Қандастар Ассамблея

Бүгін әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының туғанына 110 жыл

15.03.2013 3269
Бүгін Қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының дүниеге келгеніне 110 жыл толды. Алаш идеясын ту еткен ақынның туған елінің тәуелсіздігі жолындағы күрескер рухы мен өршіл өлеңдері бүгінгі ұрпақтың асыл қазынасы. Таңжарық жат биліктің темір құрсауында жатып, «түрме әдебиетін» қалыптастырған ақындардың бірі. Қытай үкіметінің аяусыз езгісіне ұшырап, бар-жоғы 44 жасында бақилық болған есіл ер жайлы жазылған мақала бүгін «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Ербол Алшынбайдың «Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз» атты мақаласын біз де оқырманға ұсынып отырмыз. ...Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл, Тартамын ақыр жаза соның үшін... Бұл ақын Таңжарықтың түрмеде жазған жырлары тыңшы-тергеушілер тінтуі кезінде қолды болып, өзі сол үшін тергеліп, өлімші болып таяқ жеп, жан азабы мен тән азабын қатар тартып жатқанда, «Енді өлең жазбай-ақ қойыңызшы, аға!» деп жаны ашыған түрмелес інісіне айтқан сөзі. Ақынның аузына бұл сөзді Тәңірі салған шығар, ол шынымен де «жазып өлді». Таңжарық Жолдыұлы поэзиясының 80 пайызы түрмеде жазылды. Ал, оның тергеушілер мен тыңшылар тарапынан жойылғаны қаншама?! Бізге жеткені - тас түрменің түнегін жарып шыққан жарық сәуле сынды. Міржақып, Мағжан секілді ағаларының орыс түрмесінің бетон қабырғалары тұншықтырып, алты Алашына жетпей қалған «Абақтыдағы дауысы», тергеуде көрген жан төзгісіз азабы, Таңжарық ақын жырында жаңғырып тұрғандай әсер қалдырады. ...Дөңгелек бір тақтай бар қалың шапқан, Бетіне қанмен сырлап, бояу жаққан. Жалаңаш құйрық қойып отыр, - дейді, Қаратып ұшын өрге шеге қаққан. Көмірге отырғызып ұсақ шағып, Қан деген май құйрықтан судай ағып. Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда, Шыбын жан шығып кетпей тұрсын нағып?! Адамның жаны кетіп денесінен, Құйрықты алсаң жұлып шегесінен. Тәңірге дауысың жетіп зарланасың, Тырнақтың ине сұқса көбесінен. Бұл ақынның «Түрме халы» дейтін ұзақ толғауынан үзінді. Оқудың өзі кісі жүрегіне салмақ түсірер осы тән мен жан азабы сұлтан боп туған Алаш арыстарының басынан бағы ауғанда, түрме «садистерінен» көрген қинауы. Оларды осылай атамасқа шараң жоқ. Адам баласын қинаудан ләззат алатын «садистер» болмаса, есі дұрыс жан иесі мұншалық хайуандыққа бара алмас еді. Шығыс Түркістан зиялыларын келісім бойынша, Кеңес-Қытай чекистері бірге тергегенін, ал Таңжарық Жолдыұлын «Господин Таңджарик как жизнь?» деп «шегір көзін сықситатын» орыс тергеушісі Полинов сұраққа тартқанын ескерсек, орыс түрмесі мен қытай түрмесіндегі тергеу-азаптау тәсілдерінің ұқсас болғаны өз-өзінен түсінікті. Құпия қоймаларда сақталып қалған Алаш арыстарының атылар алдындағы фотолары да біраз жайға қанықтырғандай. Осы қасіретті жырлардан жаны мен тәні қатар шырқыраған аяулы ақынның жүрек лүпілі мен саусақ табын сезгендей боласың. «Түрме әдебиеті» деп аталатын жаңа терминмен індете зерттейтін жоқшысын күтіп жатқан Таңжарық ақын поэзиясы, Бұқара Тышқанбаев, Тілеужан Сақалов, Оразанбай Егеубаев, Тұрлыбек Мәмесейіт сынды азулы да алымды жазушы-ғалымдар зерттеп, зерделегеніне қарамастан, жаңа заманның көзімен үңілуді қажет етеді, архив қоймаларындағы әлі ашылмай отырған біраз құпия жайға да түннің шетін түргендей там-тұмдап сәуле түсіреді. Бұрын заманның құрсауымен айтылмай көкейде тұншығып қалған зарлы шындық жарыққа шығар күнін аңсайды. Белгілі білімдар Серік Негимовтің пайымымен айтсақ, «Алаш идеясын - Әлихан, Ахметтердің бастамасын жалғастырған саяси жауынгер», бұл тараптағы өзінің әділ бағасын әлі алған жоқ. Соның бірі - жұрт аузында айтылып жүрген Мақсұт Сасанұлы, Әбеу Құдышұлы, Таңжарық Жолдыұлы бастаған «арғы беттегі» қазақ зиялылары Шығыс Түркістанға «қоныс аударған» қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі әскери кеңесінің мүшесі Райымжан Мәрсекұлы мен Ыбырайым Жайнақов сынды Алаш идеясының айнымас сарбаздарымен қосылып, Алашорданың Қазақстанда іске аспай қалған ұлы мұраттарын орындау жолында, Құлжа қаласында «Алаш-азаттық» атты құпия ұйым құрып, Шығыс Түркістан азаттығы үшін күрескені жайындағы әңгімелер. Жұрт аузындағы осы сөздерде шындықтың сілемі жатқан секілді. Бұл ақын шығармаларында да із қалдырған. «Тұтқындалу» атты ұзақ тол¬ғауында тергеушінің аузынан берілетін шумақтарда: ...