Жүсіп Баласағұни

08.11.2012 17536
Соңғы редакциялау: 18 қазан 2012 ЖҮСІП БАЛАСАҒҰНИ, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020 ж.ш., Жетісу өңірі, Баласағұн қ. – ө.ж.б.) – ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға дарынды ақын ғана емес, ға-лым ретінде де танымал болған. Файласуфи (философия), риезиет (математика), тиббий (медицина), фэлэкият (астрономия), нужум (астрология), өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, т.б. ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Ж. Б-дің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында “Құдадғу біліг” (“Құтты білік”) дастаны арқылы қалды. Ж. Б. бұл дастанын хижра есебімен 462 ж., қазіргі жыл санау бойынша 1070 ж. жазып бітірген. Дастанды “хандардың ханы” – Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 – 1210) негізін салушы Сатұқ Қара Бұғра ханға (908 – 955) тарту етеді (қ. Әулие Ата). Сол үшін хан өз жарлығымен Ж. Б-ға “хас хажиб” – “бас уәзір” немесе “ұлы кеңесші” деген лауазым берген. Дастанның бізге жеткен үш көшірме нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қ-нда 1439 ж. көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қ-ндағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, 14 ғ-дың 1-жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманган қ-нан табылған үшінші нұсқасы 12 ғ-да араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану ин-тының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсқаның әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, “Құтты білік” дастанының ғыл. негізделген толық мәтінін жасап шықты. Дастанның көне қолжазбасы табылғанын әлемге тұңғыш рет хабарлап, 1823 ж. “Азия” журналында (Париж) Вена нұсқасынан үзінді жариялаған француз ғалымы Жауберт Амадес еді. Венгер ғалымы Германи Вамбери (1832 – 1913) “Құтты біліктің” бірнеше тарауын неміс тіліне тәржіма жасап, 1870 ж. Инсбрук қ-нда жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бұл шығарманы зерттеу, ғыл. мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен орыс ғалымы В.В. Радлов (1837 – 1918) жиырма жыл бойы (1890 – 1910) үзбей айналысты. Түркия ғалымдары 1942 – 43 ж. “Құтты біліктің” үш нұсқасын да Стамбұлдан үш том кітап етіп шығарды. Дастанды зерттеу ісіне, әсіресе, түрік ғалымдары Р.Р. Арат (1900 – 1964), М.Ф. Кепрюлд (1890 – 1960) және А.Дильгар (1897 – 1979), т.б. көп еңбек сіңірді. “Құтты білік” дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оны Қ.Каримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (Пекин, 1984) тәржіма жасады. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Ж. Б. өзінің “Құтты білік” дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған. Ж. Б. дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мәселені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған әкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы “хас хажиб”, яғни бас уәзір міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уәзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. “Құтты білікте” елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен,жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет. Ақын сөзімен айтқанда, “елші ердің төрт құбыласы тең болсын, елде – кісі, сыртта – бүтін ел болсын!” – дейді. Дастанда осылайша елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдік-этик. талаптар сипатталып көрсетілген. Кезінде “Құтты білік” дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – “Айнак ул-мамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), екіншісінде – “Панунаман мулук” (“Әкімдерге насихат”), үшіншісінде – “Адаб ул-мулук” (“Әкімдердің әдептілігі”) деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеум. рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Ортағасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім – танымды көркем және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Ж. Б. ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығарм-ғында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік филос. мұраттарын баяндайды. Ж. Б-ның “Құтты білігінде” өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Ж. Б. ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің филос. түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Осындай тағы бір төрттаған Ж. Б-ның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеум. философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, “Құтты біліктің” төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Ж. Б. дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Ж. Б. жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс-әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Ж. Б-дің ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеум. тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады. Ж. Б. өзінің әлеум. философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздері мен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Танымдағы кемелдік – білік, оның іс жүзіндегі көрінісі – укуш деп біледі ол. Ж. Б. өз еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. “Құтты білікте” ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады. Ғұлама өз туындысын Шығыс перепатизмінің арнасында, сопылық ағымның қуатты ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ. “Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Ж. Б. шығарм-ғына ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән. “Құтты білік” дастаны 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Демек дастанда 13040 өлең жолы бар. Соның бәрі 85 тарауға бөлініп берілген. Дастанның кіріспесі қара сөзбен, ал негізгі бөлімдері аруз өлең өлшемінің ықшамдалған мутакариб деп аталатын түрімен жазылған. “Құтты білік” дастанының сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, бір-біріне жазған хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы керектігін, оқу-білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім-тәрбие мәселелерін дидактикалық-филос. тұрғыдан сөз етеді. Мәселен, ақын әдептіліктің алуан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген түйін жасайды. “Құтты білік” дастанының авторы метафора, аллегория, гипербола, меңзеу, астарлап сөйлеу сияқты көркемдік құралдарды аса білгірлікпен пайдаланады. Дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғыл. мәні ерекше. Бұл дастан бертін келе қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған ру-тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, сөз өнерін, тілін, т.б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра болып табылады. Н. Келімбетов, М. Орынбеков Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том

