Қандастар Ассамблея

Біз өзге біреудің құқығын сыйлай аламыз ба?

16.10.2015 2228
«Сіздің еркіндігіңіз өзге біреудің құқығы басталған жерде тоқтайды». Бұл ережені біз қалай түсінеміз және біздің әрекетіміз осы ережеге бағына ма?

Америкалық заңгер Оливер Уендель Холмстың тамаша сөзі бар, ағылшынша айтқанда: «The right to swing my fist ends where the other man's nose begins». Орыстар мұны «Право человека кончается там, где начинается права другого человека» деп айтады. Бұл ұғымның нақты қазақша баламасын есіме түсіре алмай отырмын, өзімше аударсам «Сіздің еркіндігіңіз өзге біреудің құқығы басталған жерде тоқтайды» дегенге келетін секілді. Бұл ережені біз қалай түсінеміз және біздің әрекетіміз осы ережеге бағына ма?

Қарап отырсаңыз, бүгінгі дамыған елдердегі жоғары мәдениетті қоғам дәл осы қағиданың арқасында қалыптасқан секілді. Ал бізде өкінішке орай екі адамның бірі бұл ережені не білмейді, не білсе де өзінше түсінеді. Бұл бірнеше жағдайда көрініс табады. Соларды тізіп шығайын.

Алдымен шағын деңгейде қарастырып көрейік.

Мәселен, қоғамдық көлікте бір адам дарылдатып телефонмен сөйлесіп, өз шаруасын тындырып жатады. Осы кезде оның қасындағы өзге жолаушылар оның әңгімесін еріксіз тыңдауға мәжбүр болады. Енді қараңыз, сол жолаушылар не себепті бейтаныс адамның қажетсіз әңгімесін тыңдауы қажет? Адам телефонмен өзі қалаған адаммен сөйлесуге құқылы, бірақ неге ол осы арқылы өзге адамның тыныштыққа деген құқығын бұзуы тиіс. Бұдан шығатын қорытынды: адам қоғамдық көлікте, қасында адамдар көп жүретін кез келген қоғамдық ортада ұзағынан әңгіме соқпауы тиіс. Бұл мысалды лифт ішіндегі мәдениетке де жатқызуға болады.

Екінші мысал. Біз бәріміз әтір немесе иіссу пайдаланамыз. Кейде бір адамдар сол суын өкіртіп сеуіп, оның иісі радиусы 20-25 метрге дейін шығып тұрады. Сіз себетін су сізге ғана ұнайды, ол басқа адамға ұнамақ түгіл, керісінше жеккөрініштік тудыруы мүмкін. Неге өзге адамдар сіз ұнатқан иіспен демалуы тиіс? Өз бөлмеңізде, не өз үйіңізде, егер сізбен ешкім тұрмаса қалағанынша себіңіз, бұл сіздің құқығыңыз. Бірақ айналыңызда басқа біреу болатын болса, бұл дұрыс емес. Мұндай адамдар да біздің қоғамда көп кездеседі.

Үшінші мысал. Автобуспен, пойызбен немесе ұшақпен ұзақ сапарға шыққанда кей адамдар алкогольді сусын ішіп, соның әсерінен не ұйықтап, не босаңсып жеткісі келеді көздеген жеріне. Бірақ ондай сусынды ішкен адамнан жағымсыз иіс шығады. Сол адамның қасында отырған адамдар не үшін ол сасық иісті жұтынуы тиіс. Олардың құқығы қайда қалды? Дәл осыны темекі шегетіндерге қатысты да айтуға болады. Көлікте, бөлмеде айналасында өзге адамдар бола тұра темекіні алаңсыз шегетіндер бар.

Төртінші мысал жол жүру процесінің қатысушыларына арналады. Шыдамсыз көлік жүргізушілері жаяу жүргінші өтетін жолаққа келгенде асығыстық танытып, сигналын басып жатады, кейде жаяу жүргіншіні (Жол сақшысы болмаған жағдайда) өткізбей жүріп кетеді. Жаяу жүргіншінің жолдан өтуге деген құқығы тапталмауы тиіс.

Бұл әңгіме жаяу жүргіншілерге де қатысты. Жолаққа келгенде мен қаншалықты жай жүрсем де өзім білемін, қаласаң да, қаламасаң да күтесің деген сыңай таныту дұрыс емес. Көлік жүргізушінің құқығын сыйлау керек.

Бұл мысалдарды болмашы деп елемеуге болмайды, бұл біздің қоғамдық мәдениетіміздің негізгі проблемасы.

Одан әрі кеттік, одан да салмақты мысалдарға тоқталайық. Біз қызмет үшін ақы төлеу мен пара беруді кейде шатастырып аламыз. Мәселен, емханаға үлкен кезек тұр делік. Сіз сол кезекті айналып өтіп, дәрігерге бес-он пұлын ұстатып өзіңіздің шаруаңызды тезірек бітіруін сұрайсыз. Сіздің жұмысыңызды бітіру үшін дәрігер өзге адамдарды одан әрі күттіріп қояды. Осылайша сіз кезекте тұрған көптеген адамның құқығын таптайсыз.

ҰБТ кезінде ақша беріп ұпайды көбірек жинайтындар бар: біреу дайын жауап сатып алады, біреу телефонмен білікті мамандармен сөйлеседі. ҰБТ-дан бәрі жоғары балл алғысы келеді және көбісі бұл үшін кез келген нәрсеге дайын. Мәселен, шамасы 80 балға келетін бала, ақша беріп 110 балл жинады делік. Енді қараңыз, сол бала ертең грантқа тізімде соңғы болып түссін делік. Сонда өз күшімен 109 бал алған бала еңбегімен қол жеткізген грантынан сіз үшін айырылады, сіз оның құқығын бұздыңыз. Ондай кезде сірә ешкім мұны ойламас, бірақ бұл құқық бұзушылық екені анық.

Мұндай мысалды шексіз айтуға болады және оған біздің қоғамда себеп көп. Бұдан арылудың бірден-бір жолы жоғарыда айтылған ережені адам санасына сіңдіру. Оны түрлі деңгейде жүзеге асыруға болады: балабақшадан бастап университетке дейін: ашық сабақтарда, тәрбие сағаттарында және т.б.; газеттегі мақаладан бастап, теледидардағы бағдарламаларға дейін: қоғамда болып жатқан мәселенің көпшілігін осы ереженің призмасынан өткізу. Менің ойымша, егер біз мәдениеті жоғары қоғам қалыптастырғымыз келсе, міндетті түрде осы ережеге сүйенуіміз тиіс.

Сіздің еркіндігіңіз өзге біреудің құқығы басталған жерде тоқтайтынын ұмытпаңыз.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар