалар хараджды дирхемнің екі түрімен: мусейябимен және хорезмимен төлегендігін дәлелдейтін мәліметтер бар. Қарахан әулетінің ақша шығару ісі Самани әулеті заманынан қалған мұраны пайдаланған. Бұрынғыша “қара дирхемдердің” барлық түрлері айналымда жүре берді, олардың ішінен неғұрлым ұзағырақ пайдаланылғаны гитрифи түріндегі “мыс тектес” ақшалар болды. Бұған қоса, рынок нарқы зорлықпен енгізілген дирхемдердің жаңа түрлерімен толықтырылды. Егер 11 ғ-дың басында жоғары сапалы күміс дирхемдер айналымда жүрсе, 11 ғ-дың 2-онжылдығының басынан бастап құрамындағы мыстың мөлш. 35%-ға дейін жететін теңгелер шығарылғаны белгілі. Күміс ақша құю 11 ғ-дың соңғы ширегіне дейін созылды. Шамамен 11 ғ-дың орта кезінен бастап Қарахан мемлекетінің ақша жасайтын үйлерінің бір бөлігі біраз уақыт мыс пен қорғасынның қорытпасынан құйылған дирхемдер де шығарып тұрған. 12 – 13 ғ-ларда дирхемдер мыстан жасалып, бетіне күміс жалатылатын болды, оларды күміс жалатылған дирхемдер деп атады. “Күміс дағдарысының” пайда болуына Орта Азияда күміс қорының азайғандығы себепші болды. 11 ғ-дан 13 ғ-дың бас кезіне дейінгі аралық қала өмірінің өркен жайған, тауар өндірісі өскен, сауда дамыған кезең болды. Өндірістің қаулап өсуі рынокты алмасу құралымен көптеп қамтамасыз етуді талап етті. Күміс қоры таза күміс теңгелердің пайда болуына мүмкіндік жасай алмады. Самани әулеті мен қарахан әулеті тұсында тауар орнына жүрген алтын динарлар енді айналым құралына кірді. Алтын ақша айналымында тұтас теңгелер ғана емес, сонымен бірге олардың әр түрлі көлемдегі және салмақты бөлшектері де айналымға қосылды. Көптеген ақша жасайтын үйлерде алтын динарлар шығарылды, олардың сапасы мен салмағында оқта-текте айырмашылық болды. Әйтсе де олар бір мезгілде айналымда жүре берген. Бұған Орта Азия жерінен табылған ақша қазынасы дәлел бола алады. Ұсақ бөлшек сауда үшін мезгіл-мезгіл мыс ақша шығарылып тұрған. Жалпы, ертедегі және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезінде феод. қатынастардың нығаюы, мемл. бірлестіктердің пайда болуы, отырықшы егіншілік пен қалалардың өсуі, бірігіп, топтасуға бағытталған этн. өзгерістердің күшеюі Орта Азия, Таяу Шығыс және Шығ. Еуропа халықтарымен экон. және мәдени байланыстар Қазақстан халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетінің өсуіне ықпал етті. Монументті архит. құрылыстар пайда болып, исламның таралуына байланысты қалаларда мешіттер салынды. Сәулет және сән өнерінің ескерткіштері – Тараздағы Айшабибі және Қарахан мазарлары салынды. Көзе, әсіресе құйма көзе жасау ісінде жаңа белгілер (ыдыс-аяқ түрінде, сондай-ақ оның өрнектері мен бояу түсінде) – хромдау, жылтырату, әр түрлі өрнек түрлері (өсімдік бұтақтары, жапырақтары, нақышты араб жазулары, геом. пішіндер), т.б. пайда болды. Бұл жергілікті көзе ерекшеліктерін сақтай отырып, оларды Мауераннахр, Хорезм көзелеріне жақындатты. Қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтары тілінің негізінде көне түркі руна жазуларын ығыстырып шығарған араб графикасындағы түркі жазулары қалыптасты. 11 – 12 ғ-дың әдеби ескерткіштерінің басым көпшілігі түркі этносының (негізінен қыпшақ-оғыз, қарлұқ-ұйғыр топтары) жергілікті тілдерінің даму бағыты етек ала бастағанына қарамастан, жалпы түріктік, тайпааралық “түркі” тілінде жазылды. Орта Азия мен Қазақстанның көптеген ғалым, әдебиетші, ақындары араб тілінде жазды. Оңт. Қазақстан мәдениетінің дамуына Отырардан (Фарабтан) шыққан, мұсылман әлеміне белгілі ұлы философ және ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидің ғыл. қызметі дәлел. Ол әлемдік мәдениет, әсіресе көне, араб, үнді-иран мәдениеті жетістіктерімен тығыз байланысты жергілікті мәдениет дәстүрлерімен тәрбиеленіп өсті. Әл-Фараби адамның ақыл-ойы мен болмысының диалектик. бірлігін ашып берді; астрономия мен геодезия, архитектураның матем. негіздері, муз. мен эстет. теориялары бойынша зерттеулер жүргізіп, бірқатар әлеум. және логик. трактаттар жазды. Филос. дидактик. “Құтадғу білік” поэмасының авторы Жүсіп Баласағұни (11 ғ.), түркі тайпаларының тілі, фольклоры және этнографиясына арналған белгілі “Диуани лұғат ат-түрік” шығармасының авторы Махмұт Қашқари, сондай-ақ, мәдени-тарихи және әлеум. тұрмыстық жайлардан мәлімет беретін “Диуани Хикмат” өлеңдер жинағының авторы Қожа Ахмет Иасауи (12 ғ.) түркі тілдес әдебиеттің көрнекті өкілдері болды. Қазақстан моңғол дәуірінде. 12 ғ-дың соңы мен 13 ғ-дың басында Орт. Азия мен Қазақстан далаларында көшпелі тайпалар одағы билеушілері арасында басқа тайпаларға өз үстемдігін орнату жолындағы күрес күшейе түсті. 13 ғ-дың бас кезінде Шыңғыс хан империясының құрылуы Еуразияның көптеген халықтары мен мемлекеттерінің тарихи тағдырына орасан зор ықпал жасады. Оның жаулаушылығы халықтар мен тайпалардың қалыптасқан қарым-қатынасы мен өзара байланысын бұзды және олардың этн.-саяси, шаруашылық-мәдени дамуының барысын өзгертті. 12 ғ-дың 2-жартысында моңғол тайпалары наймандар мен керейлерді ығыстырып, түркітілді топтарға сіңісіп, түркілерден материалдық мәдениеттің көптеген бөліктерін, шаруашылық пен тұрмыс түрлерін, көшпелілік әдет-ғұрпын, мал тұқымдарын алды. 13 ғ-дың басында Шыңғыс хан құрған мемлекет күшейе бастайды. 1206 ж. Орт. Азиядағы түркі-моңғол тайпаларын бір орталыққа біріктіргеннен кейін, 1207 – 11 ж. Сібір мен Шығ. Түркістан халықтары – бурят, якут, қырғыз, ұйғыр, т.б. бағындырды. Моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерінде бірқатар жерлерде бейбіт түрде де жүрді. 1210 – 1211 ж. қарлұқ ұлысының иесі Арыслан хан өз еркімен Шыңғыс хан қол астына өтеді. 1217 ж. Алмалы өңірінің билеушісі Бұзар моңғол ханының вассалына айналады. 1217 ж. Баласағұн қ. ұрыссыз беріледі. Оған моңғолдар “Гобалық” (“Жақсы қала”) атағын берді. Күшліктің езгісінен, оның Хорезмшах Мұхаммедпен және қарлұқ билеушілерімен соғысынан Жетісу халқы әбден күйзелген болатын. Сондықтан бұл өлке халықтары моңғолдарды құтқарушы ретінде қарсы алады. Шыңғыс хан Жетісу халқын өз жағына тарту үшін тонаушылық пен қырғынға тыйым салады. Жетісуды жаулап алу Шыңғыс ханға Орта Азияға жол ашты. 1218 ж. моңғолдардың Отырарға жіберілген сауда керуенін Хорезмшах әкімінің тонап алуы 1219 ж. Шыңғыс ханның шабуылын тездетті. Бұл кезде Шыңғысхан жағында көптеген жергілікті ақсүйектер де соғысты. Шабуылға шыққан 150 мың адамның 111 мыңы Орт. Азиялық түркі-моңғолдар, қалғандары Шыңғысхан вассалдары (қарлұқтар, ұйғырлар, т.б.) болды. 1219 ж. қыркүйекте моңғолдар Отырар қ-н қоршады. Қала бес ай қоршауда болып, халық аштыққа ұшырады. Осыған шыдамаған Қараджа-хаджиб қала қақпасын ашып жібереді. Бастапқыда 80 мың әскермен қаланы қорғаған Отырар билеушісі Қайырхан, ішкі қамалға бекініп, тағы бір ай бойы соңғы жауынгері қалғанша соғысады. Сығанақ қ-ның тұрғындары моңғолдарға жеті күн қарсылық көрсетеді. Жошы бастаған қол Сауран, Жент, Баршынкент, Үзкент, Ашнас қ-ларын басып алады. Сырдария бойындағы көптеген қалалар алынған соң моңғолдың қалың қолы Хорезмшах Мұхамед иелігіне ішкерілеп ене бастады. Бұхара, Самарқанд сияқты қалалар жауға ұрыссыз беріледі. 