Биыл жарыққа шығатын бес отандық фильм

05.03.2016 3168
2016 жылы көрерменді қандай сый күтіп тұр?

Соңғы кезде Қазақстанда қысқаметражды, деректі және көркем фильмдер көптеп түсірілді. Олардың біразы жақында көрерменге жол тартады. Назарларыңызға 2016 жылы жарыққа шығатын ең қызық деген фильмдердің тізімін ұсынып отырмыз.

«Жаралы періште»

Эмир Байғазиннің «Жаралы періштесі» – жасөспірімдердің басынан өтетін қиындықтар туралы трилогияның екінші бөлімі. Бұл жобаға Қазақстаннан бөлек,  Франция, Швейцария, Голландия, Германия және Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандары атсалысқан. Фильм фин суретшісі Хуго Симбергтің әйгілі картинасымен аттас. Мұнда төрт кейіпкердің демалыс кезінде басынан кешкен оқиғалары баяндалады.

«Жаралы періште» 16 ақпан күні Берлинде алғаш рет көрермен назарына ұсынылды.

«Қаратас ауылындағы оба»

Әділхан Ержанов – отандық кино саласына өзіндік жаңалығымен келген жас режиссер, «партизандық киноның» өкілі. Ержанов азғантай бюджетпен салмағы ауыр әлеуметтік фильмдер түсіреді. Оның «Үкілі кәмшат» атты трагикомедиясының әлемдік премьерасы атышулы Канн фестивалінде өткен болатын.

«Қаратас ауылындағы обада» жас әкім шалғайдағы оба жайлаған ауылға жұмысқа келеді. Жергілікті билік өкілдері ауылды жайлаған обаны жоққа шығарып, оны жай ғана тұмауға теңейді.

«Сабина келін – 2»

Таяуда көрермендер ауылға ойламаған жерден келін болып түскен Сабинаның басынан өткен қызықты оқиғаларымен қайта қауышады. Фильмнің алғашқы бөлімі 2014 жылдың күзінде жарыққа шыққан болатын. Сол кезде 300 мың долларға түсірілген картина прокаттан 800 мың доллардан астам қаражат жинаған еді. Ал, екінші бөлімнің бірнеше сахнасы Алматыда түсірілді. Түсірілім жұмыстарының қалған бөлігі Дегерес ауылында өткен.

 «Тоқал»

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы мен Лос-Анжелесте өтті. Мұнда отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы сөз болады. Әлеуметтік картинада тек Қазақстанға ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне ортақ проблема айтылады.

– Тоқал алтын торға қамалға тотықұс па, әлде? Неліктен, ер азаматтар өздерінің әлеуметтік жағдайы жақсара бастағаннан-ақ, көңілдестерімен қарым-қатынасын заңдастыруға бел буады? Олардың некелі жарлары отбасын сақтап қалу үшін не істейді?

Осы уақытқа дейін жұрт маған «тоқал тақырыбына кино арнасаң, елдің беделіне нұқсан келтіресің» деп келді. Алайда, мен Голливудта он жылдан бері істеп жүргендіктен, мықты картиналарға осындай өткір тақырыптар қажет екенін білемін, – дейді фильмнің продюсері Гауһар Нұртас.

«Жаңғақ ағашы»

Қазақстандық режиссер Ержан Нұрмұхамбетовтің бұл туындысының әлемдік премьерасы Пусан фестивалінде өтті. Сол фестивальде байқауға қатысқан «Жаңғақ ағашы» «Жаңа ағыстар» аталымында жеңіске жетті. Фильмде қарапайым отбасының хикаясы баяндалады.

– «Жаңғақ ағашын» комедия деуге келмес. Бұл – сатира. Картинаның сюжеті өте қарапайым. Күнделікті өмір ағымы киноөндіріс тілінде берілді. Фильм көрерменді әрдайым айналасындағыларға мейіріммен қарауға шақырады, – дейді режиссер.

Сценарий бойынша, «Жаңғақ ағашында» басты кейіпкерлер жоқ. Дегенмен, мұнда бірнеше сюжет қатар өрбиді. Ержан Нұрмұхамбетов фильмде ауылдың атмосферасын беруге тырысқан.


Әзірлеген – Жансая Төлеген

Деректер мына жерден алынды 

Ұқсас материалдар