Алып тұр Алтай жақтан Әбеу хабар, Амалын Баркөл жақтың Шәмси табар. Құсайын Үрімжіден саған келген, Кісің көп сенің мұнда елге шабар. Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш, Бір қазақ Мақсұт айтса кірмей қалмас. Бастап жүр ол кеткен соң Жәйірбегі, Олардың қайсы қазақ тілін алмас. Білесің оның бәрін ішінде өзің, Қай қазақ саған келіп ақыл салмас. Таратып жатасың сен ұйымшадан, Кетеді бірден-бірге бәрі жалғас, - делінеді. Таңжарықты 1925 жылы Қазақстаннан қайтқаннан бастап жіті бақылауына алып, басқан-тұрғанын хаттап-шоттап жоғарыға жолдап отырған Қытай тыңшыларының бұл сұрағы тегін болмаса керек. Бұл жерде дұспанға сатылған ел арасының «үндеместері» де «иелеріне» адал қызмет атқарған сыңайлы. Ақын: Айдатқан бізді ұстатып ағайындар, Қош енді жолыққанша жақсы жаса, - деп, айдалып бара жатып жауларымен де бабадан қалған мәрт мінезбен қоштасады. Әр заман «тасқа шапса майырылмас» алдаспандарымен қоса, көзге қораш сатқындарды да туғызады. Бұл жолдар ақынның өзі: Ахмет, Абай, Әсет, Мержақыптар, Жетпейді оған жисаң мың баланы. Шәкерім, Әріп пенен Мұрын, Омар, Көмбеге олар шапса, тың барады, - деп құрметпен еске алатын «ұлттың ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлының: «...маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны», - деп, таусылатын құсасымен үндесіп жатыр. Тергеушілер тарапынан «қай қазақ Мақсұт айтса, кірмей қалмас» делініп отырған Мақсұт Сасанұлы хақында қаперге ілер бір жайт бар. «Қазақ» газетінің 1917жылғы №222 санында «Баспахана туралы» деген атпен Іле қазақтарынан келген хат жарияланған. Көзіқарақты оқырманға бұрыннан таныс болса да, осы қысқа хаттың мә¬тінін толық келтіреміз: «Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом ақша жібердік. Қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туы¬ның астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты Алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бері телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әр түрлі газет-журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді. Мақсұт тәжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Қасболат Байболатұлы, Шайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы». Ұлы Абайдан басталып, Алашорда арыстары кезінде ұлттық қозғалысқа айналған қазақ жұртының рухани өрлеуінің барометрі «Қазақ» газеті болғаны түсінікті. Бұл рухани-әлеуметтік буырқаныс Қытай боданында отырған қазақтарды да шарпымай қалған жоқ. Демек, Қазақ баласының біртұтас алаш деп соққан жүрегін шекара сызығы бөле алмаған. ХХ ғасыр басындағы Шығыс Түркістан қазақтары тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі Мақсұт Сасанұлы ертеден «қараңғы бір шет жерде» тұрып, «Алаш туының астында» болған деуге хақымыз бар. Жалпы, бұл кейін қаузалатын, өз алдына бөлек әңгіме. Тек сөз ретіне келгесін айтып отырмыз. Таңжарық ақынды Қазақстанға келуге іңкәр еткен кей ағайын жазып жүргендей «...