1221 ж. Хорезм жаулап алынды. Соғыс әрекеттері Орта Азияны түгелдей шарпыды. Сөйтіп, 1219 – 24 ж. Қазақстан жері толығымен Шыңғыс хан империясының құрамына енеді. Қазақстан жері үш моңғол ұлысының құрамына: оның дені (далалық жағы) – Жошы ұлысына, Оңт. және Оңт.-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Солт.-Шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына енді. 1227 ж. Шыңғыс хан дүние салғаннан кейін 13 ғ-дың екінші жартысынан бастап, оның империясы тәуелсіз бірнеше мемлекеттерге бөлінді [Жошы ұлысы (Алтын Орда), Шағатай ұлысы, Құбылай негізін қалаған Юань (Қытай) империясы, Ирандағы Хулагу (Илхандар) мемлекеті]. Жошы орнына келген Бату (Батый, Сайын) Дешті-Қыпшақ пен Еділ бұлғарларының жеріне, одан әрі Еуропа елдеріне жаулау жорығын бастайды. Орыстың аса ірі князьдіктерін талқандап, Польша, Венгрия, Чехияны, т.б. елдерді басып алады. 1236 – 42 ж. жорық нәтижесінде Бату хан қол астына Еділдің батысынан Дунайдың төм. жағына дейінгі аумақ қарайды, оның ішіне Қырым, Солт. Кавказ бен Бат. қыпшақ (половшылар) даласы да кіреді. Еділдің төм. ағысында Бату жаңа мемлекет негізін салады, ол кейінірек Алтын Орда деп аталады. Оның мемл. құрылымы тұтас алғанда Шыңғысхан енгізген үлгінің ізімен жүрді. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандар меншігі саналды. Аса маңызды мемл. мәселелерді құрылтай жиналысы шешті. Ең маңызды қызметтерді хан отбасының мүшелері атқарған. Әуелгі кезде Алтын Орда моңғолдың Қарақорымдағы ұлы ханға қарайтын. Ол Батудың інісі Берке хан (1255/56 – 1266) тұсында дербес мемлекетке айнала бастады. Мөңке-Темір (1266 – 80) кезінде толық дербестікке қол жеткізді. Ол өз теңгесін шығарып тұрған. Алтын Орда Туда Мөңке (1280 – 87), Төле-Бұқа (1287 – 91), Тоқты (1292 – 1312), әсіресе Өзбек (1312 – 42), Жәнібек (1342 – 57) хандар тұсында күшейіп тұрған. Мұнда 1312 ж. Өзбек хан исламды мемл. дін деп жариялайды. Алтын Ордадағы “дүрбелең жылдар” кезінде (1357 – 80) таққа отырған 25 хан ауысады. 14 ғ-дың 80-жылдарында елді уақытша Ақ Орда ханы Тоқтамыс пен Манғыт биі Едіге біріктірді. Бірақ, Ішкі тартыстар, Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорықтары, бұл мемлекеттің бөлшектенуіне алып келді. Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде 13 ғ-дың орта кезі мен 15 ғ-дың 1-ширегінде Алтын Ордаға тәуелді Ақ Орда мемлекеті болды. Оның кемеліне келіп, толысқан шағы 14 ғ-дың 2-жартысы, бірақ мемлекет аумағы Алтын Ордаға тәуелділігі әлсіреуіне орай, бірте-бірте кеңейіп қалыптасады. Өріс хан (Ұрұс хан, Орыс хан) тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. Осы кездері Ақ Орда Әмір Темір әскерінің шапқыншылығына әлденеше рет ұшырайды. 1376 ж. Ақ Ордаға Әмір Темір қолдауымен Тоқтамыс хан келіп, 1380 жылдан бастап Жошы ұлысын уақытша болса да біріктірді. 14 ғ-дың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарының 1-жартысында Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасындағы күресте Орыс ханның ұлы Құйыршық Мауераннахр әмірінің жағында болды. Ол Ақсақ Темір жеңісінен соң, Шығ. Дешті Қыпшақта билік жүргізді. 1419 – 22 ж. Құйыршықтың ұлы Барақ хан Ұлықбектің қолдауымен Ақ Ордадағы билік басына келді. Ол 1422 – 26 ж. Алтын Орда тағына отырды. 1428 ж. Барақ хан өлгеннен кейін, Шығ. Дешті Қыпшақтағы саяси билік шайбанилер әулетіне көшті (қ. Әбілхайыр хандығы). Ақ Орда – Қазақстанда жергілікті тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, үйсін, керей, найман, қарлұқ, т.б.) негізінде құрылған алғашқы мемлекет болды. 14 ғ-дың орта кезі мен 16 ғ-дың бас кезінде Оңт.-Шығ. Қазақстан – Шағатай мемлекетінің ыдырап кетуі салдарынан – Орта Азияның солт.-шығысында, Жетісу мен Шығыс Түркістанда құрылған Моғолстан мемлекетіне кіреді. Моғолстанның өз шекаралары батыстағы Ташкент пен Түркістан өңірлерінен шығыстағы Баркөл мен Хами қ-на дейінгі; солт-те Балқаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңт-тегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатқан “7 – 8 айлық жол” болатын. Моғолстан халқының құрамында дулат, қаңлы (бекшік), керейіт (керей), үйсін, аркенұт, баарин, арлат, барлас, т.б. түрік және түріктенген моңғол тайпалары болды. Моғолстанның алғашқы хандары Тоғлұқ Темір (1347 – 62) мен Ілияс қожа Шағатай әулетінің билігін қалпына келтіруге тырысты. 14 ғ-дың 70 – 80-жылдарында Қызыр-Қожа (1388 – 89) мен әмір Қамар әд-Дин дулат, Еңке төре және басқаларына, Темірмен соғысуға тура келді. Қызыр-Қожаның ұлы Мұхаммед хан (1408 – 16/18) мемлекетті басқарған кезде елдің жағдайы біршама нығайды. Ол мемлекетті бір орталыққа бағындыру үшін ислам дінін енгізуге күш салады. Уәйіс хан (1418 – 28) ел билеген жылдары мемлекет ойраттармен, темір әулетінен шыққан билеушілермен күресті. Есенбұға (1429 – 61/62) тұсында, Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр хандығынан Жетісуға Жәнібек пен Керей бастаған қазақтың бір бөлігі көшіп келеді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Әбілхайырдан тараған шайбани (шибани) тұқымының Шығыс дешті Қыпшақтағы билігі аяқталады. Олар бастаған көшпелі өзбектердің бір бөлігі (қыпшақ, қарлұқ, ұйғыр, қоңырат, т.б. тайпалар топтары) 16 ғ-дың бас кезінде Мауераннахрға қоныс аударады. Қазақстан жерінде қалып қойған тайпалар қазақ хандарының қол астына қарайды. Алтын Орда ыдырау кезінде пайда болған аса ірі мемл. бірлестіктің біреуі – Ноғай ордасы 14 – 15 ғ-ларда ол Бат. Қазақстан аумағының бір бөлігін иемденді. Ноғай ордасы Едіге тұсында жартылай тәуелсіз ел ретінде оңашаланып шығады. Едігенің ұлы Нұраддин (1426 – 40) кезінде Ноғай ордасы күшейіп, дербестікке қол жеткізеді. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. 15 ғ-дың 2-жартысында ноғайлар Жайықтан өтіп, шығыс пен оңт-ке қарай жылжи бастайды. Сырдария бойындағы қалалар үшін күрес жүргізіп жатқан Әбілхайыр ноғайларға қарсылық көрсете алмады. Ноғай ордасының құрамына түрік және түріктенген моңғол тайпалары мен тайпалық бірлестіктері кірді. Маңғыттарды есептемегенде, оған қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсін, алшын, тама, аз (ас), т.б. ру-тайпалар енді. 16 ғ-да Ноғай ордасы Орыс мемлекетімен сауда-экон. және саяси байланыс орнатады. Бұл мемлекеттің тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен аса тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы әсіресе көшпелі өзбектер (Әбілхайыр хандығы) мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Қазан және Астрахан хандықтарын Ресей қосып алғаннан кейін, ішкі қырқыс салдарынан Ноғай ордасы бірнеше дербес ордаларға бөлінді. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақтардың Кіші жүзінің құрамына кіреді. 