Кенесары Қасымұлы

08.11.2012 6830
Соңғы редакциялау: 12 қазан 2012 Кенесары Қасымұлы  — қазақ халқының 1837 — 47 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841 — 47). Абылай ханның кіші ұлы Қасым сұлтанның баласы Кенесары 1802 ж. Көкшетау өңірінде дүниеге келген.  Жеке басының ержүректік қасиеттері, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен мықты күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатты. Абылай хан ұрпақтары Кенесарыға дейін де ұлт-азаттық көтерілісіне шыққан болатын. Олар Ресейге қарсы Қоқан ханымен одақтаса отырып күреспек болған еді, бірақ үміттері ақталмады. Керісінше, 1836 ж.  Қоқан билеушісінің нұсқауымен Кенесарының бауыры Саржан өлтіріледі. 1840 ж. әкесі Қасым төре қаза тапты. Ақылды саясаткер және әскери қолбасшы ретінде Кенесары соғысқа мұқият даярланды. Бұл оның қазақтың Үш жүзін бір мақсат жолына біріктіру саясатынан, қару-жарақ соғуды, соның ішінде зеңбірек құюды жүзеге асыру үшін орыс және өзге елдің шеберлерін тартуынан көрінеді. Қазақ ақсүйектері екі жарылып, бір тобын көтерілісті қолдаушылар құраса, екінші жағы оған қарсылар болды. Соған қарамастан, Кенесарының қол астына жиырма мыңға жуық сарбаз жиналды. Оның ішінде Орта жүз руларынан басқа, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, т.б. руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат, т.б. руларының сарбаздары болды. Кенесарының жауға қарсы жорығында Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар, т.б. батырлар аянбай шайқасты. Әскери қимылдар 1838 ж. Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте Кенесары Үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда, әскери қуаты әлдеқайда басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Азаттық үшін шайқаста Кенесары қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған манаптар оған мойынсұнбады. Кенесары бағынудан бас тартқан қырғыздарға шабуыл жасады. Өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары мен інісі Наурызбай дұшпандарының қолына түсіп,  1847 ж. Қырғызстандағы Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы “Кенесары бүлігі туралы” іске қосып сақтауға бұйрық береді. Кенесары тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін ғана қолға алынды. Астана қаласында Кенесарыға ескерткіш қойылған және онда оның есімімен аталатын көше бар.

Соңғы редакциялау:

12 қазан 2012

Кенесары Қасымұлы  — қазақ халқының 1837 — 47 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841 — 47). Абылай ханның кіші ұлы Қасым сұлтанның баласы Кенесары 1802 ж. Көкшетау өңірінде дүниеге келген.  Жеке басының ержүректік қасиеттері, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен мықты күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте мойындатты.

Абылай хан ұрпақтары Кенесарыға дейін де ұлт-азаттық көтерілісіне шыққан болатын. Олар Ресейге қарсы Қоқан ханымен одақтаса отырып күреспек болған еді, бірақ үміттері ақталмады. Керісінше, 1836 ж.  Қоқан билеушісінің нұсқауымен Кенесарының бауыры Саржан өлтіріледі. 1840 ж. әкесі Қасым төре қаза тапты. Ақылды саясаткер және әскери қолбасшы ретінде Кенесары соғысқа мұқият даярланды. Бұл оның қазақтың Үш жүзін бір мақсат жолына біріктіру саясатынан, қару-жарақ соғуды, соның ішінде зеңбірек құюды жүзеге асыру үшін орыс және өзге елдің шеберлерін тартуынан көрінеді. Қазақ ақсүйектері екі жарылып, бір тобын көтерілісті қолдаушылар құраса, екінші жағы оған қарсылар болды. Соған қарамастан, Кенесарының қол астына жиырма мыңға жуық сарбаз жиналды. Оның ішінде Орта жүз руларынан басқа, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, т.б. руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат, т.б. руларының сарбаздары болды. Кенесарының жауға қарсы жорығында Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жеке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар, т.б. батырлар аянбай шайқасты. Әскери қимылдар 1838 ж. Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан басталды. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы Кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 ж. қыркүйекте Кенесары Үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 ж. Ресей үкіметі Кенесарыға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Кенесарының әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарын бірнеше рет ойсырата жеңді. Алайда, әскери қуаты әлдеқайда басым жау Кенесары сарбаздарын Жетісуға шегінуге мәжбүр етті. Азаттық үшін шайқаста Кенесары қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Алайда, патша әкімдерімен құпия байланыста тұрған манаптар оған мойынсұнбады. Кенесары бағынудан бас тартқан қырғыздарға шабуыл жасады. Өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары мен інісі Наурызбай дұшпандарының қолына түсіп,  1847 ж. Қырғызстандағы Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы “Кенесары бүлігі туралы” іске қосып сақтауға бұйрық береді.

Кенесары тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін ғана қолға алынды. Астана қаласында Кенесарыға ескерткіш қойылған және онда оның есімімен аталатын көше бар.

Ұқсас материалдар