Қандастар Ассамблея

Менің аса талантты әріптесім

19.02.2013 4841
Мен Оразғали ағаны 1960 жылдан білемін. Ол кісі ол кездерде Жамбыл мәдени ағарту училищесінде студент болатын. Училищеде оқи жүре театрға келіп, спектакльдерге қатысып, роль ойнап жүретін. Содан училищені бітірген соң бірден театрға қызметке қабылданды. Студенттік шағынан театрда үлкенді-кішілі рөлдер ойнап, көрерменге танымал болып алған Орекең енді басты рөлдерді сомдап, өзінің өнерін көрсете бастады. Орекең қандай рөл ойнамасын, әрқашан да үнемі ізденіс үстінде жүретін. Біздің театр 60-шы жылдардың ішінде драматург Сәрсеновтың «Зәуреш» спектаклін сахналады. Қоюшы режиссер - Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі, театрдың бас режиссері Т.Ерғалиев. Осы спектакльде Орекең Ақылбай, ал мен Зәурештің бейнесін сомдадық. Спектакльдегі Ақылбайдың Зәурешті жоқтап келетін жерінде Орекең алыстан зарлап келе жатқан Ақылбайдың дауысына салады. Орекеңнің сол зарлы дауысының әсерінен өзімді өзімді өзім ұстай алмай, сахнада «өліп» жатсам да жылап жатамын. Өйткені, Әкемнің - Орекемнің дауысы сай-сүйекті сырқыратады. Сол дауыс әлі күнге дейін менің құлағымнан кетпейді. Орекеңмен партнер болып ойнау ғанибет еді. Ол кімді болса да өзіне баурап алатын. Көрермен мен партнерді ешқашан көзінен таса етпейтін, қайта еліктіріп, спектакльдің желісінен шығармай соңынан ертіп отыратын. Біздің театр 1975-76 жылдары Одақ бойынша бірінші болып Ленин және Нобель сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері М.А. Шолоховтың «Тынық Дон» шығармасын сахналады. Қоюшы режиссер Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген қайраткері Маман Байсеркенов болды. Орекең «Тынық Донда» Панталей Прокофьвич бейнесін сомдады. Роман бойынша Шолоховтың өзі Панталейдің бейнесін тифпен ауырып жатқанда былай бейнелейді: - Аурудан жүдеп, жүруге әлі келмей жатқан Панталейдің шашының, қасының, сақалының арасынан бит деген бірі кіріп, бірі шығып жатыр, - дейді. Спектакльде Орекеңнің салған гримінің өзі сол сипаттаманы көзіңізге елестетеді. Оразғали аға қолына сценарийді алғаннан кейін, өзі сомдайтын рөлдің өмірбаянын іздей бастайды. Оның жүріс-тұрысы, күлкісі, мінез-құлқы, киген киімі, гримі туралы ойлап, соның бәрін ой елегінен өткізіп барып ойнауға кіріседі. Біздің театр О.Бодықовтың «Ажар мен Ажал» спектаклін қойды. Сонда Орекең төрт түрлі кейіпкердің бейнесін ойнады. Алғашында ол Атанның жас шағын, содан соң Атанның ел билеген болыс болған кезін көрсетсе, іле–шала он бестегі Жұматай рөлінде шығып, спектакльдің соңында оның жиырма беске толған жігіттік шағын ойнайды. Осы бейнелердің бәрін бір-біріне ұқсатпай ойнау әртіске оңай емес. Осыншама жұмыстың бәрі әртістің еңбекқорлығын, ұдайы ізденісте жүретінін білдірсе керек. Бір спектакльде бірнеше рөл ойнау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шеберлік деген міне осы болса керек. Мен осындай таланты мен талабы мол актермен әріптес болғаныма қуанамын. Актер ретінде Оразғали Әбділмановтың жетпіс жасқа келгенше ойнаған рөлдері осы ғана деуден аулақпын. Ол кісі басқа да көптеген образдарды сомдап шығарды. Оның бәрі кезінде баспасөз бетінде жарияланған, халық өз бағасын берген болатын. Ол кісінің халқына еткен еңбегі мол. Халқы ол кісіні ешқашан ұмытпайды. Жатқан жері жайлы,топырағы торқа болсын. Әтіркүл Дүйсекенова Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңірген әртісі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі Тараз қаласы, 2010 жыл, 14 маусым