Соңғы редакциялау:

18 қазан 2012

ЖҮСІП БАЛАСАҒҰНИ, Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни (1020 ж.ш., Жетісу өңірі, Баласағұн қ. – ө.ж.б.) – ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға дарынды ақын ғана емес, ға-лым ретінде де танымал болған. Файласуфи (философия), риезиет (математика), тиббий (медицина), фэлэкият (астрономия), нужум (астрология), өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, т.б. ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан. Ж. Б-дің есімі әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында “Құдадғу біліг” (“Құтты білік”) дастаны арқылы қалды. Ж. Б. бұл дастанын хижра есебімен 462 ж., қазіргі жыл санау бойынша 1070 ж. жазып бітірген. Дастанды “хандардың ханы” – Қарахандар әулеті мемлекетінің (942 – 1210) негізін салушы Сатұқ Қара Бұғра ханға (908 – 955) тарту етеді (қ. Әулие Ата). Сол үшін хан өз жарлығымен Ж. Б-ға “хас хажиб” – “бас уәзір” немесе “ұлы кеңесші” деген лауазым берген. Дастанның бізге жеткен үш көшірме нұсқасы бар. Біріншісі, Герат қ-нда 1439 ж. көне ұйғыр жазуымен (қазір ол Вена қ-ндағы Корольдік кітапханада сақтаулы), екіншісі, 14 ғ-дың 1-жартысында Египетте араб әрпімен (Каирдың Кедивен кітапханасы қорында) көшірілген. Ал Наманган қ-нан табылған үшінші нұсқасы 12 ғ-да араб әрпімен қағазға түсірілген. Бұл қолжазба Ташкенттегі Шығыстану ин-тының қорында сақтаулы тұр. Ғалымдар осы үш көшірме нұсқаның әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтай отырып, “Құтты білік” дастанының ғыл. негізделген толық мәтінін жасап шықты. Дастанның көне қолжазбасы табылғанын әлемге тұңғыш рет хабарлап, 1823 ж. “Азия” журналында (Париж) Вена нұсқасынан үзінді жариялаған француз ғалымы Жауберт Амадес еді. Венгер ғалымы Германи Вамбери (1832 – 1913) “Құтты біліктің” бірнеше тарауын неміс тіліне тәржіма жасап, 1870 ж. Инсбрук қ-нда жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бұл шығарманы зерттеу, ғыл. мәтінін дайындау және аударма жасау ісімен орыс ғалымы В.В. Радлов (1837 – 1918) жиырма жыл бойы (1890 – 1910) үзбей айналысты. Түркия ғалымдары 1942 – 43 ж. “Құтты біліктің” үш нұсқасын да Стамбұлдан үш том кітап етіп шығарды. Дастанды зерттеу ісіне, әсіресе, түрік ғалымдары Р.Р. Арат (1900 – 1964), М.Ф. Кепрюлд (1890 – 1960) және А.Дильгар (1897 – 1979), т.б. көп еңбек сіңірді.

“Құтты білік” дастаны орта ғасырларда бүкіл түркі әлеміне түсінікті болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылған. Оны Қ.Каримов өзбек тіліне (1971), Н.Гребнев (1971) пен С.Иванов орыс тіліне (1983), А.Егеубаев қазақ тіліне (1986), бір топ аудармашылар ұйғыр тіліне (Пекин, 1984) тәржіма жасады. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Ж. Б. өзінің “Құтты білік” дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған. Ж. Б. дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын мәселені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, білім мен өнерге жетік, қолы ашық, пейілі кең, жүзі жарқын, ешкімге кек сақтамайтын жан болуы шарт екенін айтады. Ел басқарған әкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық-сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Бұдан кейін ақын патшаның көрер көзі, естір құлағы “хас хажиб”, яғни бас уәзір міндеттерін тізбектеп, зор білгірлікпен айтып шығады. Бас уәзір халықтың талап-тілектерін патшаға, ал патшаның айтар ой-пікірін, жарлықтарын халыққа жеткізіп отыруы тиіс. “Құтты білікте” елшіге қойылатын талаптар егжей-тегжейлі сипатталып жазылған. Елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін, шешен,жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жори білетін, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет. Ақын сөзімен айтқанда, “елші ердің төрт құбыласы тең болсын, елде – кісі, сыртта – бүтін ел болсын!” – дейді. Дастанда осылайша елдегі барлық лауазым, кәсіп иелеріне қойылатын моральдік-этик. талаптар сипатталып көрсетілген. Кезінде “Құтты білік” дастаны Шығыстың әр елінде әр түрлі аталып кеткен. Бір елде – “Айнак ул-мамлакат” (“Мемлекет тәртібі”), екіншісінде – “Панунаман мулук” (“Әкімдерге насихат”), үшіншісінде – “Адаб ул-мулук” (“Әкімдердің әдептілігі”) деген атпен мәлім. Бұл атаулардың бәрі – “Құтты білік” дастаны, негізінен, мемлекетті басқару мәселесіне арналған шығарма екенін растай түседі. Дастанның басты идеясы төрт принципке негізделген. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдіктің символдық бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық-әлеум. рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Ордгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады. Ортағасырлық Шығыс ойшылдарына тән үйлесім – танымды көркем және ғылыми әдістермен ұштастыра қолдану Ж. Б. ғибратында суреткерлік, ойшылдық, ғұламалық, философтық қасиеттердің үйлесім табуынан, ғылым даналығының біртұтастығынан көрінеді. Түркі мәдениетінің нәрлі бұлағынан сусындап, мұсылман өркениетінің қуатты ықпалымен толысқан ойшыл өз шығарм-ғында адамның қоғамдағы орны мен қызметін түсінуге ұмтылып, мінсіз қоғам жайындағы өзінің биік филос. мұраттарын баяндайды. Ж. Б-ның “Құтты білігінде” өмір мәні пайымдалып, жалпыадамзаттық рухани байлықтар – мұрат, дін, этика, өнер және даналықтың мәні сараланған. Ж. Б. ақиқатқа жету жолын адам мен әлемнің, ұлы ғалам мен микроғаламның үйлесімді болуы туралы қағидаға негіздейді. Төрт құдірет – от, су, ауа, жер жайлы ежелгі дәуірдің филос. түсінігіне сүйене отырып, ойшыл әлем осы төрттағанның үйлесімінен жаралған деп санайды. Осындай тағы бір төрттаған Ж. Б-ның қоғам туралы ойларында, яғни қазіргі түсініктегі әлеум. философиясында әділет, бақыт, ақыл және қанағат ретінде бейнеленіп, “Құтты біліктің” төрт кейіпкерінің бойына жинақталған. Ғалам мен микроғаламның тұтастығы, барабарлығы туралы ой Ж. Б. дүниетанымының өне бойынан байқалады. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. Сондықтан ол ғылым мен білімге зор мән берген. Ж. Б. жалпыға ортақ парасаттың танымның нәтижесі ретіндегі білімге көшуі адам мүмкіндігінің жүзеге асуы деп біледі. Ғұлама білімнің туа бітетіндігі жайлы пікірге қарсы шығып, оған парасатты іс-әрекеттің нәтижесінде қол жеткізуге болатынына сенеді. Білімге молынан сусындаған адам ғана көп нәрсеге қол жеткізе алады. Оның пікірінше, білім – даналық, денсаулық және жан толысуы. Ж. Б-дің ойынша, қоғам құрылымындағы кемелдіктің өлшемі әлеум. тәртіп бұзылғанда ғана көзге түсе бастайды. Сол кезде жаңа мұраттар мен ұрандар пайда болып, халық қолдауына ие болады. Ол қоғамдық құрылымның кемелдігін жеке адамның бостандығы, тәуелсіздігі анықтайды деп санады. Ж. Б. өзінің әлеум. философиясында қоғамдағы кемелдіктің негіздері мен іс жүзіндегі көріністерін өзара тығыз байланыста қарастырады. Танымдағы кемелдік – білік, оның іс жүзіндегі көрінісі – укуш деп біледі ол. Ж. Б. өз еңбегінде зердеге айрықша тоқталған. “Құтты білікте” ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу, т.б. мәселелерді қарастырады. Ғұлама өз туындысын Шығыс перепатизмінің арнасында, сопылық ағымның қуатты ықпалымен жазып шыққан. Ойлау қызметі тек адамға ғана тән, жануарларда жоқ қасиет деп біледі ол. Егер сезім алдамшы болса, онда оған толық сенуге болмайды, ал ақыл, зерде әрқашан адамға қызмет етеді, оның жалғандығы жоқ. “Құтты біліктің” негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің кісілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Мұнан өзге Ж. Б. шығарм-ғына ізгілікке құштарлық пен іңкәрлік, сопылық танымдағы Алланы сүю, әлем мен адам сырына терең бойлауға ұмтылушылық белгілер тән.