Қазан төңкерісі жеңіс тауып, социалистік Кеңес Одағы құрылыпты» деген хабар емес, осы Сасан ауылына келіп тұрған «Қазақ» газетінен алған тәрбиесімен жүрегіне орныққан «Алашқа қызмет қылсам» деген арманымен қоса, Алашорда ұлттық үкіметінің автономия алуына байланысты күллі қазақ аспанын жаңғыртқан, «Жасасын, Алаш автономиясы!» деген ұран болса керек. Әйтпесе: Таңжарық Жолдыбаев мәшһүр атым, Белгілі алты Алашқа жазған хатым»- дейтін тәкаппар ақын, аяулы ағаларының басып кеткен ізін үлгі тұтып: Аз жазып қысқаша өмір тарихымды, Кетпекпін ойыма алған формалымша. Жақтырса жастар алып оқып жүрсін, Ахымет, Мержақыптың жорналынша» - демесе керек-ті. Ақын шығармаларын талмай жинап, зерттеген, бар өмірін осы игілікті іске арнаған Алаштың бір дегдар ұлы Оразанбай Егеубаев 2001 жылы Үрімжіден шыққан Таңжарық шығарма¬ларының екі томдық толық жинағына жазған алғысөзінде: «...Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Қазақстандағы Алашорда партиясының Шыңжаңға келген адамдары, Шыңжаңда өздерінің құпия ұйымдарын құрып, бұрынғы қимылдарына кірісе бастайды» деген дерек келтіреді. Мұны Алаштың көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедтің тергеушіге берген жауабында: «...біздің басты мақсатымыз - барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіруі керек деп есептедік» дейтіні де растай түседі. Ақынның «Түрме тарихы» атты өлеңінде: ...Тұрдақын, Айса төре, Жайнақов бар, Құлжаның қаласында елу адам, Бір түнде әкетіпті бірақ айдап... Немесе: Байбатша - Ыбырайым, Жайнақовпен, Жөнелді Сағатбектер соңына ере, - деп баяндалады. Бұл өлең менің есіме бала күнімдегі бір уақиғаны түсіреді. Тоғызыншы сынып оқитын кезім еді. Құлжа қаласында мектеп-интернатта болатынмын. Ауылдағы үйіме барып қайтуға автобусқа міндім. Автобус қозғала бастағанда, жанымдағы бос орынға ентігіп келіп бір жас жігіт отырды. Қолымда «Бес ғасыр жырлайды» атты кітаптың (кирилл қарпімен) көшірмесі бар еді. Біраз жүрген соң қасымдағы жігіт түртіп, оны қайдан алғанымды сұрады. Мен Іле педагогикалық институтындағы ақын ағаларымнан алғанымды айттым. Ол менің кирилл қарпін танитыныма қуанып қалды. Өлең жазатынымды білген соң, тіпті жақсы көріп кетті. - Алашорданы білесің бе? - Білемін. - Онда Ыбырайым Жайнақовты да білетін шығарсың? Мен басымды шайқадым. Ол қоңыр сумкасынан көнелеу екі кітап алып шықты. «Алаш һәм Алашорда» деген кітап екен. - Мен Ыбырайым Жайнақовтың немересімін. Ол да алашордашыл болған, - деді. ...Ұмытпасам, немересінің аты Мадияр болатын. Алаштың сол асы¬лының ұрпағы Іле облысы, Мұңғұлкүре ауданы, Ақсу ауылында тұратынын айтып еді. Шара Таңжарыққызы «Жас қазақ» газетіндегі мақаласында: «...30 жылға дейін оның өлеңдерін оқуға тыйым салды. Ақынға «ұлтшыл», «жапон шпионы» деген жала жауып, өлеңдерін өртеді» деген дерек келтіреді. Есіңізге алыңызшы, құрметті оқырман, Алаш көсемдерінің де түбіне жеткендегі таққан айыптары тура осындай болатын. «Басты мақсаты - барлық қазақ¬тың басын қосу» болған есіл ерлерге тағылған айыптың да ұқсас болғаны кездейсоқтық емес. Басы айдауда, қолы байлауда жүріп, жарық таңды аңсаған және сол таңның жарқырап атарына шүбәсіз сенген ақынның жүрек қанына қаламсабын малып жазған жырының түнектің түбінен, өзі шексіз сүйген Алашына жетуге нәсіп еткен мейірімді Аллаға мың мәрте шүкір! «Түрме халы» толғауынан келтірілген мына шумақтар оның Алты Алашқа айтар өсиеті сынды. Бәрі өлді Үрімжінің қаласында, Қырық екі, қырық үшінші жыл арасында. Қорлықпен сол сабаздар кетті арманда, Балаңның қалды бұл кек баласына... Өлсек те, өлмес біздің атағымыз, Белгілі істеп жүрген «шатағымыз». Алыстан алтын сәуле бір күлімдер, Болғанмен қазір түнек жатағымыз. Алатын құнды қуып иеміз бар, Біз де елміз шөберелі, аталымыз. Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз, Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз. Кекпенен қолымызға құрал алып, Желкеден гоминдаңды ұрмағымыз. Келсеңдер Үрімжінің қаласына, Көзің сал қалтарыс, сай-саласына. Осыны өле-өлгенше ұмытпа деп, Тапсырып кет балаңның баласына... Көргенін атасының оқып көрсін, Кектеніп, көзін салып, көңіл бөлсін! Бабамның тарихы деп табын танып, Залымнан кегін алып, қолында өлсін! Келеді түн орнына жарық сәуле, Сенемін, емес мұным бекер әуре. Сөзімнің түбін ойла енді елім, Қолыңа осы сөзім тисе зәуде. BAQ.kz

Бүгін Қытайдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының дүниеге келгеніне 110 жыл толды. Алаш идеясын ту еткен ақынның туған елінің тәуелсіздігі жолындағы күрескер рухы мен өршіл өлеңдері бүгінгі ұрпақтың асыл қазынасы. Таңжарық жат биліктің темір құрсауында жатып, «түрме әдебиетін» қалыптастырған ақындардың бірі. Қытай үкіметінің аяусыз езгісіне ұшырап, бар-жоғы 44 жасында бақилық болған есіл ер жайлы жазылған мақала бүгін «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Ербол Алшынбайдың «Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз» атты мақаласын біз де оқырманға ұсынып отырмыз.

...Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл,
Тартамын ақыр жаза соның үшін...
Бұл ақын Таңжарықтың түрмеде жазған жырлары тыңшы-тергеушілер тінтуі кезінде қолды болып, өзі сол үшін тергеліп, өлімші болып таяқ жеп, жан азабы мен тән азабын қатар тартып жатқанда, «Енді өлең жазбай-ақ қойыңызшы, аға!» деп жаны ашыған түрмелес інісіне айтқан сөзі. Ақынның аузына бұл сөзді Тәңірі салған шығар, ол шынымен де «жазып өлді».

Таңжарық Жолдыұлы поэзиясының 80 пайызы түрмеде жазылды. Ал, оның тергеушілер мен тыңшылар тарапынан жойылғаны қаншама?! Бізге жеткені - тас түрменің түнегін жарып шыққан жарық сәуле сынды. Міржақып, Мағжан секілді ағаларының орыс түрмесінің бетон қабырғалары тұншықтырып, алты Алашына жетпей қалған «Абақтыдағы дауысы», тергеуде көрген жан төзгісіз азабы, Таңжарық ақын жырында жаңғырып тұрғандай әсер қалдырады.


...Дөңгелек бір тақтай бар қалың шапқан,
Бетіне қанмен сырлап, бояу жаққан.
Жалаңаш құйрық қойып отыр, - дейді,
Қаратып ұшын өрге шеге қаққан.

Көмірге отырғызып ұсақ шағып,
Қан деген май құйрықтан судай ағып.
Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,
Шыбын жан шығып кетпей тұрсын нағып?!