15 ғ-дың 2-жартысы мен 16 ғ-дың 1-ширегінде қазақ халқының негізгі этн. аумағын мемлекет етіп біріктіру халықтың да, Қазақ хандығының да қалыптасу үрдістерінің аяқталуын тездетті. Қазақ хандығының Әбілхайыр хандығы мен Ақ Ордадан, сол сияқты Моғолстаннан бір айырмашылығы – оның олардан гөрі кең, тиянақты этн. негізі – қалыптасып біткен халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейін тұңғыш рет Шығ. Дешті Қыпшақтың, Түркістан мен Жетісудың күллі түркі рулары мен тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді. 14 – 15 ғ-ларда Қазақстанды мекендеген халық мал ш-мен де, егіншілікпен де айналысты. Ашнас, Үзгент, Аққорған, Сүткент, Сауран, Сарайшық қ-лары дамыды. Архит. ескерткіштер: Қожа Ахмет Иасауи мазары, Алаша хан, Жошы хан, Болған ана мазарлары бой көтерді. Қыпшақ тілі (немесе түркі тілі) үстем тілге айналды. Дешті Қыпшақ тілінде жазылып бізге жеткен мұра – 1245 ж. құрастырылған түрік-араб сөздігі. Өзінің сипаты жағынан алғанда бұл түсіндірме сөздік қыпшақ (құман) тілі ескерткіштерінің бірі – “Кодекс куманикустың” (13 ғ. соңы – 14 ғ. басы) тіліне жақын. Сыпыра жырау, Қодан тайшы (14 ғ.), Асан қайғы мен Қазтуған (15 – 16 ғ.) жыраулар шығарм-тары дамыды. “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, “Алпамыс батыр”, “Едіге батыр” жырлары пайда болды. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” лирик. эпосы да ортағасырлық бірегей туынды болып табылады. Қазақ хандығы (1456 – 1847). Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14 – 15 ғ-лардағы әлеум.-экон. және этн.-саяси өзгерістерден туған заңды қүбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экон. қуатының артуы және тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеум. қайшылықтардың үдеуі 15 ғ-дың 2-жартысында бұл мемл-тердің құлдырап, ыдырауына апарып соқтырды. Әсіресе, Әбілхайыр хандығы (1428 – 68) көптеген үлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс хан әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайырдың өз ұлысында, қатал тәртіп орнатпақ болған шаралары халық бұқарасының оған деген өшпенділігін күшейтті. Ақырында, халықтың бір бөлігі Дешті Қыпшақтан бөлініп Жетісудың батыс өңіріне көшіп келді (1456). Оны Жәнібек пен Керей сұлтандар басқарды. Осы оқиға дербес қазақ мемлекетінің негізін қалады. Моғолстан ханы Есенбұға оларды өзінің солт. шекарасын, сондай-ақ, өзінің бауыры Темір ұрпағы Абу Саид қолдап отырған Жүністің шапқыншылығынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланбақ болды. Жәнібек Ақ Орда ханы Барақтың ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы еді. Мырза Мұхамед Хайдар Дулат Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465 – 66) жатқызады. Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458 – 73). Одан кейін қазақ ханы – Жәнібек (1473 – 80). Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін (1462) ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, Жетісу халқы және Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Керей мен Жәнібек бастаған қазақ хандығының қуатын арттыра түсті. Керей мен Жәнібек бастаған қазақтарды қайта бағындыру үшін әскер жиып аттанған Әбілхайыр хан жолда кенеттен қайтыс болды (1468). Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік қорғаныс құрған Керей мен Жәнібек Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығ. Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері – ұлы Шайх-Хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды. Керей мен Жәнібек хандар сауда-экон. байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз биліктерін орнатуға тырысты. Сондай-ақ, Сырдың төм. және орт. сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді. 15 ғ-дың 70-жылдары Сауран, Созақ түбінде үлкен шайқастар болды. Яссыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Оңт. Қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ мемлекетін билеген Бұрындық хан (1480 – 1511) тұсында да толастамады. Дешті Қыпшақта қазақ хандарының билігі орнықты, Мұхаммед Шайбани Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мауераннахрға кетуге мәжбүр болды. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды. 16 – 17 ғ-ларда қазақ хандығы нығайып, шекарасы едәуір ұлғайды. Өз тұсында “жерді біріктіру” үрдісін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібек ұлы Қасым еді. Қасым ханның (1511 – 23) тұсында қазақ хандығының саяси және экон. жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен-тұрағы қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солт-те Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңт.-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өңірлері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс орнады. Мәскеудің Ұлы князі ІІІ Василий (1505 – 33) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті, Батыс Еуропа қазақ хандығын осы кезде танып білді. “Қасым ханның қасқа жолы” деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалды. Дегенмен, Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемл. деңгейіне көтеріле алмады. Ол Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты. Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523 – 32) хан болды. Маңғыт (Ноғай) және Моғол билеушілерімен қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмай, оңт-тегі және солт.-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, ықпалы Жетісуда ғана сақталды. Таһир ханның інісі Бұйдаштың (1533 – 34) тұсында да өзара қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. 1538 – 80 ж. Қасым ханның баласы Ақназар (Хақназар) хандықты біріктіруге әрекет етті. Ноғай ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өз-нің сол жағындағы жерді қосып алды. Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд-Рашидке қарсы сәтті күрес жүргізді. Өзбек ханы Абдолланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдолламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у беріп өлтірді. Ақназардың мұрагері Шығай (1580 – 82) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586 – 98) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұхар ханы Абдоллаға барған. Абдолла Шығайға Ходжент қ-н сыйға тартып, онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шықты. Осы жорықта Шығай қаза тапты. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшті. Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу жолында күресті. 1596 – 98 ж. Сыр бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Әндіжан, Акси, Самарқанд сияқты қ-ларды қазақ хандығына қаратты. Бұхара қ-н қоршауға алған кезде Тәуекел хан мерт болды. Енді хандыққа Есім хан Шығайұлы (1598 – 1628) билік етті. Ол 1598 ж. Бұхарамен бітім шартын жасасты. Өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойы қалалары мен Ташкент Қазақ хандығына берілді. Есім хан елді тыныштандыру саясатын жүргізді. Сондықтан ол қанға – қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салу, әдеп-ғұрыптары, т.б. уағыздады. Халық Есім хан заңдарын “Есім хан салған ескі жол” деп атады. Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  

