Қандастар Ассамблея

Білімді бағалау жүйесі қаншалықты әділетті?

05.06.2015 5821
Отандық білім беру жүйесіндегі бағалау әдісінің кемшіліктері неде?

Неліктен отандық білім ордалары шетелдік университеттермен бәсекелесе алмайды деген сұрақ мені жиі мазалайды. Осы себепті мен Ұлыбританияның Оксфорд, Кэмбридж сынды әлемдік көшбасшы университеттердің профессорларынан білім сапасының кілті неде деп сұрағанымда, олар мәселе студентке не беру керектігінде емес, студенттен не талап етуінде деп қайырып еді. Расында, мұндағы сабақтардың лекция құрамын алып қарағанда, оның аса бір таңғажайып емес екендігін байқауға болады. Оған қоса семестрде 4 қана пән болатынын және ол пәннің аптасына үш-ақ сағат орын алатынын ескерсек, бұл көрсеткіш Қазақстаннан әлдеқайда төмен. Мәселен, Қазақстандық жоғарғы оқу орындарында орташа есеппен әр семестрде 6 пән, әр пән аптасына 4 сағат орын алады. Жалпы студенттің оқу сағаты Ұлыбританияда аптасына орташа 12 сағат болса, Қазақстанда 24 сағат. Оған қоса Ұлыбританияда бакалавриат санатында оқу ұзақтығы 3 жыл, магистратура 1 жыл ғана, салыстырмалы түрде Қазақстанда тиісінше бакалавриат 4 жыл және магистратура 2 жыл. Дегенмен 6000-7000 адам сыятын кітапханаға кіргенде отырарға бос орын таппаған кезде Англия студенттерінің ізденісінде, талпынысындағы артықшылығына көзің жетеді.

Студентті мұншалықты терең ізденіске итермелейтін себептер кең-алуан әрине. Оларды біртіндеп келесі мақалаларда қарастыратын боламыз. Бірақ сол себептердің ішіндегі бүгін ТЕСТ бағалау жүйесін талқылағым келді. Бәрімізге белгілі ашық тест, яғни жауап нұсқалары белгілі тест ізденушінің білім деңгейін бағалаудың ең жылдам әрі арзан түрі. Сол себепті Қазақстандық ЖОО-дары бұл әдісті өте жиі қолданады. Сонымен қоса ашық тест білім деңгейін бақылаудың ең қарапайым, объективтілігі ең төмен әдіс болып табылатынын да ескерген жөн. Ашық тесттің не екенін, Қазақстан мен Ұлыбританияның ТЕСТ бағалау жүйесін толығырақ қарастырайық.

Тест 30 сұрақтан құралған, әр сұрақтың 4 жауап нұсқасы берілген, әр сұраққа тек бір ғана дұрыс жауап бар делік. Мысалы:

ҚР әлемде жер көлемі бойынша Әлемде нешінші орында?

А) бірінші

Ә) тоғызыншы

Б) бесінші

В) он алтыншы

Дұрыс жауап – Ә) тоғызыншы.

Егер сіз тестте берілген 30 сұраққа да дұрыс жауап берсеңіз, сіз 100 ұпай көрсеткішке ие боласыз. Қазақстандық жүйе бойынша егер 30 сұрақ = 100 ұпай болса, онда әр сұрақтың құны 3,33 ұпай деген сөз (30*3,33=100). Сіз өзіңіздің қанша сұраққа жауап бергеніңіді білсеңіз, қанша ұпай жинағаныңызды оңай есептей аласыз деген сөз.

Бірақ Ұлыбританияда жағдай мүлдем өзгеше. Бұл жақта студенттің білмеген сұраққа сәттілікпен (на угад) дұрыс жауап беруі арқылы әділетсіз ұпай жинаудың алдын алу тәсілін енгізген.

Студент белгілі бір сұрақтың жауабын мүлдем білмейді делік. Дей тұра студент білмеген сұрағына сәтке сеніп (на угад) жауап беруге тырысуы мүмкін. Жауап нұсқаларының саны 4 екенін ескерсек, студенттің сұрақ жауабын білмей-ақ, дұрыс жауап беру ықтималдығы 25%. Ал егер студент жалпы тапсырғалы жатқан пәнінің мүлдем не туралы екенін білмесе ше? Ондай жағдайда тест соңында, сәттіліктің арқасында, орташа айтқанда ол 25 ұпай жинап шығуы мүмкін. Бірақ тесттің мақсаты адамның білім деңгейін анықтау емес пе? Сонда ешбір сұрақтың жауабын білмеген студент тест соңында 25 ұпай жинап шықса, бұл тест жүйесі объективті емес деген сөз ғой?!

