Қандастар Ассамблея

«Болашақ» бағдарламасы өзін ақтады ма?

28.11.2014 5528
«Болашақ» бағдарламасы өзін ақтады ма

Сұраққа жауап беру үшін «Болашақ» бағдарламасын ғылыми тұрғыдан зерттеп шығу керек. Осы олқылықты толтыру үшін,  шетелде білім алып келген азаматтардың Қазақстан экономикасына әсерін түсінуге  негізделген «Болашақ» бағдарламасы адам капиталын дамытудың факторы ретінде» ғылыми кітабы жарыққа шықты. Кітапты Саясат Нұрбек бастаған авторлар тобы жазып шықты. Жағдайды жақсырақ түсіну үшін аталған кітаптың негізгі тұжырымдарын ұсынамыз. 

Бәсекеге қабілетті, тәуелсіз және тұрақты мемлекет болу үшін басшылық шаруашылықты әртараптандыру мен әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту бағытында жаңа тәсілдерді іздейді. Бұл өз кезегінде адам капиталын дамытуға келіп тіреледі. Осының дәлелі ретінде шетел мемлекеттерінің адам капиталын дамыту бағытында азаматтарын басқа елдерге оқуға жіберіп отырады. Ол кез келген мемлекеттің білім беру саясатының ең негізгі мақсатын орындайды. Яғни әлемдік кеңістікпен ықпалдасу және білім беру, экономикалық және саяси институттардың халықаралық деңгейге көтерілуі. Мамандарды шетелде дайындау – адам капиталын дамытудың тиімді құралы, әрі ұтымды инвестиция.

Заманауи ғылымда адам капиталы концепциясы қоғамның басты құндылығы, экономикалық өсімнің және әлемдік деңгейде бәсекелестікке түсе алу негізі ретінде қарастырылады. Адам капиталы – сарқылатын ресурс. Барлық сарқылатын қор секілді, оның да орнын толтырып отыру керек. Қалпына келтіру инвестициялар арқылы іске асады. Халықтың білім деңгейі мемлекеттің ЖІӨ көрсеткіші секілді маңызды.

«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің мамандануы жайлы мәліметке сүйенсек, басымдық өндіріс пен басқару саласында екенін аңғаруға болады. Мәселен, болашақтықтардың: 35,1% – инженерлік-техникалық, 31,6% – басқару, 12,1% – әлеуметтік ғылымдар, 6,6%  – гуманитарлық, 6,2%  – нақты ғылымдар, 4,3%  – медициналық, 2,8%  – басқалар, 1,1%  – педагогикалық мамандықтарды таңдаған екен.  

2013 жылдың наурыз айындағы соңғы деректерге сай, бағдарлама аясында оқитын түлектер Ұлыбритания (41,2%), АҚШ (27,9), РФ (5,6) және Канада елдеріне басымдық береді. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқи отырып, оқу үлгерімдері де жақсы деңгейде. Түлектердің: 56,4% «өте жақсы», 25,5% «жақсы» және 12,2% «қанағаттанарлық» деген көрсеткішке ие болған. Бұл бір жағынан олардың шетелдегі оқу орындарында керекті білім мен қабілеттерді алғандығын білдірсе, екінші жағынан «Болашаққа» іріктеуден өткен үміткерлердің базалық дайындығы жақсы деңгейде екенін көрсетеді.

Өзіңізді Қазақстанның бөлшегі ретінде сезінесіз бе?» деген сұраққа «Болашақ» түлектерінің 86,3% «Иә», 2,2% «Жоқ»,  10,6% таңдауының нақты емес екендігін атап көрсеткен. Шетелде оқитын жастар мемлекетінің тағдырына бей-жай қарайды деген пікірді жоққа шығаратын мәліметтер. Керісінше, басқа қоғамда өмір сүріп, мәдени және діни айырмашылық көре отырып елін бағалауға тырысады. Психологиялық құбылыс ретінде патриоттықтың артуы байқалады.

Батыс елдерінің мысалында, мемлекеттің шығындардың 20%  білім саласына жұмсайды, экономикалық өсімді сақтап қалу үшін білімге бөлінген қаржы өзін тікелей және жанама түрде ақтайды. Тіке – ол экономикалық пайда, шетелдік инвестициялар тарту. Ал жанама – қоғамға жаңа құндылықтар мен ұстанымдарды алып келу. Және де, өздерін қоршап жатқан қоғамды жақсы жаққа қарай өзгертеді. Түлектер бойында техникамен жұмыс істеу, іскерлік хат жазысу, шет тілін білу, топтық жұмыс, жоспарлау, және т.б. секілді қабілеттердің жақсырақ дамығандығын аңғаруға болады.

Әрбір үшінші түлек (34,6%) жеке компанияларда, әрбір төртінші (28,1%) мемлекеттік компанияларда, ал әрбір жетінші түлек мемлекеттік қызметте істейді (14,2%), және де 12,3%-ы халықаралық ұйымдарда жұмыс істейді. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендердің нақты қай салаларда қызмет атқаратындығын көре аламыз. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы жас мамандар үшін әлеуметтік лифт қызметін атқарады. Бағдарлама тек экономикалық пайда әкеліп қоймайды. Қоғамға рухани-мәдени, әлеуметтік әсері жоғары.

  

Зерттеу жұмысы барысында түлектерден алынған сұхбаттардан үзінді:

Мен мектепте 8-9 сынып оқып жүргенімде сабақтан кейін қой бағатынмын. Жігіттермен ауыл сыртында мал бағып жүріп, көп әңгімелесетінбіз. Сонда мен болашақта шетелде, Еуропада, оқитынымды жиі айтатынмын. Бәрі оқу туралы айтқаныма күліп қарайтын. Ол кезде «Болашақ» бағдарламасы жоқ еді. Бірақ теледидардан Батыс әлемін көретінмін. Мен сонда болуға ұмтылатынмын. Шетелде оқуға түсу керектігіме сенімді болдым.

(С.Б., 38 жас. №1 сұхбат )

Жас кезде шетел көру адам алдында бірнеше сұрақ қояды: мен қайдамын? мен кіммін? не істегім келеді? кім болғым келеді? Әлем идеалды емес екеніне көзің жетеді. Қиыншылықтар универсалды және барлық қоғамдарға тән екенін көресің. Осының аясында өзіңнің қайдан екеніне назар аудара бастайсың. Менімен бірге шетелде оқыған достарыма қатты әсер етті. Жат елде оқу кім екеніңді түсінетіндей сабақ болды.  Өзіңді Кеңес Одағынан шығушы ретінде емес, тәуелсіз Қазақстанның азаматы екенімізді түсінуге жол ашты.

(У.К., 37 жас. №7 сұхбат )

Елге қайтып келгенде мені оқытуға жұмсалған қаржыны есептеп көрдім. Францияда оқу тегін, бірақ өмір сүруі мен тамағыма 30-50 АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалды. Өз алдыма 10 жыл ішінде осы ақшаны елге әртүрлі ғылыми, инженерлік гранттар арқылы қайтарамын деген мақсат қойдым. Оқу біткеннен кейін 10 жыл көлемінде Қазақстанға 500 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарттым. Аз уақыттан соң көрсеткіш 4-5 млн АҚШ доллар  мөлшерін құрайды. Менің ойымша, барлығы осылай істеулері керек.

(Е.А., 37 жас. №10 сұхбат)


Ұқсас материалдар