Соңғы редакциялау:

19 қазан 2012

 

Ертедегі және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезіндегі халықтар мен тайпалардың мәдениеті (6 – 13 ғасырлардың басы). Орта ғ-лардағы тарихи және геогр. әдебиеттерде Оңт., Оңт.-Шығыс және Орт. Қазақстанда, Талас, Қырғыз, Іле және Жоңғар Алатауларының бөктерлерінде, Қаратаудың күнгей және теріскей беттерінде, Сырдария, Арыс, Шу, Талас, Сарысу, Кеңгір, т.б. өзендердің аңғарларында егіншіліктің, қала құрылысы мен сәулет өнерінің жоғары дәрежеде дамығаны айтылады. 6 – 13 ғ-дың басында қалалардың пайда болу, даму тарихын археол. деректер де растауда. Қазба жұмыстарының барысында қалалардың терең тамырлы материалдық мәдениет дәстүрлері болғаны анықталды. Ол дәстүрлер Қаңлы мен Үйсін заманындағы ежелгі егіншілік қоныстардан бастау алады. 6 – 7 ғ-ларда феод. қатынастардың нығаюына байланысты экон. өрлеу басталды. Саяси және экон. орталықтар бірте-бірте қалаларға айнала бастады. Ортағасыр қалалары үш бөлікке бөлінеді: 1) Цитадель – қаланың ішкі бекіністі бөлігі; билеуші ордасы орналасқан; 2) Шахристанда (Шаһристан) цитадель төңірегіндегі ақсүйектер мен саудагерлер және оларға қызмет етушілердің тұрғын үйлері орналасты. Ол қаланың экон. орт. болды. Шахристан әдетте мұнара, кіретін қақпалары бар дуалдармен қоршалған. Оның айналасында қолөнершілер мен кедейлер қоныстанған рабат орналасқан. Кейінгі кезеңдерде рабаттар да дуалмен қоршалды. Археол. қазбалардан жинаған материалдар қалаларда қол өнерінің қалай дамып, қандай дәрежеге жеткендігін шамалауға мүмкіндік береді. Орта ғ-ларда қыштан ыдыс жасау ерекше дамыды. Көзе, саптаяқ, табақша, дастархан, құм түрлері көптеп жасалды. Қала тұрмысында тоқыма, әйнек үрлеу, зергерлік, ұсталық, ағашты және сүйекті бедерлеп ою жоғары дәрежеге жеткен. Әйнек бұйымдар жасау өндірісі кең өріс алған. Ежелгі Тараз, Отырар, Ақтөбе, Талғар, т.б. қ-ларда әйнек әзірленген. Металдан шырағдан мен оның тұғыры, ағаш соқа түрені, орақ, кетпен, қару-жарақ (найза, садақ жебесі, т.б.) ұста аспаптары (балға, төс, қысқаш, т.б.) сияқты бұйымдар жасалған. Сүйек пен мүйізден бойтұмар, пышақ сабы, ойын сүйектері, түймелер, т.б. ұсақ-түйек бұйымдар дайындалды. Бұл кезеңде егіншілік шаруашылықтың жетекші салаларының біріне айналды. Егіншілікпен ауыл ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да шұғылданды. Қазақстандағы елді мекендер мен қала тұрғындары егіншілікпен, бақ және жүзім ш-мен шұғылданғаны туралы жазба деректерде көп айтылады. 6 – 7 ғ-ларда Қазақстан халқының көпшілігі жартылай көшпелі және көшпелі тұрмыс кешті.

Түркілердің келуімен бірге Қазақстан жерінде тізбектелген балбалдармен қоса антропоморфтық тас мүсін, қатар-қатар тас қоршаулар пайда болды. Осы тұста темір үзеңгілер, садақ жебесінің, қанжардың жаңа түрлері, қылыш соғылды. Металл жапсырмалармен безендірілген жауынгерлік белбеу кең тарады. 6 – 8 ғ-лардан қалған бейіттерге өлген кісіні мінген атымен бірге жерлеу рәсімі тән. Бейіттердің сыртқы белгілері мынадай: астыңғы жағы төрт бұрышты немесе шаршы пішінді болып келеді де, үстіне аласалау етіп тас немесе топырақ үйеді. Өлген кісінің мәйіті тұрқы сопақша етіп қазылған шұңқырға жерленеді, жанына заттары, әсемдік бұйымдары, қару-жарақтар қойылады. Атты шұңқырдың түбінен жоғарырақ тұстан ойылған кертпешекке төрт аяғын бауырына бүгіп, қырынан жатқызып көмген. Кейде бейітке аттың басы немесе денесінің бір бөлігі ғана қойылған. Бейіттерден қару-жарақ, ер-тұрман, тұрмыстық бұйымдар, қос жүзді семсерлер, ағаш қынапты қылыштар табылды. Қынаптың сырты былғарымен қапталып, өсімдік суреттерімен безендірілген. Жебелер ұшы әр түрлі – үш қырлы, төрт қырлы болып келеді, үш қанаттысы, жапырақ секілді жалпақтары да кездеседі. Жебе ұз. 40 – 80 см мөлшерінде көк теректен жасалған, кейде қызыл түске боялған. Аттың ер-тұрманы, темір ауыздықтар, үзеңгілер және жүген әшекейлеріне қарағанда түркі ісмерлері әшекейлік жұқа темірлерді, айылбастарды жасауға өте шебер болған. Әдетте айылбастар қола мен темірден істеліп, жапсырмалар мен әшекейлерге қола, күміс, алтын пайдаланған. Олардың бетіндегі күрделі суреттерде барыс, жылан, бұғы, күшіген сияқты аңдар мен өсімдік жапырақтары бейнеленген. Әсем белбеу жапсырмаларының көбі жүрек пішіндес. Сондай бір жапсырма әшекейдің бетінде жолбарысқа найза түйреп тұрған салт аттының суреті бейнеленген. Төрт бұрышты айылбастар, сүйектен істелген алқалар да табылды. Қызылқайнардан (Жетісуда) табылған алқа конус тәрізді етіп істелген де, бетіне сілеусін басының суреті өрнектелген.

Археол. материалдармен қоса жазба деректер де түркілердің киім-кешегі жөнінде пайымдауға мүмкіндік береді. Сыртқы киім теріден, басқа киімдер жүн және жібек матадан тігілген. Ол кезде жұрт шапан киіп жүрген. Шалғайы солдан оңға қарай қаусырылған, денеге қонымды, ықшам шапанның сыртынан белбеу буынған, белбеуге қынаптағы семсер және пышақ, шақпақ, қайрақ, ұстара, т.б. ұсақ-түйек салатын кісе ілінген. Шалбардың балағын тұмсығы қайқиған, жұқа ұлтанды, өкшесіз етіктің қонышына салып жүрген.

Қазақстан – тас мүсіндер көп тараған аймақ. Олардың арасында шынайы өнер туындылары да кездеседі. Мыс., әйгілі қошқар мүйіз тастар. Тас қашаушылардың (мүсіншілердің) шеберханалары болғаны, оларда түрлі мүсіндер жасалғаны мәлім. Мүсін жасауға тұрқы ұзын тастар (орташа биікт. 0,5 м-ден 2,8 м-ге дейін) таңдап алынған, тастың беті бедерлеу немесе ойып кейіптеу әдісімен өңделген.

Мүсіндерде көбінесе еркектің суреті салынған, кейде әйел бейнесі де кездеседі. Әдетте, еркектер шапан киген, кіселі белбеулі, асынған қаруы бар қалпында бейнеленеді. Кейде жалаң бас, кейде бас киімді болады. Көптеген мүсіндерде адам оң қолымен, кейде екі қолымен бірдей ыдыс немесе үлкен саптыаяқ ұстап тұрған күйінде, ал базбір мүсіндерде адамның беті немесе басы ғана бейнеленген.

Ақсүйек өкілдерінің мүсіндері жасалған. Олар, әдетте, қырынан немесе жалпағынан қаланған төрт бұрышты тас қорғандармен қоршалған бейіттердің басына қойылған. Мүсіндердің арқасы қоршауға, беті шығысқа қаратылып орнатылған. Мұндай ескерткіштер өлікке ас берілетін төбелердің басына да қойылған. Кейде бейіттің қоршауларынан шығысқа қарай кейде қатар-қатар тізілген тас бағана – балбалдар орнатылған, олардың арасында антропоморфты мүсіндер де бар. Тас мүсіндер тұрақты иконографиялы мәдени сипаттағы ескерткіштер. Ислам қағидаларының таралуымен байланысты адамды бейнелеу дәстүрі жойылды. Бұл дін едәуір кейінірек сіңген солт. аудандарда ғана адамның тас мүсінін жасау дәстүрі едәуір уақыт бойы сақталып келді.

Қазақ жерінде 6 – 8 ғ-ларда айналыста болған ақша пішінін сипаттайтын материал тым тапшы. 6 – 8 ғ-лардағы теңгелерді билік басындағы рулардың өкілдері шығарған. Олар бұл ақшаларға өздерінің белгілерін – рудың идеограммалық таңбаларын түсірген. Бұл таңбаларға қарап билеушінің руын, сондай-ақ, қай рудың ежелгі ру екенін анықтауға болады. 6 – 8 ғ-лардағы Оңт. Қазақстанның ең ірі саяси-экон. аудандарының бірі Отырар қ. болды. Бұл қаланың және оның төңірегіндегі тұрғындардың тұрмысы шет аймақтарға елеулі ықпалын тигізді. Отырар қолөнершілері шығарған өнім Қаратаудың күнгейі мен теріскейіндегі, Сырдарияның орта ағысы мен Арыс аңғарындағы көптеген қалалардың базарларында сатылды. Отырар маңында ақшалы сауданың өріс алғанын Отырартөбенің өзінен және оның төңірегіндегі қалалардың ескі жұртынан (Мардан-Күйік, Құйрықтөбе) табылған заттар дәлелдеді. Жазба деректерде Сырдария бойындағы кейбір қалалар хараджды дирхемнің екі түрімен: мусейябимен және хорезмимен төлегендігін дәлелдейтін мәліметтер бар. Қарахан әулетінің ақша шығару ісі Самани әулеті заманынан қалған мұраны пайдаланған. Бұрынғыша “қара дирхемдердің” барлық түрлері айналымда жүре берді, олардың ішінен неғұрлым ұзағырақ пайдаланылғаны гитрифи түріндегі “мыс тектес” ақшалар болды. Бұған қоса, рынок нарқы зорлықпен енгізілген дирхемдердің жаңа түрлерімен толықтырылды. Егер 11 ғ-дың басында жоғары сапалы күміс дирхемдер айналымда жүрсе, 11 ғ-дың 2-онжылдығының басынан бастап құрамындағы мыстың мөлш. 35%-ға дейін жететін теңгелер шығарылғаны белгілі. Күміс ақша құю 11 ғ-дың соңғы ширегіне дейін созылды. Шамамен 11 ғ-дың орта кезінен бастап Қарахан мемлекетінің ақша жасайтын үйлерінің бір бөлігі біраз уақыт мыс пен қорғасынның қорытпасынан құйылған дирхемдер де шығарып тұрған. 12 – 13 ғ-ларда дирхемдер мыстан жасалып, бетіне күміс жалатылатын болды, оларды күміс жалатылған дирхемдер деп атады. “Күміс дағдарысының” пайда болуына Орта Азияда күміс қорының азайғандығы себепші болды.

11 ғ-дан 13 ғ-дың бас кезіне дейінгі аралық қала өмірінің өркен жайған, тауар өндірісі өскен, сауда дамыған кезең болды. Өндірістің қаулап өсуі рынокты алмасу құралымен көптеп қамтамасыз етуді талап етті. Күміс қоры таза күміс теңгелердің пайда болуына мүмкіндік жасай алмады. Самани әулеті мен қарахан әулеті тұсында тауар орнына жүрген алтын динарлар енді айналым құралына кірді. Алтын ақша айналымында тұтас теңгелер ғана емес, сонымен бірге олардың әр түрлі көлемдегі және салмақты бөлшектері де айналымға қосылды. Көптеген ақша жасайтын үйлерде алтын динарлар шығарылды, олардың сапасы мен салмағында оқта-текте айырмашылық болды. Әйтсе де олар бір мезгілде айналымда жүре берген. Бұған Орта Азия жерінен табылған ақша қазынасы дәлел бола алады. Ұсақ бөлшек сауда үшін мезгіл-мезгіл мыс ақша шығарылып тұрған.