Адамның жаны кетіп денесінен,
Құйрықты алсаң жұлып шегесінен.
Тәңірге дауысың жетіп зарланасың,
Тырнақтың ине сұқса көбесінен.

Бұл ақынның «Түрме халы» дейтін ұзақ толғауынан үзінді. Оқудың өзі кісі жүрегіне салмақ түсірер осы тән мен жан азабы сұлтан боп туған Алаш арыстарының басынан бағы ауғанда, түрме «садистерінен» көрген қинауы. Оларды осылай атамасқа шараң жоқ. Адам баласын қинаудан ләззат алатын «садистер» болмаса, есі дұрыс жан иесі мұншалық хайуандыққа бара алмас еді. Шығыс Түркістан зиялыларын келісім бойынша, Кеңес-Қытай чекистері бірге тергегенін, ал Таңжарық Жолдыұлын «Господин Таңджарик как жизнь?» деп «шегір көзін сықситатын» орыс тергеушісі Полинов сұраққа тартқанын ескерсек, орыс түрмесі мен қытай түрмесіндегі тергеу-азаптау тәсілдерінің ұқсас болғаны өз-өзінен түсінікті. Құпия қоймаларда сақталып қалған Алаш арыстарының атылар алдындағы фотолары да біраз жайға қанықтырғандай. Осы қасіретті жырлардан жаны мен тәні қатар шырқыраған аяулы ақынның жүрек лүпілі мен саусақ табын сезгендей боласың.

«Түрме әдебиеті» деп аталатын жаңа терминмен індете зерттейтін жоқшысын күтіп жатқан Таңжарық ақын поэзиясы, Бұқара Тышқанбаев, Тілеужан Сақалов, Оразанбай Егеубаев, Тұрлыбек Мәмесейіт сынды азулы да алымды жазушы-ғалымдар зерттеп, зерделегеніне қарамастан, жаңа заманның көзімен үңілуді қажет етеді, архив қоймаларындағы әлі ашылмай отырған біраз құпия жайға да түннің шетін түргендей там-тұмдап сәуле түсіреді. Бұрын заманның құрсауымен айтылмай көкейде тұншығып қалған зарлы шындық жарыққа шығар күнін аңсайды. Белгілі білімдар Серік Негимовтің пайымымен айтсақ, «Алаш идеясын - Әлихан, Ахметтердің бастамасын жалғастырған саяси жауынгер», бұл тараптағы өзінің әділ бағасын әлі алған жоқ.


Соның бірі - жұрт аузында айтылып жүрген Мақсұт Сасанұлы, Әбеу Құдышұлы, Таңжарық Жолдыұлы бастаған «арғы беттегі» қазақ зиялылары Шығыс Түркістанға «қоныс аударған» қазақтың тұңғыш ұлттық үкіметі әскери кеңесінің мүшесі Райымжан Мәрсекұлы мен Ыбырайым Жайнақов сынды Алаш идеясының айнымас сарбаздарымен қосылып, Алашорданың Қазақстанда іске аспай қалған ұлы мұраттарын орындау жолында, Құлжа қаласында «Алаш-азаттық» атты құпия ұйым құрып, Шығыс Түркістан азаттығы үшін күрескені жайындағы әңгімелер. Жұрт аузындағы осы сөздерде шындықтың сілемі жатқан секілді. Бұл ақын шығармаларында да із қалдырған. «Тұтқындалу» атты ұзақ тол¬ғауында тергеушінің аузынан берілетін шумақтарда:

...Алып тұр Алтай жақтан Әбеу хабар,
Амалын Баркөл жақтың Шәмси табар.
Құсайын Үрімжіден саған келген,
Кісің көп сенің мұнда елге шабар.

Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш,
Бір қазақ Мақсұт айтса кірмей қалмас.
Бастап жүр ол кеткен соң Жәйірбегі,
Олардың қайсы қазақ тілін алмас.
Білесің оның бәрін ішінде өзің,
Қай қазақ саған келіп ақыл салмас.
Таратып жатасың сен ұйымшадан,
Кетеді бірден-бірге бәрі жалғас, -
делінеді. Таңжарықты 1925 жылы Қазақстаннан қайтқаннан бастап жіті бақылауына алып, басқан-тұрғанын хаттап-шоттап жоғарыға жолдап отырған Қытай тыңшыларының бұл сұрағы тегін болмаса керек. Бұл жерде дұспанға сатылған ел арасының «үндеместері» де «иелеріне» адал қызмет атқарған сыңайлы.

