Қандастар Ассамблея

Биыл елордада 4 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады

12.05.2016 2722
Ұлттық бірыңғай тестілеу

Ұлттық бірыңғай тестілеуге дейін аз уақыт қалды. ҰБТ тапсыруға ниетті оқушылардан келіп түскен өтінімдерді қабылдау нәтижесі бойынша 4106 оқушы жылдың басты емтиханын тапсырмақ.

Қазіргі кезде оқушылар арасында сынақ тестілеу ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, мектептерде мұғалімдер қосымша сабақтар өткізіп, әрбір түлектің жеке психологиялық дайындығына баса назар аударуда.

ҰБТ қарсаңында мұғалімдермен, ата-аналармен және мектеп түлектерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, Sar Edtech нәтижелерді талдау электронды жүйесін пайдалана отырып, онлайн тестілеу жүргізілуде, бұл әрбір оқушының нәтижелерін талдап, жеке картасын әзірлеуге, оның қателіктері мен кемшліктерін көрсетіп, жеке-жеке жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Әдеттегідей, түлектер бірыңғай емтиханды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің, Қазақ гуманитарлық заң университетінің базасында тапсырады. Тестілеу 1-7 маусымда өтеді. Тестілеуге үш жарым астрономиялық сағат (210 минут) уақыт бөлінеді.

ҰБТ тапсыратын оқушылардың ішінде, 196-сы «Алтын белгі» медалін және 89-ы ерекше үлгідегі аттестат алуға үміткер.

Еске салайық, шекті деңгейге (50 балл) қол жеткізе алмаған оқушылар басты ұлттық емтиханды тамыз айында ақылы негізде қайта тапсыра алады. Тестілеуді қайта тапсыру құны - 2242 теңге. Тестілеуге қатысу үшін ЖОО-ға өтініш, төрт 3х4 фотосуретін, жеке куәлік пен мектепті бітіргені туралы аттестатты ұсыну қажет.

Тестілеу қорытындысы бойынша университетке түсу үшін шекті балл жинаған, бірақ оны  жақсартқысы келетіндер ҰБТ қайта тапсыруға жіберілмейді. Мысалы, қандай да бір пән бойынша түлек «2» бағасын алса, бірақ шекті балл жинаса, ол ҰБТ қайта тапсыра алмайды.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

 

Ұқсас материалдар