Жалпы, ертедегі және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезінде феод. қатынастардың нығаюы, мемл. бірлестіктердің пайда болуы, отырықшы егіншілік пен қалалардың өсуі, бірігіп, топтасуға бағытталған этн. өзгерістердің күшеюі Орта Азия, Таяу Шығыс және Шығ. Еуропа халықтарымен экон. және мәдени байланыстар Қазақстан халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетінің өсуіне ықпал етті. Монументті архит. құрылыстар пайда болып, исламның таралуына байланысты қалаларда мешіттер салынды. Сәулет және сән өнерінің ескерткіштері – Тараздағы Айшабибі және Қарахан мазарлары салынды. Көзе, әсіресе құйма көзе жасау ісінде жаңа белгілер (ыдыс-аяқ түрінде, сондай-ақ оның өрнектері мен бояу түсінде) – хромдау, жылтырату, әр түрлі өрнек түрлері (өсімдік бұтақтары, жапырақтары, нақышты араб жазулары, геом. пішіндер), т.б. пайда болды. Бұл жергілікті көзе ерекшеліктерін сақтай отырып, оларды Мауераннахр, Хорезм көзелеріне жақындатты. Қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтары тілінің негізінде көне түркі руна жазуларын ығыстырып шығарған араб графикасындағы түркі жазулары қалыптасты. 11 – 12 ғ-дың әдеби ескерткіштерінің басым көпшілігі түркі этносының (негізінен қыпшақ-оғыз, қарлұқ-ұйғыр топтары) жергілікті тілдерінің даму бағыты етек ала бастағанына қарамастан, жалпы түріктік, тайпааралық “түркі” тілінде жазылды. Орта Азия мен Қазақстанның көптеген ғалым, әдебиетші, ақындары араб тілінде жазды. Оңт. Қазақстан мәдениетінің дамуына Отырардан (Фарабтан) шыққан, мұсылман әлеміне белгілі ұлы философ және ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидің ғыл. қызметі дәлел. Ол әлемдік мәдениет, әсіресе көне, араб, үнді-иран мәдениеті жетістіктерімен тығыз байланысты жергілікті мәдениет дәстүрлерімен тәрбиеленіп өсті. Әл-Фараби адамның ақыл-ойы мен болмысының диалектик. бірлігін ашып берді; астрономия мен геодезия, архитектураның матем. негіздері, муз. мен эстет. теориялары бойынша зерттеулер жүргізіп, бірқатар әлеум. және логик. трактаттар жазды. Филос. дидактик. “Құтадғу білік” поэмасының авторы Жүсіп Баласағұни (11 ғ.), түркі тайпаларының тілі, фольклоры және этнографиясына арналған белгілі “Диуани лұғат ат-түрік” шығармасының авторы Махмұт Қашқари, сондай-ақ, мәдени-тарихи және әлеум. тұрмыстық жайлардан мәлімет беретін “Диуани Хикмат” өлеңдер жинағының авторы Қожа Ахмет Иасауи (12 ғ.) түркі тілдес әдебиеттің көрнекті өкілдері болды.

Қазақстан моңғол дәуірінде. 12 ғ-дың соңы мен 13 ғ-дың басында Орт. Азия мен Қазақстан далаларында көшпелі тайпалар одағы билеушілері арасында басқа тайпаларға өз үстемдігін орнату жолындағы күрес күшейе түсті. 13 ғ-дың бас кезінде Шыңғыс хан империясының құрылуы Еуразияның көптеген халықтары мен мемлекеттерінің тарихи тағдырына орасан зор ықпал жасады. Оның жаулаушылығы халықтар мен тайпалардың қалыптасқан қарым-қатынасы мен өзара байланысын бұзды және олардың этн.-саяси, шаруашылық-мәдени дамуының барысын өзгертті. 12 ғ-дың 2-жартысында моңғол тайпалары наймандар мен керейлерді ығыстырып, түркітілді топтарға сіңісіп, түркілерден материалдық мәдениеттің көптеген бөліктерін, шаруашылық пен тұрмыс түрлерін, көшпелілік әдет-ғұрпын, мал тұқымдарын алды. 13 ғ-дың басында Шыңғыс хан құрған мемлекет күшейе бастайды. 1206 ж. Орт. Азиядағы түркі-моңғол тайпаларын бір орталыққа біріктіргеннен кейін, 1207 – 11 ж. Сібір мен Шығ. Түркістан халықтары – бурят, якут, қырғыз, ұйғыр, т.б. бағындырды. Моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерінде бірқатар жерлерде бейбіт түрде де жүрді. 1210 – 1211 ж. қарлұқ ұлысының иесі Арыслан хан өз еркімен Шыңғыс хан қол астына өтеді. 1217 ж. Алмалы өңірінің билеушісі Бұзар моңғол ханының вассалына айналады. 1217 ж. Баласағұн қ. ұрыссыз беріледі. Оған моңғолдар “Гобалық” (“Жақсы қала”) атағын берді. Күшліктің езгісінен, оның Хорезмшах Мұхаммедпен және қарлұқ билеушілерімен соғысынан Жетісу халқы әбден күйзелген болатын. Сондықтан бұл өлке халықтары моңғолдарды құтқарушы ретінде қарсы алады. Шыңғыс хан Жетісу халқын өз жағына тарту үшін тонаушылық пен қырғынға тыйым салады. Жетісуды жаулап алу Шыңғыс ханға Орта Азияға жол ашты. 1218 ж. моңғолдардың Отырарға жіберілген сауда керуенін Хорезмшах әкімінің тонап алуы 1219 ж. Шыңғыс ханның шабуылын тездетті. Бұл кезде Шыңғысхан жағында көптеген жергілікті ақсүйектер де соғысты. Шабуылға шыққан 150 мың адамның 111 мыңы Орт. Азиялық түркі-моңғолдар, қалғандары Шыңғысхан вассалдары (қарлұқтар, ұйғырлар, т.б.) болды. 1219 ж. қыркүйекте моңғолдар Отырар қ-н қоршады. Қала бес ай қоршауда болып, халық аштыққа ұшырады. Осыған шыдамаған Қараджа-хаджиб қала қақпасын ашып жібереді. Бастапқыда 80 мың әскермен қаланы қорғаған Отырар билеушісі Қайырхан, ішкі қамалға бекініп, тағы бір ай бойы соңғы жауынгері қалғанша соғысады. Сығанақ қ-ның тұрғындары моңғолдарға жеті күн қарсылық көрсетеді. Жошы бастаған қол Сауран, Жент, Баршынкент, Үзкент, Ашнас қ-ларын басып алады. Сырдария бойындағы көптеген қалалар алынған соң моңғолдың қалың қолы Хорезмшах Мұхамед иелігіне ішкерілеп ене бастады. Бұхара, Самарқанд сияқты қалалар жауға ұрыссыз беріледі. 1221 ж. Хорезм жаулап алынды. Соғыс әрекеттері Орта Азияны түгелдей шарпыды. Сөйтіп, 1219 – 24 ж. Қазақстан жері толығымен Шыңғыс хан империясының құрамына енеді. Қазақстан жері үш моңғол ұлысының құрамына: оның дені (далалық жағы) – Жошы ұлысына, Оңт. және Оңт.-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Солт.-Шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына енді. 1227 ж. Шыңғыс хан дүние салғаннан кейін 13 ғ-дың екінші жартысынан бастап, оның империясы тәуелсіз бірнеше мемлекеттерге бөлінді [Жошы ұлысы (Алтын Орда), Шағатай ұлысы, Құбылай негізін қалаған Юань (Қытай) империясы, Ирандағы Хулагу (Илхандар) мемлекеті]. Жошы орнына келген Бату (Батый, Сайын) Дешті-Қыпшақ пен Еділ бұлғарларының жеріне, одан әрі Еуропа елдеріне жаулау жорығын бастайды. Орыстың аса ірі князьдіктерін талқандап, Польша, Венгрия, Чехияны, т.б. елдерді басып алады. 1236 – 42 ж. жорық нәтижесінде Бату хан қол астына Еділдің батысынан Дунайдың төм. жағына дейінгі аумақ қарайды, оның ішіне Қырым, Солт. Кавказ бен Бат. қыпшақ (половшылар) даласы да кіреді. Еділдің төм. ағысында Бату жаңа мемлекет негізін салады, ол кейінірек Алтын Орда деп аталады. Оның мемл. құрылымы тұтас алғанда Шыңғысхан енгізген үлгінің ізімен жүрді. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандар меншігі саналды. Аса маңызды мемл. мәселелерді құрылтай жиналысы шешті. Ең маңызды қызметтерді хан отбасының мүшелері атқарған. Әуелгі кезде Алтын Орда моңғолдың Қарақорымдағы ұлы ханға қарайтын. Ол Батудың інісі Берке хан (1255/56 – 1266) тұсында дербес мемлекетке айнала бастады. Мөңке-Темір (1266 – 80) кезінде толық дербестікке қол жеткізді. Ол өз теңгесін шығарып тұрған. Алтын Орда Туда Мөңке (1280 – 87), Төле-Бұқа (1287 – 91), Тоқты (1292 – 1312), әсіресе Өзбек (1312 – 42), Жәнібек (1342 – 57) хандар тұсында күшейіп тұрған. Мұнда 1312 ж. Өзбек хан исламды мемл. дін деп жариялайды. Алтын Ордадағы “дүрбелең жылдар” кезінде (1357 – 80) таққа отырған 25 хан ауысады. 14 ғ-дың 80-жылдарында елді уақытша Ақ Орда ханы Тоқтамыс пен Манғыт биі Едіге біріктірді. Бірақ, Ішкі тартыстар, Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорықтары, бұл мемлекеттің бөлшектенуіне алып келді. Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде 13 ғ-дың орта кезі мен 15 ғ-дың 1-ширегінде Алтын Ордаға тәуелді Ақ Орда мемлекеті болды. Оның кемеліне келіп, толысқан шағы 14 ғ-дың 2-жартысы, бірақ мемлекет аумағы Алтын Ордаға тәуелділігі әлсіреуіне орай, бірте-бірте кеңейіп қалыптасады. Өріс хан (Ұрұс хан, Орыс хан) тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. Осы кездері Ақ Орда Әмір Темір әскерінің шапқыншылығына әлденеше рет ұшырайды. 1376 ж. Ақ Ордаға Әмір Темір қолдауымен Тоқтамыс хан келіп, 1380 жылдан бастап Жошы ұлысын уақытша болса да біріктірді. 14 ғ-дың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарының 1-жартысында Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасындағы күресте Орыс ханның ұлы Құйыршық Мауераннахр әмірінің жағында болды. Ол Ақсақ Темір жеңісінен соң, Шығ. Дешті Қыпшақта билік жүргізді. 1419 – 22 ж. Құйыршықтың ұлы Барақ хан Ұлықбектің қолдауымен Ақ Ордадағы билік басына келді. Ол 1422 – 26 ж. Алтын Орда тағына отырды. 1428 ж. Барақ хан өлгеннен кейін, Шығ. Дешті Қыпшақтағы саяси билік шайбанилер әулетіне көшті (қ. Әбілхайыр хандығы). Ақ Орда – Қазақстанда жергілікті тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, үйсін, керей, найман, қарлұқ, т.б.) негізінде құрылған алғашқы мемлекет болды.

