Әбіш Кекілбаев, жазушы: Біз бүгін өз топырағымызда бұрын соңды болмаған оқиғаға тап болып отырмыз

08.06.2015 4888
Алғаш рет Мемлекет басшысының 200-ден аса қоғамдық марапаттары көрермен назарына ұсынылды.

Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа әртүрлі жылдары берілген марапаттарының көрмесі ашылды. Алғаш рет Мемлекет басшысының 200-ден аса қоғамдық марапаттары көрермен назарына ұсынылды. Олардың қатарында: «Бірінші халықаралық бейбітшілік сыйлығы», «Инвестициялық Періште», «Жыл адамы» халықаралық сыйлықтары бар.

Тату көршілік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Қазақстанның халықаралық аренадағы қызметінің арқасында, Елбасымыз дүниежүзілік қоғамдастық алдында үлкен сый-құрметке бөленіп отыр. Бұның айғағы Қазақстан Республикасы Президентінің әлемнің көптеген мемлекеттердің жоғары мемлекеттік марапаттарымен қатар, халықаралық ұйымдар тарапынан әр кезеңдерде ұсынылған қоғамдық танылудың белгілері.

Қоғамдық марапаттар жиынтығы өзінің құрамы жағынан әртүрлі: ордендер, алқалар, куәліктер, дипломдар, мақтау қағаздары және сертификаттар. Мемлекет  басшысының қоғамдық марапаттары – Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік кеңістікке танылуының нәтижесі.

"Көрменің мақсаты – музей жәдігерлері арқылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа қазақстандық мемлекеттілік пен ашық қоғамды қалыптастырудағы рөлін, қоғамдық өмірдің көптеген саласына қосқан үлесін көрсету", - дейді, мұражай директоры Алма Сағынғалиқызы.

 

Әбіш Кекілбаев, қоғам қайраткері:

Біз бүгін өз топырағымызда бұрын соңды болмаған оқиғаға тап болып отырмыз. Жанымыз семіріп тұр. Шынымен де көзайым болып тұрмыз. Қайран Абайдың «Қалың елім қазағым қайран жұртым»деп қамыққаны бүгін есімізге түсіп тұр. Есіл Махамбеттің «Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын таңда сират басында» деп ашына шамырққаны да ойларымызға оралып тұр. Екі сабаз да елінің санаттан қалып, ұмыт болып бара жатқанына күйзелгенді. Біз міне сүйткен еліміздің қайта тірілген ордасында тұрмыз. Қазақстан Президентінің мұражайына жиналдық. Мұнда «Мәртебесі биік марапаттар» атты көрме ашылғалы отыр. Бұған Мемлекет басшысының 200-ден астам қоғамдық марапаттары қойылған. Бұл Елбасының Халықаралық аренадағы деңгейіне, жер бетіндегі бейбітшілікке сіңірген жан-жақты қызметіне берілген зор баға. Бұл жұмсалып отырған орасан күш жігер, бұл жүргізіліп отырған сыртқы саясат бүгінгі адамзаттың көңілінен шығып отыр. Қазақстан жер бетіндегі аса қауіпті қару-жарақтан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет болып отыр. Осының өзі талай нәрсені ұғындыра алады. Бұл әрине бір кісінің жеке басына берілген баға. Сонымен қатар, оның халқына, еліне, қоғамына көрсетілген үлкен құрмет. Халықтың абыройын, елдің мерейін, қоғамымыздың беделін аспандата түсетін құрмет. Бүгінгіге деген жауапкершілігімізді, ертеңгіге деген күш-жігерімізді, болашаққа деген сенімімізді арттырады.

Экспозиция мемлекетаралық ынтымақтастық пен ықпалдасу саласындағы марапаттар; мемлекеттік басқару және экономика саласындағы марапаттар; қауіпсіздік, саласындағы марапаттар; ұлтаралық және конфессияаралық келісім саласындағы марапаттар; білім,  ғылым және денсаулық сақтау саласындағы марапаттар; мәдениет саласындағы марапаттар; спорт және туризм саласындағы марапаттар деген тақырыптық бөлімдерден тұрады.

Көрме 2015 жылдың 17 тамызына дейін жалғасады.


Суреттер авторы - Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Ұқсас материалдар