Бәрімізге белгілі, тесттен оң нәтиже көрсету межесі 50 ұпайдан басталады. Яғни 50 ұпай жинаған студент пәнді меңгерген есептеледі де, ескіше айтқанда 3 деген бағамен келесі семестрге ауыса береді. Тест жүйесінің жоғарыда көрсетілгендей, объективті емес екендігін біле тұра, студент бүткіл пәннің тек 33%-ын меңгерген болып, тестке кіріп сол 33 ұпайды өз білімімен жауап берсе, қалғанын сәттілік арқасында 50 ұпай деген межеге жетеді екен:

33 ұпай (студент білген сұрақтардың үлесі) + 67 ұпай (студент білмеген сұрақтардың үлесі) * 25% (дұрыс жауап беру ықтималдығы) =

33 ұпай (өз білімімен) + 16,75 ұпай (сәттіліктің арқасында) = 50 ұпай

(33 + 67 * 25% = 49.75)

Бірақ бұл әділетті ме? Білім беру жүйесіне сәйкес, студент материалдың кем дегенде жартысын білген кезде ғана “пәнді 3-ке тапсырды” деген межеге жетуі тиіс қой?! Бұндай әділетсіздік тек 50 ұпайдың аясында ғана емес, сонымен қатар кез келген бағалық межеде, яғни 4 пен 5-тің немесе 3 пен 4-тің арасында да орын алуы мүмкін. 50 ұпайға зейін берілу себебі, ол меже мамандықты игермеген және 3-ке болса да игерген студенттің ара жігін ажыратады. Аталған тестілеу жүйесінің арқасында қаншама бағы бар студенттер мамандығын игерместен дәрігер атанып немесе сіздің үйіңіздің газ құбырын жүргізіп жүр.

Бұл айтылған мәселенің түйіні не? Студентті тест нәтижесі бойынша бағалаған кезде “на угад” белгіленген дұрыс жауап үлесін ескеру керек. Бірақ сәттілікті ескереміз деп студенттің артық ұпайын да кесіп тастамау керек!

Бұл дегеніміз тест нәтижесі бойынша пәнді 3 деген бағамен тапсырып өту үшін студент 50 ұпай емес, 62,5 ұпай жинауы керек. Ол 62,5 қайдан шықты:

50 ұпай студент өз білімі + 50 ұпай студент жауабын білмеген, бірақ * 25% ықтималдылықпен сәтті белгілеген сұрақ үлесі  = 50 + 12.5 = 62.5

Сонымен тесттің барлық ұпай межесінде осы іспеттес бағалау жүйесін енгізу керек. Оның формуласы келесідей:

             

                                  Ұ = 3.33 * (ДЖ – 0,2 * (ЖС – ДЖ))

Бұл формула Негативті бағалау әдісі деп аталады.

Мұндағы: Ұ – стидентке тиесілі Ұпай саны

                 ДЖ – Дұрыс Жауап саны

                 ЖС – Жалпы Сұрақ саны

                 3.33-ке көбейту себебі - жоғарыда айтылғандай 1 сұрақ  = 3.33 ұпай

Байқағанымыздай, Ұлыбритания университеттерінде жазалау 25%-ға емес, 20%-ға төмендетіліп шамаланаған.

Бастапқы мысалдағыдай 30 сұрақтық тест (яғни ЖС = 30) болар болса, бағалар келесідей белгіленер еді:

Дұрыс Жауап саны

Қазақстандық бағалау

Ағылшынша бағалау

30

100 ұпай

100 ұпай

27

90 ұпай

88 ұпай

18

60 ұпай

52 ұпай

15

50 ұпай

40 ұпай

10

33 ұпай

20 ұпай

Сізге жүйе әділетсіз көріне ме? Ағылшын профессорларының айтуы бойынша, керісінше Негативті бағалау әдісі - ең әділетті бағалау жүйесінің кілті. Британдықтар өз сөзін дәлелдеу үшін келесідей мысал келтіреді:

30 сұрақтың студент 15-нің жауабын біледі делік. 15 сұрақтың жауабын біле тұра, ол 50 ұпайдан кем баға жинау үшін қалған белгісіз 15 сұраққа толықтай қате жауап беруі керек. Ондай жағдай орын алу ықтималдығы өте төмен. Ал егер студент білмеген 15 сұрақтың небәрі 3 ғана сәттіліктің арқасында дұрыс белгілеген жағдайда, ол 52 ұпайды еншілеп тұр. 15 сұрақты білмей басып 3-ін дәл табу аса таңғажайып мәселе емес екенін мойындау керек.

Сонымен қатар, егер формулаға зейін салсаңыз 30-дан 30 сұрақты дұрыс белгілеген жағдайда студент 100 ұпайға ие болатынын және ешбір сұраққа жауап бермесе 0 ұпай жинайтынын көруге болады. Яғни бағалаудың жоғарғы және төменгі шегі сақталғаны анық.

Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы, неғұрлым көп сұраққа дұрыс емес жауап берілсе, соңғы ұпай көрсеткіші де соғұрлым төмен болады. Яғни қате жауаптар дұрыс жауаптардың құнын азайтатынын естіген студент емтиханға мүмкіндігінше жақсы дайындалуға ынталы болады. Көбірек оқып, ізденеді.

Мұндай әдісті Қазақстандық білім жүйесіне енгізуді қолдау немесе қолдамау әркімнің өз еншісінде. Бірақ, білім сапасына әсер ететін басқа факторларға қоса, бақылау тесттерін осы әдіспен бағалау жүйесін ұстанып отырған британдық жоғарғы оқу орындары әлемдік көштің алдыңғы шебінде келе жатқанын ұмытпауымыз қажет...


 

Еркебұлан Нұрмаханов

Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ (Алматы) түлегі.

Ресей Халықтар Достастығы Университеті (РУДН) (Мәскеу) түлегі

Ливерпуль Университеті (Ливерпуль. Ұлыбритания) Магистранты

Ұқсас материалдар