Қандастар Ассамблея

ҚАЗАҚ – ЖӘНІБЕКОВ – НАУРЫЗ

23.03.2013 3081
«Көктем Оңтүстіктен басталады». Жер бетіндегі жәндік біткенді тірілтіп, жан біткенді жадыратқан көктемнің жаршысы – наурыз айын, басқа-басқа, Оңтүстікте өткізгенге не жетсін, шіркін! Осы арманның жетегіне еріп, ел «Ұлылар Отаны» деп атап кеткен Отырар топырағына ат басын бұрдық. Қанымыз қазақ емес пе, өзіміз Наурыз мейрамының қарсаңында келгендігімізден, әуелі осы ұлық мерекені ұлтымызбен қайта қауыштырған қайраткер тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің басына барып, Құран бағыштап, той тойлауға содан соң ғана кірісуді азаматтық парызымыз санадық. Сүрелердің әрбір аятынан болған сауап ағамызға тисе, ағамыздың бойында болған игі қасиеттер бізге дарысын деп, кесене шырақшысы Нұржан Серімовтің Жәнібеков туралы айтқан салиқалы сөздерін тыңдаудан да уақыт аямадық. Әңгіме «Қазақ – Жәнібеков – Наурыз» деген үштік ұғым төңірегінде өрбіді: – «Өзі де сол тұста партияның жоғарғы баспалдағында жүрген Өзекең Дінмұхаммед Қонаевтың орнына 1-хатшылыққа келген Колбинге кіріп, Наурыздың дінге ешқандай қатысы жоқтығын, оның халықтық мереке екенін дәйекті дәлелдермен айтып жеткізеді. Себебі, Колбиннің де сол кездегі бар мақсаты – өзі басқарып отырған қазақ халқының жүрегіне өтірік болса да жол тапқансымақ сыңай танытып, басқаруды оңтайландыру болған. Жәнібеков соны дөп басады. Сосын, Мұхтар Шаханов ағамызға: «Сен халықтың арасында жүрген азаматсың, ақынсың. Тарихта хандардың қасында ақындары болған. Олар халықтың сөзін сөйлеп отырған. Наурыз насихаты сендердің ауыздарыңмен айтылу керек. Сен осыны мәселе етіп көтер!» деген ғой. Сөйтіп, бұл мереке, қайтадан, ең алғаш 1988 жылдан бері тойлана бастаған. Негізгі идеяның авторы және бастамашысы Өзекең. Бұл – Құдай алдындағы да, адам алдындағы да шындық. Оны дәлелдеу керек болса, дәлелдей аламыз. Дәлелдеп бере алатын ел азаматтарының көзі тірі», – дейді Нұржан Серімов. Солардың бірі ретінде Нұржан ағамыз «Руханият» партиясының қазіргі төрайымы Алтыншаш Жағанованы айтады. Жәнібеков ол кісіге кезінде: «Осыны біздің қазақтың қыздары гүлдей құлпырып, Наурызда киіп шықса болмай ма?» деп, бір көйлектік жібек мата тапсырыпты. Алтыншаш апамыз, жақында, Өзекеңнің басына зиярат етіп келген кезде: «Аға, аманатыңызды әлі орындай алмай жатырмын. Бірақ, түбі бір орындаймын!» деп бетін сипаған екен. Айтпақшы, Өзекеңнің басына бармас бұрын, «Әулие аттаған оңбайды» деген қанатты сөзді ескерусіз қалдырмай, Арыстанбаб кесенесінің де табалдырығынан аттап, шырақшысы Нұржан Додабаевқа Құран түсірттік. Сөз арасында ол кісі де: – Кеңес Үкіметінің тұсында әдейі қиратылған «Арыстанбаб кесенесінің ғибадат бөлмесі – «Тілеухана» 1980 жылдың басында қайта тұрғызылып, қалпына келтірілді. Оның басында Өзбекәлі Жәнібеков болды», – деп азаматтың азаматтығын айтып, ағынан жарылды. «Болар елдің балалары...» осындай болар деген тәтті қиялдың қанатында қалықтап, аудан орталығына қарай аяңдай бердік. Көп кешікпей «Отырардағы той» басталды...  Сейіт СЕРІ BNews.kz

«Көктем Оңтүстіктен басталады». Жер бетіндегі жәндік біткенді тірілтіп, жан біткенді жадыратқан көктемнің жаршысы – наурыз айын, басқа-басқа, Оңтүстікте өткізгенге не жетсін, шіркін! Осы арманның жетегіне еріп, ел «Ұлылар Отаны» деп атап кеткен Отырар топырағына ат басын бұрдық. Қанымыз қазақ емес пе, өзіміз Наурыз мейрамының қарсаңында келгендігімізден, әуелі осы ұлық мерекені ұлтымызбен қайта қауыштырған қайраткер тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің басына барып, Құран бағыштап, той тойлауға содан соң ғана кірісуді азаматтық парызымыз санадық.

Сүрелердің әрбір аятынан болған сауап ағамызға тисе, ағамыздың бойында болған игі қасиеттер бізге дарысын деп, кесене шырақшысы Нұржан Серімовтің Жәнібеков туралы айтқан салиқалы сөздерін тыңдаудан да уақыт аямадық. Әңгіме «Қазақ – Жәнібеков – Наурыз» деген үштік ұғым төңірегінде өрбіді:

– «Өзі де сол тұста партияның жоғарғы баспалдағында жүрген Өзекең Дінмұхаммед Қонаевтың орнына 1-хатшылыққа келген Колбинге кіріп, Наурыздың дінге ешқандай қатысы жоқтығын, оның халықтық мереке екенін дәйекті дәлелдермен айтып жеткізеді. Себебі, Колбиннің де сол кездегі бар мақсаты – өзі басқарып отырған қазақ халқының жүрегіне өтірік болса да жол тапқансымақ сыңай танытып, басқаруды оңтайландыру болған. Жәнібеков соны дөп басады. Сосын, Мұхтар Шаханов ағамызға: «Сен халықтың арасында жүрген азаматсың, ақынсың. Тарихта хандардың қасында ақындары болған. Олар халықтың сөзін сөйлеп отырған. Наурыз насихаты сендердің ауыздарыңмен айтылу керек. Сен осыны мәселе етіп көтер!» деген ғой. Сөйтіп, бұл мереке, қайтадан, ең алғаш 1988 жылдан бері тойлана бастаған. Негізгі идеяның авторы және бастамашысы Өзекең. Бұл – Құдай алдындағы да, адам алдындағы да шындық. Оны дәлелдеу керек болса, дәлелдей аламыз. Дәлелдеп бере алатын ел азаматтарының көзі тірі», – дейді Нұржан Серімов.

Солардың бірі ретінде Нұржан ағамыз «Руханият» партиясының қазіргі төрайымы Алтыншаш Жағанованы айтады. Жәнібеков ол кісіге кезінде: «Осыны біздің қазақтың қыздары гүлдей құлпырып, Наурызда киіп шықса болмай ма?» деп, бір көйлектік жібек мата тапсырыпты. Алтыншаш апамыз, жақында, Өзекеңнің басына зиярат етіп келген кезде: «Аға, аманатыңызды әлі орындай алмай жатырмын. Бірақ, түбі бір орындаймын!» деп бетін сипаған екен.

Айтпақшы, Өзекеңнің басына бармас бұрын, «Әулие аттаған оңбайды» деген қанатты сөзді ескерусіз қалдырмай, Арыстанбаб кесенесінің де табалдырығынан аттап, шырақшысы Нұржан Додабаевқа Құран түсірттік. Сөз арасында ол кісі де:

– Кеңес Үкіметінің тұсында әдейі қиратылған «Арыстанбаб кесенесінің ғибадат бөлмесі – «Тілеухана» 1980 жылдың басында қайта тұрғызылып, қалпына келтірілді. Оның басында Өзбекәлі Жәнібеков болды», – деп азаматтың азаматтығын айтып, ағынан жарылды.

«Болар елдің балалары...» осындай болар деген тәтті қиялдың қанатында қалықтап, аудан орталығына қарай аяңдай бердік. Көп кешікпей «Отырардағы той» басталды... 

Сейіт СЕРІ
BNews.kz

Ұқсас материалдар