14 ғ-дың орта кезі мен 16 ғ-дың бас кезінде Оңт.-Шығ. Қазақстан – Шағатай мемлекетінің ыдырап кетуі салдарынан – Орта Азияның солт.-шығысында, Жетісу мен Шығыс Түркістанда құрылған Моғолстан мемлекетіне кіреді. Моғолстанның өз шекаралары батыстағы Ташкент пен Түркістан өңірлерінен шығыстағы Баркөл мен Хами қ-на дейінгі; солт-те Балқаш, Тарбағатай мен Қара Ертістен оңт-тегі Ферғана мен Қашғарияның егінді аймақтарына дейін созылып жатқан “7 – 8 айлық жол” болатын. Моғолстан халқының құрамында дулат, қаңлы (бекшік), керейіт (керей), үйсін, аркенұт, баарин, арлат, барлас, т.б. түрік және түріктенген моңғол тайпалары болды. Моғолстанның алғашқы хандары Тоғлұқ Темір (1347 – 62) мен Ілияс қожа Шағатай әулетінің билігін қалпына келтіруге тырысты. 14 ғ-дың 70 – 80-жылдарында Қызыр-Қожа (1388 – 89) мен әмір Қамар әд-Дин дулат, Еңке төре және басқаларына, Темірмен соғысуға тура келді. Қызыр-Қожаның ұлы Мұхаммед хан (1408 – 16/18) мемлекетті басқарған кезде елдің жағдайы біршама нығайды. Ол мемлекетті бір орталыққа бағындыру үшін ислам дінін енгізуге күш салады. Уәйіс хан (1418 – 28) ел билеген жылдары мемлекет ойраттармен, темір әулетінен шыққан билеушілермен күресті. Есенбұға (1429 – 61/62) тұсында, Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр хандығынан Жетісуға Жәнібек пен Керей бастаған қазақтың бір бөлігі көшіп келеді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Әбілхайырдан тараған шайбани (шибани) тұқымының Шығыс дешті Қыпшақтағы билігі аяқталады. Олар бастаған көшпелі өзбектердің бір бөлігі (қыпшақ, қарлұқ, ұйғыр, қоңырат, т.б. тайпалар топтары) 16 ғ-дың бас кезінде Мауераннахрға қоныс аударады. Қазақстан жерінде қалып қойған тайпалар қазақ хандарының қол астына қарайды. Алтын Орда ыдырау кезінде пайда болған аса ірі мемл. бірлестіктің біреуі – Ноғай ордасы 14 – 15 ғ-ларда ол Бат. Қазақстан аумағының бір бөлігін иемденді. Ноғай ордасы Едіге тұсында жартылай тәуелсіз ел ретінде оңашаланып шығады. Едігенің ұлы Нұраддин (1426 – 40) кезінде Ноғай ордасы күшейіп, дербестікке қол жеткізеді. Басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай ордасының шекарасы да сыртқы саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырады. 15 ғ-дың 2-жартысында ноғайлар Жайықтан өтіп, шығыс пен оңт-ке қарай жылжи бастайды. Сырдария бойындағы қалалар үшін күрес жүргізіп жатқан Әбілхайыр ноғайларға қарсылық көрсете алмады. Ноғай ордасының құрамына түрік және түріктенген моңғол тайпалары мен тайпалық бірлестіктері кірді. Маңғыттарды есептемегенде, оған қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсін, алшын, тама, аз (ас), т.б. ру-тайпалар енді. 16 ғ-да Ноғай ордасы Орыс мемлекетімен сауда-экон. және саяси байланыс орнатады. Бұл мемлекеттің тарихы Еділ бойы мен Сібірдегі, Орта Азия мен Қазақстандағы көрші мемлекеттер тарихымен аса тығыз байланысты. Ноғайлар тарихы әсіресе көшпелі өзбектер (Әбілхайыр хандығы) мен қазақтар тарихына айрықша жақын. Қазан және Астрахан хандықтарын Ресей қосып алғаннан кейін, ішкі қырқыс салдарынан Ноғай ордасы бірнеше дербес ордаларға бөлінді. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақтардың Кіші жүзінің құрамына кіреді. 15 ғ-дың 2-жартысы мен 16 ғ-дың 1-ширегінде қазақ халқының негізгі этн. аумағын мемлекет етіп біріктіру халықтың да, Қазақ хандығының да қалыптасу үрдістерінің аяқталуын тездетті. Қазақ хандығының Әбілхайыр хандығы мен Ақ Ордадан, сол сияқты Моғолстаннан бір айырмашылығы – оның олардан гөрі кең, тиянақты этн. негізі – қалыптасып біткен халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейін тұңғыш рет Шығ. Дешті Қыпшақтың, Түркістан мен Жетісудың күллі түркі рулары мен тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді.

14 – 15 ғ-ларда Қазақстанды мекендеген халық мал ш-мен де, егіншілікпен де айналысты. Ашнас, Үзгент, Аққорған, Сүткент, Сауран, Сарайшық қ-лары дамыды. Архит. ескерткіштер: Қожа Ахмет Иасауи мазары, Алаша хан, Жошы хан, Болған ана мазарлары бой көтерді. Қыпшақ тілі (немесе түркі тілі) үстем тілге айналды. Дешті Қыпшақ тілінде жазылып бізге жеткен мұра – 1245 ж. құрастырылған түрік-араб сөздігі. Өзінің сипаты жағынан алғанда бұл түсіндірме сөздік қыпшақ (құман) тілі ескерткіштерінің бірі – “Кодекс куманикустың” (13 ғ. соңы – 14 ғ. басы) тіліне жақын. Сыпыра жырау, Қодан тайшы (14 ғ.), Асан қайғы мен Қазтуған (15 – 16 ғ.) жыраулар шығарм-тары дамыды. “Ер Тарғын”, “Қамбар батыр”, “Алпамыс батыр”, “Едіге батыр” жырлары пайда болды. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” лирик. эпосы да ортағасырлық бірегей туынды болып табылады.

Қазақ хандығы (1456 – 1847). Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14 – 15 ғ-лардағы әлеум.-экон. және этн.-саяси өзгерістерден туған заңды қүбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экон. қуатының артуы және тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеум. қайшылықтардың үдеуі 15 ғ-дың 2-жартысында бұл мемл-тердің құлдырап, ыдырауына апарып соқтырды. Әсіресе, Әбілхайыр хандығы (1428 – 68) көптеген үлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс хан әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайырдың өз ұлысында, қатал тәртіп орнатпақ болған шаралары халық бұқарасының оған деген өшпенділігін күшейтті. Ақырында, халықтың бір бөлігі Дешті Қыпшақтан бөлініп Жетісудың батыс өңіріне көшіп келді (1456). Оны Жәнібек пен Керей сұлтандар басқарды. Осы оқиға дербес қазақ мемлекетінің негізін қалады. Моғолстан ханы Есенбұға оларды өзінің солт. шекарасын, сондай-ақ, өзінің бауыры Темір ұрпағы Абу Саид қолдап отырған Жүністің шапқыншылығынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланбақ болды. Жәнібек Ақ Орда ханы Барақтың ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы еді. Мырза Мұхамед Хайдар Дулат Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465 – 66) жатқызады. Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458 – 73). Одан кейін қазақ ханы – Жәнібек (1473 – 80). Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін (1462) ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, Жетісу халқы және Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Керей мен Жәнібек бастаған қазақ хандығының қуатын арттыра түсті. Керей мен Жәнібек бастаған қазақтарды қайта бағындыру үшін әскер жиып аттанған Әбілхайыр хан жолда кенеттен қайтыс болды (1468). Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік қорғаныс құрған Керей мен Жәнібек Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығ. Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері – ұлы Шайх-Хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды. Керей мен Жәнібек хандар сауда-экон. байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз биліктерін орнатуға тырысты. Сондай-ақ, Сырдың төм. және орт. сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді. 15 ғ-дың 70-жылдары Сауран, Созақ түбінде үлкен шайқастар болды. Яссыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Оңт. Қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ мемлекетін билеген Бұрындық хан (1480 – 1511) тұсында да толастамады. Дешті Қыпшақта қазақ хандарының билігі орнықты, Мұхаммед Шайбани Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мауераннахрға кетуге мәжбүр болды. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды. 16 – 17 ғ-ларда қазақ хандығы нығайып, шекарасы едәуір ұлғайды. Өз тұсында “жерді біріктіру” үрдісін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібек ұлы Қасым еді. Қасым ханның (1511 – 23) тұсында қазақ хандығының саяси және экон. жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен-тұрағы қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солт-те Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңт.-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өңірлері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс орнады. Мәскеудің Ұлы князі ІІІ Василий (1505 – 33) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті, Батыс Еуропа қазақ хандығын осы кезде танып білді. “Қасым ханның қасқа жолы” деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалды. Дегенмен, Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемл. деңгейіне көтеріле алмады. Ол Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты. Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523 – 32) хан болды. Маңғыт (Ноғай) және Моғол билеушілерімен қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмай, оңт-тегі және солт.-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, ықпалы Жетісуда ғана сақталды. Таһир ханның інісі Бұйдаштың (1533 – 34) тұсында да өзара қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. 1538 – 80 ж. Қасым ханның баласы Ақназар (Хақназар) хандықты біріктіруге әрекет етті. Ноғай ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өз-нің сол жағындағы жерді қосып алды. Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд-Рашидке қарсы сәтті күрес жүргізді. Өзбек ханы Абдолланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдолламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Ақназарды у беріп өлтірді. Ақназардың мұрагері Шығай (1580 – 82) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586 – 98) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұхар ханы Абдоллаға барған. Абдолла Шығайға Ходжент қ-н сыйға тартып, онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шықты. Осы жорықта Шығай қаза тапты. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшті. Тәуекел хан Орта Азияның сауда орталықтарына шығу жолында күресті. 1596 – 98 ж. Сыр бойындағы қалаларды алып, Ташкент, Әндіжан, Акси, Самарқанд сияқты қ-ларды қазақ хандығына қаратты. Бұхара қ-н қоршауға алған кезде Тәуекел хан мерт болды. Енді хандыққа Есім хан Шығайұлы (1598 – 1628) билік етті. Ол 1598 ж. Бұхарамен бітім шартын жасасты. Өзбектер бұрын тартып алған Сыр бойы қалалары мен Ташкент Қазақ хандығына берілді. Есім хан елді тыныштандыру саясатын жүргізді. Сондықтан ол қанға – қан, құн төлеу, барымта алу, құлды сату, зекет, ұшыр жинау, айып салу, әдеп-ғұрыптары, т.б. уағыздады. Халық Есім хан заңдарын “Есім хан салған ескі жол” деп атады.

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Ұқсас материалдар