Ақын:
Айдатқан бізді ұстатып ағайындар,
Қош енді жолыққанша жақсы жаса, - деп, айдалып бара жатып жауларымен де бабадан қалған мәрт мінезбен қоштасады. Әр заман «тасқа шапса майырылмас» алдаспандарымен қоса, көзге қораш сатқындарды да туғызады. Бұл жолдар ақынның өзі:
Ахмет, Абай, Әсет, Мержақыптар,
Жетпейді оған жисаң мың баланы.
Шәкерім, Әріп пенен Мұрын, Омар,
Көмбеге олар шапса, тың барады, - деп құрметпен еске алатын «ұлттың ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлының:
«...маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны», - деп, таусылатын құсасымен үндесіп жатыр.
Тергеушілер тарапынан «қай қазақ Мақсұт айтса, кірмей қалмас» делініп отырған Мақсұт Сасанұлы хақында қаперге ілер бір жайт бар. «Қазақ» газетінің 1917жылғы №222 санында «Баспахана туралы» деген атпен Іле қазақтарынан келген хат жарияланған. Көзіқарақты оқырманға бұрыннан таныс болса да, осы қысқа хаттың мә¬тінін толық келтіреміз:
«Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом ақша жібердік. Қолға алған ісінен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туы¬ның астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты Алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бері телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әр түрлі газет-журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді.

Мақсұт тәжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Қасболат Байболатұлы, Шайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы».

Ұлы Абайдан басталып, Алашорда арыстары кезінде ұлттық қозғалысқа айналған қазақ жұртының рухани өрлеуінің барометрі «Қазақ» газеті болғаны түсінікті. Бұл рухани-әлеуметтік буырқаныс Қытай боданында отырған қазақтарды да шарпымай қалған жоқ. Демек, Қазақ баласының біртұтас алаш деп соққан жүрегін шекара сызығы бөле алмаған. ХХ ғасыр басындағы Шығыс Түркістан қазақтары тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі Мақсұт Сасанұлы ертеден «қараңғы бір шет жерде» тұрып, «Алаш туының астында» болған деуге хақымыз бар. Жалпы, бұл кейін қаузалатын, өз алдына бөлек әңгіме. Тек сөз ретіне келгесін айтып отырмыз.

Таңжарық ақынды Қазақстанға келуге іңкәр еткен кей ағайын жазып жүргендей «...Қазан төңкерісі жеңіс тауып, социалистік Кеңес Одағы құрылыпты» деген хабар емес, осы Сасан ауылына келіп тұрған «Қазақ» газетінен алған тәрбиесімен жүрегіне орныққан «Алашқа қызмет қылсам» деген арманымен қоса, Алашорда ұлттық үкіметінің автономия алуына байланысты күллі қазақ аспанын жаңғыртқан, «Жасасын, Алаш автономиясы!» деген ұран болса керек.

Әйтпесе:
Таңжарық Жолдыбаев мәшһүр атым,
Белгілі алты Алашқа жазған хатым»- дейтін тәкаппар ақын, аяулы ағаларының басып кеткен ізін үлгі тұтып:
Аз жазып қысқаша өмір тарихымды,
Кетпекпін ойыма алған формалымша.
Жақтырса жастар алып оқып жүрсін,
Ахымет, Мержақыптың жорналынша» - демесе керек-ті.

Ақын шығармаларын талмай жинап, зерттеген, бар өмірін осы игілікті іске арнаған Алаштың бір дегдар ұлы Оразанбай Егеубаев 2001 жылы Үрімжіден шыққан Таңжарық шығарма¬ларының екі томдық толық жинағына жазған алғысөзінде: «...Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Қазақстандағы Алашорда партиясының Шыңжаңға келген адамдары, Шыңжаңда өздерінің құпия ұйымдарын құрып, бұрынғы қимылдарына кірісе бастайды» деген дерек келтіреді. Мұны Алаштың көсемдерінің бірі Халел Досмұхамедтің тергеушіге берген жауабында: «...біздің басты мақсатымыз - барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіруі керек деп есептедік» дейтіні де растай түседі. Ақынның «Түрме тарихы» атты өлеңінде:
...Тұрдақын, Айса төре, Жайнақов бар,
Құлжаның қаласында елу адам,
Бір түнде әкетіпті бірақ айдап...