“Құтты білік” дастаны 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Демек дастанда 13040 өлең жолы бар. Соның бәрі 85 тарауға бөлініп берілген. Дастанның кіріспесі қара сөзбен, ал негізгі бөлімдері аруз өлең өлшемінің ықшамдалған мутакариб деп аталатын түрімен жазылған. “Құтты білік” дастанының сюжеттік желісі негізінен шығарманың бас қаhармандарының өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, бір-біріне жазған хаттарынан тұрады. Төрт түрлі ізгі қасиеттің символдық көрінісі ретінде бейнеленген негізгі төрт қаhарман қоғамның көкейкесті мәселелері туралы әңгімелеседі. Мұндай сұхбатта олар ел басқарған әкімдер қандай болуы керектігін, оқу-білімнің қажеттігін, әдептілік пен тәлім-тәрбие мәселелерін дидактикалық-филос. тұрғыдан сөз етеді. Мәселен, ақын әдептіліктің алуан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген түйін жасайды. “Құтты білік” дастанының авторы метафора, аллегория, гипербола, меңзеу, астарлап сөйлеу сияқты көркемдік құралдарды аса білгірлікпен пайдаланады. Дастанның әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан ғыл. мәні ерекше. Бұл дастан бертін келе қазақ халқының этникалық құрамын қалыптастырған ру-тайпалардың орта ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, сөз өнерін, тілін, т.б. зерттеп білу үшін аса қажетті, құнды мұра болып табылады.

Н. Келімбетов, М. Орынбеков

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том