Мен Оразғали ағаны 1960 жылдан білемін. Ол кісі ол кездерде Жамбыл мәдени ағарту училищесінде студент болатын. Училищеде оқи жүре театрға келіп, спектакльдерге қатысып, роль ойнап жүретін. Содан училищені бітірген соң бірден театрға қызметке қабылданды. Студенттік шағынан театрда үлкенді-кішілі рөлдер ойнап, көрерменге танымал болып алған Орекең енді басты рөлдерді сомдап, өзінің өнерін көрсете бастады. Орекең қандай рөл ойнамасын, әрқашан да үнемі ізденіс үстінде жүретін.
Біздің театр 60-шы жылдардың ішінде драматург Сәрсеновтың «Зәуреш» спектаклін сахналады. Қоюшы режиссер - Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген әртісі, театрдың бас режиссері Т.Ерғалиев. Осы спектакльде Орекең Ақылбай, ал мен Зәурештің бейнесін сомдадық. Спектакльдегі Ақылбайдың Зәурешті жоқтап келетін жерінде Орекең алыстан зарлап келе жатқан Ақылбайдың дауысына салады. Орекеңнің сол зарлы дауысының әсерінен өзімді өзімді өзім ұстай алмай, сахнада «өліп» жатсам да жылап жатамын. Өйткені, Әкемнің - Орекемнің дауысы сай-сүйекті сырқыратады. Сол дауыс әлі күнге дейін менің құлағымнан кетпейді.
Орекеңмен партнер болып ойнау ғанибет еді. Ол кімді болса да өзіне баурап алатын. Көрермен мен партнерді ешқашан көзінен таса етпейтін, қайта еліктіріп, спектакльдің желісінен шығармай соңынан ертіп отыратын.
Біздің театр 1975-76 жылдары Одақ бойынша бірінші болып Ленин және Нобель сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері М.А. Шолоховтың «Тынық Дон» шығармасын сахналады. Қоюшы режиссер Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген қайраткері Маман Байсеркенов болды. Орекең «Тынық Донда» Панталей Прокофьвич бейнесін сомдады.
Роман бойынша Шолоховтың өзі Панталейдің бейнесін тифпен ауырып жатқанда былай бейнелейді:
- Аурудан жүдеп, жүруге әлі келмей жатқан Панталейдің шашының, қасының, сақалының арасынан бит деген бірі кіріп, бірі шығып жатыр, - дейді. Спектакльде Орекеңнің салған гримінің өзі сол сипаттаманы көзіңізге елестетеді.
Оразғали аға қолына сценарийді алғаннан кейін, өзі сомдайтын рөлдің өмірбаянын іздей бастайды. Оның жүріс-тұрысы, күлкісі, мінез-құлқы, киген киімі, гримі туралы ойлап, соның бәрін ой елегінен өткізіп барып ойнауға кіріседі.
Біздің театр О.Бодықовтың «Ажар мен Ажал» спектаклін қойды. Сонда Орекең төрт түрлі кейіпкердің бейнесін ойнады. Алғашында ол Атанның жас шағын, содан соң Атанның ел билеген болыс болған кезін көрсетсе, іле–шала он бестегі Жұматай рөлінде шығып, спектакльдің соңында оның жиырма беске толған жігіттік шағын ойнайды. Осы бейнелердің бәрін бір-біріне ұқсатпай ойнау әртіске оңай емес. Осыншама жұмыстың бәрі әртістің еңбекқорлығын, ұдайы ізденісте жүретінін білдірсе керек. Бір спектакльде бірнеше рөл ойнау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шеберлік деген міне осы болса керек. Мен осындай таланты мен талабы мол актермен әріптес болғаныма қуанамын.
Актер ретінде Оразғали Әбділмановтың жетпіс жасқа келгенше ойнаған рөлдері осы ғана деуден аулақпын. Ол кісі басқа да көптеген образдарды сомдап шығарды. Оның бәрі кезінде баспасөз бетінде жарияланған, халық өз бағасын берген болатын. Ол кісінің халқына еткен еңбегі мол. Халқы ол кісіні ешқашан ұмытпайды.
Жатқан жері жайлы,топырағы торқа болсын.

Әтіркүл Дүйсекенова
Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңірген әртісі,
Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі

Тараз қаласы,
2010 жыл, 14 маусым

Ұқсас материалдар