Қандастар Ассамблея

ҰБТ-ны бір жылда екі рет тапсыруға бола ма?

25.06.2015 5261
Ел.кз редакциясы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевпен сұхбат құрды.

Оқу жылының соңына қарай оқушылар мен ата-аналарды, сондай-ақ мектеп мұғалімдерін жиі мазалайтын тақырып ҰБТ екені анық. Өйткені тестілеудің осы түрі оқу гранттарын үйлестіруде негізге рөлге ие. Жылдан-жылға шыңдалып келе жатқандығына қарамастан көңілі толмай үлкен дау-дамай шығарып жататын ата-аналарды жыл сайын кездестіреміз. Бұдан бөлек, тестілеуге түбегейлі қарсы адамдар да жетерлік. Олардың тағар айыбы ҰБТ-ның жаттандылығында. Ел.кз редакциясы аталмыш мәселелерге байланысты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевпен сұхбат құрды.  

– Тестілеу деген не? Біз бұл ұғымды дұрыс түсінеміз бе? 

– Тестілеу – бағалау әдістерінің бір түрі, емтиханға қатысушылардың саны көп болған жағдайда және оны сырттан келген комиссия қабылдайтын жағдайларда көп қолданылады. Мектеп мұғалімдерінің біразы осы сыртқы бағалау әдісіне көңілі толмайды, барлық емтихандардың ішкі бағалау ретінде өткізілгенін қалайды. Алайда, қорытынды емтихандарды мектептің немесе ЖОО-ның өзі емес сыртқы бақылау органының өткізуі – білім саласындағы қабылданған негізгі өзгерістердің бірі. Мұны тіпті негізгі концепция деп те айтуға болады. Шынында да, мектеп өз түлектерін қоғамның, ата-аналардың тапсырыстары бойынша оқытады ғой, оның үстіне жалпыға бірдей міндетті орта білім беру мемлекеттің негізгі конституциялық талаптарының бірі. Олай болса, «тапсырыстың» орындалуын бақылау және бағалау мемлекеттің уәкілетті органының міндеті. Менің ойымша, біз осы негізгі тұжырымды түсіндіре білуіміз керек.

– Тестілеуге байланысты тағылатын негізгі айып оның жаттандылығында. Алайда, бұл айып барлық пәнге қатысы жоқ деп білеміз. Мәселен, математика, физика, химия, қазақ-орыс-ағылшын тілдері. Бұл пәндердің сұрақтарын жаттаудың мәні жоқ, себебі жауап мысалдарын шексіз ауыстыра беруге болады? Ал енді тарих, әдебиет пәндеріне келсек, шында да жаттандылық байқалады. Демек, осы екі-үш пәннің мәселесін шешсек, ҰБТ-ның негізгі мәселесі жойылмай ма?

– Әртүрлі пәндер бойынша емтихандар әртүрлі әдістермен өткізілуі керек деген дұрыс. Бірақ, қазіргі заңнама негізінде ҰБТ-ға мұндай өзгерістерді енгізу мүмкін болмай отыр. ҚР «Білім туралы» заңының және ҰБТ өткізу ережелерінің талаптары өте қатал және барлығы да міндетті түрде орындалатындай деңгейде жазылған. Жоғарыда айтылған өзгерістерді енгізу үшін Заң мен ережені түбегейлі өзгерту қажет.

– Осыдан екі жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінің басшылығы 2015 жылдан бастап ҰБТ екі кезеңмен өткізіледі деген болатын. Екі кезеңге бөлу қалай жүзеге асады?

– 2015 жылы болады деген өзгерістер 12-жылдық білім беру жүйесіне көшу бағдарламасы бойынша жоспарланған болатын. Бұл жоспардың өзгертілуіне байланысты өзгерістер де кейінге қалдырылды. Жоспар бойынша ҰБТ-ны екі кезеңде өткізу емес, екі түрлі емтихан енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. ЖОО-ға түсу емтихандары мазмұнына мамандықтарға байланысты бейіндік пәндерді енгізу жоспарланған болатын. Мысалы, Жалпы медицина мамандығына түсетіндер үшін Химия және Биология пәндері, т.с.с. Егер, бірнеше мамандық таңдалатын болса, онда тапсыратын пәндер саны көбейеді. Мектеп бітіру емтихандары тест және дәстүрлі түрде жоспарланған болатын.

