Қандастар Ассамблея

Чемпиондар лигасын ұтпаған ұлы футболшылар!

24.02.2015 4065
Бір футболшылар болады, жарқырап ойнайды, жеке атақтары өте көп, бірақ барлық жүлдеге қол жеткізе алмай кеткен. Осы ретте Еуропаның басты турнирі Чемпиондар лигасында жеңіске жетіп көрмеген атақты футболшылар туралы сөз етпекпіз.

Бір кем дүние. Бір футболшы болады, ұлттық құрамамен де, клубпен де барлық жетістіктерге қол жеткізген. Бірақ, оның жеке наградалары мүлдем болмайды. «Алтын доп», «Алтын бутсы», «Үздік сұрмерген» деген сияқты. Бір футболшылар болады, жарқырап ойнайды, жеке атақтары өте көп, бірақ барлық жүлдеге қол жеткізе алмай кеткен. Осы ретте Еуропаның басты турнирі Чемпиондар лигасында жеңіске жетіп көрмеген атақты футболшылар туралы сөз етпекпіз.

І. Роналдо Луис Назарио 

Екі рет Әлем чемпионы атанған, ең мықты деген Еуропаның клубтарында ойнаған Роналдо чемпиондар лигасында бірде-бір рет жеңіске жетіп көрмеген десек сенерсіз, сенбессіз. Бірақ, солай. 1997, 2002 жылы «Алтын доп» иеленген Роналдоның жүлде қорында жетіспейтіні осы ғана.

ІІ. Михаэль Баллак

Финалда жолы болмайтын ойыншы. Неше рет үлкен турнирлердің финалында өнер көрсетті. 2002 жылы «Байермен» чемпиондар лигасының финалында ойнады. Ұтылды. 2008 жылы «Челсимен» финалда ойнап, Мәскеу финалында «Манчестер Юнайтедтен» пенальти қорытындысы бойынша ұтылып қалды. Германия ұлттық құрамасымен 2002 жылы Әлем чемпионатының, 2008 жылы Еуропа чемпионатының финалында жеңіліс тапты. Михаэль Баллактың футбол тарихында 2002 және 2008 жылдар осындай сәтсіздіктермен орын алды.

ІІІ. Эрик Кантона

Қаншама гол соқты. Жеңіске жетті. Жеке жетістіктері өте көп. Тіпті, бутсысын шегеге ілгеннен кейін киноға түсіп, актерлік қырынан да табылды. «Манчестер Юнайтед» клубында жүріп төрт рет Англия чемпионы атанды, екі рет Англия кубогын ұтып алды. Бірақ Чемпиондар лигасын ұта алған емес.

IV. Деннис Бергкамп

«Аякста» аяқ алысы керемет басталды. Италияның «Интерінде» де жүлде салды. Сосын лондондық «Арсеналға» кеп қарқынын күшейтті. Үш рет Англия чемпионы атанды (1998, 2002, 2004), Англия кубогын төрт рет жеңді (1998, 2002, 2003, 2005). Бірақ, бірде-бір мәрте біз жоғарыда айтқан межені бағындыра алмады.

V. Роберто Баджо

«Ювентус» және «Милан» сияқты ірі клубта ойнаған атақты футболшы. Италия ұлттық құрамасы сапында да керемет өнер көрсетіп, 1990 жылы қола, 1994 жылы күміс жүлдегер атанды.

VI. Алан Ширер

ФИФА-ның үздік 100 ойыншысы қатарына кіреді. Екі рет Англияның үздік футболшысы атанған (1995, 1997). Англия чемпионатының үш рет сұрмергені атанған (1995, 1996, 1997). 1996 жылы өткен Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені, сондай-ақ, 1996 жылы «France-Football» журналының тұжырымы бойынша әлемнің үздік үш ойыншысының қатарына кірді. Осы Алан Ширер чемпиондар лигасында жеңіп көрмеген атақты футболшы.

P.S. Бұл тізімге алдағы уақытта Франческо Тотти мен Джанлуиджи Буффон кіруі мүмкін.


Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Ұқсас материалдар