Бүгін Алаштың Көшбасшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні (ВИДЕО, ФОТО)

05.03.2016 8783
Бүгін Ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін салған, қазақтың заманауи, демократиялық мазмұндағы тұңғыш үкіметі – «Алашорданың» көшбасшысы болған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні.

Бүгін Ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін салған, қазақтың заманауи, демократиялық мазмұндағы тұңғыш үкіметі – «Алашорданың» көшбасшысы болған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні. 
BAQ.KZ осынау атаулы күні «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильмді назарларыңызға ұсынып отыр. Фильмді белгілі журналист, елшіл азамат - Берік Уәли жетекшілік ететін «Медиа Астана» продюсерлік орталығы түсірген.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866—1937) — XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Ұлт-азаттық Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
1866 ж. наурыздың 5-де бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында туған. Бұл қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы бұрынғы Қаратал кеңшары. 
1905 ж. Әлихан Бөкейхан Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. 
1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омич» және «Иртыш» газеттерінде, 1908 жылы Санкт-Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды.
1911-14 «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді.
1917 ж. желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш аутономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады.
1919 ж. большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады.

  

Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 ж. екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Ә. Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен Мәскеуде ату жазасына кеседі.
1989 жылы мамырдың 14 КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.

Алаш Арысының қайда жерленгені кейінгі жылдары ғана белгілі болды. 1937 жылы 27 қыркүйекте қызыл жендеттер қолынан құрбан болған Ұлы тұлға Мәскеу қаласындағы Дон қорымындағы №1 ортақ қабірге жерленіпті. 
Мәскеуге барып, бұл деректің негізсіз емес екеніне көз жеткізген қарағандылық ғалымдардың айтуынша Әлекең мен Нығмет Нұрмақов аталарымызға топырақ бұйырған орында Кеңес одағының зұлмат саясатының құрбаны болған 5065 адам жерленген көрінеді. Кеңестік жендеттер үкімге кесілгендердің денесін крематорида өртеп, күлін бір шұңқырға төге берген. Бес мың адамға бұйырған ортақ қабірдің көлемі барлы-жоғы екі жарым шаршы метр екен.

Қарағандының «Болашақ» университетінің ректоры заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің бас болуымен 2011 жылдың 28 қазанында Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының басына ескерткіш-тақта орнатылды.

 

 

Қамбар АХМЕТОВ

Baq.kz

 

Ұқсас материалдар