Немесе:
Байбатша - Ыбырайым, Жайнақовпен,
Жөнелді Сағатбектер соңына ере, -
деп баяндалады.

Бұл өлең менің есіме бала күнімдегі бір уақиғаны түсіреді. Тоғызыншы сынып оқитын кезім еді. Құлжа қаласында мектеп-интернатта болатынмын. Ауылдағы үйіме барып қайтуға автобусқа міндім. Автобус қозғала бастағанда, жанымдағы бос орынға ентігіп келіп бір жас жігіт отырды. Қолымда «Бес ғасыр жырлайды» атты кітаптың (кирилл қарпімен) көшірмесі бар еді. Біраз жүрген соң қасымдағы жігіт түртіп, оны қайдан алғанымды сұрады. Мен Іле педагогикалық институтындағы ақын ағаларымнан алғанымды айттым. Ол менің кирилл қарпін танитыныма қуанып қалды. Өлең жазатынымды білген соң, тіпті жақсы көріп кетті.
- Алашорданы білесің бе?
- Білемін.
- Онда Ыбырайым Жайнақовты да білетін шығарсың?
Мен басымды шайқадым. Ол қоңыр сумкасынан көнелеу екі кітап алып шықты. «Алаш һәм Алашорда» деген кітап екен.

- Мен Ыбырайым Жайнақовтың немересімін. Ол да алашордашыл болған, - деді. ...Ұмытпасам, немересінің аты Мадияр болатын. Алаштың сол асы¬лының ұрпағы Іле облысы, Мұңғұлкүре ауданы, Ақсу ауылында тұратынын айтып еді.

Шара Таңжарыққызы «Жас қазақ» газетіндегі мақаласында: «...30 жылға дейін оның өлеңдерін оқуға тыйым салды. Ақынға «ұлтшыл», «жапон шпионы» деген жала жауып, өлеңдерін өртеді» деген дерек келтіреді. Есіңізге алыңызшы, құрметті оқырман, Алаш көсемдерінің де түбіне жеткендегі таққан айыптары тура осындай болатын. «Басты мақсаты - барлық қазақ¬тың басын қосу» болған есіл ерлерге тағылған айыптың да ұқсас болғаны кездейсоқтық емес.

Басы айдауда, қолы байлауда жүріп, жарық таңды аңсаған және сол таңның жарқырап атарына шүбәсіз сенген ақынның жүрек қанына қаламсабын малып жазған жырының түнектің түбінен, өзі шексіз сүйген Алашына жетуге нәсіп еткен мейірімді Аллаға мың мәрте шүкір! «Түрме халы» толғауынан келтірілген мына шумақтар оның Алты Алашқа айтар өсиеті сынды.

Бәрі өлді Үрімжінің қаласында,
Қырық екі, қырық үшінші жыл арасында.
Қорлықпен сол сабаздар кетті арманда,
Балаңның қалды бұл кек баласына...

Өлсек те, өлмес біздің атағымыз,
Белгілі істеп жүрген «шатағымыз».
Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,
Болғанмен қазір түнек жатағымыз.
Алатын құнды қуып иеміз бар,
Біз де елміз шөберелі, аталымыз.

Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз,
Ол да рас, құпия ұйым құрғанымыз.
Кекпенен қолымызға құрал алып,
Желкеден гоминдаңды ұрмағымыз.

Келсеңдер Үрімжінің қаласына,
Көзің сал қалтарыс, сай-саласына.
Осыны өле-өлгенше ұмытпа деп,
Тапсырып кет балаңның баласына...

Көргенін атасының оқып көрсін,
Кектеніп, көзін салып, көңіл бөлсін!
Бабамның тарихы деп табын танып,
Залымнан кегін алып, қолында өлсін!

Келеді түн орнына жарық сәуле,
Сенемін, емес мұным бекер әуре.
Сөзімнің түбін ойла енді елім,
Қолыңа осы сөзім тисе зәуде.

BAQ.kz

Ұқсас материалдар