– ҰБТ-ға аса жоғары көңіл бөлінуінің, сондай-ақ оқушылардың стресстік күй кешуінің бірден-бір себебі – оның жылына бір-ақ рет өтуі. ҰБТ-ны жылына бірнеше рет өткізу идеясын қарастырып көрдіңіздер ме? Мәселен, жаздың басында бір рет және жылдың аяғында екінші рет. Алғашқысын тегін, екіншісін ақылы және облыс орталығында өтетіндей етіп жасауға болмай ма? IELTS және TOEFL секілді ағылшын тілі емтихандарын шексіз тапсыра беруге бола ма?

– ҰБТ өзінің анықтамасы бойынша – біріншіден, мектеп бітіруші үшін қорытынды емтихан, екіншіден ЖОО-ға түсу емтиханы. Яғни, бір мезгілде, біріктіріліп өткізілетін екі емтихан. Мектеп бітіру емтиханын бірнеше рет тапсыпуға болмайды, себебі, мектеп бағдарламасын толық өтіп шығу керек. Және, күз, қыс айларында емтихан тапсырғандарға  аттестатты қалай беруге болады, бұл жағдайда мектептегі оқу ісін қалай ұйымдастыру керек деген сұрақтар туады. Ал, ЖОО-ға түсу емтиханын қайталап тапсыруға болады, оны ұйымдастыру үшін мұндай емтихан жеке тапсырылуы керек. Яғни, ол мектеп бітіру емтиханынан бөлек болуы керек. Мектеп бітіру емтиханын ақылы түрде өткізуге болмайды, ал ЖОО-ға түсу емтиханы ақылы түрде өткізіледі. ҰБТ-ны IELTS және TOEFL сияқты емтихандармен салыстыру дұрыс емес. Ол емтихандар ересектерге арналған, бір ғана пән бойынша өткізіледі, олардың жүгі ҰБТ-ға қарағанда жеңіл.      

– Аппеляция беруге тоқталсақ. Ауылдық жерлерде балалар аппеляцияға қалай беру қажеттігін білмей жатады. Тестілеуден шыға сала аппеляциялық қағаздарын тастай салады, сақтап қойған күннің өзінде оған қажетті ақпаратты түртіп отырмайды. Мұны мұғалімдер түсіндіру қажеттігі анық, алайда егер мұғалімдер балаларға үйретпей жатса, оған кім кінәлі?

– Мұғалімдер апелляция өткізілу ережесін түсіндіре алмаса, әрине мұны үлкен кемшілік деп түсіну керек. Бұлай болмау үшін біз әрбір түлектің қолына арнайы дайындалған жаднама тапсырамыз. Түсіндіру жұмыстарын өткізу кезінде барлық жиындарға біздің филиалдарымыздың қызметкерлері қатысып, осы мәселе бойынша анықтама береді.

– ҰБТ-ның болашағына қатысты жеке көзқарасыңыз?

– ҰБТ 2004 жылы енгізілгеннен біраз мәселелерді шешті. Атап айтқанда, бір емтихан тапсыру арқылы мектеп аттестатын алуға және ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берді. Және, бұл емтиханды алысқа бармай, өз ауданында тапсыруға мүмкіндік берілді. ҰБТ елімізде алғаш рет енгізілген сыртқы бағалау құралы ретінде де өз міндетін орындап келеді. Он бір жылдық (2004-2014 жылдары ҰБТ он бір рет өткізілді) тәжірибені қорытындылайтын болсақ, жаңа үлгідегі емтихандар енгізу қажеттілігін байқауға болады. Оған негізгі себептер, біріншіден ҰБТ-ның жүгі тым ауыр, оның нәтижелері бойынша өте көп қорытындылар жасалады, шешімдер шығарылады. Мысалы, ҰБТ нәтижелері бойынша нақтылы, бір мектептегі білім сапасы туралы қорытынды жасау дұрыс емес, ол дәл қорытынды болмайды деп айтар едім. Себебі, ҰБТ-ға оның анықтамасына сәйкес мектеп бітірушілер толық, жүз пайыз қатыспайды. Тек, ағымдағы жылы ЖОО-ға түсушілерге ғана міндетті. Екіншіден, барлық пәндер бір ғана үлгі бойынша тапсырылп келеді. Осыған байланысты пәндерді оқыту ерекшеліктері толық ескерілмейді. Үшіншіден, біздің елеміздегі мектептердің әр түрлілігі ескерілмейді. Яғни, арнайы физика-математика мектебі, гимназиялар мен лицейлер, ауыл мектептері бір деңгейдегі тест тапсырады. Осы айтылғандарға байланысты, болашақта екі емтиханды жеке тапсыратындай жүйе жасауымыз қажет деп ойлаймын. 


Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар