Қазақстандағы тайпалық одақтар

08.11.2012 9281
  Соңғы редакциялау: 19 қазан, 2012   Қазақстандағы тайпалық одақтар (б.з.б. 7 – 4 ғ-лар) – қазақ жерінде құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктер. Қола дәуіріндегі бақташы тайпалар б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында қоғамдық құрылымның ескі рулық түрін алмастырды. Бұлардың қалыптасуына өндіргіш күштердің сол заманға сай дәрежеде мықтап өсуі себепші болды, ал өндіргіш күштер халықтың жартылай көшпелі және көшпелі мал ш-на көшуіне, қола металлургиясының дамуына, темір өңдеудің жаңа әдістерін игеруге байланысты өсті. Мал жайылымдарын тиімді пайдаланып, оларды жеке ру-тайпалық топтарға бөліп берудің экон. қажеттігі, сондай-ақ өзінің малы мен жайылымдықтарын қорғауға ұмтылу туыстас тайпаларды тайпалық одақтарға бірігуге мәжбүр етті. Жеке отбасылық меншіктің ұлғаюы негізінде мүліктік теңсіздік күшейіп, әскери ақсүйектер тобы бөлініп шықты. Олар экон. және әскери жағынан неғұрлым күшті тайпалық одақтарды біріктіруші күш болды. Біртұтас одаққа кірген тайпалар мәдени-шаруашылық жағынан өзара жақындаса түсті, соның нәтижесінде материалдық және рухани мәдениеттің бүкіл тайпалық одақ үшін ортақ үлгілері жасалды. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қазіргі Орталық Азия мен Қазақстан жерінде сақтар деп аталатын бірнеше тайпалардың қуатты жауынгер одақтары мекендеді. Ассирия деректемелерінде сақтар туралы алғашқы мәліметтер б.з.б. 641 – 640 ж. айтылады. Ал Заратуштраның “Авеста” жинағында бұлар “турлар” деп аталған. Ежелгі грек тарихшысы Геродот және басқа да көне заман тарихшылары оларды “Азия скифтері” дейді. Бұл атау грек тарихшыларына жақсы таныс Солт. Қара т. өңірі мен Алдыңғы Азияның көшпелі скиф тайпаларына байланысты айтылған. Ахемен әулеті кезеңіндегі сына жазуларында олардың үш тобы туралы сөз болады: хаумаварга-сақтар (хаом сусынын қайнататын сақтар), тиграхауда сақтар (шашақ бөрікті сақтар), парадарайя (теңіздің арғы бетіндегі сақтар). Алғашқы екі топ туралы Геродот та айтады, бұларды ол амюргия сақтар және ортакарибантия сақтар деп атаған. Бірқатар зерттеушілердің пікіріне сенсек, тиграхауда (көне деректерде массагеттер) мен хаумаварга сақтардың солт-тегі шекарасы Қазақстанның оңт. аймақтарын, батыста Арал-Каспий алабынан, шығыста Жоңғар Алатауына дейінгі жерлерді қамтыса, парадарайя сақтары Арал өңірінде, Сырдария мен Әмударияның төм. ағысында немесе Қара т-дің теріскей бетінде қоныс тепкен. Сақ тайпалық одағының құрамына өзімен туыстас исседондар, аримаспы, т.б. көптеген тайпалар кірген. Геродоттың болжауынша, исседондар Орт. Қазақстан далаларында немесе Оңт. Жайық өңірі мен Бат. Қазақстанды, ал Солт.-шығыс Қазақстанды аримаспы тайпалары мекендеген. Сырдарияның төм. бойы мен Арал маңын, Каспий т-нің шығыс жағалауын дайлар (“Авеста” және Ксеркс жазбаларына сәйкес) қоныстанған. Бат. Қазақстанның Орал – Ақтөбе далаларын басқа, яғни савромат бірлестігіне кірген тайпалар иемденген. Бір ескертетіні, көшпелі өмір салты және көптеген мемлекеттер жеріндегі соғыстарға белсене қатысуы себепті тайпаның нақты мекендеген жерін жазбаша құжаттардың мәліметтері бойынша дәл анықтау қиын. Археол. зерттеулер сақтардың, массагеттердің, дахтар мен савроматтардың материалдық мәдениетінде айтарлықтай ортақтық (тұрмыстық керек жарақтардың ат-әбзелдерінің, қарудың, т.б. ұқсастығы) бар екенін айқын дәлелдеп береді. Сөйтіп жазбаша деректемелер бойынша б.з.б. 7 – 4 ғ-лардағы Қазақстан аумағында оның Оңт.-шығыс және орт. аудандарын мекендеген тайпалардың көбі сақ тайпалық одағына, ал оның батыс және ішінара солт. аудандарындағылары савромат тайпалар бірлестігіне кірген. Б.з.б. 4 ғ-дың аяқ шенінде қоғам өміріндегі шаруашылық және саяси өзгерістердің нәтижесінде бұл одақтар неғұрлым күрделі құрылымдарға – Үйсін және Қаңлы тайпалық одақтарына орын берді. Е. Ноянов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Соңғы редакциялау:

19 қазан, 2012

 

Қазақстандағы тайпалық одақтар (б.з.б. 7 – 4 ғ-лар) – қазақ жерінде құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктер. Қола дәуіріндегі бақташы тайпалар б.з.б. 1-мыңжылдықтың басында қоғамдық құрылымның ескі рулық түрін алмастырды. Бұлардың қалыптасуына өндіргіш күштердің сол заманға сай дәрежеде мықтап өсуі себепші болды, ал өндіргіш күштер халықтың жартылай көшпелі және көшпелі мал ш-на көшуіне, қола металлургиясының дамуына, темір өңдеудің жаңа әдістерін игеруге байланысты өсті. Мал жайылымдарын тиімді пайдаланып, оларды жеке ру-тайпалық топтарға бөліп берудің экон. қажеттігі, сондай-ақ өзінің малы мен жайылымдықтарын қорғауға ұмтылу туыстас тайпаларды тайпалық одақтарға бірігуге мәжбүр етті. Жеке отбасылық меншіктің ұлғаюы негізінде мүліктік теңсіздік күшейіп, әскери ақсүйектер тобы бөлініп шықты. Олар экон. және әскери жағынан неғұрлым күшті тайпалық одақтарды біріктіруші күш болды. Біртұтас одаққа кірген тайпалар мәдени-шаруашылық жағынан өзара жақындаса түсті, соның нәтижесінде материалдық және рухани мәдениеттің бүкіл тайпалық одақ үшін ортақ үлгілері жасалды.

Б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қазіргі Орталық Азия мен Қазақстан жерінде сақтар деп аталатын бірнеше тайпалардың қуатты жауынгер одақтары мекендеді. Ассирия деректемелерінде сақтар туралы алғашқы мәліметтер б.з.б. 641 – 640 ж. айтылады. Ал Заратуштраның “Авеста” жинағында бұлар “турлар” деп аталған. Ежелгі грек тарихшысы Геродот және басқа да көне заман тарихшылары оларды “Азия скифтері” дейді. Бұл атау грек тарихшыларына жақсы таныс Солт. Қара т. өңірі мен Алдыңғы Азияның көшпелі скиф тайпаларына байланысты айтылған. Ахемен әулеті кезеңіндегі сына жазуларында олардың үш тобы туралы сөз болады: хаумаварга-сақтар (хаом сусынын қайнататын сақтар), тиграхауда сақтар (шашақ бөрікті сақтар), парадарайя (теңіздің арғы бетіндегі сақтар). Алғашқы екі топ туралы Геродот та айтады, бұларды ол амюргия сақтар және ортакарибантия сақтар деп атаған. Бірқатар зерттеушілердің пікіріне сенсек, тиграхауда (көне деректерде массагеттер) мен хаумаварга сақтардың солт-тегі шекарасы Қазақстанның оңт. аймақтарын, батыста Арал-Каспий алабынан, шығыста Жоңғар Алатауына дейінгі жерлерді қамтыса, парадарайя сақтары Арал өңірінде, Сырдария мен Әмударияның төм. ағысында немесе Қара т-дің теріскей бетінде қоныс тепкен.

Сақ тайпалық одағының құрамына өзімен туыстас исседондар, аримаспы, т.б. көптеген тайпалар кірген. Геродоттың болжауынша, исседондар Орт. Қазақстан далаларында немесе Оңт. Жайық өңірі мен Бат. Қазақстанды, ал Солт.-шығыс Қазақстанды аримаспы тайпалары мекендеген. Сырдарияның төм. бойы мен Арал маңын, Каспий т-нің шығыс жағалауын дайлар (“Авеста” және Ксеркс жазбаларына сәйкес) қоныстанған. Бат. Қазақстанның Орал – Ақтөбе далаларын басқа, яғни савромат бірлестігіне кірген тайпалар иемденген. Бір ескертетіні, көшпелі өмір салты және көптеген мемлекеттер жеріндегі соғыстарға белсене қатысуы себепті тайпаның нақты мекендеген жерін жазбаша құжаттардың мәліметтері бойынша дәл анықтау қиын. Археол. зерттеулер сақтардың, массагеттердің, дахтар мен савроматтардың материалдық мәдениетінде айтарлықтай ортақтық (тұрмыстық керек жарақтардың ат-әбзелдерінің, қарудың, т.б. ұқсастығы) бар екенін айқын дәлелдеп береді. Сөйтіп жазбаша деректемелер бойынша б.з.б. 7 – 4 ғ-лардағы Қазақстан аумағында оның Оңт.-шығыс және орт. аудандарын мекендеген тайпалардың көбі сақ тайпалық одағына, ал оның батыс және ішінара солт. аудандарындағылары савромат тайпалар бірлестігіне кірген. Б.з.б. 4 ғ-дың аяқ шенінде қоғам өміріндегі шаруашылық және саяси өзгерістердің нәтижесінде бұл одақтар неғұрлым күрделі құрылымдарға – Үйсін және Қаңлы тайпалық одақтарына орын берді.

Е. Ноянов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

Ұқсас материалдар