Қандастар Ассамблея

Чемпионның сабағы

17.10.2016 5677
Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов балалармен бірге жаттығу жасады

Астанадағы №54 мектептің 5 «А» сыныбы үшін бүгінгі дене шынықтыру пәні ерекше өтті. Өйткені, бүгін оларға Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сабақ берді.

–  Сәлем, балақайлар!

Спорт залына күлімдей кіріп келген чемпионды оқушылар жамырай қарсы алды. Бір кездері осы залда шыныққан оқушы Данияр енді мұнда чемпион Данияр болып кірді. Мектепте дене шынықтыру оның сүйікті пәні болатын.

– Балалар, салауатты өмір салтын ұстану денсаулыққа пайдалы екенін бәрің жақсы білесіңдер. Сондықтан, біз бүгін түрлі жаттығулар жасаймыз. Маған сабақ барысында Юра ағаларың мен «World class» фитнес-клубының нұсқаушысы көмектеседі. Юра ағаларыңды білесіңдер ғой? – деді чемпион.

Балалар бастарын изеді. 1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченконы ер балалар көбірек таниды екен. Бұған дейін де балалармен жұмыс істеген тәжірибелі палуан «қанеки, қолдарыңды созыңдар!» деп, Даниярмен бірге жаттығуды бастап кетті. Екеуі де оқушылармен бірге жүгіріп, отырып-тұрып, ойын түріндегі жаттығуларға белсене қатысты.

Юрий Мельниченко балақайлардың бәрі бірдей кәсіби спортшы болуы міндетті емес, бастысы, қай салада болмасын, өз ісінің шебері болғаны маңызды деп есептейді.

– Данияр – №54 мектептің түлегі. Өздері оқитын мектептен шыққан Олимпиада чемпионын балалар жылы қарсы алды. Даниярдың сөздері оқушыларды қанаттандырды деп ойлаймын, – деді Юрий Васильевич.

Ал, Данияр Елеусінов болса, бүгінгі сабақтан соң, мұғалімнің жұмысы қандай қиын екенін түсінгенін айтты. «Болашақта жаттықтырушы болу туралы ойланып көрдің бе?» деген сұраққа чемпион:

– Әзірше нақты білмеймін. Үйде кішкентай ұлым өсіп келе жатыр. Ағамның да балалары бар. Шын қаласам, ол қызметке де ынта-шынтаммен кірісетін шығармын. Бір-екі баланы спортқа баулуға әлім жетеді. Ал, мынадай көп баламен жұмыс істеу оңай емес екен. Әрқайсысын жеке-жеке қадағалау үшін мұғалімге қандай төзім керектігін қазір түсініп тұрмын», – деп жауап қатты.

Олимпиада чемпионы қазір демалыста. Бос уақытында футбол ойнап, жаттығу залдарына барып жүр екен. «Алда Әлем чемпионаты, Азия біріншілігі келе жатыр. Жарыстар келесі жылы болатындықтан, тыңғылықты дайындық та жаңа жылда басталады» деді Данияр.

Айта кетейік, таяуда Олимпиада чемпионы сал ауруына шалдыққан балаларға көмек ретінде «Бәйтерек» қорына 10 миллион теңге аударған болатын. Сол үшін «Алтын жүрек – 2016» сыйлығына ұсынылып отыр.

Сабақтың соңына таяу спорт залына келген ұстаздар қауымы Даниярды құшақтап, жеңісімен құттықтап жатты. Олардың арасында чемпионның сынып жетекшісі Рая Келесқызы да бар.

Рая Келесқызы, Данияр Елеусіновтің сынып жетекшісі:

Бұл баладан чемпион шығатынын сезгенбіз

– Данияр біздің мектебімізде 10, 11-сыныпты оқыды. Мен оған қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім.  Данияр мектепте қазақ, орыс және ағылшын тілдерін, Қазақстан тарихын өте жақсы оқыды. Ал, дене шынықтыру сабағын, сөзсіз, бірінші орынға қойды (күлді).

Данияр өте мәдениетті бала болатын. Мұғалімге ешқашан сөз қайтарып, қарсы шыққан емес. Біреуге тиісіп, артық сөз сөйлегенін көрмеппін. Айтқанымызды мүлтіксіз орындайтын.

Қазақ «болатын бала жасынан» дейді ғой. Біз осы баланың кейін жақсы нәтижеге жететінін сол кезден-ақ сезетінбіз. Өйткені, ол оқушы күнінде-ақ жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыстардан жүлде алып жүрді. Данияр әрбір жарысқа қатысқан күн біздің мектеп үшін үлкен мереке болатын. Біз арнайы салтанатты жиын жасап, жеңімпаз оқушымызды ерекше құрметпен қарсы алатынбыз.

 Сабақ соңында Данияр Елеусінов өзінің қолтаңбасы бар күнтізбені оқушыларға таратып, олармен бірге естелік суретке түсті.

«Физкульт-Ура» – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен өткізілетін, балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен айналысуға шақыратын жоба. Бүгін №54 мектепте Данияр Елеусінов қатысқан сабақ – тоғызыншы сабақ. Өткен айда олимпиада чемпиондары екі мектепке барып, балалармен бірге жаттығу жасады.

Жақында Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Ақтөбедегі бір мектептің оқушыларына шеберлік сағатын өткізеді. Ал, Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова мен Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қарағандылық оқушылармен кездеседі.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